Корольді жазалау

ТАРИХ
4270

Еуропа тарихындағы айтарлықтай оқиғаның бірі, 1648 жылы Кромвелге қарсы азамат соғысында жеңіліс тапқан ел королі Карл 1 Стюартты айыптаған, Лондонда өткен сот процесі болды. Бұған дейін Еуропа елдерінің тәжірибесінде мұндай аса жоғары дәрежедегі адам сотталып көрмеген еді. Сондықтан тергеу амалдарын жүргізетін және соттайтын арнайы коллегия құрылды. Олардың жасаған айыптау актісінде 1 Карлдің бүкіл күнәсі тайға таңба басқандай бадырайта көрсетілді. 

Корольдің бар билікті өз қолына күштеп алып, оны шектен тыс асыра пайдаланғаны басты күнәсі деп табылды. 

"Бұл Карл Стюарт, Англия жұрты мойындаған король бола тұра, сонысына лайық билік ала тұра, халықтың игілігі мен пайдасына қызмет етіп, олардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаушы кепілі болып, басқаша емес, тек ел заңдарына, өзіне артқан сенімге, берген антына, қызметтік міндетіне  сүйенудің орнына арамзалық жолға түсті; күштеп шексіз билікке қол жеткізіп, тирандық жүйе орнатты...» 

Сондай-ақ, оған лауазымына сәйкес заңдардың сақталуына жауап беретін адамдарды сатып алып, азғындық жолға түсірді деген де айып тағылды. 

"…ұлт қауіпсіздігінің қамқоры болады деп Парламент сенім білдірген және тағайындаған талайды оның тікелей өзі немесе итаршы адамдары әртүрлі қитұрқымен алдап, қорқытып, адал жолдан тайдырды...» 

Елде сауда-саттықтың дамуын тежеген азамат соғысының туындауы Корольдің ең кесірлі кесапаты делінді.

"…ерікті ұлтымыздың өлшеусіз көп нахақ қаны төгілді, мыңдаған отбасы жазықсыз зардап шекті, қоғамдық қазына талан-таражға түсті, сауда-саттық жүрмей қалды...» 

Елдегі қарулы қақтығыс халықтың мүддесіне қарсы ойранды оқиға болды деп көрсетті, корольді айыптаушылар. 

"Оның арам пиғылды әрекеттері, ашқан соғысы, қоғамдық мүддені былай ысырып қойып, жеке басының пайдасы мен билігін күшейтуге, отбасы мен туысқандарын байыта түсуге бағытталды...» 

Сот 1 Карлды өлім жазасына кесті. Үкім 1649 жылдың 30 қаңтары күні орындалды. Карл небәрі 48 жаста еді.

Қазақшалаған Өтен Ахмет

ЖАҢАЛЫҚТАР

Астана маңында екі жастағы баланы көлік қағып кетті, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ. Оқиға Қос...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарағанды облысында бес қабатты тұрғын үйдің шатыры 11 жастағы қыздың үстіне құлап, ол жарақатпен ау...