Нацистер ұрлаған ТОП-5 қазына

ТАНЫМ
6853
Сұм соғыс бейбіт өмірге қайғы-қасірет әкеліп, айналасына ажал сеуіп қана қоймай, айрандай ұйыған әлемді қараңғы-қапас хаосқа бөктіріп кетеді. Мұндай бей-берекет заман тонаушылықты құп көретін қарақшыларға таптырмас мүмкіндік. Сондықтан нацистердің көбі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде дәл осындай шаруаны барынша дөңгелеткен. Олар ұрлап-жырлаған баға жетпес өнер туындылары мен көне жәдігерлерге сан жетпейді. Қу дүние кімнің түбіне жетпеді дейсіз...
"Мәдениет порталы" осы аласапыран кезде адамзат баласы көз жазып қалған ең танымал 5 қазынаны назарларыңызға ұсынады.


Соғыс біткен соң қолды болған құндылықтар туралы өтірік-шыны аралас әңгіме тым көбейін кетті. Тіпті ондай алыпқашпа әңгіменің бір-бірімен астасып кеткені соншалық, қайсысы ақиқат, қайсысы жалған екенін ажыратудың өзі қиынға түсетін жағдай туды. Алайда бұл дақпырт мәліметтер оңай олжа мен қисапсыз қазына іздеушілердің талайын тау-тасты кезіп, сан-саққа сапар шегуге итермелеп келеді. 

1.Ямасито алтыны

Ямасита Томоюки 1944 жылы Филиппинді басып алған Жапон армиясының генералы болатын. Император Хирохито оған қыруар алтын құймалар мен сансыз көп алтын әшекей бұйымдарды филиппин жерасты жолдарында жасыруды бұйырады. Ел аузындағы әңгіме бойынша, бұл жерасты жолдары миналанып, түрлі қақпан-тұзақтар құрылған екен. Сосын сол жұмыстарды жасап жүрген әскери тұтқындарымен, тіпті жапон әскерлерімен қоса, барлық кіреберістері тастай қып бекітіліп тасталыпты. 

Генерал Ямасита ТомоюкиБір сөзбен айтқанда, Малай жолбарысы деп аталып кеткен әлгі Ямасита жасырған ұлан-ғайыр қазына гу-гу әңгіме мен тісбатпас құпияға толы. Оқиғаның мән-жайын тап басып айтар тірі пенде жоқ. Тарихшылардың там-тұмдап анықтағаны – аталмыш қазына бүкіл Оңтүстік-Шығыс Азия территориясынан жиналған көрінеді. Бұл қазына 1945 жылы Жапония капитуляция жасағаннан кейін де соғысты астыртын жалғастыра беру үшін сақталған деген сөздер де бар. 

Алтын бүкіл Оңтүстік-Шығыс Азиядан жиналған.


Зерттеушілердің барлығы жапон императоры мен оның якудзалары өздері жаулап алған жерлердегі банктарды тонап, жеке үйлер мен музейлердегі жәдігерлерді шашау шығармай жинап-теріп алған деген нұсқаға жүгінеді. Барлық алтын алдымен Сингапурға жеткізілген. Сосын Филиппинға аттандырылған. Дәл сол жерде қазінаның ізі көптеген жылдар бойы ізім-ғайым жоғалыпты.  1971 жылы Рогелио Роксас басқарған археологтар экспедициясы Филиппиндегі үңгірлердің бірінен алтын толы сандық тауып алады. Бұл Ямасито жасырған қазынаның бір бөлігі болуы мүмкін деген сыбыс бар. Роксастың айтуы бойынша, сол алтынды және одан кейін табылған қазыналарды да Филиппиннің сол кездегі президенті Фердинанд Маркос өзі жымқырып қалыпты.
Мына алтын құймалар әлгі Ямаситоның тыққан қазынасы болуы әбден мүмкін.

Дегенмен, тағы бір деректер бойынша, Екінші дүниежүзілік соғыс біте салысымен АҚШ-тың Орталық барлау қызметі бүкіл алтынды алып кеткен болуы да мүмкін. Ал 2017 жылы тағы бір археологтар Филиппиндегі аралдардың бірінде жалпы құны бірнеше ондаған миллиард доллар болатын алтын құйманың қоймасына тап болады. Дегенмен, тарихшылар бұл алтынның да тап сол Ямасито тыққан қазына екенін тап басып ата алмай отырған көрінеді. 2. Кәріптас бөлме (Янтар)

Кәріптас тақтайшалар дипломатиялық сыйлық ретінде танымал болған


1716 жылы Петр І Прусс королі Фридрих Вильгельм І-ден өте таңғажайып әрі аса құнды дипломтиялық сыйлық алады. Бұл табиғи кәріптастан қашап жасалған қымбат тақтайшалар еді. Ол тақтайшалар патша сарайын сәндеуге қолданыла бастады. Сөйтіп бұл Кәріптас бөлме императрица Елизавета Петровна кезінде ғана толық аяқталған. 

Кәріптас бөлме сарайдағы ең ғажайып бөлме болған. 


Бұл бөлме сарайдағы ең көрікті бөлме болды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистер бөлмені талан-таражға салып, қиратып, Кенигсберг қаласына тасып алып кеткен. 1944 жылы одақтастар аталмыш қаланы тып-типыл қылып бомбалап тастаған. Дегенмен тарихшылар арасында әлі де болса әлгі қазынаның толықтай жойылмағандығы туралы дау-дамай жүріп жатыр. Тіпті қазына іздеушілер кәріптастарды әлі іздеп әлек. Ресми түрде кәріптас бөлме біржолата жойылды деп есептеледі. 

Реставраторлар Кәріптас бөлмені тарихи мәліметтер бойынша барынша қалпына келтірді.


 

3. Роммель алтыны

Эрвин Роммель.



Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде қолды болған тағы бір қазына Роммель алтыны деген атауға ие болған. Германияның генерал-фельдмаршалы Эрвин Роммель соғыстың ең мықты қолбасшыларының бірі ретінде тарихта қалған. Басқаша айтсақ, ол Үшінші рейхтың нағыз «жұлдызы» болды деуге де негіз бар. Ол Солтүстік Африкадағы әскери операцияларды асқан шеберлікпен әрі қулықпен атқарғаны сонша, ел аузында «шөл даланың түлкісі» атанып кетті. 

Солтүстік Африкадан сансыз көп алтын қолды болды.


Тарихшылардың пікірінше, жоғалған алтынға Роммельдің тікелей қатысы жоқ болса да, бұл аты аңызға айналған қазына дәл осы кісінің атымен аталып кеткен. Тунистегі әскери жорық кезінде нацистер қыруар алтын қазына жинап, оны алдымен Корсика аралына жеткізіп, сосын Германияға жіберген. Алайда жарты жолда кеме апатқа ұшырап, бүкіл қазына су түбіне кеткен деседі.

 4. 

«Жас жігіттің портреті», Рафаэль

Нацистер тек алтын-жаһұтты ғана емес, күллі адамзатта ортақ өнер туындыларын да тонаған. Солардың ішіндегі ең танымалы – Қайта өрлеу дәуіріндегі италян қылқалам шебері Рафаэль салған «Жас жігіттің портреті» болатын. 

Рафаэль: «Жас жігіттің портреті».



Картина 1939 жылы Краков қаласында орналасқан Чарторыйский ханзаданың музейінен қолды болған. Әуелі картинаны Ганс Франк деген сол кездегі Польшадағы нацистік үкіметтің басшысы иемденген. Өнер туындысы Вавель қамалында сақталған. Алайда Польша азат етіліп, Франк қолға түскен соң, аталмыш картина тағы басқа көптеген құндылықтар сияқты жоғалып кеткен. Атақты картинаның қазіргі тағдыры әлі күнге дейін беймәлім. 

5. СС Минден

СС Минден герман кемесі.



Бұл Герман кемесі аузы-мұрнынан шыға алтынға лық толтырылған болатын. Ол 1939 жылы 6 қыркүйекте Бразилия жағалауынан жолға шығып, Германияға бағыт алған. Жолда, яғни Исландия жағалауында кеме британиялық крейсерлер HMS Calypso-мен және HMS Dunedin-мен кездесіп қалады. Ел аузындағы әңгіме бойынша, Адольф Гитлер кеме капитанына «егер де қашып құтыла алмасаңдар, кемені өздерің суға батырыңдар» деген бұйрық береді. Оның бар ойы, қазынаны жауынының қолына тигізбеу болатын. 

Британдық Калипсо крейсері.



Кеме капитаны бұйрықты бұлжытпай орындаған болуы мүмкін. Алтын су түбіне кетті деп есептелген. 2017 жылы кеменің дәл қай жерде суға кеткені анықталды. Дәл сол жылы британдық бір топ қазына іздеушілер теңіз түбінен алтын толы жәшік тауып алды. Олжаның салмағы 4 тоннадан асқан, ал құны 100 млн. доллар деп бағаланған. 

Исландия жағасындағы СС Минден кемесінің апат болған жері.


Оқи отырыңыз:

Ұлы суретшілер картинасындағы қол нені меңзейді

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...