Ұйымдастырушылар тілшілер үшін арнайы жіберген автокөлікпен таң саз бере жолға шықтық. Ерте күздің с...
Платон. Сократ және оның досы
ПРОТАГОР
Кіріспе
Дос. Сен қайдан жүрсің, Сократ? Айтпақшы, онсыз да түсінікті: Алкивиадтың сұлулығын аулап жүрсің! Мен жуырда көргенімде, ол енді еркек — тамаша болғанымен, әйтсе де еркек, болып көрінді: өзіңе сыр бүкпей айтар болсам, Сократ, оның енді сақалы да қылтиып қалған екен.
Сократ. Сен мұныңмен не айтқалы отырсың? Жастық шақтың ең сүйкімді кезі — мұрттың алғаш тебіндей бастаған кезі деген Гомердің пікірімен, ал Алкивиад сол кезге енді жетті, сен келіспейтін бе едің?
Дос. Ендігі сенің жағдайың қалай? Сен содан келе жатырсың ба? Жас жігіт өзіңе қалай қарайды?
Сократ. Меніңше, әсіресе бүгін жақсы қараған сияқты; өзі осы жолы мені жақтап көп сөйледі және маған қатты көмектесті. Мен қазір тура соның өзінен келе жатырмын. Алайда саған адам нанғысыз бір нәрсе айтқым келеді: ол бар жерде мен оған соншалықты назар аудармадым, ал жиі-жиі мен оны ұмытып та кете бердім.
Дос. Сендердің араларыңда кесе-көлденең тұрған бұл қандай үлкен кедергі екен? Сен біздің қаламызда одан да гөрі сұлуырақ біреуді тапқансың ба?
Сократ. Және де әлдеқайда сұлуырақ.
Дос. Сен не айтып тұрсың? Осы жердікі ме, әлде басқа жақтық па?
Сократ. Жатжерлік.
Дос. Ол қайдан?
Сократ. Жат жерлік.
Дос. Сеніңше, бұл жат жерліктің сұлу екендігі соншалық, ол саған тіпті Клинийдің ұлынан да әдемірек сияқты болып көрінді ме?
Сократ. Қымбатты дос, даналығы асқанның неліктен әдемірек болып көрінбесіне?
Дос. Ендеше, Сократ, сен бізге әлдебір данагөймен кездескен соң келіп тұрсың ба?
Сократ. Егер сен де Протагорды бәрінен де даналырақ деп есептейтін болсаң, ендігілердің ішіндегі ең данагөйімен кездескеннен кейін келіп тұрмын.
Дос. Сен не айтып тұрсың? Протагор осында ма?
Сократ. Иә, осында келгеніне үшінші күн.
Дос. Сен әлгінде ғана онымен әңгімелестің бе?
Сократ. Айызым қанғанша сөйлесіп, әбден тыңдадым.
Дос. Егер саған ештеңе бөгет болмаса, бізге сол әңгімең жайында неге айтпай тұрсың? Баланы орнынан тұрғызып жібер де, мына жерге отыршы.
Сократ. Айтып беруге әзірмін, егер мені ақырына дейін тыңдасаңдар, тіпті риза боламын.
Дос. Егер айтып беретін болсаң, біз де саған ризалығымызды білдіреміз.
Сократ. Ризалық екі жақтан да болсын. Сонымен, сөзге құлақ түріңіздер.
Өткен түнде, таң әлі белгі бере қоймаған кезде, Гиппократ, Аполлодордың ұлы, Фасонның інісі, кенет менің есігімді таяқпен қатты тоқылдата бастады. Есік ашылған кезде үйге ентелей басып кіріп келді де, қатты дауыстап:
– Сократ, сен ояндың ба, әлде ұйықтап жатырмысың?— деп сұрады.
Ал мен оны дауысынан таныдым да:
Бұл Гиппократ. Әлдебір жаңалық әкелдің бе? — дедім.
Әкелдім, — деп жауап берді ол, — бірақ тек қана жақсы жаңалық.
Ендеше, мақұл. Бірақ сол үшін өзің тым ерте келетіндей, ол қандай жаңалық?
Гиппократ жақынырақ келіп:
– Протагор келді,— деді.
– Алдыңғы күні келген болатын,— дедім мен,— ал сен енді ғана естіп білдің бе?
– Құдайлармен ант етейін, кеше кешке ғана естіп білдім,— Осы сөздерді айтты да, кереуетті сипалаған Гиппократ менің аяқ жағыма келіп отырды. — Иә, кеше ғана, өте кеш естіп білдім, сол кезде мен Эноядан келген едім. Қызметшім Сатир менен қашып кетті ғой. Соны қуып барғым келетіндігін саған айтайын деп едім, ұмытып кетіппін. Ашуым тарқап, сабама түсіп, біз кешкі асты ішіп болып, енді жата бергенімізде кенет інім маған Протагордың келгендігін айтты. Мен дереу саған барайын деп едім, бірақ маған түн ортасы болып қалған сияқты болды; шаршап келіп, қатты ұйықтап кетіппін, ұйқым қана сала орнымнан тұрдым да, осында келдім.
Оның өжет әрі қызба екендігін білетін мен:
– Мұның саған не қажеті бар, Протагор сені ренжітіп көрген жоқ па? — дедім.
Жымия күліп, ол былай деп жауап қайтарды:
– Иә, Сократ, құдайлармен ант етейін, ол өзі дана болып, мені дана етпегенімен
– Ал мен Зевспен ант етемін, егер ақша беріп, оны көндіретін болсаң, ол сені де дана жасайды.
– Иә, егер іс осыған тіреліп тұрса,— деді Гиппократ,— Зевс те, барлық құдайлар да куә — мен өзімде де, достарымда да ештеңе қалдырмаған болар едім. Сен онымен мен туралы сөйлессін деп мен енді саған келіп тұрмын. Мен әрі жасырақпын, әрі оның үстіне Протагорды ешқашан көргем жоқ, оның сөзін естігем де жоқ, өйткені ол алғаш рет мұнда келген кезде әлі бала болатынмын. Сократ, жұрттың бәрі керемет мақтап, оны аса үлкен сөз шебері деседі. Оны үйінен табу үшін біз оған неге бармаймыз? Ол Каллийдің, Гиппониктің ұлы үйіне түсіпті деп естідім. Жүр, барайық!
Ал мен былай дедім:
– Барамыз, бірақ, қымбаттым, қазір емес,— әлі ерте; орнымыздан тұрамыз, аулаға шығамыз, серуендеп, әңгімелесіп біраз жүреміз де, таң ағарып атқан кезде барамыз. Протагор уақытының көбін үйде өткізеді, ендеше саспа? Біз оны жолықтырмай қоймаймыз.
Осылай дедік те, біз орнымыздан тұрып, аулада ерсілі-қарсылы жүре бастадық. Гиппократтың шыдамдылығын сынау үшін мен оған зер салып қарадым да, былай деп сұрадым:
– Айтшы, Гиппократ, міне, сен енді Протагорға барайын деп тұрсың, оған өзің үшін ақша төлемексің, ал, шынын айтқанда, ол саған не үшін керек, сенің кім болғың келеді? Өзің үшін ақша төлеу үшін, айталық, Асклепиадтардың бірі, өзіңнің аттасың Гиппократ Косскийге баруды ойластырған екенсің делік, сонда әлдекім сенен: "Айтшы, Гиппократ, міне, сен анау Гиппократқа ақша төлейін деп тұрсың, бірақ неге сен нақ осы кісіге төлейсің?" — деп сұрағанда, сен не деп жауап берер едің?
– Ол дәрігер болғандықтан дер едім.
– Ал егер өзің үшін ақша төлеу үшін сен аргостық Поликлетке немесе афиналық Фидийге бармақ болсаң, сен оларға неге осыншама ақша төлеуді ұйғардың деп әлдекім сенен сұрай қалса, не деп жауап берер едің?
– Олар мүсінші болғандықтан дер едім.
– Яғни, сен өзің кім болуды қалайсың?
– Әрине, мүсінші болғанды.
– Солай-ақ болсын,— дедім мен,— Ал міне енді, егер Протагорды көндіру үшін біздің қаржымыз жетсе, сен екеуіміз сол кісіге барып, оған сен үшін ақша төлеуге әзірміз делік, ал қаражатымыз жетпейтін болса, достарымыздан да қарызға ала тұрамыз. Егер осы табандылығымызды көрген әлдекім бізден: "Сократ пен Гиппократ, маған айтыңдаршы, сендер Протагорды кім деп санайсыңдар және оған ақшаны не үшін төлегілерің келеді?" — деп сұраса, біз оған не деп жауап қайтарған болар едік? Фидийді мүсінші, ал Гомерді ақын деп атайтыны сияқты, Протагор туралы сөз еткенде оны қалай атайды? Бұл орайда біз Протагор жайында не естиміз?
– Сократ, бұл адамды софист деп атайды.
– Ол софист болғандықтан, біз оған ақша төлеуге бара жатырмыз ба?
– Әрине.
– Ал егер сенен: "Әйтеуір Протагорға бара жатыр екенсің, өзің кім болуды көздейсің?"— деп сұрай қалса.
Гиппократ қызарып кетті, таң ағарып қалған еді, сондықтан мұны байқауға болатын.
– Егер бұрын айтқандарымнан алшақтамайтын болсам,— деп жауап берді ол, — менің софист болғым келетіні анық.
– Эллиндердің арасында,— дедім мен,— сенің софист болып шыға келгенің, құдайлармен ант етейін, өзіңе ұят болмас па еді?
– Егер ойымдағыны айтсам, Сократ, Зевспен ант етейін, ұят.
– Сірә, Гиппократ, сауат ашудың, кифарада ойнаудың немесе гимнастиканың мұғалімінде оқығаның сияқты Протагорда да өзгеше оқуыңа тура келеді деп ойлайтын шығарсың? Өйткені осы пәндердің әрқайсысын жеке әрі еркін адам ретінде өзіңнің болашақ шеберлігің үшін емес, тек оз біліміңді көтеру үшін ғана оқыпсың ғой.
– Әрине,— деді Гиппократ,— меніңше, Протагордың оқытуы көбіне осы тектес болып келетін сияқты.
– Ендеше не істегелі жүргеніңді өзің білемісің немесе бұл саған айқын емес пе? — деп сұрадым мен.
– Сен не жайында айтып тұрсың?
– Сен өз жаның жөніндегі қамқорлықты, өзің айтпақшы, софистке тапсырмақ сыңайдасың, бірақ шынымды айтсам, егер сен софист дегеннің не екенін білетін болсаң, мен қатты қайран қалған болар едім. Ал саған бұл беймәлім болғандықтан, сен кімге және не үшін — жақсыға ма, жаманға ма - жаныңды сеніп тапсырмақ екеніңді де білмейсің.
– Мен білемін деп ойлаймын,— деді Гиппократ.
– Ендеше айтшы, сеніңше, софист деген кім?
– Бұл сөздің мағынасына қарағанда, мен софист — даналық, заттар төңірегіндегі білгір адам деп ойлаймын.
– Ал бұлай деп кескіндемешілер туралы да, құрылысшылар туралы да айтуға болады ғой: олар да даналық заттар төңірегіндегі білгірлер; ал егер әлдекім бізден кескіндемешілер нақ қандай даналық заттар төңірегіндегі білгірлер деп сұрайтын болса, бейнелер жасаудың білгірлері деп айтқан болар едік; басқа жағдайларда да осылайша жауап берген болар едік. Ал егер біреу софист несімен данагөй деп сұрай қалса, біз не деп жауап берер едік? Ол қай істе тәлімгер?
– Сократ, егер біз оны шешендік өнерінен басқаларға тәлімгерлік ететін кісі деп бағамдасақ қайтер еді?
– Бәлкім,— дедім мен,— біз дұрыс айтқан да болар едік, ;шайда жеріне жеткізе айта алмай отырмыз, өйткені біздің бұл жауабымыз бұдан әрі мынадай сұрақ қойылуын қажет етеді: егер софист адамдарды сөзге шебер ететін болса, бұл соз не жайында? Мысалы, кифарист адамды оған үйреткен нәрсесі туралы, яғни кифарада ойнау туралы пайымдауға шебер етеді. Солай емес пе?
– Иә.
– Солай делік. Ал софист болса, ол қандай сөздерге шебер етіп баулиды? Өзі жақсы меңгерген сөздерге баулитыны түсінікті емес пе?
– Соған ұқсайды.
– Ал софист өзі не нәрсеге білгір болса, шәкіртін де сол нәрсеге білгір ете ме?
– Зевспен ант етейін, саған не деп жауап берерімді білмеймін.
Бұған мен былай дедім:
– Бұл қалай? Сен оз жаныңды қандай қауіп-қатерге ұшыратқалы отырғаныңды білемісің? Сен оз денеңді әлдекімге сеніп беруің қажет болғанда және пайдалы немесе зиянды екендігі белгісіз болған кезде сен өзің де оны сеніп беру керек пе, әлде керек емес пе деп көп ойланатынсың, достарыңнан да, үйіндегілерден де ақыл-кеңес сұрап, осы істі бірнеше күн бойы талқыға салатынсың. Ал әңгіме сен денеден жоғары қоятын жан туралы болғанда, ал жанның жақсы не жаман болатыны себепті сенің барлық істеріңнің жақсы не жаман болатындығы соған байланысты, сен әкеңмен де, ағаңмен де, біз сияқты достарыңның ешқайсысымен де осы бір келімсек жат жерлікке өз жаныңды сеніп беруің немесе бермеуің жөнінде ақылдаспадың. Тек қана кеше кешке қарай, өзіңнің айтуыңа қарағанда, ол жайында естісімен, ойланбастан, оған өзіңді сеніп тапсыруың керек пе, жоқ па деген мәселе жөнінде ақылдаспастан, бүгін-ақ ертемен бара жатырсың және өзіңнің айтуыңа қарағанда, өзің білмейтін және өзің ешқашан сөйлеспеген Протагормен міндетті түрде жолығуың керектігін өзің әлден-ақ біліп қойғандай, өз ақшаңды да, достарыңның ақшасын да жұмсауға бірден әзір отырсың. Сен оны софист деп атайсың, ал софист дегеннің не екенін, өзіңді оған сеніп бергелі тұрсаң да, мүлде білмейді екенсің.
Гиппократ әбден тыңдап болған соң:
– Сократ, бұл тап сенің айтқанындай болды,— деді.
– Сонда қалай, Гиппократ, біздің софист жан керек ететін азық-түлікті сатушы немесе тасымалдаушы сияқты бірдеңе болмақ па? Меніңше, қалай болғанда да, ол солай.
– Ал жан немен қоректенеді, Сократ?
– Әлбетте, біліммен қоректенеді,— дедім мен,—Әйтеуір, достым менің, дене қорегін сатып алушылар немесе тасымалдаушылар сияқты, софист өзі сататын нәрсесін мақтап, бізді алдап кетпесін. Өйткені олар таситын тауарларында дене үшін не пайдалы, не зиянды екендігін өздері де білмейді, бірақ сату үшін бәрін де мақтайды, ал сатып алушылар, гимнастиканың білгірі немесе дәрігер болмаса, олардың мұнысын біле бермейді. Сондай-ақ, сатып алғысы келетіндердің бәріне көтерме саудамен де, бөлшек саудамен де қалаларды аралап жүріп білім сатушылар туралы да осыны айтуға болады, ал өздерінің сатып жүргендерін мақтап, мадақтаса да, бәлкім, достым менің, олардың кейбіреулері өздерінің сатып жүргендері жан үшін жақсы не жаман екендігін анық білмейді де; дәл сол сияқты жанды емдеудің білгірі болмаса, олардан сатып алушылар да білмей қалады. Бұл затта ненің пайдалы, ал ненің пайдалы емес екендігін білгеніңде Протагордан да, қандай да болсын басқа бір адамнан да, білім сатып алу саған қауіпті емес; ал егер білмесең, достым менің, өзің үшін ең қымбат нәрсеңнен айырылып қалмауыңды ойла. Өйткені азық-түлік сатып алудан гөрі білім сатып алу әлдеқайда күрделі ғой. Саудагерден немесе тасымалдаушыдан азық-түлік пен ішімдікті сатып алған соң, оларды тамақ пен ішімдік түрінде өз денеңе қабылдардан бұрын оларды үйде сақтап, нені жеп, нені ішу және нені жемеу, нені ішпеу жөнінде білетін адаммен ақылдасуға болады. Мұндай сатып алу кезінде қауіп-қатер соншалықты үлкен емес. Ал білімді ыдысқа құйып алып кетуге болмайды, бағасын төлеген соң, оны өз жаныңа қабылдауға мәжбүр боласың, сөйтіп, бірдеңе үйренгеннен кейін не зиян шегуіңе, не пайда табуыңа тура келеді. Мұны біз өзімізден жасы үлкендеу адамдармен бірге талқылаймыз, өйткені бұл істі талдау үшін біз әлі жаспыз. Ал енді барайық та, сол адамды тыңдайық; оны тыңдап болып, басқалармен де әңгімелесейік: ол жерде Протагор жалғыз емес, онымен бірге Гиппий Элидский және менің ойымша, Продик Ксосский", басқа да көптеген данагөйлер болуы тиіс.
Осылай деп ұйғардық та, біз жүріп кеттік; есікке жетіп тоқтадық та, жолшыбай ойымызға келген нәрсе жайында сөйлестік. Бұл әңгімені аяқсыз қалдырмай, өзіміз табалдырықты аттап, ішке кіргенге дейін тәмамдау үшін біз өзара келісіп алғанша есіктің алдында тұрып әңгімелесе бердік. Бірақ қақпашы — әлдебір әтек — біздің сөзімізді естіп қойса керек, ал ол софистердің көбейіп кетуіне байланысты осы үйге келушілерді жек көріп қалған сияқты. Біз есікті тақылдатқан кезде есік ашқан ол бізді көрген бойда:
– Тағы да қайдағы бір софистер келіп тұр! Оның уақыты жоқ! — деп дауыстап жіберді. Сөйтті де, есіктің тұтқасынан қос қолдап ұстаған бойы қатты ашуланып, оны бар пәрменімен тарс еткізіп жауып тастады.
Біз тағы да есік қақтық, ал ол жауап ретінде жабулы есіктің арғы жағынан:
– Әй, сендер, естімей қалдыңдар ма: оның уақыты жоқ!— деп айқайлады.
– Ау, жарқыным,— дедім мен,— біз Каллийге келген жоқпыз, оның үстіне біз софист те емеспіз. Ашуыңды басшы: біз Протагорды көруге келдік. Біз туралы хабарлашы!
Қоймай жүріп, әлгі адамға біз есік ашқыздық. Ішке кірген кезде біз аулада ерсілі-қарсылы серуендеп жүрген Протагорды көрдік, ал онымен бірге Каллий, Гиппониктің ұлы, Каллийдің шешесі бір, әкесі бөлек інісі Парал, Периклдің ұлы және Хармид, Главконның ұлы,— бір жағында, Периклдің екінші ұлы Ксантипп, бұдан әрі Филлипид, Филомелдің ұлы, кәсіби софист болу үшін оқыған, Протагордың шәкірттері арасындағы ең атақтысы, мендеялық Антимер — екінші жағында қыдырыстап жүрді. Ал олардың әңгімесіне құлақ салып артта жүргендердің көбі, сірә, жат жерліктер болса керек,— бұларды Протагор, өзі қай жерде болса да, әрбір қаладан Орфей сияқты өзінің үнімен сиқырлап, соңынан ерткен болатын, міне, Протагордың дауысына елтіп бұлар да жүр; бұлардың арасында жергілікті тұрғындардан да кейбір адамдар болды. Осыларға қарап, Протагордың алдына байқамай түсіп кетуден сақтанған оларға мен қатты сүйсіндім: Протагор өзімен әңгімелесіп келе жатқандармен бірге айналымға жетіп бұрылған сайын, әлгі тыңдаушылар келісіп қойғандай - ақ қақ жарыла жол ашып және шеңбер жасай қатар түзеп, соның соңынан ере түседі.
Сосын қарама-қарсы қалқада креслода отырған Гиппий Элидскийді,— Гомердің айтқанындай, "осы бір қайраткерді байқап қалдым". Мұны Эриксимах, Акуменнің ұлы, мирринусилік Федр, Андрион, Андротионның ұлы, оның отандастарынан тағы да бірнеше жатжерлік және басқалар айнала қоршап, ұзын орындықтарға отырды. Тегінде, олар Гиппийден табиғат, әр түрлі астрономиялық, аспан құбылыстары жайында сұраған болар, ал креслода отырған ол берген сұрақтарды олардың әрқайсысымен талдап, талқылап жатты.
"Сонымен бірге Танталды да, иә, оны да мен көріп қалған едім", мұнда Продик Кеосский да келген екен; ол бұрын Гиппоникке қойма ретінде қызмет еткен әлдебір үйде тұрған болатын, ал енді, келушілердің көбейіп кетуіне байланысты, Каллий оны тазалап, қонақтар түсетін үйге айналдырыпты. Продик бұл кезде қой терісінен жасалған әлдебір жамылғылармен қымтанып, әлі төсекте жатқанды, онымен көршілес кереуеттердің бірінде керамейлік Павсаний жайғасыпты, ал Павсаниймен бірге өзінің табиғат берген талантына қарағанда және менің пайымдауым бойынша, тал бойында бір мін жоқ, өте әдемі ұл бала болды. Мен естіген сияқтымын, сол баланың есімі Агафон болса керек, ал егер ол Павсанийдің сүйіктісі бола қалса, мен таңданбаған болар едім. Бұл баладан басқа мұнда екі Адимант та — Кепидтің ұлы мен Левколофидтің ұлы және басқа біраз адамдар болды, ал олардың не жайында сөйлесіп отырғандығын мен алыстан ажырата алмадым, мен данагөй, тіпті құдайдың өзі жомарттықпен жарата салған тамаша кісі деп есептейтін Продиктің сөзін де, өзім қанша құмартсам да, ести алмадым, ол тым бәсең дауыспен сөйлегендіктен, бөлмеде оның сөздерін есту мүмкін болмады.
Біз бөлмеге енген кезде бізге ілесе, сенің осылай деп атап жүргеніндей (саған еліктеп мен де солай деп атайтын едім) сұлу Алкивиад және Критий, Каллесхрдың ұлы, кіріп келді. Келген бетте біз біраз кідіріп қалдық та, айналамызға көз жүгірте қарап өткен соң, Протагорға жақындап бардық, сол кезде мен былай дедім:
– Протагор, мына Гиппократ екеуіміз саған келіп тұрмыз.
– Сендерге,— деді ол,— менімен оңаша сөйлесу қолайлы ма, әлде өзгелердің көзінше сөйлесе бересіңдер ме?
– Біз үшін,— деп жауап бердім мен,— бәрібір, біздің не үшін келгенімізді қашан естігің келеді, оны өзің біл.
– Ал сендер не үшін келіп тұрсыңдар?— деп сұрады Протагор.
– Мына жас жігіт — Гиппократ, осы жердің тұрғыны, Аполлодордың баласы, әйгілі де ауқатты әулеттің түлегі, өзінің табиғат берген талабына қарағанда, құрбы-құрдастарының ешқайсысынан әсте кем емес. Меніңше, ол біздің қаламыздағы аса көрнекті адам болуға ұмтылады, ал ол бүл арманы, егер сенімен жақынырақ танысса, тезірек орындалады деп ойлайды. Енді төрелігін өзің айт: сеніңше бұл жайында бізбен оңашада сөйлесу керек пе әлде басқалардың көзінше сөйлесе беруге бола ма.
– Сократ, бұл туралы менімен сөйлескенде сақтық жасап, сен дұрыс істеп отырсың,— деді Протагор. — Үлкен қалаларға келген жатжерлік мұндағы жас жігіттердің таңдаулыларын — туысты да, жатты да, кәріні де, жасты да — бәрін тастап, уақытты онымен өткізсеңдер, осының нәтижесінде бұдан да гөрі жақсы боласыңдар деп сендіретін болса, ол бүл істе сақ болуы керек, өйткені бүл әрекетке байланысты қызғаныш, араздық және неше түрлі өсек-өтірік өршімей қоймайды.
Софистік өнер өте ерте уақытта пайда болған көне өнер десем де, бүл өнерді ежелгі замандарда игерген қайраткерлер осы өнерге байланысты өршитін дұшпандықтан қауіптеніп, оны барынша жасыруға тырысқан: біреулер, Гомер, Гесиод және Симонид сияқты, поэзиямен бүркемелеген, екіншілері Орфей мен Мусейдің шәкірттері тәрізді балгерлік пен сәуегейлікті, ал кейбіреулері, менің білуімше, тіпті гимнастиканы бүркеме еткен, мысалы, тарентиндік Икк, біздің заманымыздағы түңғыш софистердің бірі, Мегардың тумасы, селимбрилік Геродик осылай істеген; ал ұлы софист сіздердің Агафоклдарыңыз бен Пифоклид Кеосский және басқа көптеген софистер музыканы бүркемеге айналдырған. Олардың бәрі, менің айтып отырғанымдай, қызғаныштан қауіптеніп, осы өнерлерімен бүркемеленетін болған.
Ал мен болсам, бүл істе олардың бәріне де ұқсамаймын, өйткені қалаларда билікке ие болғандардан жасырына алмай, ал тек солардан жасырыну үшін ғана осындай бүркемелер қолданылады, олар көздеген мақсаттарына әсте жеткен жоқ деп ойлаймын. Тобыр, былайша айтқанда, ештеңе түсінбейді ғой, қолында билігі барлар қандай әуенді бастаса, тобыр соған қосыла кетеді. Қашып құтылуға күшің болмаса да қаша жөнелуің — тек ғана өзіңді өзің әшкерелеу деген сөз: қашып кетуге әрекет жасаудың өзі ақымақтық, мұның өзі міндетті түрде жұрттың бұрынғыдан да бетер наразылығын туғызады, өйткені олар мұндай адам, басқасын былай қойғанда, әрі зұлым екен деп ойлап қалады.
Сол себептен де мен қарама-қарсы жолға түстім: өзімнің софист екенімді және де адамдарды тәрбиелейтінімді мойындаймын және бүл сақтық — жасырынғаннан гөрі мойындаған жақсы — анадан гөрі тәуірірек деп ойлаймын. Мен өзге де сақтық шараларын қолдандым, сөйтіп — сәті түскенде сөйлесіп қал! — мен өзімнің софист екенімді мойындасам да, сұмдық бірдеңеге душар болғам жоқ. Ал мен бұл іспен көп жылдан бері айналысып келемін, оның үстіне менің ғұмырым өте ұзақ; жас жағынан алып қарағанда, мен бәріңе де әке болуға лайлықпын. Демек, сендер өз бұйымтайларың жайында барлық жиналғандардың алдында айтсаңдар, егер өздерің осыны қаласаңдар, мен үшін бұл әлдеқайда жағымды.
Ал мен оның Продикке де, Гиппийге де өзін көрсетіп, олардың алдында мақтанғысы келіп тұрғандығын аңғардым да, біздер оған табынушылар ретінде келіп тұрмыз дегендей, оған былай дедім:
– Продик пен Гиппийді және олармен бірге жүргендерді де бізді тыңдасын деп шақырсақ қайтеді?
– Әрине,— деді Протагор.
– Сіздер отырып әңгімелесе алатындай болуы үшін,— деді Каллий,— қаласаңыздар, жалпы талқылау ұйымдастырайық?
Бұл бәрімізге де елеулі ұсыныс сияқты болып көрінді де, біз дана адамдардың сөздерін еститін болдық - ау деп қуанып, орындықтар мен кереуеттерді Гиппийдің маңайына қоя бастадық, өйткені бұл жерде бұрын да орындықтар тұрған болатын. Осы кезде Критий мен Алкивиад өздері төсектен тұрғызған Продикті және онымен бірге болғандардың бәрін ертіп келді.
Бәріміз жайғасып отырған кезде, Протагор былай деп сөз бастады:
Енді, Сократ, осы жас жігіт туралы маған қазір айтқаныңды қатысып отырғандардың алдында қайталашы.