Алматы қаласаның Мәдениет басқармасына қарасты Мемлекеттік қуыршақ театры 2022 жылдың 20-25 сәуір...
Айзат Кадыралиева. Орал фестивалі – ойға келген үзіктер
Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының 30 жылдығы аясында КСРО халық артисі, профессор Х.Бөкееваның туғанына 105 жыл толуына орай алғаш рет ұйымдастырылған I Республикалық моноспектакльдер фестивалі қыркүйек айының 23-25 күндері өтті.
Алғашқыда моноспектакльдердің фестиваліне шақырту алғанымда таңғалғанымды жасырмаймын. Өйткені, фестиваль деңгейінде өткізердей моноспектакльдердің саны көп пе деген ой қылаң ете қалды. Кейін қолымызға тиген бағдарламадан Толғанай, Медея, Гамлет, Лир секілді күрделі рөлдердің барын көрдік. Жанында серіктестері болған күнде де түбегейлі ашылуына көне бермейтін мұндай ірі пландағы кейіпкерлерді жалғыз адамның орындауында қалай болар екен деген уайым болмады емес, болды. Қойылымның ауыр жүгін бір сағат бойы бір өзі көтеріп жүру шын мәнінде қиынның қиыны. Мононың оңай емес екенін жалғыз орындаушыға ғана емес, талдау барысында бізге де қатты сезілді. Сондықтан, «ойбай, монолар зор шабытпен ойналды, естен танарлық өнер көрдік» деп өтірік көлгірсимей ақ қояйық. Онсызда отыз жыл бойы сәл жеткен жетістігімізді әсірелеп айтып, әбден тоқмейілсіп қалғандаймыз.
Қош, негізгі ісімізге көшейік.
Моноспектакльдер фестивалінің шымылдығын бірінші болып ашқан Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры Ж.Ануйдың «Медеясы», режиссері Қ.Қасымов. Өз басым Медеяны мазмұн жағынан қазақ сахнасында қойылуын аса қаламасам да, бірақ, көп актриса армандайтын және олардың шеберлігін көрсететін рөлдердің бірі. Медея рөлінде Б.Қожамұратованы сахнадан көргенде бірден көзге жылы ұшырады. Түр-тұлғасы келіскен, сыр-сипаты бар актрисаның бастапқыдағы эмоциясына қарап, расымен де оның Медеясы сиқырлы күшке ие екенін сезінгендей болдық. Бірақ, басындағы қуатты эмоциясын бәріне көнетін, төзетін әйелдің әрекетіне төгіп тастағаннан кейін, кешіре алмайтын опасыздыққа келгенде қуат көзі әлсіреп кетті. Яғни, Ясонға деген сезім, мейірім, реніш, ыза, жеккөру, кек алу деген секілді сатылары бір сарындылықта жүріп отырды. Іщкі арбасу, арпалысудан гөрі тән құштарлығына жиі көңіл бөлгізген режиссердің шешімі болмаса, былай актртиса Бақытгүл Медеяның ойлану, толғану сәтіне тоқталар мүмкіндігі бар екендігін білдік.
Екінші спектакль М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры Қ.Бегмановтың «Менің Мұстафам» драма диалогы, режиссері Ә.Рахимов. М.Шоқай – бүкіл түркі әлемінің тарихи тұлғасына айналған біртуар азамат екенін білеміз. Барша түркі жұртының тәуелсіздігін аңсаған күрескер туралы танымдық жақсы спектакль болғаны рас. Оны жеткізуде тәжірибелі актриса аянып қалған жоқ. К.Шаяхметованың сөйлеу аппаратының тазалығына, үн нақышына тәнті болып отырдық. Дей тұрғанымен, актриса ойынында бір түспен боялған тұстары көп болды. Оның басты себебі, пьесадағы өмірбаяндық сарыны басым болғандығы. Оқырман үшін өзекті мәселені көтеру бар да, оны көрермен тұрғысынан шешу бар. Яғни, көркем шығармадағы келелі мәселелерді сахна мүддесіне сай шешу жағы көмескі тартқан. Көп перделі суреттер баяндама күйінде қалғанын ашып айтуға мәжбүрміз.
Үшінші спектакль М.Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театры Д.Исабековтың «Актриса» драмасы, режиссері Г.Қамысбаева. Сахнада тор. Бірден назарыңды аудартып ойға тастайды. Сол тордың ішіндегі актриса өзінің күйзелісін көрсетіп-ақ жүр. Бірақ, өмір мен өнердегі Айгүлдің ара жігін айыру қиын болды. Тордың ішінде, сыртында бірнеше актриса ойнап жүрсе де бір Асанованың образын қоюлата алды деуге келмейді. Оқиғаға аса киліге бермейтін, көзге ерсі көрінетін оғаш қимыл-қозғалыстар орын алған. Әр көріністе асығыстық, шалағайлық бар.
Төртінші спектакль С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры О.Бөкейдің «Қауіпті будан» монодрамасы, режиссері А.Салбан. Таған рөлінде актер Б.Киекбаев басында шыққанда, бірден өзінің ұзын плащымен, қобыраңқы шашымен микрофонға келіп әңгімені бастау тәсіліне қызығып ден қойдық. Әңгімедегі тебіреністер көкейге қонымды. Оған тілеулес болып отырасыз. Сосын қалай авансценадан ұзады, солай көріністер де көмескілене бастады. Оратада араның қанаты, қылыш, кітап, домбыра, үстіндегі киімдер тағы басқа детальдардың қолданысқа ие болғанымен илеуі қанбай жатқанын байқадық. Заттан затқа тез көшуіне актердің көңіл-күйі ілесе алмай жатты. Онымен қоса, кейіпкер Тағанның күрделі иірімдерінің айқара ашылуына асқақ дауыстың жетпей жатқаны да жасырын емес. Кезінде ұлы сахна реформаторы К.С.Станиславский бірде Италияның атақты трагигі Т.Сальвиниден: «трагедияны ойнау үшін не керек?» деп сұрағанда, Сальвини: «дауыс, дауыс тағы да дауыс» деп жауап беріпті. Жалпы, адам дауысы – жүрек тебірентер әсем ойды, қайғы кернеген ашуды, дұшпанға деген қайрымсыз ыза-кекті жеткізетін құрал күші екенін еске мықтап ұстайтын нәрсе.
Бесінші спектакль Шығыс Қазақстан облыстық драма театры А.Рақыштың «Тегімді менің сұрама» монодрамасы, режиссері Е.Хасенов. Спектакль атауы өте өзекті, бүгінгі жасанды ұрықпен туылған жастардың тағдыры. Тақырып жақсы, тек тарқатылуы жағынан әжептеуір осал тартқан. Мысалы, Әмір өзінің жиырма бес жасқа толғанын тойлап жатады. Сұлушаш деген жүріп жүрген қызы бар. Бір уақытта оған «Сен, жиырма бес жасыңды тағы да әкесіз қарсы алып жатырсың ба, тексіз» деген жайсыз хабарлама келеді. Ал, Әмір оған бір хабарласып қояды да ары қарай түк болмағандай тойлатып жүре береді. Бұл бір емес бірнеше рет қайталанды. Актер М.Разханов «тексіз» деген ауыр сөзге аса мән бермейді. Бар жасаған әрекеті анасынан, әжесінен сұрайды, болды. Ол сөзді әйел жазып жатыр ма, еркек жазып жатыр ма, не үшін жазып жатыр деп жанұшыра іздеу жағы, табу жағы жетімсіз. Драманың өн бойында мінез жоқ, тартыс жоқ. Шиеленіс жоқ жерде сюжет желісі шикі келері айтпаса да түсінікті. Оны пісіп-жетілдіру жолында режиссердің де, актердің де еңбегі жеңіліс тапты демеске амал жоқ.
Алтыншы спектакль Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка драма театры У.Шекспирдің «Король Лир» спектаклі, режиссер Ә.Ақанов қоғам және отбасы тағдыры жайлы үлкен әлеуметтік ойларға жетелейтін бұл қойылымды сахналық безендіру арқылы кілтін жақсы тапқан. Лир қыздарымен жеке-жеке сөйлескенде сол лампалар кезек-кезек жанып диалогтың жүріп жатқанын әдемі көрсеткен. Көз тартарлық сахналық үлгі-бедері бар болғанымен, бірақ соған лайықты актердің шығармашылық белсенділігі жетпей жатты. Б.Шәнім Лирдің патшалыққа тән табиғаты, әкелік мейрімі сосын сенімі, үміті, өкініші тектес белгілерін беруде алдын ала саралау мен іштей толғанысқа терең бармағаны байқалды.
Жетінші спектакль ШҚО Дариға-ай жастар театры Ш.Айтматов Ізде сюрреализмі, режиссері Г.Адай. Актер Е.Қасымбековтің сахнада өзін еркін ұстауы ерекше ұнады. Сөз жеткізудегі талпынысы да жаман емес. Спектакль режиссурасының бір ерекше жетістігі кішкентай детальдар туындымен біте қайнасып бірігіп кетеді. Сахнадағы саты, жуан арқанды қадауы, байлауы, айналдыра құдық ретінде пайдалануы оқиғамен қоса-қабат өріліп отырды. Десек те, «Ақ кеме» шығармасынан алған актердің (оқырманның) әсері сюрреализм жанрына сай деп айту қиын. Жалпы, біз жанр мәселесін жіті түсіне алмай келеміз. Осыдан барып бір спектакльде барлық проблемаларды шешпек боп, әрнені тықпалаймыз. Ананы да, мынаны да айтқымыз келгенімен, негізгі мақсатымыз орындалмай шығады. Жанр табиғатына тән адам образына тереңдей алмаған соң, оқиға қуып кететініміз осы қойылымда көрініп тұрды.
Сегізінші спектакль Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры У.Шекспирдің «Гамлеті», режиссері М.Хабибуллин. Оқиға тордың ішінде өтеді. Әкесі түсіне кіретін жерден спектакль басталады. Түс көру барысында Б.Телеуғалиев денесін тоқ ұрғандай дірілдеп жатуы, сосын оянған бетте айқайға басуы алдағы болар барлық актылерден хабар беріп қояды. Бірыңғай жасалған бейнеден актер Бағдат бірде Палони, бірде Клавдийге ауысуы көп жағдайда карикатуралық қимылдарға кетіңкіреп барып жүрді. Актер Гамлеттің мінез-құлқына тән әрбір қалтарысты дөп басты деуден гөрі Шекспир мәтінінен оқылым жасады деуге көбірек келетін секілді. Режиссердің формалық шарттарын игеруде шабандық танытқанымен, шекспир мәтінін жеңер тұста жас актердің өмірлік тәжірибесі жетпей тұрғаны көзге ұрып тұрды. Сосын спектакль барысында, ішке түскен күйікті төбеден аққан сумен басып отыруы басында дұрыс көрінгенімен, кейін сол көріністің дәл солай бірнеше рет қайталануы көрушіні жалықтырғандай болды. Бірақ, көңілге демеу боларлық бір тұсы қоғамдағы таққұмарды, билікқұмарды, лас пиғылдарды - ұзын столды, екі орындықты, суреттерді, шынжырларды пайдалану арқылы орынымен шешіліп жатты әсіресе басында алмаларды бір тістеп лақтырып тастап, соңында оларды адамдардың бас сүйегі ретінде ойнатылуы тіпті әсерлі.
Тоғызыншы спектакль Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры Ш.Айтматовтың «Ана мен Ала» драмасы, режиссері А.Салбан. Көрушінің көңіліне бірден ұялай кететін сахна төрінде бір зат бар. Ол тігін машинасы. Ол өмірдің де, өнердің де үздіксіз қозғалысы. Өмірдің қиян кескі тіршілігін бастан кешірген Толғанай мен Әлиман екі жақтан шығып, демін ішіне тартып тұрған затқат жақындайды. Екеуі де бетінде қалыбы бар бұл құбылысқа ұзақ қарап тұр. Бір мезетте ашуға ұмтылған енесін итеріп жібереді, себебі ол затқа жолатқысы жоқ келіннің. Оны ашса бір сұмдықтың болатындай сезеді, сезсе де тағдырға қарсы тұра алар шама жоқ. Сонымен ашылады, осылай спектакль басталады. Бірден айта кетейік, қос актрисаға қол ұшын созып тұрған декорация да, әуен де жоқ. Бар құралы – өмірдің диірмені іспеттес тігін машинасы мен түрлі түсті жіптер ғана. Мұндай символикалық тәсілдер шығарманың идеялық-көркемдік мазмұнын терең ұғынудан туған тапқырлық дер едік. Сахнаның ортасында титтей болып көрінгенімен, ауқымы кең бұл детальдің төңірегінде жанқияр тартыс дәрежесі көтеріліп жатады. Бір үйден біртіндеп кетіп жатқан ер-азаматтардың белгісі ретінде төрт түрлі жіптерді ойната түсуі де сахнаның көркемдігін кедейлендіріп тұрған жоқ. Соғыстың қанды шеңгеліне іліккен ер мен перзенттері үшін зар илеген шерлі ананы актриса Б.Жұмағұлованың еңбегін ерекше атау керек. Ол Толғанайдай күрделі образға өз тұсынан жаңа бояу-өрнек қосқан. Тек бір ескертетін жайт, Жұмағұлованың ойынында трагедиялық үн аздау. Оған себеп: бірінен кейін бірі келіп жатқан қайғылы хабардан біртіндеп мүшкіл халге түсудегі этаптарды ескермегендігі. Ал, жас актриса Ж.Турашева Әлиман бейнесіне даралық сипат беруге барын салып жүргенін байқадық. Кейіпкердің ішкі дүниесіне енудегі талпынысына шын сүйсіндік.
Оныншы спектакль Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры Қ.Мұраттың «Қуыршақ» психологиялық драмасы, режиссері Р.Жанаманов. Драматург Қолғанат қуыршақ+тар арқылы рухани бишаралықты жақсы көтерген. Қоғам және адам тағдыры қамтылған керемет шығарманы місе тұтпай өздері қайта жазып шыққан көрінеді. Орынсыз өзгертулерге көп барған. Актер Б.Момынжанов кейіпкер болмысын ашпақ түгілі маңына жақындаған болса айтқан болар едік. Актерлік өнеріндегі арқа сүйерлік ерекшелік көрмедік. Көрермен көңіліне қозғау салардай соншалықты көреген шешім де жоқ. Не айтқылары келгені түсініксіз.
Міне, өздеріңіз оқып отырғандай, кішігірім пішіндегі қойылымдарда көзге оғаш көрінген кемшіліктер аз болмады. Қатты қынжылтатыны, бұл кемшіліктердің көпшілігі сахнамызға айықпас дерт болып жабысып алғанына көп болды. Ал, ол дерттер туралы мұндай мерекелік фестивальдерде әңгіме қозғау әбестік көрінеді. Қозғалса да мерекеге жиналған елдің көңіл-күйін түсірмейін деп байқап-байқап, сипап-сипап айтылады да, оның өзі де артынша болатын мақтау-марапаттаулардың көлеңкесінде қалып қояды. Демек, талданып, сарапталып өз бағасын алмаған соң да кемшіліктер сахнаға әбден бой үйретіп, бір фестивальден екіншісіне сүйретіліп келе береді. Сонымен бір-бірімен шимайланып қалған сол түйіндерді шама-шарқымыз келгенше тарқатып көрейік.
Әуелгіде, бір-екі сахнагерден басқасының сөздерін түсіне алмай әбден әбігерге түстік. Мұның асқынғаны сонша, сөзден өші бардай жұлып-жұлмалап, бүтін сөйлемді жауапсыз жеткізіп жатқандарына кәдімгідей ашу-ызамыз келіп отырды. Классикалық үлгіде жазылған ғажап кейіпкерлердің киімі мен гримі онсыз да өзгеріп жатыр, тым болмаса автор мәтініне қиянат жасамаса екен дейміз сонда. Белгілі театр сыншысы Ә.Сығайдың «... сахнаға шығады да, апыр-топыр біреудің жазып бергеніне жаны да ауырмайды, жүрегі де селк етпейді. Ал, мен мәтінді айтқанда, қан қысымы көтеріліп, жаны ауырып, жүрегі шаншып, сөз азабын тартқанын қалар едім» деген сөзіне қосылып біз де соны қалар едік. Әуезовты Әуезовше, Чеховты Чеховше, Шекспирді Шекспирше неге сөйлетпеске? Сан дыбысты, сан бояулы болған өздеріне де, көрушіге де қызықты емес пе? Өкінішке қарай, бұл кемшілік бүгінгі қазақ актрлерінің барлығына да ортақ болып тұр. Актерлік өнеріндегі сахналық тіл дәстүріне қатаң қарау мезгілі жеткен сияқты.
Ашығын айту керек, анық сөз, айқын дикция, кідіріс, екпін, тыныс белгілері деген түсінік аз. Есесіне бір мақамдағы адуын айғай. Жай сөз жоқ, шығады да айғайлайды. Соның салдарынан дауыстағы табиғилықты жойып, үннің тарғылданып шығуына ұрынып жатады. Драматург пен режиссердің түпкі мақсатын жұртқа жеткізуші негізгі тұлға актер екендігін өздері жақсы білсе де, дауыс пен бет-пішін құбылтуға келгенде әйтеуір сараңдық танытады. Құдай-ау, біз тіпті Қаллекише сөйлеп, Елубайша тебіренсін деп жатқан жоқпыз ғой. Тек, тексті бірсыдырғы оқып бермей, сәл де болса сөз салмағына мән берсе екен дейміз. Бар болғаны осы! Ал біздікілер, жүгіріп жүріп дайындалатындықтан, ойланып емес, айғайлап әзер үлгеретін сыңайлы. Одан қала берді, эмоцияны үнемдеп бере білудің орнына бәрін лақ еткізіп жайып жібереді. Сезімнің не артық, не кем кетуі қазақ сахнагерлерінің актерліктегі түрлі техникасымен түбегейлі меңгере алмай жүргендігінен болар деп ұқтық. Осының барлығы айналып келгенде білімнің аздығынан, ізденістің әлсіздігнен. Бір нәрсе десең ізденіп жатырмыз ғой дейді. Ізденістің де ізденісі бар ғой. Тиіп-қашқан, бірді-екілі емес, жанкешті ізденіс керек. Тынымсыз ізденістің болмағандығынан режиссердің берген бағыт-бағдарынан ары актерлердің өзінше шалықтай алмай басқа бір мәнсіз нысанаға бет алып, ой арнасынан ауытқып, адасу салдарынан рөлдер әлемі шыншылдық деңгейге көтеріле алмай жүр.
Осынша әңгіме айтқызатындай, оралдықтар неге ондай спектакльдердің өтуіне жол берді дерсіздер. Тағы да айта кетейік, моно фестивалі алғаш рет қолға алынып жатқаннан кейін, келген спектакльдерді таңдауға мүмкіндік болмаған. Іріктелар болса екі-үш спектакль ғана қалар еді, ал ондай санмен фестиваль өтпейтіні белгілі. Сондықтан, «бісміллә» деп басталған алғашқы жұмысқа қатты қуанғанымызды жасырмаймыз. Ал, сылбыр оқылып, көңілге селдір тоқылатын спектакльдер бірінші рет іске асырып жатқан орал театрында емес, бірнеше мәрте фестиваль ұйымдастырып жүрген, жөн-жоралғыны біледі деген мәртебелі театрларының өздері кейде жең ұшынан жалғасып жатқан жолдас-жоралыққа салып жіберетіндерін көзіміз көріп жүр. Жарайды, ағайыншылыққа салып өз араларында іріктей салсын я болмаса арнайы сарапшыларға таңдатқызып алсын дейік, қысқасы қандай жолмен болса да қатысушылар тізіміне кіргізді делік. Ендігі мәселе, сол театрлардың алып келген спектакльдің көркемдік деңгейі сөз етілері рас қой. Рас болса, сынақтан өтетінін білетін режиссер-актерлер жанын салып неге жұмыс істемейді екен деген заңды сұрақ туады. Мысалы, бәйгеге қосар атын атбегі бабымен суытып, аяқтарын, тұяқтарын қайта-қайта тексеріп яғни шығып тұрған шегелері, босап тұрған тағалары болса ұшын қайырып, мықтап тағып барынша дайындық жүргізетіні белгілі. Сол сияқты, додада кемшіліктер көп айтылмау үшін қойып-кеткен режиссер болса, оны қайта шақырып кем-кетігін толтырып, көркемдік жетекшілері бас көз болып одан ары кеңітіп, дамытып келу ары қарай солардың тікелей міндеті емес пе? Айналып келгенде жақсы сөз де, жаман сөз де сол театрға келерін біледі ғой. Міне, көпшілік алдына апара жатырмыз ғой деп бәйге алдындағы көңіл бөлуге тиісті істер іске аспай жатады. Тіпті келген спектакльдердің ішінен премьерасы сол фестивальде ойналып жатқанын да байқап жүрміз. Сөйтіп, жарытып репетиция жасалмаған «ұлы жобамен» қазылар алқасы мен көрерменнің алдына шыға салу әдетке айналып барады. Кейіпкерінің айтпақ ойын, автордың идеясын, әрбір сөздің астарын ашудың орнына «сөзімнен шатасып қалмасам екен» деп тұрған актерлерден қандай сапа, шеберлік күтуге болады? Ал, оларды олпы-солпы күйінде жібере салған театр басшыларына не деуге болады?
Не десек те, өнер адамдарында намысты жану жағы кемшін түсіп жатқанына да өзіміз кінәліміз. Бұған нақты дәлел келтірейік. Кез келген фестивальде бас жүлде, 1, 2, 3 орын және түрлі номинациялар болады. Бұлар бекітіліп қойған соң, еш өзгерте алмайсың. Ал, сосын не істейсің, орын бөлерде шақша басың шарадай болады. Бұл жерде жюри мүшелерін де қатты кінәлауға болмас. Талап солай! Енді, «талап солай» деп ары қарай да қарап отыра беру болмас, бәйгеге қосылғандарының ішінен озғандарын таңдап, сәйгүлектерді ғана сапқа тұрғызу үшін бұл талапты бұзу керек деп ойлаймын. Келгеннің бәріне бір-бір күлше тарату өнерді жарылқауға жатпайды. Керісінше өздеріңіз көріп отырғандай кесірі тиіп жатқандай. Себебі, олар пәлен фестивальде осындай жүлде алдық деп үлкен істі төңкеріп тастағандай артынша күпініп дауылдатып жүреді. Құдай басқа сала көрмесін, амандасуларының өзі кеуделеріне нан пісе жаздап сыздап тұрған сөздер. Қайдан білсін, берілуге тиіс болған соң амалдың жоқтығынан берілгендігін. Жақсы, алсын дейік. Тым болмаса талқылауда айтылған сын-пікірлермен жұмыс істесе, мейлі ғой. Жоқ, дәл сол кемшіліктерімен келесі фестивальге қатысып жатады. Бұл не сонда, менсінбеушілік пе?! Ал, фестивальді ұйымдастырушылар мен олар құрған қазылар алқасы айтылған пікірлерге жүрдім-бардым қарайтындарын білсек те қолпаштап марапаттауды қояр емеспіз. Біз сонда кімді алдап жүрміз?! Ондай өнердің бізге берер өнегесі қандай? «Лайықты болмаса, айтыңыздар, ол орындарды алып тастайық» деп алғаш айтқан осы оралдықтар. Біз оған қуана келістік. Сөйтіп орындарды алып тастап, үздік номинацияларға төмендегі өнерпаздарды лайықты деп таптық. «Үздік сценографияны» «Король Лир» спектакліне, «Үздік режиссураны» «Ана мен Ала» спектаклінің режиссері А.Салбанға, «Үздік әйел бейнесін» Медея рөліндегі актриса Б.Кожамуратоваға, «Үздік ер адам бейнесі» Гамлет рөліндегі Б.Телеуғалиевке берілді. Ал, театр 30 жылдығының арнайы жүлдесі Ш.Айтматовтың «Ізде» сюрреализмін алып келген (режиссер Г.Адай) Семей облысынын «Дариға-ай» жастар театрына тапсырылды.
Бір қызығы, Орал театр өздері ұйымдастырып жатқаннан кейін өздері қатыспауды жөн көріпті. Бірақ, мұны құп көре қоймадық. Қатысу керек. Тек, қай театр ұйымдастырып жатыр сол театрдың қанжығасы алдымен майлану керек деген ұғымнан арылса екен дейміз. Әйтпесе, төрағаларды айналшықтап шықпай алғызғандарды да, бермесең үстінен екінші ГранПри бергізгендерді де, былайша айтқанда бір тойда екі жар-жардың болған сұмдықты да көрдік. Көп жағдайда ұйымдастырушы тарапынан шешіліп, қалғандары бас шұлғып қоштап отыратыны шындық. Әділ пікір айтылсын деп ресми мамандарды тағайындаған соң, олардың ісіне сеніп, ішкі шаруасына араласпаған жөн болар.
Сосын тағы айтпасқа болмайтын бір жайт, қанша байқап жүрміз, қазылар құрамына кірген драматург, режиссер, актер ағайындарымыз қойылымның жетістігін айтып, кемшілігіне келгенде дауыстары бәсеңдеп, кібіртіктеп қалады. Я болмаса, араларында бір-екі сыншы отырса «сыншы бәрін айтады ғой» деп соларға бар салмақты арта салады. Ол жақсылықтың нышаны емес тіпті өнерге жасалып жатқан жанашырлық та емес. Осы табиғатымызға жат жасқаншақтықтан, көңіл жықпастықтан қашан арылар екенбіз деген ой жиі мазалайды. Әр адам өз мамандығына қатысты спектакльдің қырық қатпарлы астарына үңіліп неге айтпасқа. Көзге томардай боп көрініп тұрған кемшіліктерді көргіміз келмей «менің замандасым, менің шәкірттерім ғой» деп үнсіз қала берсе, онда қазылар қатарында отырудың да қажеті аз болар. Берілген міндет ортақ болғаннан кейін өтімді пікір қалдыру да парыз шығар. Адамдардың осы рухани немқұрайдылығы түптің түбінде халықтың бейруханилануына апара ма деп қорқамын.
Құрметті, театр сүйер қауым! Фестиваль көзссіз мақтау мен ессіз марапаттаудан тұрмайды. Ол баға, сын таразысы. Болашаққа сабақ болсын деген оймен бұл жолы қаттылау айтып жатырмыз. Әрбірден кейін осы айтылған жайттар тек оралдықтарға қатысты деген сөз емес, қазірдің өзінде де астана фестивальдерді көру үстіндеміз. Жалпы, театр фестивалі өткізілуінің сипаты қалай дегенде тереңірек ойлануға тұратын осындай мәселелер бар деген тобықтай ой ғана біздікі.
Ал, қазақ өнері өркениетті ел екенін дәлелдеу үшін моно фестивалін ұйымдастырған театр директоры Н.Тасбулатов пен көркемдік жетекшісі Н.Жұбатова бастаған қызметкерлерге дән ризамыз. Осы тұста баса айта кететін нәрсе, театр өнерінің өрісін кеңейтуге бағышталған аталмыш рухани шараға жоғары жақтан қолдау мүлде болған жоқ, театр өз қаржыларымен жүзеге асырды. Бұл – үлкен ерлік! Яғни, моноларға қазақ сахнасына үн қосуына мол мүмкіндік берген театр басшыларына мың алғыс! Бұл игі бастаманы бекітіп (заңдастырып) алып, сосын әр екі жылда бір өткізіліп тұрарына да және істі бітірем деп атқа мініп алған шенеуніктер осынау шарапатты іс тындыруға белсенділік танытарына да тілек те, сенім де бар. Сан салалы өнеріміздегі әлеуметтік жауапкершілік сезімінің жаңа сатыға көтерілуіне жаппай ат салысайық!