«Мәдени мұра» бағдарламасымен Ресейдің архивінен сұлтан Кенесары мен Көшектің хаттары та...
Айдын Рысбекұлы. Шаш үлгісінің рәміздік мәні
Фотосурет ашық дереккөзден
Қазақ халқы ежелден шашқа айрықша мән беріп, оны тек сыртқы сәннің емес, терең рухани құндылықтың белгісі деп санаған. Шаш – адамның табиғи көркі, әйел үшін нәзіктік пен сұлулық, еркек үшін айбар мен мәртебенің айнасы. Халық түсінігінде шаш адамның өмірлік қуаты мен жанының бір бөлшегі болып есептелген, оған зор құрмет көрсетілген. Дәстүрлі қоғамда шаштың әр қиылысы, өрімі, тіпті маңдайда, төбеде немесе желкеде қалдырылған бір шөкім шаштың өзі үлкен мән мен киелі мазмұнға ие болған.

Суретте: Дания Корольдігінің гербі
Қарын шаш
Қазақ дәстүрінде бала – Жаратушының аманаты, әулеттің жалғасы, ұлттың болашағы. Сәбидің өмірге келуімен байланысты әрбір ғұрыптың астарында терең мән, байырғы сенім мен өмірлік тәжірибе жатыр. Баланы қырқынан шығарғанда алынған алғашқы шаш – «қарын шаш» деп аталған. «Қарын» сөзі тек асқазан ұғымын білдірмей, көне түркілік «қар», «қары» түбірімен сабақтасып, «ішкі», «тумысынан бірге келген», «жатырда пайда болған» деген мағынаны меңзейді. Демек, қарын шаш – баланың ана құрсағында пайда болған, туа біткен алғашқы шашы.
Халық түсінігінде адамның денесінен бөлінген әрбір нәрсе – шаш, тырнақ, тіс – иесінен толық ажырап кетпейді, онымен тылсым байланыста болады. Сондықтан қарын шашты бей-берекет жерге тастауға болмайды деп есептеген. Оны аяқ баспайтын таза жерге көмген немесе сақтап қойған. Бұл әрекет баланы тіл-көзден, жамандықтан қорғау ниетіне бағытталған.
Қазақта «Қарын шашыммен қарғаймын» деген сөз бар. Бұл – өте ауыр қарғыс, әсіресе әжелер қатты ызаланғанда айтылған. Себебі қарын шаш – адамның ең таза, пәк, туа біткен бөлігі, оны қарғау – ананың ақ сүтімен, құрсағымен, яғни өмірдің бастауымен байланысты киелі күшті атау болып саналған. Осы дәстүр қазақ халқының балаға деген құрметін, ана құрсағын киелі ұғым ретінде қабылдағанын көрсетеді. Қарын шашқа қатысты ғұрып – ұрпақ сабақтастығын, рухани тазалықты, отбасылық жауапкершілікті дәріптейтін амал болған.
Желке шаш
Қазақ дәстүрінде баланың сыртқы бейнесі арқылы оның тағдырын, отбасы жағдайын аңғаруға тырысқан. Сол кезеңде кімнің ерке, кімнің қорғансыз, кімнің жетім бала екенін, сондай-ақ кімнің ұзақ уақыт бала көтере алмай, айдарлы бала немесе тұлымды қызды дүниеге әкелгенін танитын болған. Бұл – тек сыртқы ерекшелік емес, өмірлік тәжірибе мен әлеуметтік бақылаудың көрінісі еді.
Ертеде «жетімнің желке шашы» деген ұғым болған. Егер бала жетім қалса, оған желке шаш қойып өсірген. Бұл әрекет бірнеше мақсатты көздеген: баланың жеті мекенін, яғни өмір бойы өсуін және өркендеуін қорғау, оған бір қорған мен қамқорлық белгісін беру, қоғамның назарын аудару. Желке шаш – тек сәндік элемент емес, баланың қорғансыздығы мен әлсіздігін білдіретін рәміз болған.
Желке шаш – жетім қалған немесе ерте әке-шешеден айырылған балалардың желкесіне қалдырылатын бір шөкім шаш. Бұл – баланың жетім екенін білдіретін, ауыл адамдарына түсінікті киелі белгі. Желке шаш арқылы қоғам балаға ерекше мейірім мен қамқорлық көрсетіп, оны назардан тыс қалдырмаған. Осындай балаларды ауыр еңбекке немесе қауіпті соғысқа жібермей, қорғап, қолдап отырған.
Сонымен қатар, тұл шаш та осы мақсатта қолданылған. Ата-анасы немесе жанашыр туысы жоқ баланы қоғам тануы, оған мейіріммен қарауы үшін тұл шаш арқылы ерекшелендірген. Яғни шаш үлгісі – баланың амандығын, қорғалуын және әлеуметтік тұрғыдан қабылдануын қамтамасыз ететін рәміздік мәнге ие болған. Сол арқылы қазақ қоғамында жетім балаларға қамқорлық жасау дәстүрі көрініс тапқан.
Кекіл
Кекіл – маңдай тұсына қалдырылатын шаш, қазақтың ежелгі сәндік әрі ырымдық мәні бар шаш үлгісі. Жас балалардың қарын шашын алып, маңдайына бір шөкім шаш қалдырып қию рәсімі қыз бен ұлға бірдей қолданылған. Кекіл балаларға жарасымды ажар береді, сүйкіміне сүйкім қосады деп есептелген. Кекілде ата-ананың үміті, балаға деген мейірімі жасырынған. Сонымен қатар, баланың кекіліне періште ұялайды деп сенген. Бұл рәсім көне дәуірде моңғол, қытай, маньчжур, қалмақ, украин, түрк халықтарында да болған, жыныстық айырмашылықтың бір белгісі ретінде қарастырылған.
Халық әндерінде кекілге қатысты теңеулер жиі кездеседі. Мысалы,
«Қарағым, айналайын кекілдім-ай,
Аққудың көгілдірі секілдім-ай.
Алтынның қолда барда қадірі жоқ,
Қолдан шығып кеткен соң өкіндім-ай!»
Мұнда «кекілдім-ай» – еркелету, іңкәрлік білдіру, ал «аққудың көгілдірі» – тазалық пен сұлулықтың рәмізі. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» – өмірлік философия, бар нәрсенің қадірін жоғалтқан соң ғана түсінетінін меңзейді.
Тұлым
Қыз бала бір жасқа толғаннан кейін қарын шашы алынып, екі шекесіне екі шөкім шаш қалдырылады. Осы шашқа «тұлым» деп ат қойылады. Кейіннен қыз баланың өскен шашына қарын шаштан қалған тұлымын қосып, өріп өсіреді. Тұлым қою дәстүрі, ең алдымен, ырымдық мәнге ие: оны қыз балаға көз тимесін деп қояды. Тұлымның ұшына әдемі шашбау немесе моншақ тағылады.
Тұлым – қыз бой жетіп, бұрым өсіргенге дейін сақталады. Бұл – нәзіктік пен балғындықтың, қыз балаға тән сұлулықтың белгісі. Уақыт өте тұлым ұзарып, өскен шашпен бірге өріліп, қос бұрымға айналады. Қазақы ортада «тұлымы желбіреп, бойжетіп қалыпты», «тұлымды қыз» деген тіркестер бекер айтылмаған. Тұлым – қыздың балалық шағы мен бойжеткен кезеңін байланыстыратын белгі іспетті.
Қазақ ұғымында қыздың шашы – оның көркі мен киесінің нышаны. Сондықтан тұлымның желбіреуі – қыздың есейіп, ажары ашылғанының, сымбаты толыққанның ишарасы. «Тұлымы желбіреп тұр» деу – тек сыртқы сипаттама емес, «бойжетіп, назар аудартатын жасқа жетті» деген астарлы мағына береді. Сонымен қатар, халқымызда «көз тимесін» деген сенім бар. Ерекшеленіп өсіп келе жатқан, ажары айқын қызға сұқ көз түспесін деген ниетпен тұлымға ерекше мән берілген.
Тұлым қалдырудың бір қыры – баланы жын-шайтаннан, жамандықтан қорғау, көзге бірден түсіп, бірақ қорғаны бар екенін білдіру. Яғни тұлым – әрі сән, әрі ырым, әрі қорғаушы рәміз. Қазақта шашқа қатысты ұғымдардың көбі сакралды сипатқа ие. Шашты бей-берекет қимау, жерге тастамау, тұлымды арнайы ырыммен алу – адам мен табиғат, көзге көрінбейтін күштер арасындағы үйлесімділікті сақтауға бағытталған дүниетанымның көрінісі.
Сондықтан «тұлымды қыз» деген сөздің өзінде нәзіктік, үміт, қорғаныш және тілек бар. Ол – тек қыз баланың бойжеткенін білдіріп қана қоймай, оның амандығын тілеген халықтық ниеттің рәмізі де.
Айдар
Айдар – ер баланың төбесінде қалдырылатын бір шөкім шаш, қазақ ұғымында тек сәндік элемент емес, баланы жамандықтан, тіл-көзден қорғайтын киелі рәміз саналған. Айдар қою рәсімі өзіне тән жоралғымен орындалған: бала қырқынан шыққаннан кейін төбесінде бір шөкім шаш қалдырып, қалғанын қырып тастайды. Осы рәсімге елдің сыйлы ақсақалдары, ағайын-туыс шақырылып, бата беріліп, мал сою рәсімі арқылы қуанышқа ортақтасқан.
Ертеде айдар – үміт еткен ұлдарға немесе ханның мұрагерлеріне қойылатын, әлеуметтік мәртебенің белгісі саналған. «Айдарлы бала – айбарлы бала» деген сөз осыдан шыққан. Бала өскен сайын айдары ұзарып, моншақ пен маржан араластырып өрілген. «Айдар» сөзі «айбар» немесе «айдағар» ұғымымен үндесіп, батырлық пен мәртебенің рәмізі ретінде бағаланған. Қазақтың жауынгерлік дәстүрінде айдар – ерлік пен айрықша мәртебенің айқын белгісі болған.
Ел аузындағы деректерге қарағанда, жас батырдың ерлік жасаған әрекетін айқындап, оны өзгелерден ерекшелеп көрсету үшін айдар оның кежегесіне таққан. Кежеге – түркілердің желкесіне түсіп тұратын жуан өрім шаш, айдардан бөлек, бірақ сонымен сабақтас, батырлық сипатты білдіретін ұғым. «Кежегесі кері кету», «кежегесін кері тарту» сияқты сөз тіркестері осыдан қалған. Кежеге сөзі алтай тілінде «кәде», қырғыз тілінде «кежи», орыс тілінде «коса» деп кездеседі. Бұл ұғымдардың сабақтастығы көне түркілік мәдени ортақ дәстүрді көрсетеді.
Қазақ эпостары мен халық жырларында айдар мен тұлымға қатысты бейнелер жиі кездеседі:
«Айдарлысын құл қылды,
Тұлымдысын тұл қылды,
Көрген түсін Тайшықтың
Өтірік емес, шын қылды».
Мұндағы «айдарлы» – ер балалардың, ал «тұлымды» – қыз балалардың балалық шағын білдіретін ұлттық рәміз. «Айдарлысын құл қылды» – ер балаларды құлдыққа түсірді, еркіндігінен айырды деген мағынаны, ал «тұлымдысын тұл қылды» – қыздарды жетімсіретті, қорғансыз күйге түсірді деген ауыр астарды жеткізеді. Жырда Тайшық ханның әрекеті арқылы елге түскен нәубеттің, балалар тағдырының ауыртпалығы айқын бейнеленген.
Айдар қою рәсімі – ер балаларға тән, олардың айбынын, болашақ батырлыққа деген ниетін білдіретін киелі әрекет. Кейде бұл рәсім баланың амандығын тілеп, тіл-көзден сақтау ниетімен де байланысты болған. Дегенмен ерлікпен астасқан айдар – жас батырдың мәртебесін айқындайтын ерекше рәміз ретінде бағаланған. Айдар үлгісі бала 13 жасқа дейін қолданылып, кейін «байдалы» деп аталған.
Бұрым
Қазақ халқының дәстүрлі қоғамында әйелдің бұрымы – жай сәндік элемент емес, оның абыройы мен ар-намысының, көркі мен келбетінің айрықша нышаны болып саналған. Қыз бала жастайынан шашын өсіріп, күтіп-баптауға ерекше мән берген. Қос бұрым – бойжеткеннің ибалығы мен инабаттылығының белгісі, ал ұзын әрі қолаң шаш – сұлулық өлшемі. Сондықтан бұрымға қол сұғу – тек сыртқы келбетке емес, әйелдің жан дүниесіне, әлеуметтік мәртебесіне қол сұғумен тең болған.
Энциклопедиялық және этнографиялық деректерге сүйенсек, бағзы заманда ауыр айып арқалаған әйелдерге бұрымын кесу жазасы қолданылған. Еріне опасыздық жасаған, ел намысына дақ түсірген немесе өте ауыр қылмыс жасаған әйелдердің шашы көпшілік алдында қиылған. Кей жағдайда «қарабет болды» деп танылған қыздың бұрымын кесіп, бетіне күйе жағып, ел алдында масқаралағаны жөнінде деректер кездеседі. Бұл – қоғам тарапынан жасалған ең ауыр моральдық айыптаудың бірі.
Ол кезеңде әйел үшін бұрымнан айырылу – тек сырт келбетінің өзгеруі емес, ар-абыройының тапталуы еді. Себебі шаш – әйелдің сәні, салтанаты, нәзіктігінің белгісі. Бұрым кесу арқылы қоғам кінәліні көпшілік алдында айыптап, оның мәртебесін төмендеткен. Мұндай жазаның физикалық зорлықпен қатысы болмағанымен, рухани соққы ретінде қабылданған. Көшпелі ортада қоғамдық пікір мен ел ішіндегі бедел аса маңызды болғандықтан, бұрымнан айырылу әйел үшін ең ауыр жазаның бірі саналған.
Бұл дәстүр сол заманғы құндылықтар жүйесін айқын көрсетеді. Қазақ қоғамында отбасының беріктігіне, адалдыққа, ар-намысқа ерекше мән берілген. Сондықтан бұрым кесу жазасы құқықтық нормадан гөрі моральдық-әлеуметтік тетік ретінде қызмет атқарған. Бүгінгі заман өлшемімен қарағанда мұндай жаза қатал көрінуі мүмкін, алайда тарихи тұрғыдан ол сол кезеңдегі қоғамдық тәртіпті сақтау, ұят пен жауапкершілік ұғымдарын бекіту жолы болғаны анық.
Байдалы
Байдалы – ер азаматтардың көне шаш үлгілерінің бірі. Бұл үлгіде шүйдеде қалдырылған ұзын шаш екіге айырылып, құлақ артына қарай өріліп, буылып қойылады. Сонымен қатар маңдай тұсында кекіл қалдырылып, бастың қалған бөлігі тақырланып алынған. Мұндай сипат көшпелі жауынгерлік мәдениетке тән айрықша бейне ретінде танылған.
Жат жерлік жылнамашылар мен тарихшылар Шыңғыс қаған заманындағы татарлардың сырт келбетін дәл осылай сипаттаған. Бұл деректер байырғы түркі-моңғол тайпалары арасында мұндай шаш үлгісі кең таралғанын аңғартады. Ол кезеңде шаш үлгісі тек сән үшін емес, этникалық, әлеуметтік және әскери айырым белгі ретінде қолданылған.
Шыңғыс қаған мұрасын жалғастырған кейінгі қазақ қоғамында да бұл мәдени қабат сақталған. Оның айғағы – «Байдалы» есімінің ер адамдар арасында кең таралуы. Қазақ ономастикасында есімдердің салтпен және рәміздік ұғыммен байланыста қойылуы жиі кездеседі. «Байдалы» атауы да сол көне шаш үлгісімен, батырлық бейнемен, жауынгерлік болмыспен сабақтасып жатуы ықтимал.
Ұлы дала өркениетінде шаш үлгілері жай сән емес, әлеуметтік мәртебе мен жас ерекшелігін, кейде жауынгерлік дәрежені білдіретін рәміз болған. Байдалы – сол тарихи кезеңдерден жеткен мәдени таңба. Бұл шаш үлгісі жауынгердің абыройы, ерлігі мен мәртебесінің белгісі саналған. Сондықтан соғыс жағдайында жау кейде жеңілген ердің басын алмай, оның байдалысын кесу арқылы намысына соққы берген. Бұл – физикалық жаза ғана емес, рухани-әлеуметтік қорлау тәсілі.
Осы тарихи негіз қазақ арасындағы мәтелде де көрініс тапқан. Қазір кең тараған «Байтал түгіл бас қайғы» тіркесінің бастапқы нұсқасы – «Байдалы түгілі бас қайғы». Мұндағы «байдалы» ер азаматтың намысы мен ар-абыройының рәмізі ретінде айтылады. Мәтелдің мағынасы: «Байдалыны ойлайтын жағдай жоқ, бас кеткелі тұр». Яғни жанға қауіп төнген сәтте намысқа, мәртебеге қатысты мәселелердің өзі кейінге ысырылып, ең әуелі өмірді сақтау мәселесі алға шығады. Ал «байтал» – ұрғашы жылқы. Бұл сөз мәтелдің бастапқы тарихи-мәдени мағынасына сәйкес келмейді және уақыт өте келе дыбыстық өзгеріске ұшыраған нұсқа. Сондықтан мәтелдің дұрыс айтылуы – «Байдалы түгілі бас қайғы».
Байдалы – тек шаш үлгісі емес, ерлік пен намыстың, әлеуметтік мәртебенің рәмізі. Оның кесілуі – адамның қадір-қасиетіне тиген ауыр соққы ретінде қабылданған. Мәтелдің түпкі мәні де осы тарихи таныммен сабақтас.