Ілиясова Гүлжәмиля: Мен үшін қуыршақ өнерінен асқан ғажайып әлем жоқпен тең...

ТЕАТР
6389

«Сахна» деп аталатын киелі өлкедегі 45 жылға көз жүгіртсем санамда сандуғаштай сайраған сиқырлы сәттер еріксіз есіме оралады. Тағдыр мені қуыршақ театрына кездейсоқ алып келгенімен, мен үшін қуыршақ өнерінен асқан ғажайып әлем жоқпен тең...

–  Сахнадағы 45 жылдық өнер жолыңыз ұзақ жылдар бойы игерілген тәжірибемен қатар, ескірмес естеліктер, ұмытылмас қуаныш пен әттеген-ай деген өкінішті сәттерді де еске түсіретіні айқын. Ерекше есіңізде қалған естелігіңізбен бөліссеңіз?

–  Мен үшін қуыршақ театрының ең үлкен ерекшелігі – айналаңда, отбасыңда, әлемде болып жатқан барлық жағдайларды ұмыттырып, қуыршақ өнеріне сахнаға деген махаббатыңды оятатын үлкен күшке ие екендігі. Кішкентай бүлдіршіндермен бірге тылсым сырлы әлем құшағына еніп, ертегілер елінде сапар шегесің. Бала қуанышының себепкері болу – үлкен бақыт екендігін сезінесің. Ал, театрдан аттап шыққаннан кейін ғана жоспарларың мен жасауға тиіс жұмыстарың еске түседі. 

Әрине, қуаныш пен қайғының, сүйініш пен өкініштің қатар жүруі заңды құбылыс. Кішкентай бүлдіршіндердің сыңғыр күлкісі театр төрінде қашанда салтанат құруы үлкен шабыт сыйлайды. Себебі, біз қуыршақ театры деген аты бар болғанымен басында ғимараты жоқ, нақты жоспары мен мақсаты биік, бірақ қойылымдар ұсыну, дайындық жұмыстарын жүргізуге мүмкіндігі аз уақытта жұмыс жасаған кездеріміз болды. Сол кездегі ұжымның басты арманы – бар болғаны жеке ғимаратымыздың болуы еді. Көрермендерімізді үздіксіз қабылдайтын, қойылымдарымыз тұрақты сахналанатын орынның тапшылығынан, сол кездегі елімізде болған қиындықтардан көптеген талантты тұлғалар жұмысын тастап басқа салаға кетуге мәжбүр болды.

Жаңа театр ғимараты салынып жатқан кездерде біз үшін театрға қаланған әрбір кірпіш қымбат болды. Салыну барысын қызығушылықпен бақылап, қуанышымыз қойнымызға сыймай келіп кетіп жүрдік. Ал, жаңа ғимаратымызға көшкеннен кейін де арманмен қол жеткізген үйіміздің әрбір бұрышын жуып тазалау жұмыстары ерекше рахат сыйлайтын. Мен үшін ең тәтті естелік осы болып қалмақ. 

– Қуыршақ өнері болмысы басқа, табиғаты тылсым, ғажайып та жұмбақ әлем. Мұнда жұмыс жасайтын артистер де өзгеше. Қуыршақ театрының артисі мамандығын қалай игердіңіз? Алғашқы сүйіспеншілігіңіз қалай басталды?

– Жасыратыны жоқ, жастайымнан қуыршақ театрының артисі боламын деп ешқашан ойлаған емеспін. Менің сол кездегі арманым – әнші болу еді. Әкем домбырашы, сері, әнші болған. Ән айтқанды жаны сүйетін әкем әр кеш сайын үйдің ішін әсем әуезге бөлейтін. Радиодан берілген Күләш Бәйсейітованың әндері ерекше әсер еткені соншалық сол кісі секілді әнші болуға құмартатынмын. Балалықпен Күләш апамыз радио ішінде ән айтып тұрғандай елестетіп, әкеме ішін ашыңызшы, ішінде ән салып тұр дейтінмін. Арман қуып Алматыға келдім. Тағдырдың жазуы болар – әнші боламмын деген арманым орындалмады. Қазіргі Ж.Елебековатындағы  Республикалық  эстрада және циркколледжі ол кезде эстрада және цирк студиясы болатын. Өкінішке орай, емтиханнан өтпей қалдым. Бірақ, сынып ішінде жарқын бейнесімен бір адам ерекше көзіме түсті. Емтихан соңында сол кісі біздің тобымызға жақындап, алғаш қуыршақ театры туралы таныстырды. Бір топ жастың ішінен мені де қуыршақ театрының жастары қатарына қабылдады. Осылайша, 1975 жылы шілде айында өзім үшін тылсым сырға толы қуыршақ театрының табалдырығын аттадым. Көзіме оттай басылған жарқын бейне – қуыршақ театрының сол кездегі жас режиссері – Ешмұратова Құралай Халекетқызы екендігін кейін білдім. Қуыршақ театрына алғаш жетелеген де, қанатымызды қатайтып, өнер жолына баулыған да сол кісі. Алғашқы кездерде әрине, қуыршақ жүргізу оңай болмады. Кейіннен театрдың тәжірибелі артистері қуыршақ өнерін меңгеруімізге көп еңбек сіңірді.

Алғаш театрға жұмысқа орналасанымда артистерден жұмысқа орналасқаныңызға қанша болды деп сұрайтынмын. Сонда бір артист 3 жыл болды дегенде, қатты таңғалғаным есімде. Мен үшін 3 жыл деген өте ұзақ уақыт болып көрінетін. Ал, қазір 45 жылдың зулап өткенін де байқамай қалыппын...

– Қуыршақ театр сахнасында ең алғаш сомдаған рөліңіз? 

– Мен алғашқы кездерде домбырамен, баянмен ән салып қосалқы рөлдерді сомдап жүрдім. 1976 жылы «Сәбираның әлегі» атты қойылымда Қарашаш атты кейіпкердің рөлін сомдау бұйырды. Ол кездерде қуыршақ театры жылдың он екі айының 10 айында гастрольдік сапарда жүретін. Торғай облысына гастрольдік сапарға гастрольдік сапарға Қарашаш рөлімен шыққан болатынмын. 

– Бүгінгідей техниканың қарыштап дамып, ақпараттардың молайған жаһандану дәуірінде кішкентай көрермендердің сұранысын қанағаттандыру тұрғысында қуыршақ театрларының репертуарлық саясаты қаншалықты көңіліңізден шығады? Сіздің режиссерлік қолтаңбаңызбен көптеген қойылымдар жарық көргені белгілі, қуыршақ театр режиссері туралы пікіріңіз?

– Әр заманда әртүрлі жаңалықтар мен өзгерістер театрға да өз ықпалын тигізіп отырғанымен, мен жұмыс жасап бастаған 1975 жылдағы қойылымдармен қазіргі қойылымдардың айырмашылығы үлкен деп айту қиын. Қуыршақ өнері болғаннан кейін қай заманда да біздің қолымызда қуыршақ болады. Қуыршақтардың түр-әлпеті өзгеріске ұшырағынымен, жалпы мақсаты мен міндеті өзгермейді. Әлбетте, қазіргі заман балалары ұялы телефон, теледидардан түрлі мультсериалдарды көретіндіктен ол жердегі сүйікті кейіпкерлерді де театр сахнасынан көруге құштар. Бірақ, дейтұрғанмен қай заманның баласы болса да ертегінің орны өзгеше болып қалмақ. Ал, қазіргі біздің театрда қойылып жүрген ертегілерді балалардың қабылдауы жоғары. Мен ішкі түйсігіммен түсінетінім - баланың көңілінен шығып, жан дүниесін қозғайтын туынды қай кезде де құнды болып қала бермек. Өзімнің немерелерімнен түсінгенім – қарапайым ертегілердің балаға әсері бөлек. Мәселе – жеткізуде екенін ұмытпауымыз қажет. Ешқашан баланы алдамау керек екендігі маңызды мәселе. Себебі, пәк жүректі адал көңілге дәл сондай қайтарым аса қажет.

– 45 жылдық ерен еңбек қайталанбайтын кейіпкерлерді, ұмытылмас қойылымдарды жарыққа шығарды. Тәжірибелі артист ретінде кейінгі жастарға айтар өсиетіңіз?

– 45 жылдық жұмыс тәжірибемде театрдың құлдырау кезеңін де шарықтау кезеңін де басымыздан өткердік. Көрермендерге бірнеше орындарды ауыстыра жүре өнер көрсетуге мәжбүр болдық. 1993 жылдардағы еліміздегі құлдырау кезеңінде театр мүлдем жабылардың алдында болды. Театрдың қайта өрлеу кезеңі Сұлтанғали Шүкіров сынды талантты тұлғаның елеулі еңбегімен тікелей байланысты. Сол кездегі театр жанашырларының атқарған жұмысы зор құрметке лайық. Театр көптеген сынақтардан сынбай бүгінгі күнге жетіп отыр. Ең бастысы қазір жеке ғимаратқа ие. Қойылымдарды алаңсыз ұсынуға мүмкіндік көп. Бүгінгідей алаңсыз заманда еңбек ету үлкен бақыт екендігін қазіргі жастар жете түсінсе екен деген тілегім бар.

Театр басынан кешірген әрбір кезең өзіндік жаңалықтарымен ерекше. Юсупов Мәдениет Мұғалімұлы театрға халықаралық деңгейдегі жаңа тыныс сыйласа, Оразәлі - Ақжарқын Сәрсенбек басқарған тұста өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленді. Қуыршақ театрының қазіргі директоры Есеналиев Талғат Қамқабайұлы келгелі театр басқа белеске көтеріліп, кең қанатын жайған кемелдену шағын басынан өткеруде. Ересектерге арналған қойылымдар сахналауда, жалпы театрдың жаңа бағытта дамуына қозғау салып, өзіндік жаңалығымен өзгешеленген жандану кезеңінде еңбек етудеміз.

– Қуыршақ театрына ардагер артист ретінде биік өрлеу, сарқылмас шабыт, толағай табыстар тілеймін! Қуыршақ театрымыз, ұжымымыз жасай берсін! Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Мадина ТӨЛЕ

Жаңалықтар

Абай облысында әскери қызметкерді өлтіру ісі бойынша сот үкімі шықты. Үржар аудандық қорғаныс істері...

Жаңалықтар

Биліктегі «Грузин арманы – демократиялық Грузия» партиясының кандидаты, парламен...