Астанада Бауыржан Нөгербек мұрасына арналған халықаралық форум өтіп жатыр

КИНО
1346

Бүгін Қазақ ұлттық өнер университетінде еліміздегі кәсіби кинотанудың негізін қалаған ғалым Бауыржан Нөгербектің 75 жылдығына арналған халықаралық форум басталды. Форум Қазақ ұлттық өнер университетінің 25 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды.

«Бауыржан Нөгербек мұрасы: теория, сын және кинопедагогика» атты шара аясында зиялы қауым өкілдері профессор Бауыржан Нөгербек мұрасының бүгінгі киноүрдіс пен кинотану саласындағы маңызы, оның ұрпақ тәрбиесі жолындағы ерен еңбектері туралы сөз қозғады.

Отандық және шетелдік кинотанушылар мен кинематографистер өз пікірлерін ортаға салды.

«Біз 1976 жылдан бастап Бауыржанмен кино саласында бірге жұмыс істедік, отбасымызбен араластық. Баукең азамат ретінде де, маман ретінде де ерекше тұлға еді. Кинотану дегенді – ұлттану деп айтуға болады. Бауыржан да кинодағы ұлттық болмыстың көрінуіне ерекше назар аударатын. Қазақ киносын танытуда оның еңбегі зор. Қазақ киносы туралы айту дегеніміз - қазақ туралы айту деген сөз, қазақтың тағдыры туралы айту деген сөз. Баукең әрқашан осы ұстанымға ерекше берік болды. Оның мықтылығын екі нәрседен көруге болады, бірінші Баукеңнің шәкірттері мықты еді. Оның мектебін көрген жастар бүгін үлкен биіктерді бағындырып жүр. Екінші оның әкелік қасиеті, тәрбиесі балаларын мықты тұлға етіп қалыптастырды», - дейді жазушы Смағұл Елубай.

photo

Бауыржан Нөгербектің әріптесі болған жазушысы, драматург Роза Мұқанова ғалымның ұлт болашағы жолында үлкен арман арқалағанын айтады.

«Бауыржан Нөгербек менің ұғымымда руханияттың үлкен қайраткері, кино саласындағы үлкен тұлға. Ол кісінің бойында үлкендердің мектебін көрген, тәрбиесін алған ерекше қасиеті менмұндалап тұратын. Оқу орнына ұстаздық етуге үлкен тұлғаларды тарта білді. Оның өзі болашақтағы үлкен мамандарды тәрбиелеудегі арлы, арда мақсаты еді. Ол кісінің шәкірттермен қарым-қатынасының өзі ерекше болатын. Жастарға сенім артып, жастардың пікірін тыңдай білетін. Өзінің арманы кинодағы ұлттық келбетті көрсетіу болды. Баукең кинотанушы ғалым ретінде қазақ киносына үлкен үлес қосты, зерттеулері кинотану ғылымы үшін үлкен олжа салды», - деді Роза Мұқанова.

photo

Сондай-ақ, форум аясында қазақ киносының белгілі шеберлері – кинорежиссерлер Дәрежан Өмірбаев пен Болат Қалымбетовтің фильмдері көрсетіліп, шеберлік дәрістері өтеді. Сонымен бірге кинотанушы, өнертану докторы Гүлнар Әбікееваның шеберлік дәрісі жоспарлануда.

photo

inform.kz

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...