Тірі ағза саналатын театр өнеріне деген қызығушылық, саф өнерге деген құрметтің артып келе жатқандығ...
Елорданың жас дауыстары
«Астана Опера» театрында сәуірде тыңдармандардың назарына К.Байсейітова атындағы Камералық залдың мазмұнды бағдарламасы ұсынылады. Елорда тұрғындары мен қонақтарын театр жұлдыздары мен Қазақстаннан және шет елдерден шақырылған әртістердің қатысуымен «Рахманинов трибьют», «Жапон көктемі», «Қос түтік» фестивальдері аясында жарқын концерттер мен сан алуан музыкалық кештер күтеді.
Сонымен, сәуірдегі репертуарды Джованни Батиста Перголезидің жауһары «Stabat Mater» ашады. Әйгілі туынды театр сахнасында 2 сәуірде солистер: сопрано – Әсем Сембина, альт – Батыржан Смақов және Anima di Barocco ішекті аспаптар ансамблінің орындауында алғаш рет шырқалады, көркемдік жетекші – Раиса Мұсақожаева. Клавесин партиясын Гүлжан Айдабұлова орындайды, балалар хорының хормейстері – Шырын Ахмеджанова, балалар хорының концертмейстері – Ирина Кургузкина.
Айта кету керек, бұл кеште ересек музыканттармен бірге «Астана Опера» театр студиясының балалар хоры өнер көрсетеді. Ұжым жетекшісі Алтынғаным Ахметова жас әртістердің дайындығы қалай өтіп жатқанын айтып берді.
– Әлемдік мәдени мұраның інжу-маржаны – Джованни Перголезидің «Stabat Mater» туындысы алғашқы нотасынан бастап-ақ жүрекке еніп, адам жанының нәзік қылын шертеді. Атап өтейін, балалар кантатаның күрделі мазмұнын, көркемдігі мен айрықша жантебірентерлік сипатын жеткізу секілді қиын тапсырманы керемет орындауда. Біз дайындық кезінде осы туындыға қажет дыбыстау сапасын іздеу бойынша үлкен жұмыс атқардық. Мәселе мынада ғой, бұл жерде дыбыстың берілуі балаларға үйреншікті опералық ән айтудан қатты өзгешеленеді. Олар опералық қойылымдарда үлкен сахнада симфониялық оркестрдің толық құрамының сүйемелдеуімен ән айтса, ал мұнда біз шағын камералық ансамбльмен бірге өнер көрсетеміз. Бұлардан бөлек, дыбыстың сипатына шығарманың мазмұны, қандай көңіл күйде жазылғаны, музыкада тұнған мөлдір мұң айтарлықтай әсер етеді. Бізге кантатаның әсемдігін атап көрсету, оны «бір демде» қабылданатындай деңгейге жеткізу маңызды болды, – деп пікірімен бөлісті Алтынғаным Ахметова.
– Балалардың шығармашылық өмірлері қайнап жатқанын айта кеткенім жөн. Олар классикалық музыка негіздерін меңгеріп, оны түсінуге үйренуде және қатарластарын да соған қуана тартуда. Театр жанындағы хор студиясы балаларға ауқымды опералық қойылымдарға ересек әртістермен бірдей қатысуға және концерттік бағдарламалармен өнер көрсетуге мүмкіндік береді, – деп сөзін қорытындылады «Астана Опера» балалар хорының жетекшісі Алтынғаным Ахметова.
Италиялық жауһардан бөлек, ай репертуарын «Квартетке арналған музыка маусымы» топтамасынан «Дәуір данышпандары: Бетховен. Шостакович» концерті жалғастырады. 16 сәуірде «Астана Опера» оркестрінің әртістері квартетке арналған музыканы ойнау өнерін паш етеді, жоба жетекшісі – театрдың симфониялық оркестрінің бірінші скрипкасы Бағдат Әбілханов.
Ернар Мыңтаевтың жетекшілігімен Ғ.Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті және ұжым қонағы – атақты ресейлік кларнетші Артур Назиуллин 25 сәуірде «Көктем шабыты» концертінде өнер көрсетеді.
27 сәуірде «Шам оты маздап тұрғанда» музыкалық кешінде әлемдік классика туындылары театрдың симфониялық оркестрі аспапшыларының әдемі интерпретациясында шырқалады, дирижер тұғырына израильдік маэстро Арик Гольдштейн көтеріледі.
29 сәуірде Forte Trio ҚР Мемлекеттік триосының әртістері әйгілі қазақстандық пианист Тимур Урманчеевтің жетекшілігінде қызықты бағдарламамен сахнаға шығады.
30 сәуірде Қазақстан халқының Бірлігі күні қарсаңында «Отаным – жүрегімнің жыр-әні» мерекелік концерті өтеді. Опера солистері Елена Ганжа, Саян Исин, Азамат Жылтыркөзов, виолончельші Ажар Қадырова, 4bows ішекті аспаптар квартеті мен «Астана Опера» театры театрлық балалар студиясының әртісі Амани Мұратова халық әндерін, қазақстандық композиторлардың романстары мен камералық шығармаларын орындайды. Фортепиано партиясында – Зәру Жазықбаева.