«Ханзада» қойылымынан көрініс (реж.: Н.Жақыпбай) Елорданың төл перзенті «Жастар т...
Элмар Бөрібаев: Дирижерлік – шығармашылықтың өзгерістерге ең аз ұшырайтын саласы
Элмар Бөрібаев «Астана Опера» театрының дирижері атанды. Ол Джузеппе Верди атындағы Милан консерваториясы мен «ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын» ойдағыдай тамамдаған, сондай-ақ оның Румынияда өткен опера-симфония дирижерлері халықаралық байқауының дипломанты атағы бар. Музыкатанушылар Э.Бөрібаевтың Болгария, Румыния, Италия және басқа да елдердің оркестрлерімен өнер көрсетулерін оның кәсіби жетістіктерінің қатарына жатқызады. astanaopera.kz шағын сұқпат жариялады.
– Элмар Асқарұлы, музыка сіздің қаныңызда бар, бірақ ол қалай өмірлік ісіңізге айналды? Осы туралы айтып беріңізші.
– Мен кәсіби музыканттар отбасында дүниеге келгендіктен ертеден келе жатқан осы дәстүрге сай білім алдым. Әуелі К.Байсейітова атындағы мектепте виолончель сыныбында оқысам, Алматыдағы консерваторияда опера-симфонияға дирижерлік ету сыныбы бойынша білім алдым, одан кейін Милан консерваториясын бітірдім. Бұл тізімге «ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында» оқыған магистратура ғана кірмейді. Оның себебін айтайын, пандемия басталған күрделі кезеңде мен «музыкадан тыс» білім елдегі жалпы мәдениетті дамыту мәселелеріне кеңірек әрі тереңірек қарауға көмектеседі деп ұйғардым.
– Әлбетте, сізге басқа да білім көздері қолжетімді болған шығар?
– Иә, маған негізгі консерваториялық білім алудан бөлек, Лондон, Берлин, Санкт-Петерборда және тағы басқа қалаларда халықаралық шеберлік сағаттарына қатысудың сәті түсті. Бұдан бөлек, үздік театрлар мен концерт залдарындағы концерттер мен спектакльдерден алған зор әсерлерім менің кәсіби қоржынымды толықтырып және байытып отырады. Ла Скала театрында заманымыздың ең атақты солистерімен және дирижерлерімен өткен спектакльдер мен дайындықтарды ұдайы тамашалау мүмкіндігі мен үшін өте құнды болды.
– Өкінішке қарай, барлығының шетелге шығатын мүмкіндігі жоқ. Сіздің ойыңызша, Қазақстанда жақсы дирижерлік білім алуға бола ма?
– Біздің елімізде арнайы музыкалық білім лайықты деңгейде және дирижерді дайындау ісі дұрыс жолға қойылған деп санаймын. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында Н.С.Жарасов, Б.Ә.Жаманбаев секілді терең теориялық, сонымен бірге зор практикалық білімге ие шеберлер жұмыс істеген және қазір де музыканттарды тәрбиелеп келеді.
– Осындай едәуір теориялық жүкті арқалап келесіз, осы орайда оркестрмен жұмыс барысына өз дүниеніңізді қосқыңыз келе ме?
– Дирижер мамандығы – бұл шығармашылық қызметтің жаңартуларға, өзгерістерге ең аз ұшырайтын саласы. Мақсат әрдайым оркестр музыканттарының бірге, бір қарқында, үйлесімді ойнауы болды және қазір де солай. Ал музыканың ішкі толысуы туындыны оқудан әрине ерекшеленеді, мәселен, 50 жыл бұрын басқаша болған. Біз, ХХI ғасыр музыканттары, заманауи техникалық мүмкіндіктердің нәтижесінде осы немесе басқа туындының орындалуының ондаған, тіпті жүздеген нұсқасын тыңдай аламыз. Мұндағы мақсат – өзімізше пайымдауды меңгеріп, оркестрді соңымыздан ерту, өз интерпретациямыздың дұрыстығына көпшілікті сендіру.
– Турасын айтқанда, бұл оңай шаруа емес. Ал оркестр музыканттарының сеніміне ие болу қиын ба?
– Оркестрдің сенімі – кез келген шығармашылық одақтың маңызды құрамдас бөлігі деп ойлаймын. Егер дирижер жетекші ретінде салмақты, кәсіпқой болса, сенім мәселесі оңтайлы шешілуі тиіс. Мұндай сенімге күн емес, ай емес, жылдар бойы қол жеткізу мүмкін болмайтын жағдайлар болады.
– «Астана Опера» Симфониялық оркестріне жетекшілік еткенде айрықша жауапкершілікті сезесіз бе?
– Әрине, «Астана Опера» театрының Симфониялық оркестрі секілді тамаша ұжымға жетекшілік ету – мен үшін жай ғана жауапкершілік емес, асқан жауапкершілік, толқу әрі қобалжу. Сонымен бірге мен бұрын соңды болмаған рухани күш аламын, ұжымның керемет музыканттарымен, өз ісінің жоғары кәсіби шеберлерімен кездесу маған зор қуаныш сыйлайды.
Мәдениет порталы