Неотомизм деген не? Оның философиядағы орны қандай?

ТАНЫМ
5358

Микеланджело. Адамның жаратылуы. 1511 жыл

Неотомизмді Ватиканның ресми философиясы деп атауымызға әбден болады, өйткені ол католик діни философиясының ішіндегі ең ықпалы күшті ағым. Неотомизм негізінен католиктер шоғырланған Италияда, Францияда, Испанияда, Бельгияда, Германияда және кейбір Латын Америкасының елдерінде кеңінен тараған. Аттары әлемге әйгілі неотомистердің қатарына Жак Маритен, Этьен Жильсон (Франция), де Реймекер, Ф.Ван Стеенберген (Белгия), Лотң де Фриз, И.Бохенский(Германия), Веттер (Австрия) жатады. Неотомизм – маркстік философияның қарсыласы. Оның мақсаты католицизмді философиялық тұрғыдан негіздеу. Әлі күнге дейін экономикалық, саяси және идеологиялық үстемдікке ие болып отырған католиктік шіркеудің буржуазиялық қоғамның рухани өміріне тигізетін ықпалы орасан зор.

Неотомизм мектептерде, университеттерде, арнайы оқу орындарында ресми пән ретінде өтіледі, оның негізгі қағидалары мерзімді баспасөз беттерінде, радио және теледидар арқылы насихатталып отырады. Неотомизм таптық теңсіздікті, жеке меншікті жақтайды, сондықтан да үстем таптарға қызмет етеді. Ол қазіргі кезеңде екіұдай Ғидаятқа ұшырап отыр. Біріншіден, ғылым мен техниканың қарыштап алға дамуы, діни – философиялық қағидалардың ақиқаттылығын дәлелдеу ісін барынша қиындата түсуде, ал екінші жағынан, сол ғылымның және техниканың дамуы, әсіресе психика, сана мәселелерін зерттеу ісі, сыртқы әлемдік өркениеттің бар екендігін дәлелдеуге арналған ғылыми жұмыстар, өмірде әлі де түсініксіз болып келе жатқан құпияларға байланысты қаптап кеткен парапсихология, телоепатия, көріпкелдік, сәуегейлік, спиритизм сияқты ғылыми дүниетанымға деген сенімсіздікті және сонымен катар неотомизмге қолайлы өріс туғызатын сан алуан рухани құбылыстарды дүниеге әкелді.

Микеланджело. Үрейлі сот. 1537-42 жылдар

Неотомизмнің теориялық негізі орта ғасырлық теолог Фома Аквинский (1225-1274) тұсында қаланған болатын. Сондықтан да ез замандастарына Аквинский әрі батыл, әрі жаңашыл шіркеу қайраткері ретінде танылған. Шіркеудің Аристотель ілімін тәрк еткені тарихтан белгілі, өйткені оның әлем туралы айтқан ойлары діни уағыздарға мүлдем кереғар еді. Осыған орай католик дінбасылары Аквинскийдің әрекетін еш қолдаған жоқ. Оның шіркеу үшін сіңірген еңбегі тек ол өлгеннен кейін ғана бағаланды. ғылымның дамуы кейбір көреген дінбасыларын ойландырып, ғылыми жетістіктерді дінге қызмет ету ісіне пайдалану жөнінде шешім қабылдауға мәжбүр етті. Бұл орайда Ф.Аквинскийдің дін мен ғылымды өзара ымыраға келтіру туралы пайымдаулары жолбасшылық рөл атқарған еді. Алайда, ол бұл идеяны әл – Фараби мен ибн Рушдтан (Аверроэс) қабылдаған болатын. Екіұдай ақиқат туралы ілімнің негізін қалаған олар туралы католиктік шіркеу әрине, жұмған аузын ашпады. Бұл ақи көз европоцентризмнің салдары еді.

Әл-Фараби де, ибн Рушд та Аристотель мұрасын Ф. Аквинскийше бұрмаламаған болатын. Ф.Аквинский болса, шебер пайдаланып шіркеудің қажетіне жаратты. Шіркеу Аристотель философиясындағы іліп алар жарамды ойлардың бәрін жырымдап езіне керектісін жырттырып отырған болатын. Сондықтан да кеп жағдайда шіркеу уағыздары ғылыми сипатта сияқты алдамшы әсер қалдыратын болған-ды. Алайды, XIV—XVIII ғасырлар аралығында буржуазиялық өндіріс тәсілінің бірте-бірте қанат жайып орныға бастағанына байланысты нақтылы ғылымдар, сондай – ақ материалистік философия кеңінен өркендей бастады. Бұл жағдайда томизмнің беделі күрт төмендеп, католиктік шіркеудің де мазасы қашты. Тек қана XIX ғасырдың аяғында ғана томизмнің көзінен бал – бұл ұшқан баяғы замандағы беделі қайта оралғандай болды. Оған себеп, империализм дәуірінде бурзуазия бұрын өзі қолдаған алдыңғы қатарлы , озық ойлы идеялардың бәрінен бас тартып, реакцияға бой тұрған болатын. Соның нәтижесінде Кантқа қайта оралу қажеттілігі туралы ұранмен қатар «орта ғасырға оралу» туралы да соз бола бастаған еді. Осыған байланысты томизмнің ескі идеялары қайта жаңғырып жанданғандай болған-ды. Таптық теңсіздікті «кұдай ісі» деп түсіндіретін шіркеу идеологиясы буржуазия үшін тиімді болды. Жаңа томизм (неотомизм) антикоммунизмге идеялық негіз боларлықтай бірден-бір философия деп жарияланды.

Микеланджело. Дәуіт. 1501-04 жылдар

Қазірғі кезде неотомизмнің окілдері философиядағы екі бағытқа бөліну ісін мүлде мойындамайды және өздерін идеалистік бағытқа да материалистік бағытқа да жатқызбайды. Өздерінің ілімін олар «реалистік» ағымға жатқызады. Өйткені неотомизм сыртқы дүниенің дербес өмір сүретінін мойындайды, бірақ оны одан да кең болмыстың құрамына кіреді деп есептейді. Ал болмыстың құрамында құдай да бар, демек сыртқы дүние қай жағынан алғанда да шектеулі, себебі, жаратылыстан тыс болмысқа тәуелді. Ал болмыс дегеніміз белгілі бір сатылардан тұратын тәртіп жүйесі. Бұл тәртіп жүйесінің жоғарғы сатысы рухани болмыс болып табылады. Ал рухани болмыс дегеніміз құдай идеясына барабар нәрсе. Сайып келгенде, неотомизм объективтік идеализмнің теологиялық түріне айналады. Себебі, болмыстың негізіне шындықтың жоғары түрі – құдайды жатқызады.

Алайда, неотомизмде ежелгі томизмнің негізгі қағидалары толығымен сақталып қалған. Айталық, діни сенім мен ғылымның ымыраға келу қажеттілігі, философияның шіркеуге қызмет етуі керегі сияқты тұжырымдар сол қаймағы бұзылмаған күйінде сақталған.

Алайда томизмді жаңа жағдайларға қазіргі заманның талап-тілегіне орай жаңғыртып – жаңарту тәсілдері де жоқ емес. Осыған байланысты неотомизмнің кейбір өкілдері қазіргі кезде атышулы философиялық ағымдардың кейбір өзекті идеяларын Фома Акзинскийдің шығармашылығына апарып телігісі келеді. Мысалы, неотомист И.Пипер экзистенциализмнің «ғұмыр кешу» деген негізгі ұғымын ортағасырлық томизмнен әкеліп шығаруға тырысады.

Микеланджело. Каппелланың төбесі. 1508-12 жылдар

Жалпы алғанда, неотомизмнің философиялық ілімі таным теориясы, табиғат философиясы философия тарихы сияқты бөлімдерді қамтиды. Неотомистік философияның өзегін болмыс туралы әмбебап теория деп есептелінетін метафизика құрайды. Метафизиканың өзі екіге бөлінеді. Оның жалпы метафизика деп аталатын түрі өз кезегінде онтологияда (болмыс туралы философиялық ілім) және табиғи теологияға (құдай туралы философиялық ілім) бөлінеді. Ал жалқы метафизика деп аталатын түрі – әлем мен адам мәселелеріне арналған философиялық ілім. Метафизика туралы неотомистік ілімде Аристотель философиясының тек сілемі, жұрнағы ғана қалған. Ал оның шынайы мазмұны бұрмаланып, Аристотельдің философия мен нақтылы ғылымдардың байланысы туралы айтқан диалектикалық ойларының өңін айналдырып, неотомистер метафизиканы «бірінші философия» деп дәлелдеуге бар күшін салған. Әрі бұл метафизика барлық ғылымдардан үстем және оларға еш тәуелсіз өмір сүреді де, өзіне тән дербес жолбасшылық рөлін атқарады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, метафизика құдайды танып-білудің бірден-бір жолы. Демек, метафизика «бірінші философия» ретінде неотомизмнің таным теориясына негіз болып табылады. Бұл туралы қазақтың танымал философтары Ә.Нысанбаев пен М.Орынбековтер былай дейді: «Бұл философияның таным теориясының астарында метафизикалық әдіс (яғни «бірінші философия») жатыр. Оның бастамасы — таза болмыс, оның ажырамайтын қасиеттері — бірлік, ақиқат, игілік және әсемдік. Осы қасиеттердің арқасында құдайдың таза болмысын тануға болады. Неотомизм аналогия бойынша, жергілікті нәрселер мен заттарды, құбылыстарды салыстыра отырып, құдайдың нұрлануын керуге болады деп үйретеді».

Философия саласында кәсіпқойлық дәрежеге көтерілмеген қазақтың құлағына тосындау естілетін бұл үздік ойдан аңғаратынымыз мынау: табиғаттағы сапар мен құбылыстардың тіршілігінде жаратқанның құдірет – күшінің іздері сайрап жатады. Бұл туралы кезінде ғұлама бабамыз әл – Фараби айтып кеткен. Оның философияға енгізген «әл – табуға» ұғымы табиғаттағы құдайдың ізі, бейнесі дегенді білдіреді екен. Демек, неотомизмнің заттар мен құбылыстардан құдайдың нұрлануын көруге болады деген тұжырымы, әл – Фарабидің жоғарыда келтірілген ойымен іштей ұштасып жатыр.

Микеланджело. Пьета

Неотомизмнің болмыс туралы ілімінде мүмкіндіктің шындыққа айналу ісі құдайдың құзырында деп есептелінеді. Неотомизмнің осы құралып тас идеяларының Шығыс философиясына тигізген әсері туралы аталмыш авторлардан үзік ой келтіре кетейік: «Мұсылман философиясының XX ғасырға дейін сақталған рационализмді қолдайтын бағыты – суфизм. Ол алдымен, бір жағынан, Шығыс аристотелизмімен де келіспеген. Суфизм мистикалық сана-сезімге сенбейтін бағыт. Ертеден келе жатқан «хал» ілімінде адам бірден нұрлану нәтижесінде құдайға жол ашуы мүмкін… Хал жүйесі сияқты біздің кезімізге дейін Сухравардидің ишрақ (мистикалық нұрлану), Хамаданидің вахдат аль-вуджвуд (болмыс бірлігі) деген ілімдері сақталуда’4. Біз бұл келтірілген үзік ойдан философия саласындағы Батыс пен Шығыстың арасында әрдайым орын алып отыратын өзара сабақтастықты пайымдай аламыз. Абай мен Шәкәрімнің философиялық шығармашылығына тереңірек үңілген адам оларға «Хал» жүйесінің әсер еткендігін анық байқайды. Атап айтқанда, Абайдың «жан азабы», «жан нұры» Шәкәрімнің ақиқат туралы діни –этикалық сарың дағы философиялық ой толғаулары өз бастауын жоғарыда келтірілген «нұрлану» қағидасынан алған болуы керек деп шамалаймыз. Бұл жағдаят философиялық ойлаудағы сабақтастықтың қазақ ойшылдарының шығармашылығына да тән болғандығын айғақтайды.

Қорыта айтқанда, ымырашылдықты ту қылып ұстаған неотомизм саяси салада да осы бағытынан айныған жоқ. «Адам адамға бауыр» деген христиандық қағидаға сүйене отырып, қазіргі таңда католиктік шіркеу ынтымақтастыққа бейбіт қатар өмір сүруге шақырады, жалпы адамзаттың бақыты үшін бірлікке, ымырашылдыққа үндейді. Сондықтан да бейбітшілікті насихаттау мәселесінде католик дінінің ресми философиясы ретінде танылған неотомизмнің де өзіне тиесілі үлесі бар демекпіз.

Орал Жұмақан

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...