Бапай Ұлан.Торғайты әулие

ТАНЫМ
4168

Торғайты Кеншінұлы – ҚХР Алтай аймағы, Көктоғай өңірінде XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында өмір сүріп, бүгінге аңыз боп жеткен ерекше, тіпті тілсім деп айтуға боларлық харекеттерінің ықпалымен әулие атанған адам. Әулие сөзі “Қазақ әдеби тілінің сөздігінде” бірнеше мағынада түсіндіріледі. Бірінші, ерекше діндарлығымен, дін жолына кіршіксіз берілгендігімен Алланың разылығына, халық сеніміне ие болған, қасиетті, рухы өлгеннен кейін де биік саналатын адам. Екіншісі, көріпкел, алдағыны болжағыш, көреген, сәуегей. Үшіншісі, адал, пендешіліктен ада, таза адам. Торғайты әулие хақындағы аңыздарды осы үш топқа да жатқызуға болады.

Бірінші анықтамалыққа сәйкес келетін аңыздарды қарастырып көрейік. Торғайтының елден оңаша, диуаналық өмір кешкені айтылады. Ел қыстауға түскенде ол жайлауға, ел жайлауға көшкенде ол қыстауға түсетін болыпты. Алтай аймағының әр өңірінде Торғайты үңгірі атанған үңгірлер, мекендер кездеседі. Соның бірі, Көктоғай ауданы Тұрғын ауылының жайлауы Арасан деген жерде. Сол өңірдің халқы осы күнге дейін әулие үңгірін сыйлап, қасиетті мекен ретінде тәу етеді. Оның ешқандай дүние-мүлік жимай, оңаша құлшылықпен өмір кешуі Қазақ халқының діни-исламдық ұстанымын қалыптастырған сопылықтың жолымен сәйкес келеді. Торғайтының елсіз мекендегі үңгірлерді мекендеп оңаша өмір өткізуін образды түрде сопылардың қылуетке түсуімен салыстыруға болады. 

Екінші анықтамалыққа сәйкес қарастыратын болсақ, ел аузында “Торғайты әулие шарапатты адам екен. Ол алдағы іске болжам айтатын, келер қонақты күні бұрын білетін, елдің өткені мен ертеңін біліп отыратын, тамыр ұстап ем-дом жасайтын сәуегей адам болған ”. Көріпкел сәуегей адамдардың негізгі қасиеттерінің бірі емшілік. Анда-санда ел аралап шыққанда қонған үйіне әулиеге көрінгелі келген кісілердің аяғы үзілмейтін болыпты. Ауырып қалған балаларды бауырына қысып әлдилеп:

“Адамыңа бір қонақ,
Итіңе бір қонақ.
Екі серке, екі қонақ” дей отырып, қалтасынан әлде нені алып, баланың аузына салып жібергенде, құлын дауысы шығып, қолды-аяққа тоқтамай тұрған бала сауығып кетеді екен . Осымен қатар, емшілігіне қатысты айтылатын аңыздың тағы бірі бала көтере алмаған әйелдерді емдеуі. Бұл ісі әр халықтың көріпкел-әулиелеріне ортақ рәсім түрінде айтылады: Торғайты әулие бала көтермеген әйелді үстінен аттап өтсе бала көтереді екен.

Үшінші анықтамалыққа аңыздардың бірі, оның жастық шағына сәйкес келеді. Торғайты ат жалын тартып мініп азамат бола бастаған шақта ел Алтайдан ауып Баркөл жеріне барыпты. Осы жерде отырғанда ағасының малына ілесіп келген бөтен қойды сойып жегені үшін “қазанға адал ас салмадың” деп ренжіп Өр Алтайға тартып кетіпті. Бұл оның пендешіліктен ада, таза жан екенін айғақтаса керек. 

Торғайты әулие туралы аңыздар ел аузында көп тараған. Мен бұл шағын ақпараттық жазбамда оның бәрін талдап саралап отыруды мақсат тұтпадым. Сонда да әулие туралы бірнеше аңызға тоқтала кетейік. Торғайты бертінгі заманның адамы екенін нақты көрген адамдар анықтай алады. Ол шамамен өткен ғасырдың отызыншы жылдарына дейін өмір сүрсе керек. Қанапия Жолдыбайұлы: “Мен, Торғайтыны көргем, біздің Жүкең (Жолдыбай) қажының үйіне келіп екі-үш күндей қонып жатқан ” дейді. 

Торғайты елдің көзіне көбіне жаяу жүріп көрінгенімен, анда-санда бір үзеңгісі мүйізден, бір үзеңгісі темірден, құрдан айылы бар ат мініп келіп, атын күндіз-түні қой қораның ортасына арқандап қойса да жануар ашыққанның орнына оқыранып, шөлден су іздеп тұратынына елі таңырқасыпты.

Этнограф, жазушы Баяхмет Жұмабайдың айтуынша “Ауылда адам өліп тәмәм жұрт қабырстанға апарғанда бірге баратын Торғайты қабірлерді аралап, шынымен іштей әлде нелерді күбірлеп жүреді екен. Мұндайда кей жақсы көретін адамдары кезігіп қалып сұраса, сәл қабағын түйіп, мұңая “бәріміздің баратын жеріміз осы ғой” деп қояды екен де, жақтырмайтын адамдары кезігіп сұраса, “құлқу Алла аһад, мөңкімей аруақ тыныш жат” деп жүрмін дейді екен. 

Ауыл адамдары болса, Торғайтының бейнесін көбіне көп диуанаға ұқсатып сипаттайды. Семізше денелі, көзі үлкен, қызыл шырайлы, иығына қызыл былғары қоржын салып, үстіне ұзын ақ көйлек киіп, не шапан жамылып жүретінін айтады. 

Торғайты туралы айтылатын аңыздың енді бірі – оның аңға мініп жүруі. Бірде ел күзеулікке түскен шақта бір жігіт үйірден адасып қалып кеткен жылқысын іздеп, сұрау сала келе жайлауға қайырылыпты. Ел түгел күзеулікке түскен, жайлау иен. Жоқшы жоғын тауып қайтып келе жатып ен жайлаудан бір арланға мініп, бір арланды шыбық талмен ноқталап жетелеп келе жатқан Торғайтыны көріпті. Әуелде жігіт өз көзіне өзі сенбей, бұл көріністен тіксініп қалады. Тал түсте алдынан кездескен ауылдас кісісінен қорқып қашатын емес, дәтке қуат деп Торғайтыға сәлем береді. Әулие сәлемді алып, жігіттің қос арланға сескене қарап тұрғанын байқап: “бұлар менің алыс жол жүргенде мінетін мінісім еді. Сен мені көрген жоқсың, мен сені көрген жоқпын” деп жүре беріпті.

Деректерге сүйенсек, Торғайты Дүре өңірін мекен еткен. Ауыл арасы болмаса мойны ұзақ жерге бармайтын, ауыл ішінде де пиғылы кең, балалы-шағалы үйлер болмаса албаты үйге бас сұқпайтын кісі екен. Торғайтының соңғы өміріде Дүре жерінде өткен. Ел аузында Торғайты әулиенің Шірікшиге барып қайтыс болғаны туралы аңыз бар. Аңызда Шоқай қажының ауылында Қопан деген әпекесі бар екен. Соның үйіне барып отырып мен ертең қайтыс боламын деп көріпкелдік жасағаны туралы айтылады. Бидахмет Болтайұлы көзі тірісінде “әулиенің зираты мынау еді” деп көрсетіп кеткен екен. Зират қорымнан оңаша қойылыпты.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...