МАХАТМА ГАНДИ – әлемге әйгілі үнді қоғам қайраткері,саясаткерАнасы – ПУТЛИБАЙ ГАНДИ...
Роденнің ғашығы немесе Құдаймен таласқан ару
Роден. Роден. Роден. Әйгілі "Ой үстіндегі адам" мүсінінің авторы Роденнің махаббаты жайлы не білеміз? 33 жыл бойы психиатриялық ауруханада жатуға мәжбүр болған Камилламен арасында не болды? Қалайша Роденнің шәкірті 19 жасар Камилла ақыл-есінен айрылып қалды? "Мәдениет порталы" осы және өзгеде сұрақтардың жауабын оқырман назарына ұсынады. Мархаббат!
Камила Клодель 1864 жылы 8 желтоқсанда Францияда дүниеге келген өнер тарихындағы ең атақты әйелдердің бірі. Әрине, оның туған кезеңі әйелдер үшін өте жарқын кезең еді деп айта алмаймыз. Қанша жерден "дамыған" Европа болғанымен де, патриархалды қоғамның үстімдік еткені белгілі. Алайда Камила қоғамдық кедергілер мен тосқауылдарға қарамастан небәрі он үш жасында жеті қат аспанның төрінде жарқырай білген жұлдыз болды.
Иә, ол өзге қыздар секілді қуыршақты құндақтап, аяғында тербетіп ойнамады. Оның есіл дерті балшықта еді. Бейне бір "балшықтан" адам жасаған құдайға сол кездің өзінде қызықты ма екен, кім білсін?! Әйтеуір ерте жастан-ақ балшықтан кішкентай мүсіндер жасауға тырысты. 19 жасқа аяқ басқан шағында әкесі Камиланы өзге балаларының бөліп жарып, анасының қарсы болғанына қарамастан оқуға берді. Бәлкім, анасының сөзін тыңдау керек пе еді деп те ойлайсың кейде?!
Осылайша қырық күн иленген балшықпен теңесер мүсіндер жаратуды мақсат тұтқан талантты мүсінші Камилла, әкесінің рұқсатымен он тоғыз жасында ешқашан өзі қалаған беделге ие бола алмаған, алайда таланты бір басына жетіп артылатын қырық үш жастағы Роденнен дәріс ала бастайды. Кәрі ұстаз бен жас шәкірттің арасында қаншама мүсіндер жайлы, қаншама өнер жайлы сұхбаттар болды десеңші...
43 жастағы Роден біраз уақыттан кейін шәкірті Камиллаға ғашық болып қалады. Буыны бекімеген, он екіден бір гүлі ашылмаған Камила үшін бұл күтпеген жағдай еді. Дегенмен өнері бас иеген ұстазына шәкірт те келісімді жауап қайтарады.
Бірақ Камилламен махаббат оқиғасы басталған кезде Роден Роуз Беурет есімді әйелмен жиырма жылдық некеде еді. Осы жиырма жыл ішінде Роуз күйеуінің басқа әйелдермен бірге болатынына, бірнеше уақыт салып олармен кетіп қалып, түбі өзіне қайтатынына әбден дағдыланған болатын. Яғни ол үшін Роденнің кіммен, қалай, қашан жүргені маңызды емес, бәрібір қайтып оралатынына сенімді бір иммунитет қалыптастырып үлгерген-ді.
Бір-біріне өлердей есі кеткен қос ғашық махаббаттарын уақытша болсын құпия ұстауды ұйғарады. Камилла мұны отбасынан, Роден болса өз әйелінен жасырды. Бір қызығы, Роден бұл қарым-қатынасты қанша жерден жасырды дегенімізбен де, Роуздан айрылатын титтей де ниеті жоқ еді. Камила мұны біле тұра Роденге ләм-мим деп ауыз ашпады. Ол үнсіз ғана бәріне көнген кейіп танытты. Иә, Камила Роденнің өмірінде осылайша көлеңкелі рөлін жалғастыра берді. Қашанға дейін дейсіз бе? Соңына дейін.
Өз ұстазына есі кете ғашық болған Камиланың бар дерті Роденнің көп уақыт өткізу болды. Тым болмаса осы бір өтінішті орындайыншы деді ме екен Роден әйтеуір "Ла Клас Пайен" деп аталатын үйді жалға алып тұра бастады. Бақытты күндер бірінің артынан бірі өтіп жатты. Бейне бір күн де Роден мен Камила үшін шығатындай, түн де осылар болатындай, кіл жаратылыс тек екеуі үшін ғана бар секілді көрінді. Дәл бір классикалық махаббат хикаясын баяндау үшін қолданылатын барлық теңеулер Роден мен Камила үшін жаралғандай еді.
Бір күні Роден үйден шығып кетті. Жоқ, қорықпаңыз, шеберханадағы жұмыстарына барып келу үшін таңертең ертемен жылы төсегінен тұрып кеткен болатын. Роденнің үйде жоқ екенін білді ме екен, әлде кездейсоқ па екен әйтеуір Камила үйде жалғыз қалған кезде есікті Роденнің әйелі Роуз қақты. Сүйіктісін күтіп отырған Камила есікті ашқан уақытта табалдырықтан оның әйелін көріп не жасарын білмей аңтарылды да қалды. Араларында үлкен дау туды. Ұрыс үстінде үйге оралған Роден Камиланы емес, Роузды қорғап шықты. Бірақ оқиғаны теріс айналдырып әйелін емес Камиланы қорғап шыққанда бұл әрекеті қаншалықты дұрыс болатын еді деп ойлайсың кейде?! Жалпы Роденнің бұл әрекеті дұрыс па деп те айтуыңыз мүмкін қарсы жауап ретінде. Ал сізге сұрақ, дұрыс қаншалық дұрыс өзі? Біз не десек те бұл жанжалда Роденнің әйелін жақтап шыққаны Камила үшін ауыр тиді. Бәлкім, әйелінен айрылмайтынын білген кезде де ренжімеген Камила осы оқиғадан кейін алғаш рет мұңайған шығар, кім білсін?!
1889 жылға қарай Камилланың аты Францияға тарай бастады. Жас та таланты мүсінші көптің көңілін шыққаны соншалық Роден оның көлеңкесінде қалып кеткендей күй кешті. Камиланың сол жылы "Сакунтула" мүсіні үшін марапатқа ие болды. Атақ пен марапаттың ішінде құстай ұшып жүрген жас мүсіншінің мүсін өнерінде бағы енді жанды ма дегенде көп ұзамай 1892 жылы Роденнен жүкті болып қалады. Әрине, Камила бұған бір кісідей қуанады. Бірақ қызының некесіз жүкті болып қалғанын естіген отбасысы толықтай қызынан бас тартады. Ал енді Камила ішіндегі жаңа бір өмірдің қимылын бақылап отырып қабырғалары өкінішпен қаланған қуаныштың дәмін қалай сезінді екен, бір сәтке ойланып көріңізші?!
Құдаймен "балшық" жасап жарысам дегеннен кейін бе екен, әйтеуір тағдыр оны бақыттан кенде қылды. Босанып жатып сәбиінен айрылып қалды. Бәрін толықтай жоғалтқан Камила осы оқиғадан кейін өзіне титтей ғана шеберхананы жалға алып, өзінің бар екенін сезіну үшін қайтадан мүсін жасай бастады. Сол жылдар аралығында Өнер Академисының мүшелігіне қабылданды. "Вальс", "Клото", "Жетілу дәуірі", "Жоғалған Құдай",сынды ең үлкен шығармаларында осы жылдары дүниеге алып келді.
1905 жылы Камилланың психикасы әкесінің өлімінен кейін тіпті нашарлай түседі. Онсызда сәбинен, Роденнен, бар байлығынан айрылған Камила үшін әкесінің өлімі ауыр соққы болып тиеді. Өз-өзін шашып жібергені соншалық мүсіндерін қиратып, ендігәрі қолына балшық алмаймын деп параноидтік хәлге түседі. Ешкіммен көріспеді, ешкіммен сөйлеспеді, ақылынан айрылған күйі шеберханасынан шықпады. 1913 жылы ғана ағасының мақұлдауымен психиатриялық ауруханаға жатқызылады.
Камила қанша жерден ақыл-есінің дұрыс екенін айтып жалынса да, ауруханадан ешкім оны шығармады. Осылайша төрт қабырғаның ішінде балшықтың иісін аңсаумен тура отыз үш жылын өткізеді. Тек отыз төртінші жылы ғана өзінің жалғыз бәсекелесі болған құдайдың мекеніне аттанып кетеді. Бәлкім, сол жақта құдайдың шеберханасын, оның жасаған мүсіндерін жақыннан көргісі келді ме екен, кім білсін?!
madeniportal.kz