Ұлы Жібек жолы тек сауда жолы ғана емес, ол – мәдениет керуендерінің ұлы жолы. Жібек жолы арқы...
Ақтөбе тарихы – тастарға таңбаланған
Ақтөбеде «Еуразия тарихы мен мәдениеті аясындағы Арал-Каспий аймағы» атты ІІІ халықаралық ғылыми конференция өтті. Оған осы тақырыпты зерттеп жүрген білікті мамандар мен шетелдік сарапшылар қатысты.
Доңызтаудан табылған ғибадатхана
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Әжіғали далалық Еуразиядағы қазақ халқының этномәдени дәстүрлерінің қалыптасуы туралы баяндама жасады. Арал-Каспий аймағында пассионарлық мәдениет, биік әскери рух ежелден қалыптасқаны Иран мен Тұранның арақатынасынан, шиеленісінен көрінді. Қазақстан аумағы қола дәуірінен бастап үндіеуропалықтар мен алтай, латын тілдестердің көші-қон жолына айналды. Арал-Каспий аймағының жазық даласында көшпелі мал шаруашылығы біздің заманымызға дейінгі ІІІ мыңжылдықтың соңы мен ІІ мыңжылдықта үлкен рөл атқарғанын айта келіп, археолог ғалым қазақ халқының этномәдени кодының қалыптасу жолдарын баяндады.
Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлы тас ғасыры, ғұн кезеңі, Алтын Орда, оғыздар дәуіріне қатысты Ақтөбе облысындағы зерттеу бағыттарын баяндады. Ол ескерткіштерді түгендеуді тас ғасырының жәдігерлерінен бастау керек дейді. Ұлы даладағы үлкен өркениеттердің араласуына куә болған Ақтөбе топырағы көші-қон жолына айналып, мәдени байланыстардың ізі қалса да, толыққанды зерттелмеген. Осы өлкеге алғашқы адамдар ерте палеолит кезеңінде, біздің заманымызға дейінгі 500-350 мың жыл бұрын қоныстана бастаған. Оған дәлел – Мәртөк ауданындағы Жамансу деген жерден табылған бейнелі тастары бар ғибадатхана. Бұл – тас ғасырының ескерткіші. Ал Жем өзені бастау алатын Төлеубұлақ үңгірінде ежелгі адамдардың петроглифтері сақталған. Бұл жерде тас ғасырының ғана емес, одан кейінгі кезең адамдарының қолтаңбасы да тасқа басулы тұр. Қазақстан аумағынан қола дәуіріндегі екі тау-кен орталығы анықталды. Бірі Орталық Қазақстанда болса, екіншісі – Ақтөбе облысындағы Мұғалжар тауынан табылған сегіз кеніш. Бұл жерде 13,5 тонна мыс өндіріп, байытқан қола дәуірі металлургтерінің Таранғұл деген қонысы табылды. «Металл балқытушылардың қонысын табу кез келген археологтің қолынан келмейді. Екі жылға жуық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде осы жерден металл балқытқан пеш шықты. Бұл – өте маңыздық жаңалық», деді Ақан Оңғарұлы.
Ерте темір дәуірінің ескерткіші – осыдан үш жыл бұрын Темір ауданының Тасқопа қорғанынан табылған алтын адам. Екі жыл бұрын обадан шыққан көсемнің сауыты, бес қаруы, әшекей заттары қалпына келтіріліп, облыстық тарихи-өлкетану музейінде арнайы зал жасақталды. Солтүстік Үстірт бойындағы Доңызтаудан табылған сармат ғибадатханасы – күмбезді ескерткіш. Жалпы, осы кезге дейін Аралдың солтүстігі, Каспий бойынан 300-ден аса ғибадатхана анықталды. Әр ғибадатхана жанында 5-тен 30-ға дейін тас мүсін болды. Ғалым Қазақстан тарихындағы ақтаңдақ беттердің бірі – ғұндар кезеңіне тоқталды. Осы кезге дейін ғұн кезеңі жүйелі түрде зерттелмей, тек археологтер тапқан кездейсоқ олжалармен шектелді. Мемлекет басшысы тарихшыларымызға ғұн кезеңін зерттеуге тапсырма берген соң қозғалыс басталды. Айта кету керек, Ақтөбе облысының археологтері әр жылдары 500-ден аса ғұн заманының ескерткішін тапқан. Ғұндардың обалары Ойыл, Қобда өзендерінің бойында сақталған. Ақан Оңғарұлы 2023 жылы Ақтөбеде Еуразиядағы ғұндар мәселесіне арналған ғылыми конференция өткізуді ұсынды. Солтүстік Үстірт бойынан оғыз тайпаларының Жезді деген қаласы табылды. Бұл – ерте орта ғасыр ескерткіші. Сонымен қатар Алтын Орда кезеңінің Ақтөбе жеріндегі қоныс, қала орындарын іздестіру кезек күттірмейтін мәселе. Алтын Орда дәуірінің қайталанбас туындысы – Қобда ауданындағы Абат Байтақ кесенесі мен оның жанындағы қорымдар. 1995 және 2006 жылдары Орқаш және Бұлақ өзені бойындағы қорымнан ер және әйел обалары, әшекей заттарымен бірге табылды. Осы дүниелер облыстық музейдің қорында сақтаулы тұр. Қорымнан табылған дүниелердің негізінде дәулетті көсемдердің бейнесін қалпына келтіруге болады.
Тоналмаған оба қалмады
Кейінгі төрт-бес жылдықта Ақтөбе облысынан бұрын зерттелмеген әр дәуірдің 114 ескерткіші табылды. Алайда елімізде ежелгі адамдардың аманатын сақтау өте өзекті мәселеге айналған. Археологтер бір обаны зерттеп жатса, ашылған он ескерткіш тоналып жатады. Ақтөбе облысының аумағында қорғауды қажет ететін 800 жергілікті маңызды ескерткіш бар. Биыл жергілікті бюджеттің қаржысымен Мәртөк пен Қобда аудандарының аумағындағы мұраларға мониторинг жүргізіледі. Бір сөзбен айтқанда, бұрын қазылған обалар, табылған ескі қоныс орындары, қорғандар қандай күйде дегенге жауап іздейді. Отандық ғалымдарға жаппай оба қазуды доғару керек деген де ұсыныс айтылып жүр. Әр ауылдың жанынан табылған ескерткіштің төлқұжатын жасап, оны ауылдық округ әкімінің қолына ұстату керек. Сонда ғана жауапкершілік болады.
Тарих ғылымдырының докторы, ҰҒА академигі Жәкен Таймағамбетов Ақтөбе облысындағы палеолит кезеңін зерттеу бойынша Қазақстан-Ресей археологиялық экспедициясының қорытындысын жариялады.
«Ертеректе адамның шығу тегіне байланысты екі болжам болды. Бірі алғашқы адамдар Қытайда, екіншілері Африка құрлығында пайда болды десе, қазіргі уақытта Африка нұсқасы ғана қалды. Оған дәлел – жасы 4 миллион жылдан асатын ескерткіштің табылуы.
Африкадан басталып Таяу Шығыс арқылы алғашқы адамдардың көші-қон жолы Гималай тауларынан кедергісіз өтумен аяқталды. Олардың бір қауымы Қазақстан аумағына да аялдаған. Археолог Халел Алпысбаев тапқан Қаратаудағы Бөріқазған, Тәңірқазған деген тұрақтар сол бірінші миграциядан қалған қоныстар еді.
Бұрын ғалымдар Homo sapiens 40 мың жыл бұрын неандерталдықтан шықты деп дәлелдесе, қазір осы болжам ақиқат емес. Homo sapiens неандерталдықтан шықпаған, керісінше 100 мың жыл бұрын олар қатар өмір сүргені соңғы генетикалық талдамалар негізінде анықталып жатыр. Алғашқы көш жолы Гималайдың асуларынан еш кедергісіз өтсе, келесі көшке мұндай мүмкіндік қалмады. Таяу Шығыстан келген адамдар тектоникалық қозғалыстардың кесірінен жабылған Гималай асуларынан өте алмай, одан шығатын жол іздеген. Мен ресейлік академик Анатолий Деревянконың экспедициясына қатыстым. Алтай тауларындағы Денисов үңгірінен жасөспірім қыздың саусақ қалдығы табылғаны белгілі. 2018 жылы швед генетик ғалымдарының геномдық зерттеу нәтижелері осы қыздың анасы неандерталдық, ал әкесі Homo sapiens екенін анықтады. Бұл Homo sapiens неандертал адамнан кейін пайда болды деген теорияны жоққа шығарады», деді палеолит кезеңінің маманы.
Қазақстаннан тас ғасыры адамдарының сүйек қалдықтары табылған жоқ. Қазір еліміздегі палеолит кезеңін қазақ-жапон, қазақ-ресей, қазақ-неміс ғалымдарының қатысуымен үш комиссия, он бір мемлекеттің ғалымдары зерттеу үстінде. Осы ғалымдар соңғы төрт жыл ішінде еліміздегі 80 үңгірді зерттеп шыққан. Нәтижесінде, еліміздің батыс, орталық, шығыс, оңтүстігінен 700-800 мың жыл бұрын өмір сүрген ежелгі адамдардың тұрақтарын тапты. Мәселен, Түркістан облысындағы Түктібұлақ үңгірінен 48 мың жыл бұрынғы адамның қонысы табылды.
Қазақстанда палеолит кезеңін алғаш зерттеушілер Халел Алпысбаев пен Алан Медоев өмірден ертерек өтіп кеткен соң осы кезеңді зерттеу саябырсып қалған еді. Қазір қазақстандық он ғалым палеолитті зерттеп, тиянақты зерттеулер жүргізіп жатыр. Ашығын айту керек, осы кезге дейін Ақтөбе облысында палеолит кезеңі зерттелген жоқ. Кеңес заманында да осы өлке археологтер назарынан тыс қалды. Содан болар, Ақтөбе облысында палеолит кезеңінің ескерткіштері жоқ, неолит ескерткіштері бар деген түсінік қалыптасқан. Археолог Жәкен Таймағамбетов бұл өте қате пікір дей отырып, жалған болжамның қалыптасуына неолит кезеңі тарихшыларының сақталған мұраны тани алмауынан деп түсіндірді.
1998-2000 жылдары қазақ-ресей ғылыми экспедициясы Ақтөбе облысындағы палеолит кезеңін тұңғыш рет зерттеп, бір жылдың ішінде Мұғалжар тауларынан алғашқы адамдардың алпыстан аса тұрағын тапқан. Төлеубұлақ үңгірі – сол кезде табылған ірі олжа. Құм арасында қорғаусыз жатқан Төлеубұлақтың тастағы таңбаларын бүлдіретіндер шыққан. Осы жерді ашық аспан астындағы музейге айналдырып, ерекше қорғалатын ескерткіштер тізіміне тезірек енгізу қажет. Алғашқы адамдар өмір сүрген уақытта Мұғалжар қазіргідей шөккен қырат емес, биік тау болған. Тасты-қыратты, кварцты сусымалы құмдар баурайы адамдардың тіршілік етуіне қолайлы орта қалыптастырған. Бұл жер ежелгі адамдардың көші-қон жолы болса да, қазіргі кезде қоныстары түгел сақталмаған. Қатал ауа райы, күшті жел, ауа температурасының күрт құбылуынан тастар мүжіліп, тозып, ұнтақталған.
Шағатай, араб жазуындағы ескерткіштерді оқитын мамандар аз
Ыстанбұл қаласындағы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Ислам тарихы, өнері және мәдениеті жөніндегі зерттеу орталығының қызметкері Әшірбек Муминов қазақстандық ЖОО-да шағатай және ескі араб жазуы ескерткіштерін оқитын мамандар даярлау керек деген ұсыныс тастады. Оның айтуынша, Арал-Каспий аймағын 1970-жылдардан бері зерттеп келген Серік Әжіғалидің арқасында мыңдаған ескерткіш тізімге еніп, соның нәтижесінде Қазақстанның батыстағы төрт облысынан 50 мың ескерткіш табылды.
Исламтанушы ғалымдар Маңғыстаудағы Шақпақ ата, Сейсем ата қорымдарындағы құлпытастардағы графикалық жазбаларды, Жайық өзені бойындағы Мәулімберді қорымындағы жазуды оқыды. Мәулімберді қорымындағы құлыптаста медресе оқытушыларының аты-жөндері, өмір сүрген жылдары жазылған. Соған қарағанда бұл Ноғай ұлысы кезіндегі Сарайшық қаласындағы медреселердің бірі болуы мүмкін. Айта кету керек, Ақтөбе облысы Темір ауданында да Мәулімберді батырдың кесенесінің орны 1970 жылдарға дейін сақталған. Кейбір деректерге қарағанда, Мәулімберді зираты қазіргі Кеңқияқтағы мұнай өндіру мекемесінің астында қалған. Мұнымен қатар Жантөре хан кешенінде сақталған эпиграфиялық жазулар мұрағат деректерімен салыстырылып, баспаға дайындалды. Осы кітапқа ғылыми айналымға түспеген мәліметтер қосылды. Жәңгір хан кешеніндегі 500-ден астам ескерткіш түгел тізімделіп, аударылып баспаға даярланды. Алайда Арал-Каспий өңірінде табылған жазулар қажетті жағдайда сақталмаған. Оларды қазіргі жағдайда сақтап қалудың бірден-бір жолы – шағатай жазуларынан ағылшын тіліне аудару. Алайда елімізде ертедегі кітаптарды оқып, сапалы түрде баспаға даярлайтын мамандар аз. Әшірбек Муминовтің хабарлауынша, кириллица жазуымен және араб жазуымен сақталған мұрағат құжаттарының арасында сәйкессіздіктер өте көп. Өңірлердегі жас ғалымдарды орталықтағы зерттеу жұмыстарына қатыстыру өте маңызды. Құнды тарихи жазбалардың, ескерткіштердің цифрлық көшірмелерін жасап, ғылыми айналымға енгізу қажет.
Тарихшы археолог Арман Бисембаевтың айтуынша, Ақтөбе облысында 2006 жылдан бастап зерттелген ескерткіштердің саны бүгінде мыңға жетті. «Мен ендігі жерде ауқымды археологиялық қазба жұмыстарын жүргізе берудің қажеті жоқ деп санаймын. Қазіргі уақыттағы ең маңызды шаруа – ескерткіштерді сақтап қалу. Өйткені тарихи мұраларды қорғау туралы қазіргі заңымыз өте солқылдақ. Осы заңда тарихи мұраларды бүлдіргені үшін жауапкершілік тіпті қарастырылмаған деуге болады. «Бұрын кеңес заңында ескерткішті бүлдірген адам 3 жылдан 8 жылға дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылатын. Бүгінде заң бұзушылық байқалса, ескерткіштерді қорғау жөніндегі аумақтық инспекция мамандары прокуратураға тек шағым түсіре алады», деді археолог А.Бисембаев.
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов ғалымдардың ұсыныстарын ескере отырып, жоғалып кету қаупі бар мұраларды жедел түрде мемлекеттік ерекше қорғалатын ескерткіштер тізіміне енгізу қажеттігін айтты. Бұған Мұғалжар қыраттарындағы ежелгі адам қоныстары, алғашқы металл өндірушілер тұрақтары енеді. Өкініштісі, бірнеше жылдан бері Мұғалжар тауларында қиыршық тас өндіріліп жатыр.
Аймақтағы сәулет, археологиялық, эпиграфиялық ескерткіштердің ортақ базасын құру, далалық зерттеу жұмыстарын жүйелеу, ғылыми айналымға енгізу жұмыстары нақтыланатын болды.
Баян Қуандыққызы
Ақтөбе облысы