Мұрын жыраудың түсіМұрын жыраудың күйеу баласы Алдоңғаров Дүйсенбай: «Мұрын атамызға жыр түсін...
Постмодернизм дегеніміз не?
ПОСТМОДЕРНИЗМ ЖӨНІНДЕ БІРЕР СӨЗ
Қазіргі жаһандану заманында барлық ықпалдардан ада жергілікті мәдениет беймүмкін. Әмбебап нарықтық, бүкіл өркениеттік байланыстар қалай дамыса, мәдениеттердің араласып, бір-біріне кірігуі де сонша дамыған. Жалпы, біздің дәуіріміз шектен тыс ақпараттануымен әйгілі. Міне, постмодернизм дегеніміз осы шектен тыс ақпараттанған адамзаттың мәдениеті. Қазіргі кезде постмодернизм мәдениетін мойындамауға болмайды. Оның дәлелі осы томға кірген авторлар мен олардың шығармаларының жиынтығы. Егер осыдан бес-алты жыл бұрын жаңалыққа бейім деп жүрген зиялыларымызға шейін "постмодернизм" деген сөздің өзінен шошитын болса, қазір мемлекеттік "Мәдени мұра" бағдарламасының ұйғаруынша осы мәдени ағымға екі том арнап отырмыз. Соның ішінде қолыңыздағы томға антологиялық принцип бойынша жинаған үзінділер емес, дербес шығармалардың аудармалары кіреді. Бұл біздің қоғамдық санамыздың, мемлекетіміздегі мәдени саясаттың өсіп-өркендеуінің дәлелі, біздің дамыған елу елдер арасында орнымызды ойып алатынымызға бірден-бір айғақ.
Сонымен, постмодернизм дегеніміз не, ол біздің ұлттық мәдениетімізге қандай пайда әкеледі? Меніңше, постмодернизм ұлттық мәдениетке өте пайдалы нәрсе. Өйткені, қазіргі адамзат мәдениетіндегі аса өзекті бұл ағым орталықты, өзін бәрінен де биікпін деп санайтын абсолютті мойындамайды. Демек, ол европоцентризмге қарсы. Ал біз қандай халықпыз? Біз егемендікке жаңа қолын жеткізген халықпыз. Біз енді өткен тарихымызды да, қазіргі кезеңімізді де қайта саралауымыз керек. Ал ол үшін тың методологиялық тәсілдер керек. Міне, бұл тұрғыда батыс антропологиясы мен постмодернизмнің зердеуи тәжірибесі өте бай.Қазіргі Латын Америкасы, африкандық елдердің және үндістердің мәдениетін зерделеуге, мысалы, структуралық антропология көп үлес қосқан. Леви-Строс этникалық мәдениеттерді зерттеуді жаңа гуманизмнің озық түрі деп санаған. Постмодернизмнің классиктеріне айналған Делез бен Гваттари көшпенділерге арнайы "Номадология туралы трактат" арнаған, олар көшпенділер тірлігінің принциптерін қазіргі өркениет мүмкіндіктерін жаңа деңгейге көтеретін құбылыс деп санаған. Лиотар өзінің жыршыларын самолегитимация арқылы таңдайтын африкан тайпаларының еркін сүйгіштігіне сүйсінген. Бодриар қазіргі батыс мәдениетінің, әсіресе, оны АҚШ қалыптастырған нұсқасының тегеурінді сыншысына айналды. Постмодернизмнің беретін сабақтары: өзге құндылықтардың бәрін ысырып тастайтын үлкен ұғымдардың өзімшілдігіне қарсылық, қазіргі әлемге де, нақты ұлттық болмыстарға да жаппай сыншыл көзқарас, қордаланған мәдени проблемаларды жіктеп, зерделеу.
Бірақ, соңғы кезде постмодернизм ескірді, ол енді жалпы парадигматикалық ықпал ету мүмкіндігінен айрылды дейтін тым асығыс пікірлер де аз емес. Кейбіреулер тіпті постмодернизмді дүниеде болған емес деп атайды. Олардың ойынша, постмодернизмге бір-біріне ұқсамайтын тым кереғар тұлғалар кіргізілгендіктен, бұл ешқашанда бір қазанда басы піспейтін қошқарларды зорлап біріктіру ғана. Әрине, бұлай деп те ойлауға болады. Әйтсе де, әлгі тұлғаларды біріктіретін олардың жеке теориялары емес, интенция деп аталатын ішкі талпыныстар ортақтығы. Сонымен қатар, мәселе мазмұнымен қазіргі постмодернистік философияның барлық проблематикасын қамтитын жалпы концепцияда емес: философиялық феномен ретіндегі постмодернизмді принципті түрде біртүтас философия ретінде қарастыруға болмайды, ол тек қана әйгіленген емес, іс жүзіндегі плюрализммен, немесе әртекті көпнұсқалылықпен сипатталады. Қазіргі мәдениет өзін рефлексивты түрде "постмодерн" ретінде пайымдайды, яғни, тарихтың "бітіп болған", "аяқталған" жағдайындағы "қазіргіден кейінгі" мәдени түзілім, яғни, "постқазіргілік". Сонымен қатар ол өзін тек қана постқазіргілік емес, пост-философия деп те санап, дәстүрлі, немесе классикалық философияның проблемаларынан, ұғымдық-категориалды аппаратынан және мағыналық-құндылық басымдықтарынан бас тартады. Мысалы, постмодернизм философиялық білімді онтологияға, гносеологияға және тағы сол сияқты нәрселерге бөлуге қарсы. Постмодернисттердің ойынша қазіргі жағдайда метафизика құбылыс ретінде беймүмкін, сондықтан олар ойлаудың қазіргі машығын "постметафизикалық" деп атайды. Егер постмодернизмнің басты өкілдерін атайтын болсақ, олар: Р.Барт, Батай, Бланшо, Бодриар, Делез, Деррида, Джеймисон, Гваттари, Клоссовски, Кристева, Лиотар, Мерло-Понти, Фуко және өзгелер. Постмодернизм ағыны ішіндегі ең маңыздысы ретінде текстологиялық (Деррида), номадологиялық, шизоаналитикалық (Делез бен Гваттари), нарратологиялық (Лиотар), симуляциялық, коммуникациялық (Бодриар) бағыттарды атауға болады. Постмодернистік философияның мағыналық және ұғымдық шұбарлығы жалпыға бірдей концептуалды-методологиялық матрица жасаудан бас тартуынан. Керісінше, ол мейлінше көп нұсқалы болғанды жақсы көреді. Мысалы, егер неміс классикалық философиясы Гегель ойшылдығында барлық әлем Абсолютты рухтың манифестациясы деп, әрбір нәрсені рухтың белгілі деңгейінен шығарғысы келсе, Делез бірнеше нұсқаны алып, мысалы, бұдыр кеңістік пен тегіс кеңістікті бір-бірімен араластырып, олардың өзара байланысынан осы екі құбылыстың да ерекшелігін ашқысы келеді. Сондықтан постмодернистік философия ең алдымен классикалық философияға қарсылықта қалыптасады. Мұндай философияның алғашқы негізін қалаған экзистенциализм. Өйткені, Сартр айтқандай, "существование предшествует сущности", яғни, тірлік ету дегеніміз мәнді болу емес, бар болу. Егер Декарт: "Мен ойлай аламын, демек, тірлік етемін" десе, экзистенциалистер ойлау үшін мен алдымен бар болуым керек дейді. Сөйтіп, олар ой мен болмысты бөліп, екеуінің екі басқа екенін, адамның мәңгі мән емес, өлу үшін туылатынын ашып береді. Мұның бәрін Хайдеггер: "Человеческое бытие — это бытие к смерти" — деп, ғажап тұжырымдайды. Қазақша айтқанда, адам болмысы — өлімге адымдау. Ой мен тірлік бөлінгесін, олардың әрбіреуі өз құбылыстарын туғызады. Тірлік тірлік ету құралдарын туғызса, ой кітап, өнер, түрлі мәтіндерді туғызады. Міне, постмодернизм дегеніміз — осы таза мәтіндік-таңбалық өнер туындыларымен айналысатын ой машығы. Осылайша өсе келе ол енді экзистенциализмнің өзіне де қарсы шығады. Осы уақытқа дейінгі ойымызды бір түйіп тастасақ, постмодернизм — классикаға да, классика емес нәрсеге де өзін қарсы қоятын "қазіргіден кейінгі" құбылыс. Осы арада оның модернизмге қатынасы қалай деген ой туындайды. Ол орынды да, өйткені модерн дегеніміз қазіргілік және постмодернизм өзін "қазіргіден кейінгі" деп атаса, ол өз-өзін модернге оппозицияға қойғаны емес пе? Бірақ, постмодернизм оппозицияда болуды сүймейді. Ол, тіпті, оппозиция табиғатының өзін құбылыс ретінде ұнатпайды. Өйткені оппозиция дегеніміз — екі шепке бөліну деген сөз ("бинарлық оппозиция"). Ал бұл бөліну сырт көзге қанша трагикалық көрінгенмен, бөлінгендердің ішкі құрылысын өзгертпейді. Сөйтіп, олар бір бөлініп алады да, осы бөліне беру ситуациясын қайталай береді. Бұл жағдай туралы бір ғасыр бұрын Ницше айтып кеткен. Мұндай құбылыстан сақтандыру мақсатында ол "Кектен бас тарту" ("Отказ от мести") концепциясын жасаған. Міне, қазіргі постмодернистер де оппозицияда болудан гөрі, жаңа территориялар іздегенді қостайды. Өйткені олар диалектиканы мойындамайды. Оны адам санасында жасалатын схематикалық құбылыс деп санайды. Мысалы, Делез стоиктарды қуаттап, өмір дегеніміз жәй "қоспа" ("смесь") дейді. Сол қоспаның элементтерін бір-бірінен ажыратқанда ғана олардың түп негізіне жетуге болады. Модернизм құбылысында постмодернистер оның күрескерлігін, өзімшілдігін ұнатпайды. Модернизм, шынында да, революциялық құбылыс. Ол ылғи да архаикаға немесе көнелікке қарсы шығады. Ал постмодернизм көнеліктің де, жаңалықтың да өз табиғатын айқындауға тырысады. Әрине, ол жаңаша нәрсеге жақындау, бірақ көне философияның көп элементтері қазір постмодернистік деконструкция арқылы сақталуда. Себебі деконструкция өзінің Хайдеггерден Дерридаға шейін жеткен қалпында сынға алынған нәрсені мүлде жойып жіберу емес, құбылысты оның бөлшектеріне жіліктеп, өзге қалыпқа келтіру. Мысалы, егер біз ақиқатты "өмірге сәйкестік" десек, Хайдеггер оны алғаш рет грек тілінде ашылған мағынасына сүйеніп "алетейа", немесе, "жасырын емес", көзге ұратын нәрсе дейді. Постмодернистердің көнелікке қарсы шықпайтыны, олардың ойынша бізге бәрі өткен шақтан келеді, сондықтан әрбір құбылыстың нақты тарихи болмысын ашқан жөн. Олар үшін әрбір шығарма өзге шығармалардан алынған цитата. Осы цитаталар келтіру арқылы олар классиканы тірілтіп, оның жаңа көкжиегін ашады. Ал егер постмодернизм мен модернизмнің арақатынасына қайта оралсақ, кейбіреулер үшін (А.Гидценс, Х.Летен, С.Сулеймен) постмодернизм модернизмнің ұстанымдарын тереңдету болса, тағы біреулер үшін (Хабермас) ол — модерннің жүзеге аспаған интенцияларынан бас тарту, кейбіреулер үшін (Р.Кунофф, Г.Кюнг, А.Хорнунг, Г.Хоффман және өзгелер) постмодернизм модернизмге қарсы нәрсе болса, өзге біреулер үшін (А.Б.Зелигмен), ол модернизмнің өзгеше өңделген жаңа деңгейі. Кейбіреулер мәдени парадигмалардың табанды өзгеруінің бәрін постмодернизмге жатқызады. Мысалы, Умберто Эконың айтуынша, "әрбір дәуірдің өз постмодернизмі бар". Демек, постмодернизм көріністерін қазақ мәдениетінен де табуға болады. Мысалы, Абайдың "Ескендір" поэмасын алсақ, біз онда қазақ ақынының шығыстық назира дәстүрін бұзғанын көреміз. Егер бұл дәстүр бойынша, шайыр өзінен бұрынғы шайырдың шығармасын алып, соның алаңында классиктен озып шығуға тырысса, Абай бұл дәстүрдің жазу шартын мүлде өзгертіп, бүкіл Шығыс табынған Александр Македонскийді жағымсыз персонаж қылып көрсетеді.
Тұтастай алғанда, қазіргі мәдениеттегі постмодернизм статусын тек қана орныққан және мәнді емес, сонымен қатар, қазіргі философияның жалпы бағытын анықтаушы ретінде қабылдауға болады. Постмодернизм ауқымында тек қана гуманитарлық емес, бір қалыптылықты бұзу проблемасы, детерменизм құбылысы, уақыт құбылысының мүлде өзгеше пайымы сияқты қазіргі ғылыми мәселелер де зерделенеді. Демек, қазір постмодернизм өз-өзін қазіргі мәдениеттің басты даму бағыттарында жүзеге асырады.
Арнайы постмодернизмге бөлінген бұл томға біз Жан Бодриардың "Бұлтартпас жол-жобалары" ("Фатальные стратегии"), Жиль Делез бен Феликс Гваттаридің "Жазықтықтың мың түрі", Жан-Франсуа Лиотардың "Постмодернның шарты" шығармаларын кіргіздік. Бұл шығармаларды француз тілінен орыс тіліне аударған Б.Ғ.Нұржанов. Осы дәнекерші аудармадан олар қазақ тіліне аударылды. Демек, бұл томға кірген шығармалар айналысқа өзіміздің аударма мектебіміз арқылы түсіп отыр. Ол біздің философиямыздың профессионалды өсуінің, қазіргі әлемдегі мәдени озық үлгілермен сұхбатта болуының айғағы. Біз томға кірген әрбір философқа жеке кіріспе арнадық, онда аударылған философ және оның шығармашылығы жайында мейлінше мол мағлұмат беруге тырыстық. Сонымен қатар аударма принципін, терминология қалыптастыру жүйесін түрлі түсініктемелер арқылы ашып беріп, комментарий жасадық. Кітап хронологиялық принцип бойынша емес, жеңілден күрделіге ауысу қағидасы бойынша жасалған.
Әуезхан Қодар,
"Экология "халық академиясының академигі,
философия ғылымдарының кандидаты