Айзат Қадырәлиева. Айман-Шолпан

ТЕАТР
3902

Драматургияның биік көрсеткіші болып саналатын бірталай шығармалар халық аңыздары мен эпостық сюжеттердің негізінде жазылған М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Қобыланды», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш–Баян сұлу», «Қыз Жібек» пьесалары – ұлттық драматургиямыздың інжу–маржаны болып есептелінеді. Айман мен Шолпан, Еңлік пен Кебек, Қозы мен Баян, Жібек пен Төлеген тек аңыздық бейнелер ғана болып қалмай, реалистік шынайы образдарға айналды. Асқақ арманға айналған осынау қымбат кейіпкерлер арқылы қаншама актерлеріміз мәртебелі белестерге көтерілді. Көркем шығарманың тартымдылығымен, режиссура пәрменділігімен қаншама суреткерлеріміз театр өнерін жәһанға танытты. Міне, М.Әуезовтің «Айман-Шолпаны» да сондай халықтың баға жетпес рухани қазынасы. Ақ өлеңмен өрнектелген қанатты сөздердің байлығымен, өзінің қазақы көрінісімен көрерменге тікелей әсер етіп келген бұл пьесаны Астана Жастар театрының режиссері Нұрғанат Жақыпбай жұртшылыққа мүлдем басқа қырынан ұсынуды жөн көріпті. Әрине, әрбір режиссердің өзіндік шешімі, алға қойған мақсаты болатындықтан, бұрын қойылып жүрген спектакльлді сол қалпында қайта ұсыну шарт емес, жұртшылық одан ойдағыдай әсер алмауы да мүмкін. Оның үстіне, сахнада жүріп жатқан оқиға мен біздің арамызды бір ғасырдай уақыт бөліп тұрғандықтан өткен өмір бейнесін неғұрлым жастар талғамына жақындатып, бүгінгі күн талабына да ойластыра бейнелесе, спектакльдің құндылығы да арта түсетіні түсінікті жағдай.

Әйтсе де, М.Әуезов суреттеген ғажайып сұлу сөйлемдерді мағынасыз қимыл-қозғалыстарға салып оңбай сүріндіру деген сөз емес шығар. Онсызда дәл осыған ұқсас пластикаға құрылған спектакльдері қаптап жатыр. Қыздарды иығына отырғызу, төбесіне шығару, шыр айналдыру, секіру сияқты қимылдарды яғни бір-бірінен айнымайтын әрекеттерді әржолғы қойылымдарынан байқап жүрміз. Оның үстіне халық әндерді заманауи әнмен араластырып мипалау жасаған. Арнайы музыка жаздырып салмақты дүние жасаса бір сәрі дер едік, ал әр әннен үзіп-жұлып алынған жерде музыкалық спектакль емес, ән шеруі, ән жарысы өтіп жатқандай әсер қалдырды.

Айман мен Шолпан шығармада тек бас кейіпкерлер ғана емес, аталмыш комедияның бүкіл даму, ілгерілеу сатылары осы жандармен байланысты. Олардың ерекшелігі сұлулығында да, нәзіктігінде де, махаббат сүйіспеншілігінде де, батырлығында да емес – ақылдылығында. Қос қыздың көздеген мақсаты да – екі елді жауластырмай бітістіру, және өз бастарын Көтібар өктемдігінен аман сақтап қалу. Олар өздерінің ақыл-айласын да осы жолға жұмыла жұмсайды. Яғни, әрі ақылды, әрі тапқыр, әріден ойлап, алыстан болжайтын сұңғыла бойжеткендердің сымбатты бейнесін тек бимен өлшеп жібергені өкінішті. Ары-бері бос жүгіріп жүрген актрисалардың түр сипатына қарап, қиыннан қиюласқан сахналық кикілжіңдердің бәрі де Айман мен Шолпанның тапқырлығы, шебер шешендігі арқылы шешілді дегенге кім сене қояр екен? Маман байдың ақылды да ерке қыздары Айман мен Шолпан екеуі екі түрлі мінез-құлықтың адамы екенін көре алмадық. Әлібек пен Арыстанның да, Жарастың да, тағы басқа актерлердің бейнесі де ойдағыдай ашылмай тұрғаны, олардың сөзге емес көбінесе биге, күрделі қозғалыстарға көңіл бөлгендігі.

Қимыл қозғалысқа баса мән беріп кеткен жас актерлеріміз, халқымыздың ғасырлар бойы жинаған қазынасы – көркем сөз ұстарту ерекшеліктерін естен шығарып бара жатқан сыңайлы. Сөзден гөрі олар әркетке бейім екендіктерін әр спектакльдерде жиі байқалады. Дене бітімдерін барынша биге икемдеп жүргендерімен де, кісі тебіреністерін ұғындыратын сахналық тіл тазалығы ұмытылып бара жатқандай. Сахналық сөз шеберлігі, сөйлем қолданыстары, астарлы тұстарды түйсінуі кемшін. Мүдірмей, кідірмей табиғи екпінмен сөйлеуге Жастар ұжымына білек түріп құшырлана кірісу жағы жетіспей жатқаны жасырын емес.

Әрине, Жастар театрының талантты актерлері кез келген кимыл-қозғалыстарды еркін игеріп, оны өз биігінде көрсете алатын дәрежеге қол жеткізулері тиіс. Бірақ, актерді нағыз шебер атандыратын тек сахнадағы күрделі әрекеттер ғана емес, сонымен қатар көркем сөз де ғой. Режиссер классикалық дүниені алған екен, онда оның көркемдік деңгейін түсіріп алмауға күш салу керек еді. Ол қалай жасалған, оның ішкі-сыртқы өзіндік мінезі қайсы, автор оны неліктен осылай көрсеткісі келген деген сұрақтар төңірегінде жұмыла жұмыс істейтін жерде, ән мен би кешінің үстемдік етуі мүлдем түсініксіз. «Айман-Шолпан» музыкалы комедия болғандықтан, әлбетте, актерлердің әншілік қабілетіне де назар аударылатыны сөзсіз. Бірақ, жас актерлердің дұрыс ән салуына кедергі жасап тұрған тағы да сол керексіз қимылдар. Жалпы қойылым барысында басы-артық қозғалыстар өте көп. Режиссер спектакльдің формасына, биге мән берері соншалық, актерлердің тілдегі тұтқырлығымен, бейне шығарудағы ісімен жұмыс істеу міндеті екінші планға ауысқан. Жастар театры деп аталған соң, оған түрлі жанрдың кірері айтпаса да түсінікті. Әйтпесе атауын өзгертсін "Ән-би театры" деп, онда сөз басқа. Балетмейстер А.Жүсіпова би қоярда таптаурындылықтан қашқан жөн, костюм жағынан иелік еткен А.Рахиповаға айтарымыз, киімдері қазақтан гөрі басқа ұлтқа ұқсап кеткен (татарға десек болады ау). Анау-мынау емес М.Әуезовтің шығармасын алып жатқаннан кейін, апай-топаймен асығыс шығармай, автордан тым болмаса жұрнақ қалу үшін тырысып көрсе дұрыс болар еді.

Театр репертуарындағы барлық спектакльдердің шедевр бола беруі де мумкін емес нәрсе. Олардың ішінен кереметі де, жақсысы да, ортақол дүниелер де кездесіп жатары тағы рас. Жалпы шындықты айту керек, Жастар театрының репертуар қоржынына айтарлықтай реңк-ажар бермей тұрған біраз қойылымдар бар. Мысалы «Ғайыптағы мәңгілік махаббат сазы», «Кармен», «Жанарымдағы жалғыз әуен», «Махаббат миниатюралары», «Тасбақа» тағы да басқа бар... Бұлар театрдың ешқандай көркемдік деңгейін көтеріп те, актерлердің беделін арттырып та тұрған табысты дүниелер емес.

Тағы да айта кететін бір нәрсе, театр репертуарының көбісі бір режиссердің ғана қолтаңбасымен таңбаланған. Көркемдік жетекші Н.Жақыпбайдың барлық спектакльдерге жалғыз өзінің режиссерлік етуі қандай мұқтаждықтан туындады екен? Театрға ақша деп емес, өзінің шығармашылық жаңалығымен, тың ізденісімен келуге даяр дарындыларды неге шақыртпайды?. Талантты жас режиссерлермен жұмыс істеу барысында, ащы теріңді шығаратын сахналық арпалыстарға жаны құмар «сен тұр, мен атайын» дейтін қызу қанды актерлердің одан ары жан-жақты ашыла түсуіне себепкер болар режиссерлік қилы қолтаңбалар қажет-ақ. Өте қажет. (өз ішінде жүрген Б.Құрманғожаев, Д.Серғазинді айтпаймын) Мұны түсінетін кезі әлдеқашан келген еді.

Жарайды, талай ұжымдар арасынан оза шауып, өздерін әрқалай танытып жүрген Жастар театры актерлері жайында талай айтылып та, жазылып та жүр ғой. Сондықтан, біздің мақсатымыз, олар қол жеткізген табыстарды тағы да әсірелеу жырлау, мақтау емес, әлі де болса орны толмай жатқан оқылықтарды қозғау, театр ұжымы жіті мән бермей келе жатқан қайсыбір сәттерге көңіл бөлу еді.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...