Таңбалы тарих жаршысы

Фотосурет автордан

ТАРИХ
44

Әр адамның өмірбаяны болатын секілді, әрбір елдің де өз ғұмырбаяны бар. Әл-Фараби айтқандай, «өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес». Ал бүгінгі елордамыздың іргесі саналатын Бозоқ қалашығының тарихы – терең де тылсым тарих.

1998 жылы байтақ қалашықты белгілі ғалым Кемел Ақышев ашқаннан соң, белсенді қазба жұмыстары басталып кеткен еді. 2003 жылдың ақпанында маңызды нәтижеге қол жеткізген ғалым ашық аспан астындағы музей құру  идеясын ұсынып, маңызды жоба мемлекеттік деңгейде қолдау тапты. Өкінішке қарай, сол жылы археолог ғалымның өзі мезгілсіз өмірден өткен болатын. 2004 жылы археологтардың халықаралық форумында және кейінгі зерттеулер барысында қалашықтың негізі VII–VIII ғасырларда қаланғаны дәлелденді. Ғалымдар ескерткіштің тұтас бейнесін жасап, Бозоқты Қазақстан тарихының төрт іргелі дәуірімен – Түрік қағанаты, Қыпшақ кезеңі, Алтын орда және Қазақ хандығымен байланыстыра қарастыруға мүмкіндік алды. Бұл деректер елордамыздың мың жылдан астам тарихы бар екенін айғақтап, бас қаланың тамыры әріге созылды. Форумнан кейін Есіл археологиялық экспедициясына және Бозоқ қалашығын одан әрі зерттеуге Кемел Ақышевтің жұбайы – тарих ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің археология және этнология кафедрасының доценті, К.А. Ақышев атындағы Археология ғылыми-зерттеу институтының директоры Марал Қалымжанқызы Хабдулина жетекшілік етті.

Сонымен, Марал Қалымжанқызы туралы аздап атап өтсек. Ғалым 1951 жылы Солтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Жамбыл ауданы) Преснов ауданы Архангелка ауылында дүниеге келген. Марал Қалымжанқызы бала кезінен тарих пен өлкетануға қызығушылығы барын танытады. Мектеп жылдары гуманитарлық ғылымдарға жақын болып, қағаз бен қаламды жанына серік етеді. Мектеп бітірген соң тарих факультетіне оқуға түсіп, тарих пен археология бойынша терең білім алуды жалғастырады. Сол кездің өзінде-ақ археологиялық экспедицияларға қатысып, болашақ мамандық жолын таңдауда шешуші қадам жасайды.

1979–1981 жылдары КСРО Ғылым академиясы Археология институтының аспирантурасында оқып, дала мәдениетінің археологиясы мен далалық зерттеулер әдістемесі бойынша маманданады. Қазақстанға оралған соң, 1982–1992 жылдары Петропавл мемлекеттік педагогикалық институтының тарих кафедрасында сабақ беріп, шәкірттер даярлайды. 1992 жылы «Ерте темір дәуіріндегі Солтүстік Қазақстан» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, әртүрлі экспедицияларда белсенді жұмысын жалғастырады. 1980 жылдардың соңынан бастап Марал Қалымжанқызы далалық зерттеулер бағытын жүйелі түрде дамытып, материалдарды камералдық өңдеу әдістерін жетілдіреді. Ал 1990 жылдардың басынан Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ мен К.А. Ақышев атындағы Археология ғылыми-зерттеу институтының базасында жас мамандарды даярлауға белсене кіріскен болатын.

Бірегей ғалым Сарыарқаның қола және ерте темір дәуірі, сондай-ақ Орталық Қазақстанның ортағасырлық археологиясына қызығушылық танытып, осы сала жөнінде құнды зерттеу мақалалар жазды. Ол – 243-тен астам ғылыми мақалалар мен 7 монографияның және ондаған ғылыми-тәжірибелік жобалардың авторы. Бұл көрсеткіштің өзі-ақ, ғалымның табысты жұмысының бір дәлелі болса керек.

Ғалымның өміріндегі, ғылыми жолындағы үлкен бетбұрысты сәт – Кемел Ақышевпен кездесуі еді. Бір-бірінің ақылына, талантына сүйсінген екі тұлға әріптес әрі өмірлік серікке айналды. К.А. Ақышевпен бірлескен жұмыс пен экспедициялар Марал Қалымжанқызына мол тәжірибе мен мықты ғылыми негіз берді.

Кемел Ақышев дүниеден өткен соң, өзі тапқан Бозоқ қалашығын жүйелі түрде зерттеуді жалғастыру және оны сақтау тұжырымдамасын әзірлеу қажеттілігі туды. Жарынан айрылудың тақсіретіне қарамастан, Марал ханым үлкен тәуекелге бел буып, үлкен экспедицияларды басқарып, қордаланған жұмыстарға кірісіп кетеді. Жолдасының мұрасын ұмыт қалдырмау үшін 2004 жылдан бастап, он жылдан астам уақыт бойы Есіл археологиялық экспедициясына өзі жетекшілік етті. Ауқымды зерттеулердің нәтижесінде Бозоқ қалашығы бойынша 50-ден астам еңбек жарық көріп, жүйелі жұмыстар қолға алынды. Ғалымның басшылығымен қалашықты ашық аспан астындағы археологиялық парк ретінде музейлендірудің алғашқы тұжырымдамасы жасалды.

Бүгінде Марал Қалымжанқызы Сарыарқаның қалалық мәдениеттерін зерттеудегі жетекші ғалымдардың бірі, өмірін Орталық Қазақстанның көне тарихын зерделеуге арнаған бірегей ғалым. Оның ғылыми өмірбаянында Бозоқ қалашығы ерекше орын алатыны даусыз. Қазіргі Астана аумағындағы Сарыарқаның ортағасырлық қалалық мәдениетінің орталығы болған Бозоқ тарихы ­– елордамыздың тереңде жатқан өткенін айғақтайды. Көне қалашықты зерттеу барысында  Бозоқтың төрт негізгі даму кезеңі туралы теория жасап, қазіргі ел астанасының орны екжелгі Сарыарқаның сауда, мәдениет және саясат орталығы болғанын көрсетті. Білімі мен педагогикалық шеберлігінің арқасында Марал Қалымжанқызы қазіргі археологтардың тұтас буынын тәрбиелеп, Кемел Ақышев негізін қалаған ғылыми мектепті дамытуды жалғастырып келеді.

Бүгінде Марал Қалымжанқызы ғалым әрі педагог ретінде магистранттар мен студенттерді тәрбиелеуде. Л.Н Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ғылыми мектебін қалыптастырып, шәкірттерін терең дайындықтан өткізіп, археологиялық зерттеулердің әдістемесін, далалық жұмыстар мен экспедициялық тұрмысты ұйымдастыру тәсілдерін үйретіп келеді. Нәтижесінде университеттен жүйелі білім алған мамандар дербес ғылыми зерттеулер мен қазба жұмыстарына жетекшілік ете алатын мамандарға айналып отыр.

Іргелі ғалымның қызығушылығының негізгі бағыты Еуразия көшпелілерінің археологиясы, дала өркениетінің қалыптасуы мен дамуының теориялық мәселелерін зерттеу. Бұл жұмыс – дала өркениетін теориялық-әдіснамалық тұрғыдан негіздеумен, ежелгі және ортағасырлық қауымдастықтардың мәдени генезисі мәселелерін зерттеумен, қалалық мәдениеттің қалыптасу фактілерін анықтаумен тікелей байланысты. 

Қорыта айтқанда, қоғамда өзіндік батыл ойларымен, ұшқыр ғалымдық еңбектерімен, соңынан шәкірт ерткен ұстаздық парасатымен дараланып жүрген бірегей ғалымның өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі. «Ғалымның хаты өлмейді» дегендей, ұлт үшін атқарған ұлағатты істерімен Марал Қалымжанқызының есімі ел жадында сақталары талассыз ақиқат.

 

                                                                                          Батырхан Бөріханұлы,

Сәуле Бөкейханқызы

 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Ақмола облысының Макинск қаласында Mercedes-Benz автокөлігі 8 жастағы қызды қағып кетті. Бала алған...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  білім беру ісінің үздігі, профессор,  әнші-композ...