Ұлы суретшілер картинасындағы қол нені меңзейді

БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ
8166

Жалпы суретті қыл қаламмен салатыны екінің-біріне аян нәрсе. Ал суретшілер үшін қол – адам денесінің қатардағы бір мүшесі ғана емес, ол – қыл қаламнан да қасиеті басым, тылсым күштің иесі болып саналады. Бейнелеу өнерінің апыл-тапыл басқан қалыптасу кезеңінде, суретшілер өздерінің саусақ іздерін автордың қол таңбасы ретінде пайдаланған көрінеді. Адамның сезімі мен эмоциясын жеткізудегі саусақ пен қолдың рөліне – әр дәуірдің және әр елдің суретшілері аса мән берген. 

МикеланджелоЛеонардо да Винчи және тағы басқа аты аңызға айналған суретшілердің туындыларына қарап, қолдың жай ғана қылқалам мен палитраны ұстайтын мүше емес – адамның жан дүниесін тереңдете түсетін орган екеніне көзің жетеді. Сондай-ақ, ол сезіну, ұғу, зерттеу сияқты ерекше қасиеттерге ие. Саусақ ұшы сәл ғана тиіп кетсе: темірдің суықтығы мен беріктігі, қағаздың тегістігі мен жұқалығы, ал судың сұйықтығы аңғарылады


Альбрех Дюрер. «Сиынушының қолы»: ең танымал жалған дүние жасаудың тарихы

Дұға жасау сәтіндегі қабысқан алақанның әдемі, сүйрік саусақтары - иесінің шығу тегінің бекзаттығын аңғартып, осындай ишарадан: оның ауыр қайғысы мен шексіз тағзымын, адами шынайы кейпін және қасірет дегеннің дәмін татқан пенде екенін танисың.

Альбрех Дюрер. "Сиынушының қолы"


Бұл қолдар туралы көптеген мифтер туындады. Кең тараған аңыздың бірі бойынша: бұл қол суретшінің інісіне тиісті көрінеді. Ол Дюрердің білім алуына жағдай жасау үшін, шахтада ауыр жұмыс істеуге мәжбүр болыпты. Алайда бұл версия үстірт сынды да көтере алмайды. Бұны, өнертанушылар арасында - «Геллердің альтары» атты картинаға жасаған эскизі деп қабылдап, осыған ұқсас қолы бар апостолды дәлелге тартады. Десекте, бұдан да қызықты версия бар. «Сиынушының қолы» – шешімін тапқан, жеке дара жұмыс. Оның көздеген мақсаты – суретшінің асқан шеберлігін паш ету еді. Қарапайым тілмен айтқанда кәдеуілгі – жарнама.    

Леонардо да Винчи. «Жартастағы Мадонна»: күрделі композиция және көптеген ымды қимылдар  

Бұл, бала ұстаған Марияны дәстүрлі статикалық бейнелеуден бас тартқан - Леонарданың алғашқы көркем еңбектерінің бірі. Ол, ежелгі әдетінен тайып, бір топ адам кесікінін геометриялық формасы пирамидаға ұқсас кеңістікке орналастырды. Леонардо бұл картинада әр детальдің ұсақ бөлшектеріне дейін мұқият бояп салғандықтан, оны көрген мамандар тау жыныстары мен өсімдік түрлерін еш қиындықсыз ажырата алды. Қалай дегенмен көзге бірден түсетіні: қол және оның ымды қимылдары.

Леонардо да Винчи. «Жартастағы Мадонна».


Иоанн мен Иисус және Періште, тіпті Марияны өзі де қимыл үстінде бейнеленген. Олардың қолдары ғаламдық күшті аңғартатын – тетраксис ишарасында көрініс тапқан. Сонымен қатар, Леонардо тек қолдарға ғана аса көңіл бөлген шебер ретінде емес, оның картиналарында сұрқай, жағымсыз қасиеттерге ие, жеркеншіті бейнелер де бой көрсететін қарама-қайшылықтарымен танымал. Ал, мына суреттегі әдемі, кірпияз Марияның жуантық қолдарының имиген саусақтарын әжім басқан. Ал Періште мен баланың қолдары да аса бір нәзіктік пен сезімталдықты аңғартпайды; керісінше, тым ірі және ымды қимылдары да қатқылдау. Бұның бәрі екіұдайлылықты күшейтуге арналған әдіс, яғни, контраст пен диссонанс.

Микеланджело. «Адамның жаратылуы»: классика тарапынан ең кең тараған қолдың нұсқасы

Кісі қолына аса мән беріліп, алақан аясын қастерлейтін танымал өнер туындысы ретінде - Сикстин капелласы төбесіндегі «Адамның жаратылуы» фрагментін атауға болады. Бұған дейін керемет мүсінші даңқына ие болған Микеланджело – осы мақтауға тұрарлық, қажырлы еңбегінің арқасында: өзінің таланты суретші екендігін және шығармашы абыройын сақтап қалды.

 

Микеланджело. «Адамның жаратылуы».


Бұндай сурет салу тәжірибесі жоқтығына қарамастан, оған Сикстин капелласын жаңғырту жұмысы жүктелген еді. Суретші, қарабайыр біреу болмай, ғасырдан ғасырға аттаған, қазіргі жұрттың көзайымына айналған  шедевр тудырды. Бойында өмір нышаны жоқ, мінсіз жаратылған Адамның төңірегіндегі періштелердің ортасында қалықтаған Құдай Әке – қуатты саусағын оған тигізген сәтте өмір оты лап етуі тиіс. Адамның бітімі жағынан сұлу жаратылған, өте күшті қолы - тізесінде сұлық жатыр. Құдай өзінің қолынан айнымайтын Адамның қолына ұмсынып, саусақтары сәл ғана тиюге жақын тұр. Осы «сәл ғана» деген арақашықтық: көңілді алабұрттырып, тұла-бойды ширықтырып, айналаны тоқ жайлағандай әсер қалдырады. Ендігі бір қас қағымда, қимылсыз денеге Тәңірдің берген жаны дарып, тұңғыш адам тіріліп кететін тәрізді. 

Мауриц Корнелис Эшер. «Сурет салушы қол»: визиттік картасы және ашылмаған құпия

Өнертанушылардың бұл шығарма туралы алуан түрлі сауалдарына ешқандай жауаптың да болмауы мүмкін. Бірақ, айдай ақиқаттай, бір нәрсе ғана анық. Ол - суретшінің басты бейнелеу мұратына айналған адамның қолы және оның қимыл үстіндегі тылсым қуаты. Егер фон мен киген жейдесі қарапайым ғана суреттелсе, қолға келгенде әр деталін аса ыждағаттылықпен бейнелеген: тері астынан буылтықтана ісініп тұрған қан тамыры, қарындаш ұстаған кезде әжімдене бүгілген саусақтары, тырнақтарының жылтырай ағарған ұштары. Бір қолы екіншісінің суретін салып жатып, өзі де бейнеге айналады. Құдай мен Жаратушы хақындағы шешімі жоқ ойға беріліп, шексіз тұңғиыққа батасың. 

Мауриц Корнелис Эшер. «Сурет салушы қол».


Тегі, Маурицтің шабыттануына - әйел адамның қолын кескіндеген да Винчидің әйгілі эскизі қатты әсер етті деген болжам бар. Маурицтің «Сурет салушы қол» картинасы айна көшірмесі емес, төменіректегі қолы түймені көлегейлесе, екінші қолындағы жейде детальдері ашық көрінеді.  

Василий Тропинин. «Шілтерші»: қарапайымдылық пен әсемдік 

Егер осыған дейінгі көркем туындылардың - өнертанушылар тарапынан неше буын өкілдері аша алмаған: ғажап тарихы, ғаламат құпиялары болса, ал Тропининнің шілтершісінде жасырылған ешқандай бүкпе жоқ. Картинаның қайталанбас көркемділігі мен тартымдылығы - осы қарапайымдылықта тұнған. 

Василий Тропинин. «Шілтерші».


Тегі, Тропининге белгілі бір адамның портретімен яғни көбінесе кәсіппен айналысқан адам бейнесін салу жұмысы тән. «Портрет-тип» суретшінің негізгі көркемдік жұмыс бағытына айналды. Сонымен қатар Тропинин «Шілтерші» сияқты кәсіпке ұқсас жұмыспен отырған тағы бірнеше әйелдің суретін салды. Тігіншілердің ауыр жұмысын тым кербез, жеңіл көрсетуіне орай, суретші сынға да ұшырады. Көз қиықтарындағы күлкі мен қолдарының жел ескендей жеңілдігіне қарағанда, олар жүйке тоздырар ауыр еңбекпен емес – жан тербетер әдемі іспен шұғылданып отырған тәрізді. Алайда, Тропининге алас ұрған күрескерлік тән емес еді. Ол бәр болғаны жанары шоқтай жанған, қимылы жібектей жас арудың – дүниеге сұлулық тудырған сәтін ғана бейнелеген-ді.    

Вильям Бугро. «Сынған құмыра»: қыз, «ұстамдылық танытқан»

Суретші Вильям Бугро сегіз жүзден астам тамаша картиналардың авторы, өкінішіке қарай соның бірде бірі көзі тірісінде бағаланбады. Ол адам денесін әп-әдемі бейнелей білді. Әсіресе, әйел затына деген ықыласы ерекше еді. Замандастары оны эротиканы тым әспеттегені үшін айыптап, жақтырмаған сыңайлы. Ол, суретшілердің ішіндегі: эмоция мен сезімді қол арқылы көрсетуді аса белсенді пайдаланған қыл қалам шеберлерінің бірі болатын.  

Вильям Бугро. "Сынған құмыра".


 «Сынған құмыра» оның жұмыстарының арасындағы дара тұрған туынды. Онда, бұрынғыдай өзінің шығармашылығына тән: діни бағыт, ана мен балаға қатысты сарынның ешқайсысы да жоқ еді. Көзге бірден түсетіні: қос алақанын қатты қапсыра, сынып қалған құмыраның қасында қатты қапаға батып отырған қыз бейнесі. Ол ешкімге емес, тек өзіне ғана өкпелі тәрізді. Осы, ауыр жұмыстан қызарып, шаршаған қолдарды көрсеткен шағын деталь арқылы – жаңдайдың тым шиеленісті екенін байқайсың. Бұның ақырында, сынған құмыра үшін - қыз өз сазайын алатынын емексітеді.

Виктор Попков. «Болотовтар отбасы»:  қол отбасы нышаны ретінде

Қолды бейнелеу және оны негізгі ойды айтудың тетігі ретінде пайдалану қазіргі заман суретшілеріне де тән. Сондай қыл қалам шеберлерінің қатарына Виктор Попков та кіреді. Ол көз алдындағыны ешбір әсіресіз, тіпті көлеңкелі тұстарына шұқшиып, негативті бейнелеуге  жуықтау. Міне, Болотовтардың жайма-шуақ ас бөлмесінде әлдебір ұрыс-керістің болғаны аңғарылады. Алайда, картинада жанжалдың өзі бейнеленбеген, тек керістен соңғы кейіс көрініс орын алған. Әрине, жұбайлар бір-біріне ренішті, бірақ оларды некеден де үлкен жауапкершілік байланыстырады.

Виктор Попков. «Болотовтар отбасы».


Ара-тұра болып тұратын әр пендеге тән кикілжіңге қарамастан, Болотовтар отбасының тағдыры - мына ерлі-зайыпты екеудің сенімді қолында тұр. Әкенің, баласын алақанымен сүйеніш қып, икемдеген кездегі анасының төсі иіп, қабыл алғаны соның бір айғағы.

Қолмен: емдеуге, құртуға, аялап, ұруға, ғажап дүниелер жасауға және қилы эмоцияларды білдіруге болады. Сонымен, ол - көптеген суретшілер үшін, картина қаһарманының: мінез-құлық, сезімін ашатын образдық бөлікке айналды. Сондықтан шығар, бұған автор жағынан да өнер сүйер қауым тарапынан да аса қызығушылықтың болуы. Ал қолдың өзі – күллі әлемге белгілі картиналарда қандай тылсым сырдың астарланғанын тану үшін салынған сынды.

Дайындаған З. Самалбекұлы


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
РЕНЕССАНСТЫҚ АЛЫП



author

Леонардо да Винчи

СУРЕТШІ

Жаңалықтар

2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша елорда аумағында 4100-ден астам интернет-алаяқтық дерегі т...

Спорт

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Ұлан Қонысбаев Euro-football.ru сайтына берген с...