Айнұрдың көркем образдар әлемі

ТЕАТР
1238

Театр деген ғажайып әлем адам баласын өзіне бірден баурап алатын құбылыс. Өнердің қай түрі болмасын театрмен тығыз байланысты. Мейлі ол би болсын, әдемі сөйлеу, ән айту, аспаптарда ойнау, бір сөзбен айтқанда бұл жер «сегіз қырлы бір сырлы» жандардың мекені дер едім. Осы бір театр атты үлкен қазанға жастайынан түсіп, барынша өзінің барлық қырын ашып, театр саласының асқақтауына және дәрежесінің өсуіне үлкен үлес қосып жүрген, көрермен қошеметіне бөленіп, соған жаны жайнаған Айнұр Болатқызы Бермұхамбетованың шығармашылығына тоқталып кестек.

Өнер адамының жаны арфа аспабының ішегіндей нәзік, әрі дыбысындай сұлу болып келеді. Жаны да келбеті де сол арфадай сұлу келген Айнұр 1974 жылы наурыз айының 2 Қостанай облысы Амангелді ауданында дүние есігін ашқан. Айнұр бала кезінен өнерге жақын, достарының арасында белсенді, ақжарқын қыз болып өсті. Өзінің арманының артынан еріп, 1989-1993 жылдары 8 сыныпты бітіре салысымен Арқалық қаласының Музыка училищесінің хор дирижері мамандығына тапсырып, білім алады. Осымен тоқтамаған жас бойжеткен 1994-1998 жылдары Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының актерлік факултетіне тапсыруға бел буады. Алланың қалауымен, бағы жанып, сол кезде дүркіреп тұрған Қазақстан халық әртісі, профессор Кәукен Кенжетаев пен Есім Сегізбаевтың қабылдауына түсіп, музыкалық драма актері мамандығын меңгеріп шығады. Сол жылдары Ж.Омардың бастауымен Ақмола қаласында қазақ театры ашылған болатын. Өкінішке орай ол кісі өзінің мақсатын мәресіне жеткізе алмай өмірден озады. Бірақ басталған істі өмірлік және өнердегі адал досы Қ.Жетпісбаев аяқсыз қалдырмайды. Қысқа ғұмырын өнер мен отбасына арнаған адал жар, мейірімді аға, талантты жан Қ.Жетпісбаев театрдың деңгейін көтеріп, аяғына нық тұруы мақсатында 1997-1998 жылдары арнайы Алматы қаласына барып, дарынды жас актерлердің жұмыстарын қарап кетеді. Міне, сол кезде театр жетекшісінің көзіне түскен жалынды жастарды Ақмола қаласына шақыртады. Сол тізімнің ішінде Бермұхамбетова Айнұр Болатқызыда бар еді. Оқуын тәмамдай салысымен 1998 жылы Ақмола қаласына келіп, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының актерлік құрамына қосылады. Әрі жас, әрі жалынды, өмірге деген құштарлығы асып тұрған, бойынан қуаты тасып тұрған, талантты, сахна десе, роль десе жанын беруге дайын Айнұр бірден театрдың жұмысына қызу араласып, кірісіп кетеді. Айнұр және оның достары келген жылы театр үлкен гастрольдық сапарларға аттана бастайды. Бұл сәт жас мамандарды одан әрмен өзіне қызықтырады. 

Роль ойнау, бір театрдың бетке ұстар актрисасы болу кез келген жанның арманы. Сол арман Айнұрды адастырмады. Жас актриса жаңа астана болып жатқан Ақмоладан өзінің театрын, труппасын тауып, жаңа белестерді бағындыра бастады. Сол бір белестерді бағындыру жолында актрисаны қолдаған және оң бағасын берген жандардың жылы лебізі көп әсерін ерген болатын. Шығармашылық жолының басында «Дон Жуан» спектаклін А.Әшімовтің режиссерлігімен қойылған жұмысында жас актриса Дон Эльвираны сомдаған болатын. Міне сол кезде А.Әшімов жас Айнұрға: «Саған мощьный рольдерді ойнау керек. Білесің бе, Марие Стюарт, Королева Марго, Медея деген рольдерді алуың керек. Бұл кез келген актрисаның арманы» деген болатын, міне осы сөздерден кейін актриса өзінің бойындағы қорқынышты жеңіп, ірі, салмағы бар рольдермен жұмыс жасауды мақсат етіп қояды. Осы бір айтылған ақыл дейік пе, жоқ әлде актрисаға берген баға немесе мақтау дейік пе, қалай десекте жас қыздың арқасына қанат бітіріп, өзіне деген сенімінің артуына үлкен үлесін қосқан болатын. Дегенмен де, қиындықсыз жетістіктің келмейтіні анық. Алғаш жас актрисаға Ханума рольн берген кезде көңілі түсіп, үлкен әйелдің ролін сомдағысы келмей тіпті түнімен жылаған кездері де болған екен. Дегенмен де «Ханума» спектаклі сәтті шығып, басты кейіпкер Хануманы сомдаған Айнұрды сыншы Ә.Сығай өте жоғары деңгейде бағалайды. Сонымен қатар жас актрисаның мықты актерлік мектепті меңгеріп, шеберлігінің артуына, техникасының өсуіне сол кезде есімі біраз жерге танымал режиссер Ә.Мәмбетовтің де үлесі зор. Актриса режиссермен бірнеше спектакльдерде жұмыс жасау мүмкіндігіне ие болған болатын: «Ана жер ана» − Ғалима; «Ғасырдан да ұзақ күн» − Зәрипа; «Қан мен тер» − Ақбала; «Баянсыз бақ» − Рода секілді спектакльдерде ойнаған болатын. Актрисаның өнердегі мінезінің қалыптасуы, рольмен жұмыс жасауы, өнерге деген махаббатының берік болуына Ә.Мәмбетов көп әсер еткен болатын. Сондықтанда Айнұрдың Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері болып қалыптасуына үлкен септігін тигізген режиссер Ә.Мәмбетов болып табылады деп айта аламыз. 

Актрисаның ең алғаш сомдаған ролі М.Әуезов «Қарақыпшақ Қобландысында» − Қобландының қарындасы Қарлығаш болды, режиссер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Б.Ұзақов. Тағы бір актриса үшін маңызды рольдерінің бірі «Қыз Жібек» спектакліндегі Қыз Жібек болды, режиссері Халық қаһаманы, театр режиссурасының мэтры Ә.Мәмбетов болды. Актриса үшін бұл екі рольдері әлі күнге дейін ыстық және бағалы. Тіпті актрисаның берген сұхбатынан әлі күнге дейін сол кездегі рольдерінің мәтіндерін әлі күнге дейін жатқа білетінін және костюмдеріне сыйып кететінін айтқан болатын. Актрисаның сахнада ойнаған спектакльдері мен сомдаған рольдеріне қысқаша ғана шолу жасап кетейік. Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында сомдаған кейіпкерлері: Ғ. Мүсірепов «Қыз Жібегінде» – Жібек, Аягөз, «Ақан сері-Ақтоқтыда» – Мәрзия, «Қозы Көрпеш-Баян Сұлуда» – Мақпал; М. Әуезов «Қара қыпшақ Қобыландысында» – Қарлығаш, «Қарагөзде» – Ақбала, «Абайда» – Әйгерім, «Айман-Шолпанда» – Теңге, Б. Ұзақов «Үмітте» – Шолпан, Э. Флоримон «Түлкі Бикешінде» – Дениза, М. Файзи «Башмағымда» – Сәруар, Мольер «Скапеннің айласында» – Зербинетта, Қ. Байсейітов, Қ. Шаңғытбаев «Беу қыздар-айда» – Айсұлу, М. Хасенов «Пай-пай, жас жұбайлар-айда» – Зауре, Бану, В. Дельмар «Баянсыз бақта» – Рода, Ш. Айтматов «Ана–Жер Анада» – Әлиман, «Ғасырдан да ұзақ күнде» – Зарипа, Ә. Нұрпейісов «Қан мен терде» – Ақбала, Р. Баяджиев «Аршын мал аланда» – Гүльчахра, Э. Хушвақтов «Қызыл алмада» – Саида-Бану, А. Цагарели «Гамарджобада» – Ханума, И. Штраус «Жұбайлар жұмбағында» – Розалинда, М. Фриш «Дон Жуанның думанында» – Донна Эльвира, Е. Жуасбек «Антивируста» – Гульчетай, Ж.М. Шевре «Ізгілік формуласында» – Жанн; Ж. Ануй «Жалын жұтқан Жанна д’Аркта» – Жанна, М. Байжиев «Тіл табысқандарда» – Сүйімхан, Р. Отарбаев «Көлеңкесіз жолаушыда» – Камила. Кейінгі жылдары «Федра», Р. Мұқанның «Сарра» драмасында, Ж. Анауйдің «Жалын Жұтқан Жанна Д′Арк» драмасында және де «Астана Мюзикл» театрында, У. Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» − Сүт ана кейіпкерін сомдаса, 2020 жылы «ЕНТ тапсырмаймын» драмасында – Мәриям апайды сомдаған болатын. Актрисаның т.б. аталмай кеткен рольдері аз емес. Өзінің актерлік жолында біраз режиссерлермен жұмыс жасау арқылы біраз мектептер мен жұмыс жасау тәсілін меңгерген актрисаның жан күйерілері де көп. Әрине әр спектакльдегі сомдаған кейіпкерін сәтті шыға бермейді. Ол бірде режиссерге, ал бірде сенің кейіпкеріне деген қарым-қатынасына және көңіл күйіне де байланысты әр кезде әр қалай шығуы мүмкін. Актрисаның актерлік шеберлігіне қысқаша ғана тоқталып кетсек. 

 Наурыз айында жаңа қойылым көрерменге ұсынылған еді. «Дон Кихот» спектаклінің дайындығына қатысқан кезде, актрисаның өзінің мамандығына деген үлкен құрметін көре алдық. Өзіне берілген тапсырманы дер кезінде орындуға тырысу, кейіпкерін түсініп, барынша кейіпкердің ойын, жанын, сұрағы мен пікірін ашуға, оның мінезі мен психологиясын көрсетуге, физикасын толық меңгеруге аса қатты мән беретінін байқауға болады. Әрине, жұмыс барысында үлкен кедергілер мен қиындықтардың болғаны да өтірік емес. Режиссердің ойын түсіне алмау, кейпкердің ішкі зерносын таба алмау, тіпті жалпы кейіпкердің қандай болатынын елестете алмау секілді мәселелер туған еді. Кейіпкердің дауысын, ішкі мәселесін, ішкі және сыртқы қақтығысын түсіне алмау кейіпкерге енуге қиындық тудырды. Дегенмен де премьера кезінде мен актрисаны мүлде тани алмай қалдық. Дайындық кезінде кейіпкерін түсіне алмай, әбден қианалып, күйзеліп кеткен актриса сахнада толыққанды, дайын, өмір сүріп жүрген кейіпкерді алып шықты. Оның қолы мен басының дірілдеуі, дем алысы, дауысы мен интонациясының өзгеруі мені таңқалдырды. Демек, актер тірі адамды меңгергендей кейіпкерді меңгеріп қана қоймаған, оған жан бітірген дей аламын. Әрине мұндай өзгеріс көрермен көзін де, режиссер жанын да қуантады деп санаймын. Осы арқылы біз актрисаның тек талантты ғана емес, сонымен қатар еңбекқор, өз саласын бар жанымен сүйетін, ізденімпаз жан екеніне көзіміз жетеді. Бұл жанның бойынан даралық, өзгешелік пен үлкен күштің бар екенін көре аламыз. Дегенмен де өнер жолында сол бір еңбекқорлық, алып күш пен мықты мінездің болуы қажет екені айдан анық. Міне осы бір қасиеттерді кішкентай ғана нәзік жүректі талантты актриса Айнұрдың бойынан көреміз.   

Айнұр Бермұхамедова тек театр бағытында ғана емес, сонымен қатар дубляж саласында да өзін толығымен көрсете алған мамандардың бірі. Актриса 2004 жылдан бастап «Астана» телеарнасында дубляждық студияда жұмыс істеп келеді. Актрисаның дыбыстаған кейіпкерлері көп болғандықтан, жарқын шыққан соңғы кейіпкерлерін атап кесек: «Мұзды өлке» − Эльза; «Коко құпиясы» − Имельда. Бұл саланың өз қиындығы мен ауыртпалығы да бар. Дегенмен де Айнұр үшін кейіпкерлерді дыбыстау барысында тек дауысын құбытлудан бөлек оларды зерттеу, әрекеттерін ақтап шығу да өте маңызды екенін айтып кеткен еді. Кейіпкерді дыбыстау барысында оның мінезін, әр бір шығаратын үні мен дауысын келтіру әрине екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық. Сонымен қатар 2015 жылдан бастап актриса, Қазақ ұлттық өнер университетінің «Актер өнері және режиссура» кафедрасында, «Сахна тілі» пәні бойынша оқытушы қызметін атқарады.

Жас, әрі өмір мен өнерге ғашық қыз, өзінің өмірлік адал жарын өнер әлемінен тапты. Төрт жыл бірге оқыған, студенттік сәттердің ащысымен тұщысын бірге бастарынан өткізген екі дарын иесі, театрға жұмысқа орналасқаннан кейін, шаңырақ көтеруге бел буады. Ал 2001 жылы Нүркен мен Айнұрдың тұңғыш ұлы Бейбарыс, бірнеше жылдан кейін Ақарыс дүниеге келеді. Сол кезеңдегі қиындықтар мен таршылыққа қарамастан екі жұп өнерде де, өмірде де өнегелі, жарасымды жұп бола алды. 

Әрбір арманына қарай жүрген жан өз жолыңда үлкен кедергілерге жолығады. Оны жеңіп, мақсатын орындайтын жандар санаулы ғана. Ол үшін ерік пен жігер, мінез бен талап және еңбекқорлық қажет. Ал сол қасиетті бойына сіңіріп, өз мақсатына жете алған жандардың бірі Айнұр деп берік сеніммен айта аламыз. Актрисаның қатысуымен қазақ дубляжында көптеген фильмдер мен мултьфильмдер дыбысталса, ал театрда көрермен жүрегіне ұшқын тастайтын көптеген рольдер дүниеге келді және өнер жолында жасалатын еңбектері көп болады деген сенімдеміз. Батыл актрисаның артынан өзі секілді батыр шәкірттері де тәрбиеленіп, қазақ театрларының өркендеуіне өз үлестерін қосады деп сенеміз. Сөзіміздің соңында актрисаға шығармашылық табыс пен шабыт тілей отырып, жас өнерпаздарға да биік шыңдарды бағындыруларын тілейміз. 


Томирис АМАНҒАЗЫ

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...