«Ауылдағының аузы сасық па»: қызылжарлық театр артистері Мәдениет министріне назын айтты

ТЕАТР
2039

2020 жылдан бастап мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы 50 пайызға көтеріледі. Бұл жаңалықты естіген солтүстікқазақстандық әртістер бөркін аспанға атты. Алайда, қуаныш ұзаққа бармады.

Мәдениет және спорт министрлігі республикалық деңгейдегі театр актерларының еңбекақысы 50 пайызға, ал, өңірлік мәдениет орындары қызметкерлерінікі тек 35 пайызға ғана көтерілетінін жеткізді. Мұның өзі шығармашылық ұжымға ғана қатысты. Ал, техникалық қызметкерлердің табысы сол күйінде қалмақ, деп хабарлайды "Мәдениет порталы" Azattyq Rýhy тілшісіне сілтеме жасап.  

Министрліктің бұл әрекеті «ауылдағының аузы сасық» деген тіркесті еріксіз еске түсіреді. Солтүстік Қазақстан облыстық С.Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театры ұжымының өкпесі қара қазандай. Актерлердің бүгінде қолына тиетін жалақысы небәрі 80 мың теңге. Бұл көрсеткіш өңірдегі орташа жалақыдан 40 пайызға төмен. Ал тігінші, сахна әрлеуші, еден жуушы сынды техникалық мамандардың табысы 40 пен 70 мың теңге аралығында. Режиссер Баатырбек Шамбетов елімізде өнердің тиісті деңгейде бағаланбауы театрдың біртіндеп жойылуына себеп болуы мүмкін екендігін айтады. 

«Театр өліп бара жатыр. Актердің ойы шығармашылық емес, ақша табу, отбасын асыру мәселесі болып кетті. Оны дайындық барысында да аңғарып жүрмін. Адамының көкейінде қарны аш баласы мен, ашулы әйелі тұрса, шығармашылық, мәдениет туралы қайдан ойлансын. Шәкен Айманов, Наталья Орынбасарова сыны актерларды жақын арада көре алмаспыз. Маман жетіспейді. », - дейді СҚО С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының режиссері Баатырбек Шамбетов

Күләйра Жұмағұлова – тігін цехының меңгерушісі. Шебер 14 жылдан бері қазақ театрының отымен кіріп, күлімен шығып жүр. Осы уақыт аралығында оның қолынан мыңдаған костюм шықты. Ай сайынғы еңбекақысы 68 мың теңге. Жалдап тұрып жатқан пәтер үшін ай сайын 70 мың теңге төлейді. Баспана алайын десе, табысы жеткіліксіз, әрі зейнет жасына жақындаған адамға банктердің ешқайсысы несие бермейді.

«Пәтер жалдап жүргеніме 15 жыл болды. Жалақым 68 мың болса, пәтерге 70 мың беремін. Қызыммен тұрамын. Оның алатын ақшасы күнделікті азық-түлік пен киім-кешектен артылмайды. Банктерге барып көрдім. Ешқайсысы менің атыма ипотека рәсімдемейді», - дейді ол.

Театр штатында 3 тігінші бар. Мардымсыз жалақыға ешкім жұмыс істегісі келмейді. 1 орынның бос тұрғанына біраз уақыт болған. Осылайша екі маман үш кісінің жұмысын атқарып жүр. Костюм цехындағы жағдай да осы. Екі қызметкердің бірінің орны бос. 40 мың теңге жалақыға жұмыс істеуге кім келіссін? Бибігүл Ахметова да екі адамны міндетін жалғыз атқаруға мәжбүр. Сахналық костюмдерді таза ұстау, жыртылған жерін тігіп, үтіктеу – осы маманның мойнында.

«Актерлердің костюмдері кез келген уақытта дайын тұруы керек. Оны жуып, үтіктеу менің мойнымда. Аяқ киімдерді де өзім тазалаймын. Жанымда көмекшім болған. Ол үш ай бұрын жұмыстан шығып кетті. Сол уақыттан бері бос орынға келетін ешкімді таба алмай жатырмыз», - дейді Бибігүл Ахметова

Пәтер ала алмай жүрген актерлердің бірі – Айбол Қасым. Оның театрда жұмыс істегеніне 6 жыл болған. Биыл шаңырақ көтеріпті.

«Колледжді тәмамдап, театрға келгенде жалақым 25 мың теңгеден басталды. 2017 жылы  жоғары оқу орнын аяқтаған соң, 80 мың алып жүрмін. Өзім пәтер жалдап тұрам. Жалақымның жартысынан көбі соған кетеді. Тойға шығып жүрмін. Онсыз табысымыз күнкөріске жетпейді», - дейді актер.

Петропавлда қазақ театры алғаш рет 2000 жылы ашылған болатын. Өнер ордасының ашылуына орай Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атынындағы өнер академиясын тәмамдаған 30 жас маман шақыртылған еді. Бүгінде актерлердің көбі Нұр-Сұлтан, Алматы сынды мегаполистерге кетіп қалған. Режиссер Баатырбек Шамбетов бір маман жұмыстан шыққан сайын әр спектакльдегі рольдерді қайта қарап, басынан дайындық жасауға тура келетіндігін айтады.

«Бір жұмысты қайталай береміз. Сондықтан театр қызметкерлерінің жалақысын 50 пайызға дейін көтерсе, жаман болмас еді. Бұл бір. Екіншіден, техникалық құрамдағы жұмысшылардың жалақысы мүлде көтерілмейнінін естідік. Театр тек актер мен режиссерден тұрмайды. Тетрда суретшілер, бутофор, еден жуушы, костюмер, реквизиорлар бар. Олардың жалақысы өзгеріссіз қалатын болды. Шынын айтсам, олардың бетіне қарауға ұяламыз. Барлығы адал еңбек атқарып жүр», - дейді ол.

Осындай қиындықтарға қарамастан, театр ұжымы талай табыстарға қол жеткізіп жүр. Республикалық сахналарда ғана емес, халықаралық додаларда оза шауып, биіктерден көріне білді. Ұжым Түркия, Қырғызстан, Румыния, Ресей сынды тағы басқа алыс-жақын шет елдерде өнер көрсетті. Театр ұжымын сол еңбектің мемлекет тарапынан еленбей, тиісті деңгейде бағаланбай жатқандығы қынжылтады.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...