ТҮС КӨРУ ЖӘНЕ ДАРЫНДЫҚ НЕСІБЕ

ТАНЫМ
5822

Мұрын жыраудың түсі

Мұрын жыраудың күйеу баласы Алдоңғаров Дүйсенбай: «Мұрын атамызға жыр түсінде қоныпты», − дейді (С.Садырбаев. Фольклор мен эстетика. 1976. 91-б.)

Қашағанға дарын дару түсі

Қашағанға ақындықтың қонуы туралы Шадыман естелігінде мынадай жайлар бар: «Жаз. Шілде. Өкшесі ойылып, табаны сойылып, мал соңында азап шегіп, арып-ашқан Қашаған бала таяғын жерге шаншып, шапанын күрке етіп жатса, көзі ілініп кетеді. Түс көреді. Түсінде бір қара кісі келіп, баланы қолынан тартып тұрғызып: «Дорбалап аласың ба, қапшықтап аласың ба?» − деп сұрайды. «Бергеніңді алам», − депті Қашаған. Қара кісі қолын жайып бата береді. «Өнер бердім, елге шаш», − дейді. Қашаған бұдан былайғы жерде суырыпсалма ақын болады» (Қ. Сыдиықов. Ақын-жыраулар. 1974. 97-6.).

Абылға ақындықтың берілуі

«Сіз өлеңді қалай айтатын болдыңыз» − деп сұрағанда, Абыл айтыпты: «Отызға келген кезім, ерте қой өргізіп келіп ұйықтап кетсем, біреу бір сұйық нәрсені аузыма құйып жіберді. Мен жұлып жібердім. Ояна келсем − ешкім жоқ; кеудемді өлең-сөз кернеп барады екен. Осыдан былай қарай аузыма сөз түсе беретін болды» (Қ. Сыдиықов. Антым бар ед «атам жауға көнбен» деген. «Ана тілі» газеті. 9 мамыр; Осы туралы «Абыл, Нұрым, Ақтаным» жинағында да келтірілген (15-6.).

Абылдың түсі

«Абыл бала жігіт күнінде ауылының қозы-лағын бағып жүріп далада ұйықтап қалса, түс көріпті. Түсінде ақ киімді, ақ сақалды, аруақтай бір кісі: «Балам көтеріп аласың ба, арқалап аласың ба?» − деген екен. Абыл: «Көтеріп аламын», − деп жауап беріпті. Содан бастап өнері арта бастапты. Түсін жорыған ақсақалдар: «Әттеген-ай, «арқалап аламын» дегенің дұрыс болар еді, артыңа да қалар еді. Өзің көтеріп алыпсың ғой, өз басыңа бақ қонады екен, өнерің ел аузында сақталады екен», − депті (Сайын Назарбекұлы Тоқтамыс. Абыл ақын. «Маңғыстау» газеті, 21 шілде. 1993).

Абыл туралы

«Мұрын жырау Нұрым ақыннан естігенді баян етеді: «Абылдың әкесі айтатын еді. Түрікпен Мақымқұлы: түсімде Абыл және қарақалпақ Қаңлы руынан шыққан Ақтәжі деген ақын қыз-үшеуміз бір жерде кесемен ас іштік. Қыз екеуміз кесенің ішіндегі асын іштік те, Абыл кесені жұтып қойып еді. Абыл бізден кейін ақын болар, бірақ бізден ақындығы артық болар», − деген екен».

Мұратқа ақындықтың қонуы

Бұл да алдыңғы Абыл туралы түс сияқты Мұрын жыраудың естеліктерінде сақталған. Мұраттан (Мұрат Мөңкеұлы): «Өлеңді қалай айтып кеттің?» − деп сұраған. «Бір күні түсімде жиын-той болған екен. Сол тойда отырған ақсақалдар маған «өлең айт» деді. Мен «білмеймін» десем, «жоқ, сен білесің» деп болмады. Сол арада телпегімді қолыма алып, айғайды салып, өлеңді қоя бердім. Оянсам, түсім екен. Ертеңіне тұра сала өлең айттым, аузыма сөз түйдектеп түсе берді. Содан былай осы өлеңді айтатын болып кеттім», − депті.

Нұрымға ақындықтың қонуы

1965 жылы атыраулық жыршы Ғұбайдолла Зұлқашев айтқан мынадай аңыз бар. «Нұрым бала кезінде арып-ашып, ел аралап жүріп, далада шаршап келе жатып, бір жерде ұйықтап кетеді. Түсінде ақ киімді, ақ таяқты ақсақал кісі келіп: «Балам, шөлдедің ғой», — деп, сүттей ақ, балдай тәтті сусын береді, ішіп жіберсе − сап-салқын екен. Шошып оянады. Тұрса − іші кеуіп барады. Айқайлап өлең айта бастады. Сөйткен сайын халі жақсара түседі. Нұрым бұдан былай суырыпсалма ақын болады» (Абыл, Нұрым, Ақтаным. 1997.112-6.).

Манасшының түсі

Осындай түс арқылы несібе алу тек Маңғыстау тұлғаларында тән екен десек, дәл осындай жайт басқаларда да бар екен... Қырғыздың «Манас» дастанын айтушы жомақчу Таныбек бір күні далада ұйықтап қалып, түсінде Манас батырмен бетпе-бет дидарласады. Оның қолынан дәм татады. Оянса, көкейінде сөз нөсері, ағыл-тегіл (С. Садырбаев. Фольклор мен эстетика. 1976. 91-6.).

Неджеф − Оғлан

«Түрікпеннің «Неджеф − Оғлан» жырында бір бала жұмыстан шаршап келіп, далада ұйықтап қалады. Түсінде қырық сарбаздың қолынан шарап ішеді. Олардың ішінде атақты Ашық-Айдын болады. Бала ұйқысынан оянса, керемет бахши (бақсы) болғанын бір ақ біледі» (С. Садырбаев. Фольклор мен эстетика. 1976.91-6.).

Сакс мысалы

«Құрметті Бэдтің (Бэд Достопочтенный. 673-735) «Ағылшын шіркеулерінің тарихы» деген кітабында англо-саксондардың даңқты жырауы Кэдмон туралы мынадай аңыз бар: Бір күні ол тойға барғанда, қасындағы жора-жолдастары «өлең айт» деп ортаға алады. Бұдан Кэдмон қатты қысылады, ұялғаннан, тойда көп отыра алмай, үйіне ерте кетіп қалады. Содан бір күні ол қырман күзетіп отырып, ұйықтап кетеді. Түсінде бейтаныс біреуді көреді. Ол: «О, Кэдмон, өлең айтшы!» − дейді. Кэдмон тұрып: «Мен өлең айта алмаймын», − деп тіл қатады. Бірақ әлгі адам болмаған соң қысылғаннан, әлемнің жаралуы туралы өлең шығарады»... (С.Садырбаев. Фольклор мен эстетика. 1976. 91-6.).

Саяқбай Қаралаев

Қырғыздың манасшысы Саяқбай Қаралаев өзі туралы: «Бала кезімде қой бағып жүріп, бір теректің түбінде ұйықтап қалыппын. Бесін кезінде ат тұяғының дүбірінен оянып кеттім. Ұйқылы-ояу көзімді ашсам, тура маған қарай бір арғымақ мінген зор тұлғалы кісі құйындай ұшып келеді. Тұлпарының екі көзі шоқтай жайнап, ауыздығын қарш-қарш шайнайды. Екпіндетіп келіп, тізгін тартты. Асықпай аттан түсті де: «Ей, бала, бұл не жатыс?» − дегенде, мен «ұйықтап қалыппын» дедім. Сонда ол: «Сенің аузыңа зор бақыт қонады. Мұнан былай сен «Манас» жырын айтасың. Кәне, аш аузыңды!» Мен аузымды ашқаным сол еді − әлгі адам аузыма зәрін шаптырып жіберді. Іле-шала ғайып болды. Содан бастап «Манасты» айтып кеттім» (Айтматов Ш, Шаханов М. Құз басындағы аңшының зары. 1997. 64-6.).

***

Бірнеше мысал. Бірінен-бірінің көшіріп алып айтуы мүмкін емес, соған қарамастан, қазақ, қырғыз, түрікпенді айтпағанда, сонау ағылшындарға шейін ортақ сырының бар екендігін көріп отырмыз. Оның астарын жалпы мифологиялық танымдағы үлкен ақындық түсінігі арқылы біршама ұғынықты етіп түсіндіруге болады. Бірақ ол ұзақ баян болғандықтан, кеңінен көсіле айта алмаспыз. Ол осындай несібе берудің ақиқаты қандай? Ол жағы, сірә, тек бір Алла тағалаға ғана аян болар.

Серікбол Қондыбай


author

Серікбол Қондыбай

ҒАЛЫМ

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...