Тоңүкөк пен Қорқыт

Фотосурет ЖИ

ТАРИХ
12

Адам табиғаты қызық – білсем, көрсем деген тілектің жоқшысы секілді. Кейде өзіңді қызықтырған бір мәселені шұқшия зерттеп, соның нақты шешілер түйінін табуға мүдделі болып қапылып жүргеніңде, тосыннан, үш ұйықтасаң түсіңе бір кірмейтін соны ойдың әлдеқайдан жолсызбен келіп, күре жолды қиып түскен суыт жүргіншідей сап ете қалатыны бар. Содан кейін ол сенен талақтай жабысып, айырылмайды. Кейде, тіпті, оның сені еліктіріп әкететіні сондай, анау бұрынғы зерттеп жүрген мәселеңді қоя тұрып, енді осының соңына түсесің.

Халқымыздың төл тарихын танып-білуге ден қойып, ескі деректерге үңіліп жүргенде, маған да осындай бір ой тап болды. Жатсам да, тұрсам да есімнен шықпайды. Жазу-сызуы кеш дамыған халқымыздың өткенінен хатталып қағазға түскен жазба айғақ қалмағаннан кейін, ауыздан ауызға көшіп, уақыттың түрлі бояуына малынып, ұлы жобасы ғана бізге жеткен тарихтың шындығын тануда әрбір елеусіз деректің өзін құмнан алтын шайғандай сүзгіден өткізіп, кәдеге жарарын қастерлеп теріп құрамасақ, сом алтын кезігер деп жүре беру сағым қуғанмен пара-пар екенін сезінген сана қоя салуға және ерік бермейді. Жаңағы тарыдай алтынды іздеп, таудай құм қопарған, ащы терді сорғалатқан ауыр бейнеттің еш кетпей, зейнетке айналуына иненің жасуындай септігі тиер пікіріңді негіздер дерек іздейсің.

Халқымыздың талай заманнан бері өзіне рухани мұра етіп келе жатқан ғажайып аңыздарына, мазмұнды ертегілеріне, батырлық жырларына, философиялық мәні зор шешендік сөздеріне бұл күнде түрік тілдес халықтардың біразының ортақтасып, әрқайсысының оны өзінің төл мұрасы санап, еншіленіп жүргені белгілі. Мұның себебін тілдес халықтардың көршілік ауыс-түйістігінен, болмаса адамгершіліктен арна тартатын «жақсыда жаттық жоқтың» иірімінен емес, оны әлгі мұраларды қазіргі таңда еншілесіп жүрген әр түрлі халықтардың түп төркінінің бірлігінен, сол рухани қазына жасалған кезде олардың әлі бөлінбеген тұтастығынан іздеу қажет секілді. Өйткені әлгі халықтардың тек мұраға ғана емес, сонымен бірге сол рухани қазынаны өмірге келтірушіге де ортақтасатындығы, оны өз ортасынан шыққан адам етіп көрсететіні осындай ойға жетелейді.

Мысалы, аңыз кейіпкері Қорқытты алалық. Көне дәуірде оғыз тайпасынан шыққан осы Қорқыт ата – Азиядағы түрік тілдес елдердің біразына ортақ адам. Қорқыт жырлары «Оғыз тайпасының ұлы тілінде жазылған Қорқыт ата кітабы» («Китаб дадам Корқут ғали лисан тайфа оғузан») деген атпен бізге жетті (Қорқыт ата кітабы. – Алматы, 1986. – 3-б.). Бұл кітап жер жүзі түрікологтарына мәлім. Ғалым Ә. Қоңыратбаевтың мәліметі бойынша «ол көрсетпейді. Бірақ өсімдік үшін пайдасы зор, жерде дымқылды көбейтеді... Күн көзі шығып, дүние жүзін жасыл шөп көркейткенде әркім игілікке бөленеді. Бұл баланың үміті сонда, сондықтан осы атты қойдым», – дейді (аталған еңбек. – 56-б.)

Қорқыт Тұманға адал қызмет етеді. «Таңшудың» мәліметі бойынша, Тоңүкөк те өзі уәзірі болған үшінші ханды – Білге қағанды баласындай ерекше жақсы көреді. Өзінің қызы Бопы (қытайша: «Пофу») сұлуды соған қосады. Оған мейлінше адал қызмет етіп, үнемі қасында болады. Тоңүкөк ескерткішіндегі тас жазуда ол «Түрік Білге қаған түрік-сыр халқын, оғыз халқын асырап, мерейін үстем қылып отырар», – деп, оған үлкен сенім артады (Өмірәлие Қ. Аталған еңбек. – 80-б.).

Ал балаға ат қою фактісіне келсек, «Таңшуда» бұл жөнінде ешқандай дерек жоқ. Бірақ бұл балаға атты Тоңүкөк қойды деп толық ойлауға болатын сияқты. Себебі Білге қаған – Тоңүкөк Құтылығпен бірігіп көтеріліс жасап, түріктер Шұғайқұзға кетіп, алдағы күреске дайындыққа кіріскен кезде туған бала. Осы кезде Құтылығтың қасында күні-түні бірге болып, оның барлық ісіне араласып, ақыл-кеңес беріп отырған көтеріліс көсемдерінің бірі – Тоңүкөктің жаңа туған сәбидің атын өзі қоюы әбден мүмкін екендігін жоққа шығара алмасақ керек.

Міне, бұл деректер де Тұман хан мен Білге қағанның, Қорқыт пен Тоңүкөктің аттары әр түрлі болып аталады дегенмен, іс-әрекеттері бір кісі тәріздес. Қытай тарихнамалары мен Орта Азия тарихшыларының жазбаларында бір-бірінің көшірмесіндей дәл қайталанатын бұл деректердің бәрін бірдей кездейсоқтық деуге ауыз бармайды. Мұның сыртында олардың жеке басына берілетін мінездемелерден де бір кісі деуге мүмкіндік беретін ортақтық аңғарылып отырады. Мысалы, Әлкей Марғұланның жазуында Дрезден мен Ватикан кітапханасында сақталған Қорқыт кітабының екі нұсқасында да «Қорқыттың өзі ғажайып ерлігімен халыққа қорған болған, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген адам» делінген (Марғұлан Ә. Аталған еңбек. – 47-б.). Ал «Таңшуда» Таң империясының мәртебелі адамының бірі Пый Гуан-тин «Туньюгу (Тоңүкөк) батыр адам, жасы ұлғайған сайын ақылы асып, тәжірбиесі артып келеді» дейді (Түріктер. Жыужәндар. – Алматы, 1999. – 81-б). Мұны Тоңүкөктің өзінің және Күлтегіннің ескерткіштеріндегі тас жазулар да растайды.

Екеуі де ұзақ жасаған адамдар. Қорқыт ата 95 жылы өмір сүрсе, Қытай тарихнамасының мәліметі бойынша Тоңүкөктің 88-ге келгені белгілі, бірақ қашан, қайда өлгені айтылмаған. Ал сондағы әңгімеленетін оқиғалардың ыңғайына бақсақ, оның бұдан кейін де біраз жыл жасағанын байқауға болады. Демек, оның да 95 жыл өмір сүруі әбден мүмкін.

Тоңүкөктің 646 жылы туғаны белгілі. Ал Қорқыттың туған жылы белгісіз. Бірақ оның қай заманда өмір сүргенін шамалауға мүмкіндік берер деректер бар. Мысалы, Рашид ад-Дин Қорқыттың уәзір болған алғашқы ханы – Иналды «Мұхаммед пайғамбармен тұтас еді», – дейді. Ал Мұхаммед – 570 жылдың шамасында туып, 632 жылы, алпыс үшке қараған шағында өлген адам. Енді бір деректерге А.Н. Самойлович мұрағатында сақталған қолжазба бойынша «Қорқыт – арабтардың Аббас халифасы заманында шыққан кісі. 95 жыл өмір сүрген» делінген.

Аббас – Мұхаммед пайғамбардың немере ағасы, 654 жылы өлген кісі. Міне, осы деректерді өзара салыстыра келгенде Қорқытты нақты жылын дәл атамағанмен, VII ғасырдың орта шеңінде туып, VIII ғасырдың бас кезінде өлді деуге толық негіз бар. Тоңүкөктің де өмір сүрген кезі осы шама екені жоғарыда айтылды.

Бұл арада бар қиындық, менің ойымша, кісі аттарының қытай тарихында бұрмаланып, қытайлық түсінікте берілуінде жатыр. Әйтпесе кімнің кім екенін айыру онша қиындыққа түспес еді. Оның сыртында көне түріктердің хандарының қашан таққа отырып, тарихқа танылғанша төрт-бес есімді иеленетіні де қиындық салмағын ауырлатып, шытырман шиырды одан әрі қоюлата түседі. Жоғарыда есімдері аталған хандардың бірінің де шын төл атын біле алмауымыз содан. Бәрі қызметіне, лауазымына қарай берілген лақап есімдер. Меніңше, Қорқыт деген де оның төл аты емес, кейін берілген лақап есім. Егер Қорқыт пен Тоңүкөктің нақты төл аттары белгілі болса, шындықтың пердесі өз-өзінен ашылар еді-ау деген арманды ой көңілден кетпейді.

Осы арада тарихтан хабардар адамдар ұқсастықтың бәрінің бірдей тарихи шындыққа негіз болмайтынын айтып, жұртқа белгілі тарихи екі тұлғаның – Наполеон мен Гитлер тағдырларының ұқсастығын алға тартуы мүмкін. Атап айтсақ, мысалы, Наполеон да, Гитлер де өкімет басына 44 жасында келеді, екеуі де 52 жасында Россияға шабуыл жасайды, екеуі де 56 жасында соғыста жеңіліс табады. Осыларға қарап, әрине, Наполеон мен Гитлерді бір адам дей алмайтынымыз баршаға аян.

Бірақ ол ұқсастық пен бұл ұқсастықтың арасында елеулі айырмашылық бар. Айталық, әлгі Наполеон мен Гитлердің арасын ғасырдан астам, яғни табаны күректей 120 жыл бөліп жатыр. Мұның сыртында бұл екеуі сөйлер тілі, ұстанған салт-дәстүрі, жалпы тұрмыс-тірлігі бөлек екі халықтың өкілі. Ал Тоңүкөк пен Қорқыт болса бұларға, тіпті, керісінше. Алдымен, олардың өмір сүрген уақыты бір. Сондай-ақ екеуі де түрік халқынан, оның ішінде оғыз тайпасынан шыққан. Мұның сыртында олардың уәзір болған хандарының өзі түрік-сыр тайпасынан (халқынан). Оны қытай тарихы да, Рашид ад-Дин мен Әбілғазы жазбалары да теріске шығармайды.

Бұл арада Қорқыт пен Тоңүкөкті бір адам ба деп түйін жасауға басты кедергі – Қорқыттың Сырдария бойында туып-өскені, сол жерде жерленгені. Бірақ, жасыратыны жоқ, мұның өзі халықтың көне аңыздары берер деректер. Басқа жазба дерек жоқ. Ал аңыздың аты аңыз, оның айтқанының бәрін нақты өмір шындығы деп қабылдай беру қиын. Сондықтан аңыз берген деректі тарих дерегімен салыстырып, шындық шырайын шығару парыз. Осы тұрғыдан зерделегенде Қорқыт атамыздың Сырдария бойында туып-өскеніне күдік туғызуға әбден болатын секілді.

Қолда бар деректердің бәрі бірдей Қорқыттың оғыз тайпасынан шыққанын айтады. Егер Қорқыттың осы оғыз тайпасынан шыққаны рас болса, онда осы оғыз тайпасының Сырдарияның бойына алғаш VIII ғасырдың орта шенінде келгені тарихтан белгілі. Атап айтсақ, «Қазақ ССР тарихының» (1980 ж.) бірінші томында оғыздардың әуелде Моңғолияның теріскейінде, дәлірек айтқанда, теріскей шығысында болғанын, тек кейін Жетісу жеріне келгенін айтады. «Шамамен, – дейді әлгі тарихтың «Оғыздар» атты тарауында. – VIII ғасырдың орта шенінде әуелгі оғыз тобының тайпалары Жетісу өңірінен кете бастайды. Тегінде, бұл Батыс Түрік және Түргеш қағанаттары құлағаннан кейін, тайпалар арасындағы күреске және Жетісуда қарлұқтар федерациясының құрылуына байланысты болса керек. Оғыздардың жылжып көшуі және Сырдарияның орта шенінде тұратын қаңғар-печенег бірлестігімен ұзақ уақыт бойы шайқасулары басталады. Печенегтермен ұзақ уақыт шайқасу тайпалардың оғыз одағының саяси топтасуына себепші болды. Оғыз конфедерациясы кірме элементердің Оңтүстік және Батыс Қазақстанның байырғы тұрғындарымен араласуының нәтижесінде құрылды. Оның құрамына қаңғар-печенегтердің біразы және Сырдария аңғарының, Арал маңының және Каспийдің солтүстік төңірегінің басқа да далалық тайпаларының біразы енді» (Қаз. ССР тарихы. – Алматы, 1980. – 366-б.) десе, Қазақ Совет Энциклопедиясының сегізінші томында бұл деректі одан әрі нақтыландырып: «Жетісу түріктерінің (оғыздардың) бір бөлігі Қаратау бөктері, Сырдарияның төменгі бойына қоныс аударды» деп жазады. Бұл пікірді IX-XIII ғасырлардағы Орта Азия оғыздары мен түрікмендерінің тарихи очеркін жазған С.Г. Ағаджанов та, «Гуздардың қалалары» атты зерттеу мақаласында С.П. Толстов та, түрікмен халқының тарихи очеркін жазған В.В. Бартольд та, «Түрікмендер және оғыздар» атты еңбегінде А.А. Росляков та теріске шығармайды. Демек, оғыздардың VIII ғасырдың орта шенде ғана Сырдария бойына барғаны, ал IX ғасырда олардың саяси бірлестігінің, яғни феодалдық мемлекетінің құрылғаны тарихи шындыққа келеді. Олай болса, VIII ғасырдың орта шенінде бұл жарық дүниеде жоқ Қорқыттың (ол осы ғасырдың басында өлген) оғыздармен бірге Сырдария бойына келуі де, соған орай онда туып-өсуі де шындыққа келмейтін сияқты. Сырдария бойын оғыздар келгенге дейін қаңғарлар мен печенгтердің қалың тайпалары мекендеген.

Осыған байланысты әр көкіректе: «Ау, олай болса, онда, басқаны былай қойғанда, күні кешегіге дейін сақталып келген, жай адамдар ғана емес, ғалымдар көріп, «Қорқыттікі» деп анықтаған, Сырдарияның бойындағы Қорқыттың мазарын қайда жібереміз» деген сауалдың оянары ақиқат.

Бұл сұраққа жауап мұны жеке әңгіме етуді керек етеді. Ал қазір айтқанымыз түсінікті болуы үшін қысқаша былай қайыруға болады. Мұсылман дінін қабылдағанға дейін түріктер Тәңірге табынып, Жер-Суға, ата-баба рухы-аруақтарға сыйынып келген. Сол үшін де олар көктемде, күзде өздері қасиет тұтатын жерге барып, Көк Тәңірге, Жер-анаға, ата-баба аруағына арнап құрбандық шалып отырған. Ондай жерлер көбіне адамзат баласына жалаңаш-жалпы жүрген терімшілік кезіндегі панасы – таудағы үңгірлер болған. «Үңгір – адам баласының ежелгі тұрағы, өсіп-өніп із қалдырған жері. Ондай үңгірлер замандар өткен соң, кейінгі ұрпаққа ата-бабаның ежелгі қонысы, ұйық жері болып саналған. Үңгірді қасиеттеу, үңгірдегі ата-баба сүлдесіне бас ию ежелгі түрік тайпаларының байырғы ісі болған», – дейді Әлкей Марғұлан. Әлекең сондай-ақ бұл дәстүрдің, әсіресе, оғыз-қыпшақтарда ерекше орын алғанын да айтады.

Демек, үңгір – қасиетті орын. Алайда діні бір, дәстүрі бір далалық аймақтағы түріктер құрбандық шалар осындай үңгірлі тауы жоқ болғандықтан, бертін келе-келе көзі тірісінде өздері әулие тұтқан, елге пір болған кісілердің жерленген жеріне, соның мазарының басына барып, құрбандық шалуды әдетке айналдырған. Кейін жаугершілік, шапқыншылықтың жиі болуының салдарынан атамекенінен жиі айырылып, басқа жерге қоныс аударған тайпалар құрбандық шалар кезінде бұрынғы қара жұртқа – киелі орынға жете алмайтын болған соң, сол жаңа барған жерінде баяғы ел таныған, өздері табынған әулиелерге арнап, жаңадан әуелгі кезде бастапқы түріне ұқсатып, кейін оның архитектурасын жетілдіре жаңартып мазар тұрғызып, соның басына құрбандық шалуды әдетке айналдырған. Міне біз білетін Сырдария бойындағы, сондай-ақ әлгі Олеарий жазатын Дербенттегі Қорқыт мазарлары осындай ретпен өмірге келген мазарлар болса керек...

Ашығын айту керек, бұл мазарлар жөнінде дау-талас көп. Соның бәрін жөн дей беру де қиын. Мысалы, академик Әлкей Марғұлан «Ежелгі жыр, аңыздар» деген кітабында: «Дербенттегі Олеарий айтқан Қорқыт моласына мән беруге болмайды. Ұлы Қорқыт ол жерде болмаған», – деп ашық жазады. Мұның сыртында академик В. Бартольд Дербентте Қорқыттың мазары жоқ дегенді айтады дейтін де пікір бар.

Бұл арада екі академиктің пікірлерінде қайшылық бар. Бірі – «бар» дейді, «бірақ оған мән беруге болмайды» дейді. Екіншісі – «Дербентте Қорқыттың мазары жоқ» дейді. Былай қарағанда Ә. Марғұланның айтып отырғаны дұрыс. Расында да Қорқыт ол жерде болмаған. Бірақ ол жерде оғыздардың болғаны шындық. Х-XIII ғасырларда Закавказье мен Кіші Азияға кеткен оғыздардың оңтүстік тобы Азербайжан мен Анатолия түріктерінің халық болып қалыптасуына үлес қосқаны жұрттың бәріне белгілі. Демек, Дербентке барған оғыздардың онда Қорқыт мазарын салып, сонда ата-баба аруағына арнап құрбандық шалуы әбден мүмкін. Біздің айтпағымыз да осы.

Енді В.В. Бартольдтің «Дербентте Қорқыт моласы жоқ» дегеніне келейік. Рас, Бартольд 1908 жылдың 21 июнь күні Дербентке барып, Олеарий айтқан Қорқыт мазарын таба алмағанын «Тағы да Қорқыт туралы хабар» деген мақаласында айтқан болатын. Бірақ оның өзі кейін Қорқыттың мазарын Дербентте басқа қорымнан іздегенін, Олеарийдің замандасы түрік тарихшысы Эвалия Челебидің жазғандары арқылы Дербенттің жанындағы Қорқыттың мазарының қайда екенін білгенін жазады. Мазардың маңдайында «Қорқыт ата зираты. Бұл – ұлы сұлтан. Бұл сұлтанға ширвандықтар табынады» деп арабша жазылған көрінеді. Осының өзі-ақ бұл мазардың кейін, оғыздар мұсылман дінін қабылдағаннан соң салынғанын білдірсе керек.

Міне, осылардың бәрі түрік халықтарының біразы әулие тұтқан Қорқыт атаның мазарының бір жерде емес, әр жерде бар екеніне айғақ. Бір кісіге мұндай бірнеше мазар салу мысалы тарихта көп. Бұған мысал үшін атақты Қобыланды батырдың мазарын алуға болады. И.А. Кастаньенің жазуы бойынша белгілі болған оның бір мазары Орал облысының Илецк – Защита темір жолының бойында, Қобыланды стансасына таяу жерде үйінді болып жатыр. Екінші бір мазары Орталық Қазақстандағы Сарысу өзенінің бойында. Тастан қиюластырып қалап тұрғызылған бұл мазарды Шоқан Уәлихановтың өз көзімен көргені жөнінде жазғаны оның еңбегінен мәлім. Үшінші мазар – Ақтөбе облысындағы Қобда өзенінің жағасында. Ал Әуелбек Қоңыратбаев «Қазақтар Қобыландының қыстауын Ұлытауда, моласын Сағыз өзенінің бойында дейді», – деп жазады. Төртіншісі осыдан он шақты жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған оқушы хатындағы хабардан белгілі. Онда Қобыланды Астрахань облысы жерінде жерленген, бейіт басындағы құлпытаста арабша «Бұл жерге Қобыланды мен Құртқа жерленген» деген жазуы барлығы айтылған.

Тап осындай жайды қырғыз халқының атақты батыры Манастың мазары жайында да айтуға болар еді. Қырғызстандағы Талас өзенінің бойындағы «Манас батырдың күмбезі» деп аталатын мазарда Әбу-кәмірдің қызы Кәнизак-қатынның жатқанын қазір археологтар анықтап отыр.

Демек, Қорқыттың мазары Сырдария бойында екен деп оны сонда туғызудың шындыққа кепілдік бере алмасын ескерген жөн. Бұл Қорқыт атаның аңыз кейіпкеріне айналуына орай туған қиял жемісі болса керек. Ал шындығында қолда бар кейбір деректердің пайымдауы Қорқыт атаны қарт Алтайдың қойнауында туып-өскен дегенге қарай мезгейді. Мысалы, философ ақын Шәкәрім өзінің «Қорқыт сарыны» деген өлеңінде «Ашулы, зарлы сарынмен, Қорқыт түбі түрік, қалмақ» деп, оның шығу тегін сонау ескі тарих тереңіне жіберсе, ақиық ақын Мағжан Жұмабаев өзінің «Қорқыт» поэмасында Қорқыттың қайда туып, қайда өскенін анықтар бағыт сілтейді.

Алтайдың Қорқыт кезді алаптарын,
Ешкімге ұқтыра алмай жанның зарын.
Ата-ана, дос-туысқан бәрін тастап,
Талақ қып қара көзді қарақтарын...

Ауасы уланбаған өлімменен,
Сөз де жоқ өлу түгіл «өлем» деген.
«Адамзат таппаса егер ажалға айла,
Не қылмақ пайдасы жоқ білімменен?!», –

Деп ойлап, қайырылмай ешбір затқа,
Ажалдан қашып шығып құтылмаққа,
Айырылып Алтайынан кетті Қорқыт,
Өлімнен аман-есен жер таппаққа...

(Жұмабаев М. Шығармалары. – Алматы, 1989. – 223-224-бб.)

Осынау жыр шумақтарындағы Қорқыт жөніндегі деректі ойды өз заманының білімпазы, түрікшіл ақын М. Жұмабаевтың белгілі бір аңызға, болмаса өзінен бұрын жазылған, бізге белгісіз әлдебір шығармаға сүйеніп барып айтқаны даусыз. Бірақ ол қандай аңыз, қандай шығарма? Ол жағы бізге жұмбақ. Қалай болғанда да, осы жырда өмірлік шындық бар.

Осындағы «Айырылып Алтайынан кетті Қорқыт, өлімнен аман-есен жер таппаққа» деген жолдарға мән беріп, зерделеп көрсек, осында Қорқыттың Алтайдан тек қартайған шағында ғана, «ажалдан қашып құтылмаққа» кеткендігі анық-ақ аңғарылып тұр. Өйткені уақыт озып, заман өзгергенмен, адамдыққа тән жағдаяттар өз болмысын сақтары хақ. Қай заманда да адам жас кезінде өлімді ойлап қайғырмаған. Күнді күнге, түнді түнге ұрып, «мынаны істеймін, анаған жетемін» деп, әркім өз дәрежесінде арпалысты ғұмыр кешкен. Бұл – тіршілік заңдылығы. «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деп Абай айтқандай, адам қартайып, кәдеден қалып, қадіріңді білетін жан азайып, орның оттың басы, ошақтың қасы болып қалған кезде ғана ойлаған өлімді. Осыдан келіп, Қорқыттың ажалдан қашып, Алтайынан кетіп, өлмейтұғын жер іздеген кезі де сол қартайған шағы болуға тиіс дей аламыз. Осы тұрғыдан салыстырып қарасақ, бұл қытай жылнамасынан мәлім Тоңүкөктің «күйеу баласы Білге қаған өліп, бар мағыналы өмірін сарп етіп, өзі құрысқан қағанаты құлауға айналып, таққа таласып, бірін-бірі қырып жатқан кейінгі қаған тұқымдарынан түңіліп», қартайып, қайғы ойлаған кезін еске салады. Түрік қағанаты құлап, түрік халықтарының елдіктен қалып, ханзадалардың айтағымен бір-бірін аяусыз қырып жатқанын көрген, қарсы тұрып, қайрат көрсетуге бұрынғыдай шамасы жоқ, әбден қартайған Тоңүкөктің бәрінен безіп, желмаясын мініп, қобызын өңгеріп, сәуегейлік құрып, ел аралап кетуі әбден мүмкін-ау! Оның Қорқыт аталатын тұсы да, меніңше, осы кез болуы керек.

Тірліктен түңілген адамның төндіре айтып, қорқыта сөйлеуі де заңды психология. Оның үстіне Тоңүкөк қасы қалың, көзі үлкен, сұсты кісі болған. Билікке араласып жүргенде одан қатардағы адамдар түгілі қағандардың өзі қатты қаймыққан. «Таңшуда» «оны халық сыйлайтын әрі одан қорқатын» деген дерегі де соны аңғартады (Аталған еңбек. – 79-б.). Оның көзінің үлкен, үкі көздігі «Тоң» деген атына көне түрікше «үкі» дегенді білдіретін «үкөк» сөзінің тіркелуіне себепші болған сияқты. Ватикан мұрағатындағы деректе: «Қорқыт ата оғыз қауымының мүшкіл хәлін сөйлер еді» деген жолдар бар. Бұл Тоңүкөк бастан кешірген қилы замандағы ауыр жағдайды мезгейді. Оғыз тайпасының мүшкіл хал кешіп, босқынға ұшыраған кезі – сол Екінші Түрік қағанаты құлағаннан кейінгі кезі. Олар Сырдария бойына жеткеннен кейін «Қорқыт ата оғыз қауымының мүшкіл халін сөйлер еді» дейтіндей мүшкіл халге келген жоқ. Шығыстан жылжыған оғыздардың өз тарихында ең дәуірлеп көркейген жеке мемлекет болған кезі осы Сырдарияға келген соң басталады.

Содан кейін қадай айтар тағы бір тарихи шындық, Қорқыт өмір сүрген кезде жеке оғыз хандығы болған жоқ. Сондықтан ол уәзірі болатындай үш ханды ол кезде (VII ғасырдың аяғы, VIII ғасырдың басы) оғыздарда бар еді деу де шындыққа келмейтін сияқты. Өйткені оғыздардың жеке хандығы, жоғарыда айтқандай, IX ғасырда ғана Сыр бойында құрылды. Орталығы – Жанкент қаласы болды. Оған дейін оғыздар Түрік қағанатының, ал одан бұрын теле тайпалар бірлестігінің құрамында жүрді. Ал Екінші Шығыс Түрік қағанатының сол кездегі алғашқы үш қағанының уәзірі басқа емес, Тоңүкөк қана. Бұл ғылымда дәлелденген шындық. Демек, көне түріктердің (оғыздардың) үш ханына уәзір болған Қорқыттың прототипі тарихқа белгілі Тоңүкөк деуге негіз болар бұл да бір дәлел секілді.

Осындай ойдан ойға жетелейтін ұқсастықтардан кейін қазақ аңызындағы Қорқыт пен қытай тарихындағы Тоңүкөк екеуі бір адам ба деймін де тұрамын. 734 жылы Білге қаған өліп, қағанатта тақ таласы басталғанда 88 жасқа келген Тоңүкөк түрік-қыпшақтардан, яғни көк түріктерден туған тайпасы – оғыздардың ортасына кетіп, сонда қобызын шалып, ел қорғаған ерлердің ерлігін ұрпағына үлгі етіп, нақыл сөздерін айтып, елді бірлікке, ынтымаққа шақырып жүруі әбден мүмкін. «Қорқыт ата» кітабында баяндалған оқиғалардың соңында «Қорқыт ата да осында болып, өзінің өсиет сөзін айтқан екен» деп, түйінделіп отыратыны да осыны құптайды. Сонымен бірге ежелгі оқиғаларды кезінде оғыздар ортасына келген Қорқыт атаның айтқандығын, ал кейінгі ұрпақ соны еске сақтап келіп, жазу-сызуға қолы жеткен кезде қағазға түсіргенін дәлелдейді. Кітаптың «Қорқыт ата кітабы» аталуында да осы біздің пайымдауымызды айғақтар шындық жатыр.

Сөз соңында басын аша кетер бір мәселе – қазақ аңыздарында Қорқыттың ел қорғаған батыр емес, асқан күйші, қобызшы, жырау екендігі. Қазақ халқы, мысалы, оны бәрінен бұрын осы жағынан жақсы біледі. Қобызшылар күні бүгінге дейін сол кісінің атымен аталатын күйді сахнада тамылжытып орындап жүр. Ал мұндай қасиеттердің Тоңүкөкте болғаны жөнінде ешқандай дерек жоқ. Бірақ бұған жауапты да, меніңше, жаңағы «Қорқыт ата кітабынан» табуға болатын секілді. Осындағы Қорқыт ата мадақтаған батырлардың бәрі қобыз шалып, күй тартады. Ғалымдар мұны ертеде, яғни Қорқыт ата заманында «Қобыз культі» болған дегенмен түсіндіреді. Демек, бүкіл елге тән бұл құбылыстан сол заманның перзенті, оғыздан шыққан ерекше дарын иесі Тоңүкөкті де тыс қалдыра алмасақ керек. Тоңүкөк те қобыз шалған.

Тоңүкөк ескерткішіндегі тас жазуда оның авторының да, яғни Тоңүкөктің де Қорқыт ата сияқты сөзді кестелеп төккен кемел адам екенін дәлелдер сөз тіркестері көп. Оның елді бірлікке шақырып, халықты жауына қарсы көтере білген шешен, өнерлі жан екеніне айғақ болар деректер қытай тарихнамаларында да баршылық.

Сондай-ақ халық аңыздарына ден қойсаңыз, қобыз шалып, күй тартқан бала Қорқыт, не жігіт Қорқыт жөнінде ешқандай әңгіме жоқ. Қобыз үні тек ол қартайып, өлімге қарсы күреске шыққанда ғана естіледі. Менің түсінігімде бұл да біраз жайға куәлік беретін тәрізді.

Жалпы, бір ғажабы, Қорқыттың тарихта болған адам екеніне академик Әлкей Марғұланнан бастап біраз ғалымдар ешқандай күдік келтірмейді. Бірақ, солай дей тұрғанымен, айтқандарына қалтқысыз сендірер нақты тарихи дәлелдері де жоқ. Егер ғалымдарымыз бұл мәселені жан-жақты зерттеп, біз айтқан және айта алмаған жайларды бұлтартпас дәлелдермен шегендеп берсе, осы күнге дейін дүдәмал болып, талай айтысқа тамызық болған жайлардың басы ашылар еді. Ең алдымен, Қорқыт атамыз аңыз кейіпкерінен шығып, нақты тарихи тұлғаға айналар еді. Сонда түрік-қыпшақтар заманының, яғни Екінші Шығыс Түрік қағанаты дәуірінің тарихы да бұрынғыдан нақтылана, толыға түсері сөзсіз. Сол секілді Қорқыт ата қай халықтың перзенті деген таласты сұрақтың да жауабы өз-өзінен берілері тағы аян. Демек, бұл ат үсті сөз арасында емес, түбегейлі зерттеу арқылы ақиқаты ашылуға тиісті маңызды мәселе. Бұл тарих үшін де, бүгінгі біз үшін де керек.

Қойшығара Салғараұлы
«Ұлы дала» кітабынан
author

Қойшығара Салғарғараұлы

ҒАЛЫМ

ЖАҢАЛЫҚТАР

Елорда коммуналдық қызметі қыс мезгілінен кейін қаланы ауқымды санитарлық тазалау жұмысын жүргізіп ж...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Наурыздағы ҰБТ-дан 117 мың талапкердің тек 67,11%-ы ғана шекті балл жинады, деп хабарлайды MadeniPor...