«Астана кештері» VIII Халықаралық өнер фестивалі өз мәресіне жетті

ТЕАТР
1375

Музыкалық өнер кеңістігіндегі айтулы оқиғалардың бірі – Астана кештері» VIII халықаралық өнер фестивалі аяқталды. «Астана кештері» фестивалінің ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның бастамасымен жыл сайын өткізілетін аталмыш өнер мерекесі барша көрермендерге ерекше қуаныш сыйлады.

Фестиваль аясында өткен 5 қайырымдылық концерт халықтың түрлі әлеуметтік топтарына әлемдік өнердің жауһарларын тамашалауға мүмкіндік берді. Өнердің озық үлгілерінің барша халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында барлық концерттерге билеттер тегін таратылды. Фестивальдің ерекше қонақтары қатарында мүмкіндігі шектеулі жандар болды. Ұйымдастырушылар олардың концерттерге келуі үшін арнайы көліктермен қамтамасыз етті. Биылғы «Астана кештері» өнер фестивалі «Дегдар» қайырымдылық қоры, JTI компаниясы және «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының ұйымдастыруымен өтті.

Жыл сайын фестиваль аясында әртүрлі бағыттағы музыканың үздік үлгілерін орындайтын белгілі өнер майталмандары өнер көрсетеді. Биылғы фестиваль аясында да елордада әлемнің үздік сахналарын бағындырған танымал өнер жұлдыздары бас қосты. Көрермендерге опералық, камералық, симфониялық, органдық және аспаптық бағыттағы тамаша концерттер ұсынылды.

Биылғы фестиваль Қазақстанның ең үздік опера дауыстарының бірі, халықаралық байқаулардың лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Медет Шотабаевтың бенефисімен ашылды. Концертте Ресей Үлкен театрының жетекші солисі Анна Аглатова, А.Навои ат. Өзбек мемлекеттік үлкен театрының солисі, Өзбекстанның халық артисі Рамиз Усманов, Мариинский театрының солисі Наталья Павлова, «Солистер академиясы» мемлекеттік оркестрі өнер көрсетті. 

«Камералық музыка кешін» белгілі қазақстандық және итальяндық сахна шеберлері: атақты альтист Анна Серова (Италия), Марко Скьяво – Серджо Маркеджани фортепианолық дуэті (Италия), «Құрмет» орденінің иесі, «Forte Trio» мемлекеттік триосының жетекшісі Тимур Урманчеев, көптеген халықаралық байқаулардың лауреаттары Динара Базарбаева-Сахаман (скрипка) және Мұрат Нарбеков (виолончель) ұсынды.

Симфониялық музыканың тыңдармандары екі әлемдік жұлдыздың қатысуымен өткен «Классика жұлдыздары» концертін тамашалады. «Қазақстан» орталық концерт залында өткен концертте заманымыздың ең таңдаулы пианисі Бехзод Абдураимов (Өзбекстан-АҚШ) және ҚР халық артисі, әлемге әйгілі скрипкашы Айман Мұсаходжаева өнер көрсетті.

«Органдық музыка кешін» Париждегі Әулие Николя дю Шардоне шіркеуінің ресми органисі Мари-Аньес Граль-Мене тарту етті.

«Астана кештері» VIII халықаралық өнер фестивалінің соңғы концертін Қазақстан және Италия елдерінің сахна шеберлері ұсынды. Талғамы биік көрермен 3 айтулы премьерадан тұрады ерекше концерттік бағдарламаны тамашалай алды. Белгілі итальяндық пианистер Серджо Маркеджани және Рафаэле Д’Анжело, «Құрмет» орденінің иесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев және халықаралық байқаулардың лауреаты Арман Тлеубергенов орындаған 4 рояльға арналған керемет туындыны тыңдармандар ерекше ықыласпен қабылдады.

Бұл кеште алғаш рет «Солистер академиясы» мемлекеттік оркестрі итальяндық композитор Сальваторе Фреганың фестивальге арнайы тарту еткен «Magic Horse» оркестрлік пьесасын асқан шеберлікпен орындады. Ал итальяндық альтист Анна Серова Роберто Молинеллидің «Lady Walton’s Garden» шығармасын ұсынып, концерт Абай ат. МАОБТ бишісі Нельсон Пенья орындаған жұптасқан аргентиналық тангомен аяқталды.

«Қазақстан» ОКЗ, «Астана опера» камералық залы, ҚазҰӨ орган залы сынды Нұр-Сұлтанның үздік саханаларында өткен «Астана кештері» VIII халықаралық өнер фестивалінің концерттерін 10 000-ға жуық көрермен тамашалады.

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...