Бала күнімізде күн күркіреп, найзағай ойнаса далаға шықпауға тырысатынбыз. Өйткені, Қыздаркүл есімді...
Нельсон Холилала Мандела: Мен тырысып бағамын, анашым!
НЕЛЬСОН ХОЛИЛАЛА МАНДЕЛА – ОАР Президенті,
1993 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты
Анасы – НОНГАПИ НОСЕКЕНИ
«Мәдениет порталы» Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану докторы, профессор Арыстанбек Мұхамедиұлының «Кемеңгер тұлғалардың ұлы аналары» кітабынан жарияланымдар топтамасын ұсынады.
Кітап аналарға арналған... және адамзат тарихында әлемдік оқиғалар мен миллиондаған адамдардың тағдырына әсер еткен ұлы, көрнекті данышпандарды тәрбиелеген аналардың ерекше өмірлік тарихына негізделген.
Кітап беттеріндегі мемуарларда өз балаларының таланттарын ашып, тұлға ретінде қалыптасуына ерекше үлесін қосқан даңқты аналар туралы сыр шертілген.
Бүгін, 18 шілдеде аты әлемге танылған ұлы тұлға, Оңтүстік Африка Республикасының мемлекеттік және саяси қайраткері Нельсон Манделаның туғанына 103 жыл толады.
МЕН ТЫРЫСЫП БАҒАМЫН, АНАШЫМ!
Көшеден шыққан назалы дауысқа елең еткен Нонгапи қайтадан ұлының әділетсіздіктен ашынған, ызалы үніне құлақ түрді.
– Сенің олай істеуге құқығың жоқ! МЕН ЕРКІН БОЛЫП ТУДЫМ! Анамның үйінің іргесінде, сайын далада еркін жүріп, ауылымды қиып ағатын тұнық өзенге шомылып, жұлдызды түні жүгеріні шоққа пісіріп, өгіз мініп, еркін өскенмін!
Біраздан соң бойын мақтаныш сезімі кернеген Холилала үйге кіріп келіп:
– Мен оны көндірдім! Мен оған дәлелдедім! Ол енді менімен сөзге келіп, менімен төбелеспейді!
Нонгапи өзінің жалғыз перзентіне сүйсіне қарады, ұлы болса басын көтерген күйі әсерлене, әңгімесін әрі қарай жалғастыра түсті:
– Бейбітшілік деген бір-біріңе қамқор болып, бірге ойнау ғана емес, БЕЙБІТШІЛІК – ОЛ ӘРҚАЙСЫМЫЗДЫҢ ЖҮРЕГІМІЗДЕ, СОЛ ӘЛЕМДІ АШУ ҮШІН ӨЗГЕЛЕРГЕ КӨМЕКТЕСУІМІЗ КЕРЕК, – деуші едің ғой, есіңде ме? Сол қолымнан келді, ол менің сөзіме құлақ асты.
– Сенің болмысың – көшбасшы, Холилала! – деп күлімсірей жауап берді Нонгапи. – Ата-бабаң сені мақтан тұтады...
Ол кезде анасы да, жас Холилала, кейінірек адамзат құқығының күрескері атанған, 11 мемлекеттік тілі мен 3 астанасы бар Оңтүстік Африка Республикасының негізін қалаушы Нельсон Мандела да бейбітшілік туралы осы атақты нақылды сөзбе-сөз қайталайтынын білмеген еді: «БЕЙБІТШІЛІК ДЕГЕН ТЕК ҚАНА СОҒЫСТЫҢ БОЛМАУЫ ҒАНА ЕМЕС; БЕЙБІТШІЛІК ДЕГЕН АДАМНЫҢ НӘСІЛІНЕ, ТҮСІНЕ, СЕНІМІНЕ, ДІНІНЕ, ЖЫНЫСЫНА, ТОБЫНА ЖӘНЕ КЕЗ-КЕЛГЕН ӨЗГЕ ДЕ ӘЛЕУМЕТТІК ФАКТОРҒА НЕМЕСЕ ЖАҒДАЙҒА ҚАРАМАСТАН, ГҮЛДЕНГЕН ҚОҒАМДЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ.
Адамның діни ұстанымы, ұлты, тілдік, әлеуметтік және мәдени тәжірибесі адамзат өркениетінің әртүрлілігін байытатын маңызды компоненті болып табылады. Біз мұның қоғамның жікке бөлініп, қатыгездікке себеп болуына жол бере аламыз ба? Егер дәл сондай жағдай орын алатын болса, бұл біздің адамгершілігімізге сын болмақ».
Балалық шағы туралы естеліктерінде Нельсон Мандела анасына қатысты сәттерді егжей-тегжейлі баяндайды: «Әкем Гадл Генри Мпхаканисвтың өлімінен кейін, анаммен, қарындастарыммен бірге күллі өмірімді өзгерткен сапарға, батысқа қарай бет алдық, бірақ балалық шағымның ең бақытты күндерін өткізген әкемнің үйін тастау мен үшін қиын болды. Ол анамның ауялы алақанының ізі қалған, дәмді тағамдарын сүйсіне ішіп, махаббатына бөленіп өскен қараша үй еді ғой. Қарындастарыммен бірге сол үйде қызыққа толы, өткеннен сыр шертетін әңгімелер мен ертегілерді тебірене тыңдап, анамыздың ыстық құшағында алаңсыз күн өткізген едік...».
Ұлының кемел келешегіне қашан да сеніп, соңғы деміне дейін перзентінің алдындағы аналық міндетін атқарып өткен асыл жанның қолдауын Нельсон Мандела ылғи сезінетін.
Анасының оны ағылшын мектебіне беруі (қалыптасқан дәстүр бойынша сол мектепте ол Нельсон есімін иемденеді), алдымен интернатта, содан кейін университеттердегі оқуына қолдау білдіруі Манделаның толық заңгерлік білім алып шығуына мүмкіндік береді.
Бірде әр сөзінің байыбына барып, ыждағаттықпен сөз бастаған Нонгапи ұлын әңгімеге тартады:
– Сенің ойыңша, ұлым, қарапайым ауыл тұрғынының қызы қажетті білім алмай дәрігер бола ала ма? Кеншінің ұлы шахта бастығы болуы мүмкін бе?
Нельсон жаңа ғана мектептен оралып, дәмді билтонгты сүйсіне жеп, анасына таңғала қарайды, – Жоқ, әрине! Өзің білесің ғой, олай болмайды!
– Яғни адам баласы адам баласынан қолында барымен емес, сол барын неге жарата алатынымен ерекшеленеді ғой! Сен ағылшын мектебін бітірген әулеттегі жалғыз жансың. Біздің ауылдағы көп адам алмаған жоғары білімді сен алдың. Бұл біліміңмен не істейсің, өз білік, дағдыңды қайда жаратасың?
Нельсон сәл абдырап, қасықты қойып, қымсыла жауап берді: – Мен... мектептен кейін не істейтінімді әлі ойламадым... мүмкін мен саған қарындастарымды өсіруге көмектесіп, жұмыс істейтін шығармын...
Жұмсақ жымиып, анасы ұлының басынан сипады: – Бізге деген қамқорлығың үшін рақмет… Бірақ, меніңше, әлемде әділеттілік орнату туралы күллі адамзат даналығын түсіну бағытындағы оқуыңды жалғастырсаң, сен маған ғана емес, өзгелерге да көмектесе аласың. Қалай ойлайсың, сен өзіңе осындай жауапкершілікті жүктей аласың ба?
Анасының күлімсіреген жанарына қарап, Нельсон барлық бала жүрегімен ана тілегіне үн қатқысы келді, сенімді дауыспен: «МЕН ЕШҚАНДАЙ ҚИЫНДЫҚҚА ҚАРАМАСТАН, ТЫРЫСЫП БАҒАМЫН, АНА!» – деп жауап берді.
Сонымен, анасының күш-жігері мен университеттегі ортасының арқасында жас Нельсон Мандела апартеид режимі туралы өзінің дүниетанымдық және саяси көзқарасын қалыптастыра бастады. Ол Оңтүстік Африка Республикасы халқын қанауға қарсы күрестің көрнекті өкілдерінің біріне айналады.
1961 жылы Нельсон Мандела «Күллі өмірім – күресте» атты баспасөзге жолдауында:«...Менің сүйікті әйелім мен балаларымнан, анам мен қарындастарымнан ажырап, туған елімде қуғынға ұшырауыма тура келді. Қасымдағы көптеген адамдар сияқты мен де өз ісімді тастап, мамандығымнан бас тартып, кедейлік пен қайғы-қасіретте өмір сүруге мәжбүр болдым. Мен сіздермен иық тіресе, Үкіметпен күресемін, әр қадам, әр миль сайын толық жеңіске жеткенше, алға қарай жылжимыз», – дейді.
Нельсон Мандела Оңтүстік Африка Республикасында еркін демократиялық қоғам құруды армандады. Бұл қиын өмірлік таңдау оның ғұмырының 27 жылын жападан жалғыз, қамауда өткізуіне себепші болды:
«Мен барлық өмірімді Африка халқының бостандығы үшін күреске арнадым. Мен ақ нәсілдің үстемдігімен күресіп, қара нәсілдің қаналуына қарсы тұрдым. Үйлесімге толы, күллі адам тең құқыққа ие, еркін демократиялық қоғамды жаным аңсады. Мен сол қоғамға қол жеткізуді арман еттім, сол қоғамда өзім де өмір сүремін деп үміттенемін. Қажет болса, сол арман жолында жанымды да қиюға дайынмын».
Еркіндік жолындағы күресте де, түрмеде өткізген күндерінде де, Нельсон Мандела жеңіске деген рух пен үмітін жоғалтпады, өйткені оның анасы Нонгапи әрқашан оны қолдайтынына сенімді болды, анасы оның жігерін қамшылап, жеңіске деген сенімін арттырды, отбасы мен балаларына қамқор болды.
Қамауда отырған кезінде анасына деген алғысы мен ризашылығын жүрегін жарып шыққан мына бір сөздері жеткізді: «Түрмеде отырғандар үшін уақыт тоқтап қалғандай көрінуі мүмкін, бірақ еркіндіктегілер үшін уақыт орнында тұрмайды. Бұл ой 1968 жылдың көктемінде анам маған келгенде, санама оралған болатын. Мен оны Ривониядағы процесс аяқталғаннан кейін көрмеген едім.
Өзгерістер біртіндеп жүреді және адам отбасының ортасында ол өзгерістерді байқамауы да мүмкін. Ал көптеген жылдар бойы жанұясынан жырақта өмір сүрген жандар сол өзгерісті бірден байқайды. Менің анам кенеттен маған өте кәрі болып көрінді. Ол Транскейден менің ұлым Макгато, қызым Маказиве және қарындасым Мэйблмен бірге ұзақ жол жүріп келген болатын...
Мен соттан бері ұлым мен қызымды көрмедім, осы уақыт ішінде олар менсіз өсіп, есейді, бірақ менің ақылгөй анамның тәрбиесінде болды. Мен оларға таңдана, мақтанышпен қарадым... Бәлкім, олар өзгерді, бірақ мен еш өгеріссіз қалған едім.
Менің жаныма батқан жайт – анамның жүдегені. Олармен қауышып, отбасылық мәселелерді талқылау жанымды жадыратқаны сөзсіз, бірақ анамның денсаулығына алаңдаулы едім... Сонау жылдары анам маған өтініш еткендей, осы жолы мен Макгато мен Макиге оқуларын жалғастыруларын қалайтынымды жеткіздім. Уақыт зымырап өтіп жатты. Көптеген кездесудің ең тәтті сәті – сол қауышуды қимастықпен еске алу ғой, бірақ осы жолы анамның денсаулығы қатты уайымдатты. Бұл менің оны соңғы рет көруім бе деп қаймығушы едім.
Бірнеше аптадан кейін мен карьерден оралғанда, маған Макгатодан жеделхат алу үшін орталық кеңсеге баруым керектігі айтылды, онда маған анамның жүрек ұстамасынан қайтыс болғаны жеткізілді...».
Нельсон Манделаға тіпті анасының жерлеу рәсіміне қатысуға да тыйым салынды, өйткені оны танымал күрескер ретінде жақтастарының алып кетуінен қауіптенді...
Ол анасы туралы айлар бойы ойлады, сол кезде оның күнделігінде өкінішке толы мынадай жазбалар болған еді: «Анамның өмірі оңай болған жоқ. Мен адвокат болып жұмыс істеген кезімде оған қарасып, көмегімді бере алатынмын, бірақ түрмеге түскеннен кейін еш көмектесе алмадым. Мен анасын шексіз сүйетін ұл ретінде, оған ешқашан шын қамқор бола алмадым ба деп қорқамын...».
Бірақ идеяның соңындағы адам үшін, тіпті ең жақын жаны – анасының қайтыс болуы да – әділеттік жолындағы өмірінің мән-маңызын түсінуге көмектеседі:
«АНАСЫНЫҢ ӨЛІМІ ЕР АДАМДЫ АРТҚА ҚАРАП, ӨМІРІН БАҒАМДАУҒА МӘЖБҮР ЕТЕДІ ЕКЕН».
Анамның басынан кешкен қиындықтары мен кедейшілікте өткізген өміріне қарап, дұрыс жолды таңдағаныма бірнеше рет күмәнданған да болатынмын. Бұл мен үшін жауапсыз сұрақ болып қала бермек: «Мен халқымның әл-ауқатын өзімнің, өз отбасымның мүддесінен де жоғары қою арқылы дұрыс таңдау жасадым ба? Әрине, мен жасаған таңдауды анам қашан да қолдайтын. Бірақ анам мені қолдайды деп, оған қамқор бола алмауымның қайғысын жеңілдете алмадым, оны соңғы сапарға шығарып салмауымның азабы ешқашан азаймақ емес...».
Кейінірек, 43 жылдан соң Нельсон Мандела анасының құрметіне туған ауылында кезінде анасының өзі негізін қалаған шіркеуді қалпына келтірді. Шіркеу «Носекени орталығы» деп аталды.
Нельсон Мандела өзінің «Бостандыққа апарар ұзақ жол» атты өмірбаяндық кітабында: «НОСЕКЕНИ – ЖАЙ ҒАНА ОРТАЛЫҚ ЕМЕС, МЕН ҮШІН ОЛ ӨМІРІМНІҢ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛДЫ…» – деп жазады.
Арыстанбек Мұхамедиұлы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
өнертану докторы,
профессор