Ұлықпан Есілханұлы Сыдықов республикамыздың жоғары техникалық білім жүйесінің заман талабына са...
Құнапия Ғазиз Өлдұлы. Алғаш жылқыны қолға үйретушілер кімдер? Хаумаварга немесе қамбар туралы не айталамыз?
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылғандай Ұлы Далада жылқыны алғаш қолға үйретілгендігі ғылыми ортада әлдеқашан концепциялық құбылыс ретінде дәлелденген аксиома. Ендеше, осы бір киелі топырақта ежелден мекендеген сақ тайпалары, соның ішінде нақты алғаш қыл құйрықты үйретіп, қымыз-қымыран ашытып, оны таңғажайып сусын ретінде пайдаланған кімдер деген заңды сұрақ туындайды.
Киелі топырақ, Атамекен, Жер, Су - ежелгі бабалардан бүгінге дейін сабақтасып, рухани дүниемізбен астасып жататын асыл қазынамыз. Ыбырай Алтынсаринның «Қазақ халқы азбаған, табиғи тазалығын сақтаған халық» деген өрелі ойын ғалым Ғ.Есім былай өрбітіп айтқаны бар еді: «Халықтың төл тазалығы неде деген сауалға жауап іздесек, айтарым, қазақтардың ата- бабалары ғұмыр кешкен, олардың қаны мен тері төгілген қасиетті жерден қандай қасіретті замандар балса да ауып ешқайда кетпеген. Халықтың осындай тендесі жоқ ерлігінің затты да, атауы да Атамекен деген жалғыз сөзге сыйған... Киелі топрақ, қасиетті Жер, Су қазақтардың рухани дүниесін үнемі тазартып отырған» - дейді.
Осыдан келіп, жеріміздің солтүстік батыс ендігін алып жатқан бүгінде Айыртау елді мекенің Иман Борық өзеннің жағасында орналасқан Ботай қонысы әлемнің тарихи – археологиялық атласында «Ботай мәдениеті» деп ойып тұрып орын алып тұр. Бұл жерде жылқыны алғаш қолға үйретілгені дүние жүзіне дәлелденген ғылыми концепция болып қабылданды. Киелі топырақта дәлелденген ғылыми негіздер ежелгі тарихымызды 40 - 50 ғасырға дейін ұзартып, әлем тарихында өркениеттің бастауы қазақ топырағында болғанын айдай әлемге паш етті.
Осы жағдайдан келіп, біз жылқыны алғаш қолға үйреткен кімдер, сақ тайпаларының ішінен кімдер болуы мүмкін деген сұраққа жауап іздегенде, кейбір ғалымдардың зерттеу еңбектері тым тереңге кетеді екен. Ғалым Ә.Байбатшаның еңбегінде [1] қазақ даласы алғашқы адамдар пайда болған әлемдегі үш ошақтың бірі болғанын айтыпты. Ал, Қазақ даласында ежелгі адамдардың тұрағы үш аймақта: Оңтүстік Қазақстанда, (Қаратау, Жетісу), Батыс Қазақстанда, (Маңғыстау, Мұғалжар) және Орталық Қазақстанда (Сарыарқа, Балқаш маңы) деген.[5]
Осылайша,отандық ғалымдар өздерінің зертеу еңбектерінде, қазақ даласында алғашқы адамдар осыдан б.з.б 2,5-2миллион жыл мекендегенін, олар қазақ даласының төл перзентері, осы топырақта пайда болып, табиғаттың сан қилы сынақтарынан өтіп, жаңа дәуірге жеткенін дәлелдейді (Ә.Байбатша, Х,Алпысбаев, Н. Костенко). Осы мәселеге келгенде, кейбір батысшыл ғалымдардың қазақ даласына алғашқы адамдардың басқа жақтан ауып келді дегенді айтады. Бұл уәжге отандық ғалымдардың дәлелі сол заманда алғашқы адамдардың жолсыз, жөнсіз жүре беруіне мүмкіндік те, қажеттілікте жоқ еді.Жер бетіндегі алғашқы адамдар бір-біріне байланыссыз жер әлемнің бірнеше кіндігінде өз бетінше тіршілік етіп, табиғи жолмен біздің дәуірімізге дейн жеткен. Арыстанты мәдени ескерткіштің заттық айғақтары осыны дәлелдеп тұр дегенді келтіреді.
Қазақ даласында алғашқы адамдардың пайда болуын Х. Алпысбаев, Н. Костенко сынды ғалымдар палеолиттің бастапқы кезеңіндегі Арыстанды мәдниеті деп таныды. Қаратау жотасының Арыстанды өзенінің аңғарынан 1968 жылы табылған тас құралдары алғашқы адамдардың қалдырған ескеткіштері екенін дәлелдейді. Осы тұрақта табылған қалдықтарды Африкадағы Олдувай мәденитіндегі алғашқы гоминидтерінің ғылымда дәлелденген ескерткіштермен салыстра зертеген археолог ғалым А. Медов (1982) бұлардың барлығы да бір кезеңге жататынын айтады.
Қазақ даласының кеңдігі сол дәуірдердің өзінде ауа атмосфералық екі климатқа бөлініп жатқаны яғни оңтүстігі жылы, ал солтүстігін және орталығын суық тіршілікке қолайсыз болып жатқанға ұқсайды. Сондықтан да орталық және солтүстік өңірде алғашқы палеолит адамдары Орталық Қазақстанға ашель кезеңінің соңына қарай мекендегенін ғалымдардың еңбегінде кездеседі. Оның себебі, төртік дәуірдің бастапқы және орта шенінде Шығыс Еуропа мен Батыс Сібірді ұзақ уақыт бойы қамтыған қатты суықтың әсері болған. Бірнеше мың жылдар өтсе де Солтүстік және Орталық Қазақстан өңірінде құнарлы топырақ қалыптаспағандықтан флора мен фауна гоминидтердің қажетін өтейтіндей дамып үлгермеді. Осыдан келіп, Сарыарқада шамамен 200 мың жылдан бері қарай ғана қолайлы климат қалыптасты дегенді аталмыш Ә. Байбатшаның еңбегінде айтылады.[ 1]
Жалпы айтқанда алқашқы қауымдастықтан саналы адамдық кезеңге дейін талай ғасыр өткенімен дамудың нақты революциялық өзгеріс әкелген кезеңін тарихшылар неолит кезеңі деп атайды.
Осы кезеңнің басты жаңалығы адамдар жабайы аңдарды қолға үйретіп, мал шаруашылығы мен егіншілікті игере бастауын атап айтар едік. Жабайы аңдардан алғашқылардың бірі болып итті қолға үйретті. Ит бірте- бірте адамдардың сенімді серігіне айналды. Аңдарды қуып жетіп, қаумалап адамдарға көмек көрсететін болған. Иттердің көмегімен аң қуып ұстаған суреттер үңгірлердің қабырғасына салғанын, ал бізге жетпей жер бетінен жойылып кеткен тур, бизон сияқты аңдардың бейнелері болған дегенді ғалымдардың еңбегінде көрсетілген. (М. Қадырбаев, А. Марьянов)
Өзінен бұрыңғы ғалымдардың еңбегіне сүйене отырып, Ә. Байбатша неолит кезеңінде адамдар төрт түлік атаулыдан алғаш қой мен ешкіні үйреткен дегенді айтады. Ал, ұлтымыздың бір туар кемеңгер ұлы Ә. Кекілбаев қола дәуірдің энеолит кезеңінде ежелгі адамдар муфлондарды (жабайы қойды) қолға үйреткен бұған Теріскей ҮстіртегіТоқсанбай қонысы жауап береді дегенді айтыпты.[8]
Ал, лингивистикалық зертеулерде дәлірек айтсақ «мал» сөзінің этимологиясы алтай тілдер тобыныа жататын қазақ, монғол тілдерінде ешқандай дыбыстық өзгеріссіз сол қалпында «мал» деп дыбысталып айтылады. Бұл жағдайдың себебін белгілі алтайтанушы ғалым Базылхан Бұқатұлы жалпы тіл білімінде сөздердің шығу төркіні яғни этимологиясының азғантай бөлігінде еліктеуіш сөздер сөздік қордың 1%-ке жетер-жетпес бөлігін құрайды дегенді айта келіп, «мал» сөзі алғаш қолға үйреткен қой мен ешкінің, негізінде ешкінің, маңырауынан пайда болған түп төркіні еліктеуіш сөз дегенді келтіреді.[ 9]
Ә. Байбатшаның монографиялық еңбегінде, неолит кезеңінің соңында жылқыны қолға үйреткені басқа халықтардың қол жете қоймаған ең бір артықшылығы дегенді келтірген. Бұған біздің қосып айтарымыз, Ұлы Дала - өркениеттің бастау ошағы. Ендеше, ешкімнің қарсы дау айтатын қақысы жоқ.
Осы бір далада табиғаттың талай талқысынан өткен, тағдырдың не бір қиыншылықтарын бастан кешірген әбден сұрыпталып, шыңдалған сонысыменде өркениетте әлемнің көшін бастаған сақтар кім болған дегенге жауап іздегенде, олар туралы деректер қытай жылнамаларында, Геродоттың тарихнамасында, Ксенофонттың, Страбонның шығармаларында кездесетіні ғылыми қауымға белгілі болған жайттар. Ал, ежелгі Бехистун сына жазуында сақтар туралы мынандай мәлімет бар: «Сақ – көшпелі тайпа бірлестігі. Хаумаварганың тұрағылықты мекендейтін жері Памир тауының етегі» - деп ал, сына жазудың 7-інші сілтемесінде Тиграхауда сақтары Ахеменид империясының Орта Азия шекарасында орналасқан мемлекет деп көрсеткен.
Жалпы ертеректегі тарихшылардың айтқандарын негізге алып, казіргі тарихшылар сақтардың үш бөлікті тайпалық бірлестігі туралы көбірек ауызға ала береді олар; хаумаварга сақтары, (хаума сусын дайындап ішетін сақтар) тиграхауда сақтары, (шошақ бөрікті сақтар) парадария сақтары (теңіздің ар жағындағы сақтар) деп ( Н.Мыңжан, К.Аманжолов, К. Рахметов). [11] [12]
Осылардан өзгеше сақтар туралы зертеу жүргізген Ә. Байбатша өзінің «Қазақ даласының ежелгі тарихы» атты еңбегінде антропогендік және археологиялық талдауларға сүйеніп, қазақ даласы алғашқы адамдар пайда болған ошақтың бірі екенін атап айтты. Сонымен бірге, ежелгі сақ тайпаларының мекен еткен орнын географиялық карта бойынша нақтылағаны және олардың табиғаттағы орын алған геологиялық- тектоникалық және өте күрделі климаттық кезеңдерді бастан кешіріп, ірі- ірі қоныс аударулардың болғанын көрсетіп бергені зертеудің құндылығын арттырып тұр.
Бұдан да өзге сақтар туралы басқа қырынан ой айтқан таланты да, бір туар тұлға марқұм Таласбек Әсемқұлов ағамызды ерекше атап айтуымызға болады. Өзінің ұлтына деген сүйспешілгі, ғылымға немесе тарихқа деген құштарлығының арқасында жанкештілігімен қазақта кезіндегі үлкен империя болып тұрған Кеңес Одағы(қандай пыйғылмен жинағаны белгісіз) сол кездегі Ленинградтағы құпия архивке Л.Н.Гумилевтің көмегімен кірген бірінші адам. Сол архивтің шарты бойынша қағаз-қаламсыз миға тоқып алу мақсатымен 48 сағат отырып, еш жерде жарияланбаған Сасон әулетінің тарихы және сақтардың кім болғанын тек оқып шыққан адам.
Таласбек Әсемқұлов сол тарихтан, миға тоқып алған дүниесінен, Кир біздіңше Құрыштың ата тегінен тартып кім болғанын, Тұмар патшайым жайында да, көп дүнилерді жария етті. Сақ тайпаларының руларының атын атап түсін түгендейді олар; байырқу, сарын, ителі, таз,тоқар, қамбар, кердері, жұла, баят, баян, баятан, тебен, күшік деген руларды атайды. Бұлардың барлығы да Қаңлы мемлекетінің құрамына кіреді. Грек және басқа халықтардың жәдгерлерінде аталатын исседон, тиграхауда сияқты рулардың жоғарыда аталғандарға қайсысының сәйкес келетінін білмейміз. Ал, хаумаварға жоғарда аталғандардан қамбар руы сәйкес келеді дегенді айтыпты.[6]
Осы хаумавар немесе қамбар руы, олардың ежелгі ата-бабалары жылқыны қолға үйретіп, бие сүтінен алғаш қымыз жасаған осылар болуы мүмкін бе? - деген сұрақ бізді мазалайды. Қамбар руы туралы Таласбек ағамыз біраз дүниелердің бетін ашқан. Бұл мәселеге тоқталмас бұрын қазақтың наным, сенімінде төрт түлік малдың пірі, иесі, бар дегенді баршамыз білеміз, соның ішінде жылқының пірі «қамбар ата» дейді.
Қазақ халқының ауыз әдебиет үлгілеріндегі тұрмыс-салт жырлары соның ішінде бақташылық жыр туралы белгілі ғалым Ә.Қоңыратбаев: «Бір кездері жабайы аңдарды ұстап, үй түлігіне айналдырған шаруаларды халық төрт түлік малдың «пірі» деп ұғып, солар жайында түрліше аңыздар тудырып отырған»- деп айтыпты. [2]
Бұл жерде, «пір» сөзі туралы айтқанда пір парсы тілінде қария деген мағына береді екен. Бұл сөз қазақ тілінде «кемпір» сөзінің түбірінде сақталған. «кәм» сөзі шаман, бақсы дегенді білдіреді. Бұл жағдай кезінде тәңіршілдікте болғанымызды білдіреді.
Төрт түлік малдың иесі пірі туралы, соның ішінде жылқының пірі «қамбар ата» қалай аталғаны туралы этнограф Болат Бопайұлы: «Қамбар- есте жоқ ескі заманда айдаладағы жабай жылқыны ең алғаш қолға үйреткен бапкер, ат сыншысы, аттың тілін білетін пірі ... Ол қара айғырды ағлғаш тақымға басып жорғалатқан сайын даланың шаңын жорғамен бұрқыратып, сейіл құрып серуен жасаған саяқатшы»-дей келіп , Қамбар қара айғырдың он екі түрлі жорғасын танып, он екі жүрісіне он екі түрлі ат қойып, атпен адамша сөйлесіп сырласа алатын қара айғыр кісінесе, оқыранса, осқырса, жер тарпыса сияқты атының әртүрлі қимылынан не істегісі келіп тұратынын жазбай танитын адам екен. Қамбар туралы аңыз миллион жылдардан бері айтылып келеді» - дегенді айтыпты.
Қамбар ата туралы Серікбол Қондыбай Түркімен халқының аңыз әңгімелеріне сүйене отырып, үш түрлі аңыздың нұсқасын келтірген.
Біріншісі пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с)-ның күйеу баласы Әзірет Әлидің Дүлдүл атты пырағы болған, оны Ғанбар деген атбегіне бақтырады екен. Бір күні Әзірет Әли Дүлдүліне қараса күйі кетіп арып бара жатқанын байқайды. Не болғанын Ғанбардан сұраса, білмеймін отты, сулы жерге бағып жүрмін дегенді айтады екен. Әзірет Әли ешкімге білдіртпей Ғанбардың ізіне түссе, Ғанбар дудар тартып, неше түрлі күй ойнайды. Ал, Дүлдүл болса сол күйлерге елтіп көзінен жас сорғалап, шөп жемей, су ішпей тыңдап тұра береді екен. Сол сәтте Ғанбар Әзірет Әлиді қарап қалып, тұра қашады, Әзірет Әли тұра қуады, Ғанбар қашып бара жатып, «қара жер айрыл» деп дауыстап қалғанда, жер айрылып Ғанбар жер астына түсіп жоқ болады, «Ғанбар, Ғанбар» деп айқайлап Әзірет Әли қалады. Жер астынан «хош бол қиямет- қайымда жолғайық» деген әлсіз дауыс естіледі дейді. Осыған ұқсас тағы бір аңыздың да оқиға желісі, сюжетінде еш айырма жоқ, онда да бақташы баланың есімі Ғанбар тек аттың иесі сақаба болып келеді. Ал , екінші қамбар жайлы аңыз Түркімен халқыны «қамбар баба» деген сол халқының әншілер мен күйшілердің пір тұтатын тарихи тұлғасы болып саналатын адам кезінде «дутар» аспапты ойлап тапқан деседі.Үшіншісі су жылқысы кейпіндегі мифологиялық аңыз: Түркімендерде суда мекендейтін «суын» дейтін кезінде Каспий теңізінде мекендейтін су жылқысы болған деген сенім, наным болған екен. Күндердің күнінде суынның айғыры жағалаудағы бір биеге шауып содан бәйге бермейтін сәйгүліктер туған екен деген аңыз өрбиді. Бұл аңыздың бір ұшы қазақтада айтылады. Қазақтың лиро-эпостық «Қыз Жібек жырында Төлегенді аттандырып жатқан анасы; «Көл иесі Қамбар – ау... Қарағыма көз салау» деп тәңіріне жалбарынатын жері бар.
Енді бір қырынан айтатын дүние малмен бірге жүріп, біте қайнасқан Монғол жұртында малдың киесі, пірі деген ұғым жоқ сияқты тек жылқы қайдан болды деген және қымыздың алғаш жасалуы жайындағы аңыз айтылады.
Жалғыз биесі бар бір кедей көлдің жағасында мекендейді екен. Күндердің бір күнінде биесі құлындап, жас құлын тәлтіректеп жүріп, көлге қулап өліп қалыпты. Биенің желіні сыздай берген соң сүтін сауып жинай береді. Олар тауда тұратын дәруішке барып сыйнып тұрады екен. Дәруішке үй иесі: «Жалғыз биеміз бар еді құлыны солай өліп қалды желіні сыздаған соң сауып сүтін жинай берсек осындай дәмді сусын болды» - деп дәруішке ішкізеді. Дәруіш ішіп көріп: «Бұл қымыз деген сусын, мұны көп болғыларың келсе, қазір аспанан жылқы жауады, жүген, құрық, шалма арқандарыңды дайындап шамаларыңша бір – бір жылқыны ұстап алыңдар» - дейді. Біраз уақыттан кейін аспан әлемді шаң басып, қалың жылқы аспанан түсіп олар шамасынша бір-бір жылқыны ұстап алыпты. Солай адамдар жылқылы болған екен дейді. Алғашында адамдар жылқыдан қорқатын болғандықтан монгол тілінде қорқуды «айдаг» дейді жылқыны «айдаг, айдаг» деп жүріп, жылқы деген «адуу» деген атау осылай шыққан деп аңызда айтылады екен[10]. Бұл жерде монгол тілінде жылқыны « адуу» деп атағанмен «аидаг» сөзінен шықты деу қисынға келмейді, тек аңыздың ерекшелігіне сай ұйқастырып айтыла салған сөз.
Монғол тіліндегі «адуу» сөзіне қазақ тіліндегі «ат» сөзінің тікелей қатысы бар.Монгол тіліндегі «адуу» сөзі тарихи тұрғыдан құранды сөз, түбір және қосымшадан тұрған. Түбірі; «ат-ад» болып өзгеріп, одан түбірге монғол тіліндегі «ууд» көптік жалғауы жалғанып, монғол тілінде «адууд» «аттар» деген мағынада айтылып келіп, кейн жалпы мағынада айтылатын «адуу», «жылқы» [3] деген жалпы есімге айналған. Кезінде Ұлы Даладан қоныс аударушылардың екінші толқынында шамамен б.з.б. 2-1 мыңжылдықтарда алтай тектілердің Қиыр Шығысқа ауа көшуі Монғол Алтайдың шығысынан Тынық мұхитқа дейінгі аралықта тарағаны белгілі. Олардың шығыс даласы Солтүстік Сібір ормандары мен Байкал көлінің өзен алыптары алып жатқан, ал оңтүстігі Хуанхэ өзенің жағалауына дейін созылған кең аймақ. Осы қоныс аударудың әсері алтай тілдерінің жіктелісін алып келді. Бұған дәлел алтай тектілердің бір тармағыны жататын жапондықтар өздерін Ұлы Даладан ауып келгенін мойындайды. 1978 жылы акедемик Досмұхамбет Кішібековке кездескен Хиросима университет ректоры: «Біз сіздермен туысқанбыз. Батыс Сібірден келгенбіз, аттың ер тұрманы, қару жарағы бәрі ұқсас» - депті .
Дегенмен, тарихтың дөңгелегі кері айналғандаЛ.Н. Гумилевтің айтуы бойынша көп кейін яғни б.з VI-XII ғасырда Ұлы Даланың түрік-монгол бірлестігінің этникалық субстратты пайда болғанын айтады.[4] Жалпы ірі-ірі қоныс аударулардың жылқының әлдеқашан қолға үйретілгенен кейін, арбаны жасап шығарған соң болғанға ұқсайды. Егер бұлай болмаған жағдайда, табиғаттың сұрапыл өзгерістеріне ежелгі адамдардың оған төтеп берері екі талай дүние еді.
Бұдан шығатын түйін, батысшыл тарихшылардың жылқы алғаш монғол даласында қолға үйретілді деген сыңар жақ пікірдің негізсіз екенін көрсетіп отыр. Ал енді, жылқыны қолға үйретушілері кімдер болған деген жоғарыда айтылғандарға қайтып келетін болсақ, бұған бірнеше негізді алға тартуға болады:
1. Жоғарда сақтардың үш тайпалық бірлестігі бары айтылды олар: хаумаварга сақтары, (хаума сусын дайындап ішетін сақтар) тиграхауда сақтары(шошақ бөріктілер) және парадария сақтары(теңіздің ар жағындағы сақтар) деген. Осылардан хаумаварга сақтары кімдер болған? Жылқыны қолға үйреткендер осылар ма? «Хаума» сусын деген не? - дегенге жауап іздер болсақ; Қандай да бір халық тарихта өздері өздеріне ат қоймайды. Сол халықтың атауын көршілес ел ме, тайпа ма сол халыққа ат беріп, айдар тағады. Осы тұрғыдан келгенде, хаумаварға «хаума сусын дайындайтындар» деп көршілес тайпалардың берген атауы. Ал, «хаума сусын» деген не, бұл қандай сусын? Жай бір сусын болса, бір үлкен тайпаның атауына негіз бола ала ма?! Сол заманда малдың сүтінен басқа жағдайда ерекше бір сусын жасау мүмкін бе? – деген сияқты сан сауалды сұрақтар туындайды.
Лингвистикалық талдауларға сүйенгенде «хаума» атаулық сөз өзінің уақыт кеңістігінде түркілік немесе көне түркілік жүйеге де келмейді, тамыры тереңдеп арғы алтайлық тіл жүйесіне барып тіреледі. Белгілі алтайтанушы Б. Базылханның теориясы бойынша Ұлы Далада пайда болған алтай тектілер өздерінің эволюциялық тарихи даму процессінде тіл жүйесінде сатылай дамудың үш түрлі дәуірлік кезеңін бастан өткерген олар: I ым тіл дәуірі; II келте сөз дәуірі; III күрделі сөз дәуірі; Күрделі сөз дәуірі Б.Базылханның айтуы бойынша б.з.б. 40-10 мың жыл бұрыңғы кезеңді қамтиды. Бұл кезде алтай тектілердің тіл жүйесінде; түбір және туынды сөздер жаңадан қалыптасып келе жатқан уақыт, сөздік қорда заттық, қимылдық атаулар, сын-сипаттық және абстракт сөздер жаңадан молая бастаған кез. [9]
Бұдан көп кейін б.з.б. 4-3 мың жылдықтарда алтай тектілердің тілдік элементерінде бірыңғай сөйлеу жүйесі әбден қалыптасқан кезде жылқыны алғаш қолға үйретіп, қымызды жасап шығаруына негіз бар. Себебі, монгол тілінде теріден жасалған қымыз құйатын ыдысты «хомбого» [3] (Монголша – қазақша сөздік 590 б. Улаанбаатар – Өлгий 1984 он) дейді. Сол кезде қымыздың атауы «хаума» деп аталып, қымыз жинайтын ыдысты «хомбога» деп атаған. Бұл атау алтай тектілердің қиыр шығысқа қоныс аударғанда монғол тектестердің өздерімен бірге ала кеткен атаулы сөз қазірге дейін сол қалпында сақталып тұр. Ал, монғол тілінде қымызды басқаша атайды «айраг» [3] ал, айранды «тараг» [3] деп бұл атаулы сөздердің қымыздың атауынан көп кейін болғаны морфологиялық құрылымынан айқындалып тұр. Осы тұрғыдан келгенде, қымыздың шығуы және оның аталымы хаумаварга тайпасының атауы болуына негіз болды деп айта аламыз.
2. Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында «ұлттық код» деген мәселе қозғалады. Біздің ойымызша ұлттық код - әр ұлттың тіліне қатысты дүние. Сөз – ойдың көрсеткіші, сөйлеу – ол адамдарда болатын іс-әрекет. Ал, тіл осылардың барлығынан ерекшеленіп тұратын бір ұлт немесе , бір халықта ғана болатын өзіне тән ерекшеліктері бар, әр адамның жадында сақталатын ерекше белгіні «ұлттық код» немесе «тілдік код» деп тануға болады. Тілддік код немесе ұлттық кодды біз ғана ойдан шығарып отырған дүние емес, жалпы лингвистиканың теориясын жасаушы Фердинанд Де Соссюрдың еңбегінде де кездеседі Осы жерде айта кететін, Тұрсын Жұртыбай ағамыздың біреулерге айтқан ерекше әңгімесі бар екен: «жас нәресте анасының құрсағынан шыр етіп, жарық дүниенің есігін ашқанда оның жадында өз ұлтына тән дайын кодымен тулады екен. Егер олардың ата-анасы басқа тілде өз ара сөйлесіп, қарым- қатынас жасаса немесе баласын өзге тілде әлдилесе, бала ол дүниелерді қабылдап ала алмай шырылдап жылай береді екен. Үш күн жылайма, жеті күн жылайма амалы таусылғанда әке-шешесінің тілін немесе басқа ұлттын кодын қабылдауға мәжбүр болады» - дейді. Бұл – ұлт үшін үлкен қасірет. Осы дүниелерді атап айтып отырған себебіміз: Ұлттық кодтың жойылуы – ұлт үшін қасірет болса, оның мықтылығы – тыңнан түрен салатын сапалы ұлттың нағыз көрсеткіші. Кезінде Ұлы Далада жылқыны алғаш қолға үйрету - сақ тайпаларының ішінде осылардың ғана қолынан келген шаруа. Нағыз сайып қыран бес аспап, әр нәрсенің амал тәсілін ойлап табатын, жады(коды) мықты ұлттың ішінде сұрыпталған жандардың жаратылысы басқалардан ерекше болатыны белгілі.
Осыдан келіп сол бір есте жоқ ескі заманда қазіргі Ботай қонысын сақ тайпаларының қайсысы мекендеді дегенде, Ә.Байбатшаның «Қазақ даласын мекендеген сақ тайпалары» деген картада «Арыс-Арсақ немесе Аргепей» деген тайпаның мекендегені көрсетіледі. Арсақтар немесе Аргиппейлер –батысында Сырдарияны, шығысында Кіші Қаратау жотасын, онтүстігінде Арыс өзенің аңғарын, солтүстігінде Арысқұм, Арыс көлі арқылы Ұлытау, Көкшетау өңріріне дейінгі аралықты мекендегені айтылады. Арыс тайпасының негізгі бөлігі б.д.д 2 мыңжылықта Еуропаға қоныс аударған тайпалармен бірге батыс даласына кеткен. Осы батыс даласын мекендеген тайпалардан Арыс тайпасынан шыққан әйгілі ғұлама Анарыс( Анахарис) асқан дарындылғымен ежелгі грек елін тәнті еткен әлемге әйгілі жеті ғұламаның бірі болған. Грек ғұламасы Диоген Лаертскийдің шынайы дерегі бойынша, кеменің зәкірін (іліңгірі) мен шығырлы дөңгелегін ойлап тапқан Анахарис екен. Бір деректерде (Геродоттың) Анахаристі Эллада оқып, білім алуына Сақ патшасы арнайы жібергені айтылады.Осыдан келіп, кезінде алғаш даланың желмен жарысқан тағы жылқыны қандай бір амал-тәсілмен қолға үйрету - Анахаристың ата-бабаларының қолынан ғана келетін шаруа. Қазақта «тегінде бар, тек тұрмайды» деген елден ерекше жаратылған осы жандарға айтылса керек. Бұл тайпаның батысқа қоныс аударуы жылқыны алғаш қолға үйретілгенен көп кейін болған шамамен 1,5-2 мың жыл болғанға ұқсайды, ал жылқыны алғаш қолға үйреткен дәуір осыдан 4 мың жыл бұрын болғанын ескерсек, ірі-ірі қоныс аударулардың ат көлікті сайлап алып, мақсатты түрде жүзеге асқан оқиғалар деуге болады.
3. Аңыз, әңгімелерде айтылатын «қамбармен» сақ тайпасының құрамындағы бір рудың атын иеленген «қамбар» туралы не айталамыз ...қамбар ру туралы тарихи деректің бетін ашқан адам – Таласбек Әсемқұлов. Ал, бұл рудың қазір белгілі болып тұрғаны біз қозғап отырған тарихи датадан тым бері, Тұмар патшайымның кезін қамтиды, б.з.б 500-інші жылдарды. Жылқыны алғаш қолға үйретілгені б.з.б 4000 - 3500 жылдар бұрын болған десек, аралығындағы айырмашылық тым алшақ, аңыздың жетегімен алғаш жылқы үйретушілер осылар болған деп кесіп айту ғылымда сонша дәлелді болмайды. Бірақ, Таласбек ағамыз ұлт, халық деген ұғымнан «әулет» деген ұғымның миллиондаған жыл бұрын болған дегенді келтіреді. [7] Бұл деректі ағамыз байрығы ескі дәстүрдің барлығы Индияда сақталып қалғанын, оның кейбіреулері күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқандығын айтады. Бұл туралы шығыстың бір данышпанының: «Дүниеде Индияның бар болғаны қандай жақсы. Егер Индия болмаса, біздің сөзіміздің пәтуасы, дәлеліміздің таянышы болмас еді»-депті. Осы айтылғандай Таласбек Әсемқұлловтың ежелгі сақтардың біраз руларын атап соның ішінде қамбар руын атағанын жоғарда біз жолай келтірдік.
Таласбек Әсемқұловтың айтуы бойынша қамбар руы Тұмар патшайымның кезінде, патшайымның руы қисарылармен текетірес, бәскелес болғанға ұқсайды. Жер – жиһанды жаулаған парсы патшалғы күйрей жеңілгенен кейін жеңген сақтар ұлан – асар той жасап болған соң Тұмар патшайым әскери кеңес шақырады. Кеңеске өздерін қондыгер – қаңылымыз дегендердің ру басылары, көсемдері, әскер басшылары барлығы – түгел жиылыпты. Осы жиынға тек қамбар руы келмей қалады.
Қамбар - қаңылының азулы күшті руының бірі. Бірақ, қисарылармен өмір бойы билікке таласып, атадан балаға көшкен жаулық ақырында асқына келе қанды кекке ұласады. Қамбарлардың қисарыларға істемегені жоқ, талай рет екі рудың арасында қарулы қақтығыс болды, тіпті баскесерлерді жасырын жіберіп, Тұмар патшайымның әкесін өлтіртеді. Осылардың бәрі ішіне симаған бүкіл басқосқан қаңлы кеңесінде әскер басылары қамбарларды тұқым тұяғымен құртып жіберейік дейді. Іс насырға шапқанын сезген қамбарлар көп тарту-тарылғы алып, Тұмар патшайымға «жаздық, жаңылдық» деп аяғына жығылып келеді. Тұмар патшайым қамбарларға көңілдегі кірдің бәрін жайып салады: «Сендер,қамбарлар, қисарылардың жолы үлкен болса да, жөнсіз билікке таластыңдар, ол аз болса өзің қаңылы бола тұра жау жағына (парсыларға) шығып өзіңе-өзің қарсы соғыстың Құрышқа көмектесіп, парсының туының астында тұрмасаң әкем Тарғытайды өлтіргенініңді де ұмытар едім» - дейді. Сонда қамбарлардың біреуі Тұмар патшайымның кеудесіне басын қойып: «Міне омырауыңа ернім тиді, енді балаңмен емшектес болдым сонда дакешірмейсің бе?» - дейді. Бұл қаңлылардың жан алқымға келгенде жасайтын ырым кәдесі екен. Тұмар патшайым амалсыз кешіреді. Бірақ, қамбарлардың жұртын кесіп береді, осы сенің көшіп қонып жүретін жерің деп, шамамен қазіргі Өзбекстанның жері немесе содан ары оңтүстік өңірін көрсетіп беріпті. Содан бері бір неше ғасыр өтседе қамбарлардың көші Ұлы Далада көзге көрінбепті дегенді Таласбек ағамыз келтіреді.
Осы негіздерден түйіндеп айтар болсақ, «қамбар» деген атаудың аңызын былай қойғанда, қамбар руының ежелден келе жатқанын ру-тайпа екені белгілі болды. Бұл ру-тайпаның тарихта белгісіз жүре беретін елеусіз жай бір тайпа екенін көрсетпейді. Алысқанмен алысып, жұлысқанмен жұлысып, әрүрлі оқиғалардан қалыс қалып көрмегенін біз жоғарда атап өттік. Арғы тектерінң жылқыны алғаш қолға ұйреткен жерді мекендеген Аргиппейлер немесе Арсақтарға, одан шыққан данышпан Анахариске, дүниені дүр сілкіндірген Кир немесе Құрышқа ( Құрыш қамбар руынан шықты дегенді Румен ғалымы Мирча Элиада парсы деректерңне сүйеніп отырып, айтқаны бар) байланысы бар екенін сенетін болсақ, бұл ру-тайпаның осал емес екені өзінен-өзі жақсы байқалады.
Осыдан басқа, Л.Н. Гумилевтің «Хұндар» деген монографиялық еңбегінде [4] бір бөлімін «Аспан тектес арғымақтар» деп атайды. Ондағы оқиға шамамен б.з.б 100-інші жылдар кезінде қытай императоры Чжан Цянь өзінің батыс өлкені басқарушысы У-диге Давань (Ферғана) елінде арғы тегі аспан арғымақтарынан шыққан аймауыт аттар болады және олар терлегенде қанды көбік шығады дегенді айтады. Олардың шығу тегі былай екен дейді: «Давань елінде асқаралы таулар бар. Сол тауларда кісі қолы жетпейтін қазан аттар жайлып жүреді, сондықтан, ала түкті биелерді олар іріктеп алып, асқар айғырлары шапсын деп тау бауырына қоя береді. Осы биелерден қан көбікті құлындар туады.Осылайша, аспан текті арғымақтар пайда болады.» - дегенді айтып, У-диге император қалайда давандықтардан аспан текті айғырларды сатып алуды бұйырады. Давандықтар оларға айғырларынан ешқайсысын жоғары бұлдап сатпайды. Себебі қытайдан келетін қауіпті мұндай арғымақтармен жабдықтауға боллмайды деп ақылға салады. Қытайлардың аттары бойы тайпақ ұзақ жүріске шыдамайтын әлжуаз және бір жорықтан аспай зорығып қалатын аттар болса керек. Сондықтанда армиясын қазан аттармен жабдықтағысы келді. Бірақ, қытайлардың бұл ісі Давандарға бірнеше мәрте жорық жасаса да, орындалмады.
Осы жерде давандықтардан кімдер осындай асыл текті қазан атты кімдер асылдандырып шығаруы мүмкін дегенде, ойымызға оралатыны кезінде Тұмар патшайым осы Даванға жер аударған қамбарлар еске түседі. Бұған сол бір дәуірлердің уақыт өлшемі сәйкес келіп тұрғанын атап айтуға болады. Тұмар патшайым қамбарларды жер аударған кез б.з.б 530 жылдар шамасы болса, ал, бұл оқиға одан 300-400 жыл кейін болады. Бұл кезде қамбарлардың үрім бұтағы қанатын кеңге жайып, өсіп өңгеніне бірнеше ғасыр болған кез. Жоғарыда айтқанымыздай тегі мықтылардың тек тұрымтайына келтірсек, ежелгі ата кәсібімен жылқыны асылдандыру қамбарлардың ғана қолынан келетін шаруа.
Қамбарларды Тұмар патшайым жер аударғанан кейінгі Даридің жорғы туралы айтылатын «Бехистун жазбасында» сақ тайпаларының мекен еткен жерін көрсеткенде, хаумаваргаларды Памир тауының бөктерін жайлайды деп көрсеткенін біз жоғарда айтып кеткенбіз.
Осылайша тоқсан ауыз сөздің түйінін айтар болсақ,Ұлы Далада қыл құйрықтыны алғаш тақымдап, таңғажайып сусын қымызды шығарған онысымен адамзат тарихында өркениеттің көшін бастаған кімдер дегенде ежелгі бабамыз сақтарды одан қалса қамбарларды ауызға аларымыз хақ.
Құнапия Ғазиз Өлдұлы, алтайтанушы
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Ә. Байбатша Қазақ даласының ежегі тарихы Алматы:Санат, 1998ж
2. Ә.Қоңыратбаев. Қазақ фольклорының тариқы. Алматы «Ана тілі», 1991 ж
3. Монголша – қазақша сөздік 590 б. Улаанбаатар – Өлгий 1984 он
4. Л.Н. Гумилевтің «Хұндар» монографиясы, Алматы «Қазақстан», 1998
5. Ж.Таймағамбетов «Қазақстан палеолиті» тақырыбында докторлық диссертациясы 1993 ж.
6. Т.Әсемқұлов «Қондыгер-қаңлы», «Егемен Қазақстан» 9-11 қаңтар, 2013 ж
7. Т.Әсемқұлов «Тұмар патшайым», «Егемен Қазақстан» 29 мамыр, 2013 ж
8. Ә.Кекілбаев «Ғасырлар мен мәдениеттар астасқан аймақ», «Егемен Қазақстан» 6 желтоқсан, 2014 ж
9. Б.Базылхан «Қазақ және монғол тілдерінің салыстырмалы-тарихи грамматикасы», Алматы, 1999 ж
10.Д.Цэрэнсодном Монгол Ардын Домог-Үлгэр Улаанбаатар. 1989 он
11.Н. Мыңжан «Қазақтың қысқаша тарихы» Алматы «Жалын» 1994 ж
12.К. Аманжолов, Қ. Рахметов «Түркі халықтарының тарихы» Алматы «Білім» баспасы 1996 ж