Ұлықпан Сыдықов – ұлт есінде қалған тұлға

ТАНЫМ
1631

Ұлықпан Есілханұлы Сыдықов республикамыздың жоғары техникалық білім жүйесінің заман талабына сай өркендеуіне білімпаздығымен, іскерлігімен, ізденімпаздығымен және шебер ұйымдастырушылық қабілетімен үздіксіз қомақты үлес қосып келе жатқан азамат.



Ұлықпан Сыдықов 1965 жылы Семей облысы Мақаншы ауданындағы С.Сейфуллин атындағы қазақ орта  мектебін Алтын медальмен тамамдаған соң Қазақ политехникалық институтының Автоматика және есептеу техникасы факультетіне оқуға түсті.  Оқушы күнінде неше мәрте математика және физика пәндерінен өткізілген Республикалық, Батыс Сібір және Қазақстан  аймақтық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болғандығы оның заман ағымын ілгері бастаған жаңа инженерлік мамандықты қалауына себеп болған еді. Үздік оқыды, 3 курстан бастап өз мамандығы бойынша шаруашылық келісім-шарт негізіндегі студенттік ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысып, нәтижелерін дипломдық жобасына пайдаланды. Қоғам өміріне де белсене араласты. Аты әлемге әйгілі «Дос-Мұқасан» вокальды-аспапты ансамблінің іргетасын қалаушыларының қатарында болды. Сол кезеңде республикамыздың әдеби-мәдени қауымын елең еткізген «Бәйшешек» әдебиет бірлестігін құрып, жетекшілік жасады.

Студенттік өмір жылдарында Ұ.Сыдықов қоғамдық ғылымдарға деген қабілетімен көзге түсті. 1970 жылы институтты үздік бітірген соң философия саласы бойынша аспирантураға түсті. Диссертация қорғаған мезгілден бастап, күні бүгінге дейін өзі түлеп ұшқан білім ордасында шығармашылық, ұйымдастырушылық, ұстаздық қызметпен белсенді әрі жемісті түрде шұғылданып келеді. Қатардағы оқытушыдан профессорға дейінгі жолдан өтті.

29 жасында өзі білім алған Автоматика және есептеу техникасы факультетінің деканы болып сайланып, жаңа мамандықтардың Қазақстан топырағына толық ірге тебуіне, кафедралардың материалдық-техникалық базасының нығаюына, бұл салалар бойынша ұлттық кадрлардың дәйекті дайындалуына күш-жігерін жұмсады. 1983 жылы Қазақ политехникалық институтының тәрбие ісі жөніндегі проректоры болып тағайындалды. 1988 жылы республикада тұңғыш рет халықаралық байланыс істері бойынша проректор болып бекітілді. Институт қабырғасына Азия, Африка, Латын Америкасы елдерінен келген студенттердің тиянақты инженерлік білім алуына, қазақ халқының тарихымен, мәдениетімен терең танысуына, сондай-ақ, халықаралық байланыстың жүйелі арнаға түсуіне үлес қосты. Ол еліміздің өндіріс аймақтарына жиі-жиі сапар шегіп, кәсіпорындарда, институт филиалдарында ғылыми-практикалық конференциялар өткізіп, ұстаздар мен студенттерге ғылыми-әдістемелік көмектер көрсетіп тұрды. Іскерлігі, жоғары ұйымдастырушылық қабілеті, сыпайылығы, әділдігі арқасында көпшілік құрметіне бөленді.

1993-2000 жылдары ең ірі кафедралардың бірі – қоғамдық пәндер кафедрасының меңгерушісі.

2000 жылы Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде (ҚазҰТУ) жаңа құрылым – Жаратылыстану-гуманитарлық институтының құрылуына ұйытқы болып, осы институттың директоры және университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры болып тағайындалды. Аталған институтқа ғұлама ғалым, университеттің алғашқы түлектерінің бірі, әйгілі фарабитанушы Ақжан Машановтың есімін беруге мұрындық болды. 

2001-2012 жылдары ҚазҰТУ-дың оқу-тәрбие ісі жөніндегі проректоры, 2013 жылдың қыркүйегіне дейін ректордың тәрбие және идеология мәселелері бойынша кеңесшісі, Әлеуметтік мониторинг ғылыми-практикалық орталығының директоры қоғамдық пәндер кафедрасының меңгерушісі, Университеттегі «НҰР ОТАН» («Аманат») бастауыш партия ұйымының төрағасы қызметтерін атқарды. 2021 жылдың наурыз айынан бері ректордың кеңесшісі, сондай-ақ университетке айрықша еңбек сіңірген айтулы ғалым-ұстаздарды қатарына алған «Ақсақалдар алқасы» құрылымының төрағасы міндетін абыроймен атқарып келеді.

Осы қызметтерді атқару барысында тәрбие ісінің ұлттық мазмұнға ие болуына, оның ғылымилығы, үздіксіздігі мен жүйелілігі және оқу ісімен органикалық біртұтастығы қамтамасыз етілуіне, қазақ тілінің оқу-тәрбие үрдісіне енуіне мейлінше ат салысты. Кезінде университеттегі «Қазақ тілі қоғамын» құруға белсене қатысып, оның тең төрағасы, «РАС» газетінің негізін қалап, 8 жыл бойы бас редакторы болды.

Ұлықпан Сыдықов ғылыми ізденістермен де үздіксіз жемісті шұғылданып келеді. Оның ғылыми еңбектері қоғамдағы әлеуметтік-рухани және техникалық жүйелердің өзара байланыстарын жан-жақты зерделеп қарастыруға бағыттала отырып, гуманитарлық ғылым саласын инженерлік ой-жүйе айшықтарымен шебер ұштастыруымен ерекшеленеді. 450-ден астам ғылыми, ғылыми-публицистикалық және оқу-әдістемелік еңбектердің, оның ішінде 11 монографияның,  20-дан астам оқулық пен оқу құралының авторы. Оның 10-шы рет қайта басылған Қазақстанда алғашқы рет мемлекеттік тілде жазылған «Философия» оқулығы (проф. Д.Кішібековпен бірге), «Саясаттану» оқулығы (1996, 2007, 2012 жылдары қайталап басылды), «Инженерлік еңбектің социологиясы» оқулығы (орыс тілінде – 2000 ж., қазақша 2003, 2007, 2013 жж.) ғылыми көпшілік пен оқушы қауымның ыстық ілтипатына ие болды. Сондай-ақ, оның «Техникалық жоғары оқу орны студенттері: социологиялық талдау» (орысша, қазақша, 2007 жыл). «Бүгінгі студент жастардың тыныс-тіршілігі мен әлеуметтік-рухани болмысына мониторинг жасау» (орыс тілінде, 2014 жыл), «Ұлттық рух және ақпараттық кеңістік» (2015 жыл), «Ұлт рухы асқақтаса екен деп...» (2018), «Қастерлі қарашаңырақ және тұғырлы тұлғалар» (2022) деп аталған ғылыми монографиялары және басқа да ғылыми-публицистикалық кітаптары ғылыми ортада және жоғары оқу орындарында үлкен қызығушылық тудырды. Ұ.Е.Сыдықовтың Қазақстандағы студент жастар социологиясының осы заманғы мектебін қалыптастырғанын атап өткен жөн. Оның ғылыми жетекшілігімен 1 ғылым докторы және 5 ғылым кандидаты мен 6 магистры дайындалды.

Ұлықпан Сыдықов 1984-1986 жылдары белгілі қоғам қайраткері журналист Сағат Әшімбаевпен бірлесіп Қазақ теледидарында «Жүректен қозғайық» деп аталатын хабарлар циклын жүргізді. Бұл хабар қазақ жастарының ұлттық сана сезімінің өсуіне үлкен ықпал жасағаны белгілі. Одан кейін ұзақ жылдар бойы профессор, марқұм Ахмет Ержановпен және өз ұстазы академик Досмұхамед Кішібековпен бірлікте «Республика өмірінің өзекті мәселелері» деген тақырыпта телехабарлар циклын жүргізіп келді. Қазір де Қазақ радиосы, Шалқар радиосы және ұлттық «Қазақстан», «Хабар» телеарналарынан берілетін хабарлардың тұрақты қатысушысы және кейіпкері.

Қазақстан мәдениеті мен өнеріне де өзіндік үлес қосып келе жатқан азамат. Елімізде «Қазақ эстрадасының аңызы» атағына ие болған санаулы адамның бірі. «Дос-Мұқасан» ансамблінің болмысын бейнелейтін бүкіл ел жастарының сүйіктісіне айналған қазақ эстрадасының алтын қорына енген «Той жыры», «Қуанышым менің», «Бойжеткен», «Әсем жұлдыз», «Ғашықпын» сияқты талай әндердің авторы. «Ару қыздар» әні 2000 жылы Республикалық «Жаңа ғасырға жаңа ән» байқауының дипломына ие болса, «Алау сезім» атты әні жастар арасында кең тарап, қол телефондарына қонып, жүректеріне ұялап кетті. Бірнеше кинофильмдерде шырқалды. Ал Досым Сүлеев, Мұрат және Данияр Құсайыновтармен бірлесіп жазған «Сәтбаев университеті» гимні бүгінгі күні барша студенттер мен ұстаздар зор ықыласпен, үлкен мақтаныш сезіммен орындайды десек артық болмас.

Оның әріптестері мен шәкірттерінің бастамашылығымен «Қуанышым менің» деп аталатын жыр жинағы және «Алау сезім», «Той жыры», «Әсем жұлдыз» деген атпен СД альбомы (Ұ.Сыдықовтың өлеңдеріне жазылған әндер жинағы) жарыққа шыққан.

Сыдықовтың басшылығымен және туған інісі Қайранбақыттың тікелей қаржылық-ұйымдастырушылық еңбегімен Шығыс Қазақстан облысы Мақаншы ауылында Қазақ халқының мақтанышы, даңқты қолбасшы Қаракерей Қабанбай батырға орнатылған алып ескерткіш бүгінде ел игілігіне айналып отыр. Қазақтың классик жазушысы, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділов атындағы қоғамдық қордың төрағасы ретінде Тарбағатай тауының бауырында, өзі жерленген өңірде марқұмға ақ тастан үлкен күмбез тұрғызып, дүйім халыққа ас беріп, жазушының туғанына 85 жыл толуын кең көлемде атап өтуге мұрындық болды.

Ұлықпан Сыдықов «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушылар мен мүшелерінің қатарында 1973 жылы Берлин қаласында өткен Бүкіл дүниежүзі жастары мен студенттерінің X фестивалінің лауреаты және Алтын медалінің иегері және 1974 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атағына ие болды. Ол Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен (1984), «КСРО білім саласының үздігі» төсбелгісімен (1988), Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаттарымен (2001, 2004, 2005жж.), «ҚР білім саласының құрметті қызметкері» (2002ж), «ҚР мәдениет қайраткері» (2004ж), «ҚР ғылымына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен, 7 мемлекеттік медальмен, ҚР кәсіподақтары федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» Құрмет белгісімен (2016ж), «Ауған соғысы ардагерлері» қауымдастығының «Сауап» (2012ж) медалімен, А.Байтұрсынов атындағы медальмен марапатталған.

ҰҰлықпан Сыдықовқа 2010 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. 2011 жылы ҚР Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының, 2015 жылы ҚР педагогика ғылымдары академиясының және Халықаралық ақпараттану академиясының академигі болып сайланды. Қазақстан Шығармашылық академиясының мүшесі, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеттерінің және Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Құрметті профессоры, Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы мен Мақаншы ауылының Құрметті азаматы. 


Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...