Елордада Темірбек Жүргенов пен Жұмат Шаниннің мерейтойлары өтті

ТЕАТР
945

18 және 19 сәуір күндері «Астана Опера» театрында тыңдарман қауым назарына Ғ.Мүсіреповтің либреттосына қойылған Е.Брусиловскийдің ұлттық опера маржаны – «Қыз Жібек»операсы ұсынылды. Спектакль көрнекті мәдениет қайраткерлерінің атаулы мерейтойлық даталарына – Т.Жүргеновтің 125 жылдығы мен Ж.Шаниннің 130 жылдығына орайластырылды.


- Біз опера жауһарын орындауды қазақ өнерінің дамуына зор ықпал етіп, 1934 жылы «Қыз Жібектің» алғашқы қойылымын жүзеге асыруға зор үлес қосқан белгілі тұлғаларға арнадық. Осы қойылыммен операны жазуға бастама жасаған Темірбек Жүргенов және Құрманбек Жандарбековпен қатар қоюшы режиссер ретінде қатысқан Жұмат Шанинге деген құрметімізді білдіреміз. Сонымен қатар біздің театрдағы аталмыш спектакльдер жарқын вокалистердің маңызды дебюттерімен аталып өткенін айта кеткен жөн: қойылымның бірінші күні Төлегеннің партиясымен сахнаға алғаш рет Astana Opera Халықаралық опера академиясының тыңдаушысы Талғат Аллабірінов шықса, келесі күні Қарлығаш бейнесінде театр солисі Елена Ганжа өз дебютін жасады, – деді спектакльдің дирижері Руслан Баймурзин.


«Астана Опера» солисі Елена Ганжа осы операда Дүрия бейнесінде бірнеше рет сахнаға шыққан, ал қазір Қарлығаш образын жарқырата танытты. 

- Маған менің кейіпкерім өте қатты ұнайды, сондықтан менің көптен бері осы партияны орындап, Қарлығаштың Төлегенге деген қарындастық ыстық ықыласын, ағасын қалай қолдайтынын, көмектесетіндігін, бағыт беріп және сабырға шақыратындығын  көрсеткім келген. Сондай-ақ бұл жерде музыкалық тұрғыдан ашылып, дауыстың сұлулығын көрсетуге мүмкіндік беретін тамаша әуенді керемет ария бар. Дыбысталуды мінсіз жеткізу үшін айтылу бойынша көп еңбекті қажет ететін жұмыс жүргізілді, себебі барлық опералар түпнұсқа тілінде орындалады және маған тәлімгерлік еткен, кеңес берген және құнды ескертулер жасаған концертмейстерлерімізге көрсеткен көмектері үшін шын жүрегіммен алғысымды білдіремін. Сен біртіндеп қойылыммен бірге өсетіндіктен, сахналық процеске тікелей қатысу кейіпкерді ашуға көмектесетіндігін атап өту қажет. Режиссердің тапсырмасын білу, оның осы кейіпкерден нақты нені қалағанын түсіну өте маңызды. Сондықтан мен жас әншілерге әрдайым қойылымдарға қатысуға, режиссердің ескертулерін жазып, өздері үшін түртіп алуға кеңес беремін,  егер келешекте нақты бір спектакльдегі қандайда бір партияны армандап жүрсеңіз, қажет болатыны сөзсіз, – дейді Елена Ганжа. 

- Сахнаға жаңа партияны алып шығу – бұл әрдайым толқыныс, өз кейіпкеріңнің қырларын барынша ашуға, кейпіне еніп, кейіпкерді барлық басқа интерпретацияға ұқсамайтын жаңа жағынан көрсетуге деген ұмтылыс, өзіндік бір дүние қосу. Бақытыма орай, партия менің болмысыма «құйып қойған көйлектей» дәлме-дәл келді. Әрине, әрбір жаңа партия – әрқашан өсу болып табылады. Біз өзіміздің шығармашылық жолымызда үздік болуға, жетілуге, шеберліктің тың қырларын ашуға тырысамыз, – деп сөзін жалғады солист.  

Болашағынан зор үміт күттіретін жас тенор Талғат Аллабірінов үшін Төлегеннің партиясын орындау үлкен сахнадағы алғашқы басты рөлі болды.

- Мен бұл күнді тағатсыздана әрі шабыттана күттім десем болады, бәрі жоғары деңгейде өтеді деп үміттендім және сендім, себебі алғаш рет бас партияны орындау – менің әртістік жолымдағы маңызды парақша ғой. Достарым, әріптестерім – солистер, хор, оркестр, дирижер – барлығы да зор демеу көрсетті, осының өзі мені жігерлендірді. Бірінші күннен-ақ мені театрдағы ізгілік атмосферасы қайран қалдырған: бәрі бауырмал, көмек қолын созуға дайын тұрады, сәттілік тілеп отырады, және жаңадан келген өнерлі жастарды құшақ жая қарсы алады. Өзіңнің алғашқы бас партияңды қалай орындап шықсаң, кейінгі әртістік жолың да солайша қалыптасады, өнер білгірлері, көрермендер мен әріптестер де солайша қабылдайды деген сенімділік бар, сол себепті жақсы әсер қалдырып, абыроймен орындап шығу негізгі мақсат болды, – деп ой бөлісті Талғат Аллабірінов.


Вокалист өзіне Төлеген кейіпкерінің балалық шақтан ұнайтынын, онымен әжесі екеуі теледидардан алғаш рет «Қыз Жібек» фильмін көрген кезде таныс болғанын атап өтті. Әртіске кейіпкердің адалдығы, махаббатқа беріктігі, халқына берілгендігі, ашықтығы жақын болғандықтан, сахнаға шығуға қуана дайындалған.


- Евгений Брусиловский операны қазақ әндерінің, халық сазгерлері мұрасына жататын шығармалардың үздік үлгісі негізінде жазып шыққандықтан, мұнда ритмикалық қиындықтар жоқ, вокал сауаттылығын ұстана отырып, әнді өзің қалай сезінесің, солай еркін орындау қажет болды. Менің ойымша, бұл «Қыз Жібек» операсының ең көркем қойылымы. Театр репертуарындағы ұлттық спектакльдердің барлығы аса жоғары көркемдік дәрежеде, тамаша декорациялармен, костюмдермен, 3D-проекциялармен қойылған, сондықтан болар көрерменге ерекше әсер етіп, жүрегінің түбіне терең бойлайды, – дейді әртіс.


19 сәуірде Төлегеннің рөлін опера труппасының жетекші солисі Мейір Байнеш орындап шыққанын, ал 18 сәуірде театр солисі Әсем Сембинаның өз қиялындағы Қарлығашты ұсынғанын қоса кетейік.

Алғашқы ұлттық опера кейіпкерлерінің образдарын әр күні «Астана Операның» майталман солистері, сонымен бірге Astana Opera Халықаралық опера академиясының талантты жас әртістері сомдап шықты. Ару Жібектің бас партиясында сахнаға Мәдина Исламова мен Жәмиля Жарқымбаева шықса, Бекежанның рөлін Талғат Ғалеев дайындады. Шеге – Бейімбет Таңарықов, Базарбай – Болат Есімханов, Жанат Шыбықбаев, Қамқа – Гүлжанат Сапақова, Батсайы – Татьяна Вицинская, Салтанат Мұратбекова, Дүрия – Әйгерім Аманжолова, Ұлпан Әубәкірова. Бас хормейстер – Ержан Дәуітов, қоюшы режиссердің көмекшісі – Еренбақ Тойкенов, балалар хорының жетекшісі – Алтынғаным Ахметова, опера труппасының директоры – Азамат Жылтыркөзов.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...