«Астана Опера» театрында сәуірде тыңдармандардың назарына К.Байсейітова атында...
Біртуар әртістің жүз жылдығы қарсаңында
Жеңіс күні қарсаңында «Астана Опера» театры осынау ұлық мерекеге, сондай-ақ осы күні дүниеге келген біртуар әнші, Қазақ КСР Халық әртісі, Ұлы Отан соғысының ардагері, профессор Бекен Жылысбаевтың жүз жылдық мерейтойына «Жеңіс әні» салтанатты концертін арнайды. Музыкалық кеш 9 мамырда К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында өтеді.
Еліміздің бүгінгі таңдағы ең танымал классикалық вокалистерінің көбі – Б.Жылысбаевтың шәкірттері. Бұл күні әлемдік опера сахнасының жұлдыздары, оның ішінде көпшілік ұнататын қазақстандық тенордың шәкірттері сахнаға шығады. Олар: елордалық театрдың солистері Жаннат Бақтай, Азамат Жылтыркөзов, Жанат Шыбықбаев, Медет Чотабаев, Мейір Байнеш, Гүлжанат Сапақова, Салтанат Мұратбекова, Жамиля Джаркимбаева, Әсем Сембина, Ғалия Байғазинова, шақырылған әртіс Қияқбай Асамбаев, академиялық вокал шеберлері Нұржамал Үсенбаева, Шахимардан Әбілов және басқалары. «Астана Опера» хорының қатысуымен, бас хормейстер – Ержан Дәуітов. Скрипка – Айя Ғаббасова, фортепиано партиясын Раушан Бескембирова мен Жанар Ахметова орындайды.
Қазақстандық вокал мектебі ақсақалынан тәлім алған жастардың бірі – «Астана Операның» жетекші солисі Медет Чотабаев.
– Бекен Бекенұлы Жылысбаев жарқын әртіс ретінде тыңдармандардың көптеген буынына өнер қуанышын сыйлап қана қойған жоқ, сондай-ақ ол жас вокалистердің әлеуетін байқап, әрбір істе қолдау көрсеткен және бойындағы бар білімін аямай бөліскен дарынды ұстаз болды. Ол шәкірттердің бірнеше буынын тәрбиелеп, шығармашыл жастарға жөн сілтеді, олардың мансаптарының жоғарылауына ықпал етті. Осы ретте әрқайсымыздың шеберге деген алғысымыз шексіз деп сеніммен айта аламын, – деді Медет Чотабаев.
Әртістің сүйікті ұстазының есімімен байланысты жылы естеліктері көп.
– Мен консерваторияға осы Бекен Бекенұлының қолдауының арқасында түскен болатынмын. Сол кезде жолға ақша жетпегендіктен құжаттарды кеш тапсырсам да, оқуға қабылдандым. Кейіннен ол маған М.Глинка атындағы беделді халықаралық вокалистер байқауына баруға көмектесті: жол мен тұруға кететін шығындарды көтеруге уәде еткен демеушілер соңғы сәтте көмек көрсете алмағанда, маэстро өзіне тән мейірімділігімен және ақ көңілімен жиған-тергенін маған жолыма берді. Оның маған және менің дарыныма деген сенімі мені қанаттандырып, бірінші сыйлық иегері және үздік тенор ретінде арнайы жүлдеге ие болдым. Бекен Бекенұлы жанымызда болмаса да, оның өсиеті, даналық кеңестері қазірдің өзінде маған кәсіпте ғана емес, өмірде де көмегін тигізуде, – деп пікірімен бөлісті Медет Чотабаев.
Мерейтойлық концерттен бөлек, елорда тұрғындары мен қонақтарын К.Байсейітова атындағы Камералық залдың мамырдағы репертуарында сан алуан музыкалық кештер күтеді. Сонымен, 2 мамырда Қазақстан композиторлар одағының «Кестелі орамал» концерті қазақстандық классик композитор Мұқан Төлебаевтың 110 жылдығына арналады. Гүлмира Құттыбадамованың жетекшілігіндегі Е.Рахмадиев атындағы филармонияның Камералық хоры 4 мамырда «Жанымды тербеткен әуен» концертімен өнер көрсетеді. 5 мамырда «Фантазий серебряная нить» бағдарламасында виолончельші Ермек Құрманаев, скрипкашы Евгения Каримова, альтшы Гүлнара Тілеуғабылова мен пианист Алтай Құсайынов тыңдармандарды өз шығармашылықтарымен таныстырады.
«Музыка – сезім шырағы» концерті 11 мамырда атақты қазақстандық композитор Төлеген Мұхамеджановтың 75 жылдығына арналады. Мерейтой иесінің туындылары жарқын қазақстандық әртістер мен ұжымдардың орындауында шырқалады. Олардың қатарында баритон Шахимардан Әбілов, сопрано Нұржамал Үсенбаева, пианист Амир Тебенихин, флейташы Бекболат Байсағатов, пианист Тимур Урманчеевтің жетекшілігіндегі «Forte Trio» ҚР Мемлекеттік триосы, виолончельші Ернар Мыңтаевтың жетекшілігіндегі Ғ.Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті бар. Фортепиано партиясы – Раушан Бескембирова, Жанар Ахметова.
14 мамырда «Астана Опера» балалар балет студиясының дарынды жас әртістері ең кішкентай өнер сүйер қауымды «Гүлдер вальсі» концертімен қуантады. Концерт режиссері – балет студиясының жетекшісі Ғалия Бөрібаева, тәлімгер ұстаз – Бостан Қожабеков. 16 мамырда тыңдармандарға оркестрдің бірінші скрипкасы Айсұлу Әбілханова, альттар тобының концертмейстері Толқын Қилыбаева, флейталар тобының концертмейстері Алексей Косырев, арфашы Айнұр Камалова мен маэстро Абзал Мұхитдиннің жетекшілігінде театрдың Симфониялық оркестрінің қатысуымен «Моцартпен өткен мамыр кеші» ұсынылады. «Астана Операның» бірінші скрипкасы Бағдат Әбілханов пен пианист Салтанат Әбілханова 19 мамырда «Шамшырақ жарығында орындалған музыка» топтамасындағы «Вольфганг Амадей Моцарт» концертінде веналық композитордың туындыларынан құрылған бағдарламамен өнер көрсетеді.