Ғайникамал Байқошқарова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері

ТЕАТР
1964
«РУХАНИ ӨМІР КЕШУДЕН АСҚАН БАҚЫТ ЖОҚ»
(II бөлім)
Әлия Бөпежанова
Актриса Ғайникамал Байқошқарова дегенде - Өнерді шын мәнісінде қуанышына, өмірінің мәніне балаған және оны еш есеп-қисапсыз қызмет етуімен нұрландырған талантты да зиялы Болмыс шығады. Оқырмандар назарына көрнекті актрисамен 80 жылдық мерейтойы қарсаңында болған сұхбатымыздың жалғасын ұсынамыз. 
Ұлттық космосы қуатты тұлғалар
- Ардақты аға буыннан аз қалған әріптестеріңіз, көрнекті актер, режиссерлер Асанәлі Әшімовтің, көрнекті режиссер Есмұхан Обаевтың өзіңіз қатысқан спектакльдері туралы бірер сөз.
- Бұлар – ауқымдары кең, ұлттық космосы қуатты тұлғалар ғой. Асанәлі өз табиғатынан мықты актер болса, режиссер ретінде де супершығармашыл адам. Ж.Аймауытовтың «Ақбілегін» қазақ сахнасында алғашқы болып қойған режиссер. Онда мен Ақбілектің жеңгесі Ұрқия ролін орындадым. Ол романда қылықты да сымбатты, алды кең, инабатты, қолы ашық, шалқайғанды иіп, жатты жақыны ететін жайсаң әйел. Қайынсіңлісі Ақбілек үшін жанын беруге бар. Кейіпкерімнің осы болмысын ашуға ұмтылдым. Тағдыр талқысына түскен Ақбілектің ақтың офицерінен жүкті болып қалғанын білгенде, қалай жанұшырады, өзі аяқ астынан «жүкті» болып, қайынсіңлісін азап пен мазақтан құтқарады ғой, кейін Ақбілектің перзентін өзіне береді. Мақтан болмасын, сол спектакльді көргенде қадірлі аға әріптесім, сахна шебері Нүкетай апа Мышбаева: «қазақта қанша жеңге көріп жүріп Ғайникамалдай жеңге көрмедім» деп еді.
Асанәлі спектакльді образдарда көреді. Шамасы, спектакльдің квитэссенциясы не екеніне анализ жасайтын болуы керек. Ол түсіндіре бастағанда, кейіпкерлерді айтқанда, образдар анықтала-айқындала түседі, қажетін бірден көкейге тоқисың. Актерлік қиялды өте құптайды. Ешуақытта қатты ескерту айтпайды. Кейде роль шықпай жатса да шыдамды. Актерлерді тез түсінеді, үнемі қолдайды.         Асағаңның театрдағы кейінгі бір қойылымы - жас режиссер С.Асқаровпен бірігіп сахналаған «Қаза мен жазада» куәгер Ж.Дәулетқалиеваның ролін орындаймын. Жұмабике – екінші пландағы болғанымен, маңызды кейіпкер - массаның, тобырлық сананың өкілі. Асағаң, театрдың Көркемдік жетекшісі ретінде де актер қауымына берері мол. Асаға, Сәбит ағалар қазақ театрының Алтын сапасы ғой. 
Есаға, Есмұхан Обаев спектакльдерінде жас кезімде өнер жолымды бастаған театр, қазіргі Ғ.Мүсірепов театрында біраз қатыстым. 1970-1971 жылдары С.Мұқановтың «Ботагөзінде» Лизаны, Б.Майлиннің «Шұғасында» Күлзипаны ойнадым. Ол пьесадағы негізгі идеяны көркем зерделей білетін, актерге нақты міндет жүктейтін режиссер. Репетициялары өте мәдениетті - сондай бір жайлы шығармашыл атмосферада өтетін. Дайындықтар кезінде кейде өзі сахнаға шығып көрсеткенде де ондыққа дәл тиетін. Онда театрға жаңа барған кезім ғой. Спектакльдерді тапсырғанда талқылауларда («Қаралы сұлу», «Махаббат мұңының» талқылаулары есімде жақсы қалыпты) айтқан пікірлері дәл де нақты болатын. 
Кейін Семей театрында жиырма шақты жыл бас режиссер, директор, одан беріде Республика Мәдениет министрі орынбасары лауазымды қызметінде болып, үлкен тәжірибе жинақтаған Есмұхан 2001 жылы қара шаңыраққа директор-көркемдік жетекші болып келді. Театрға үлкен еңбек сіңірді. Мен, өкінішке қарай, екі қойылымына ғана қатыстым, онда да эпизодтық роль орындадым: «Парада» (Н.Гоголь.»Ревизор») унтер-офицерша, ал, ең кейінгі қойылымдарының бірі «Анна Каренинада» (Л.Толстой) күтуші. Эпизодтық роль болсын мейлі, үлкен жауапкершілікпен қараймын. Мысалы, «Анна Каренинадағы» күтуші әйел. Ол Карениндердің ұлының күтушісі. Бір ғана сахнада шығады. Сонда бүкіл болмысын көрсетуі керек. Сол рольде бұл кейіпкерге тігілген сахналық костюм көңілімнен шықпады. Тым қарабайырлау екен. Карениндер перзенттерін қарабайыр әйелге сеніп тапсырмайтыны белгілі. Сонда логикаға салғанда ол күтуші әйел қандай болуы керек? Меніңше, ол - мейірімді, көзі ашық, тәрбиелі жан, кішкентай Сережаны өте жақсы көреді. Кейіпкерімнің костюміне өзгеріс жасадым, өз танымымша ойнап шықтым, көрермен көңілінен шыққан сияқты.      Обаевтай режиссердің М.Әуезов театрындағы спектакльдерінде неге басқа да рольдер бұйырмағанын түсінбедім... Таланты ауқымды, үлкен суреткер ғой, оның спектакльдерінде ойнамағаным, әрине, өкінішті. 

- Актерлік, бір есептен, тәуелді мамандық. Режиссердің талғам-таңдауы, рольді қалай көруі, сонымен қатар актердің таланты мен тартымдылығына қоса ұшқырлығы, коммуникациясы да елеулі роль атқаратын сияқты. Адами қарым-қатынастар, тағы да басқа факторлар дегендей... 
- Оның рас. Театр - жан қалауым, рухи өмірім болған соң кей кездері қандай психологиялық стрестерден (мұндай ахуалға түспедім, жолым тақтайдай тегіс болды деген актер, орысша қисындағанда өзіне де, өзгеге де лукавит) өтсең де қайта түлейсің. Атақты Ә.Мәмбетовтен бастап небір марғасқа режиссерлермен мұраттас болып, ұлттық театрдың іргетасын қалаған алыптар С.Қожамқұлов, Қ.Бадыровтар, солардан кейінгі буын Х.Бөкеева, С.Майқанова, Ш.Жандарбекова, Б.Римова, Ф. Шәріпова, жүз жасаған Х.Елебекова, сондай-ақ З.Шәріпова сынды хас шеберлерге шәкірт болып алғыс-баталарын алдым. Ұжыммен бірге гастрольдік сапарлармен республиканың алуан түкпіріндегі үлкен-кіші қалаларын, алыс ауыл-аудандарды аралап, халық алғысына бөлендім. Алматының жазын көрместен ширек ғасыр ат үстінен түспеген кездер болды. Бақ пен бап қатар шабатын өнер бәйгесінде даңқ-даңғаза қумай, замандаспен бәсекелеспей, ұлы ұстаздар тәлімін жадымда тұтып, қандай қиын кезде де сахнаны басқа ештеңеге айырбастамай, өнерді халыққа етене жақындатуға күш салған еңбекторының өзімін. Мен мұны еш пафоссыз-ақ байыппен, бірақ, жаным толқып айта аламын.
лайықты әріптес те серіктес болғанымды өзіме зор мәртебе тұтамын. Бейбіт те берекелі елде өмір кешіп, қара шаңырақта өнер көрсететінімді мақтан етемін. 

- Психологиялық стресс дедіңіз, режиссерлермен, актер әріптестеріңізбен арада рольге байланысты, өзге де қарым-қатынастарда түсінбеушілік жағдайларды айтасыз ба?
- Театрда қызмет ететіндер – бір отбасының мүшелері сияқты десе болады. Отбасы болған соң онда қуаныш-реніш, келісім-кереғарлықтар кездесуі заңдылық. Бірақ, түптеп келгенде өнер жеңеді. Бұл мен армандаған театр ғой, сондықтан да көңілде кірбің түссе, тез шайылып кетеді. Сонау жас кезімде театрға жетер-жетпестен ғимараттың іргетасына қолымды қойып, сипайтынмын, күні бүгінге дейін солай. Мен бүкіл махаббатымды театрға берген жанмын. Театр есігін ашқанда, сахнаға шыққанда бойымды қуаныш билейді. Көпшілік сахналарының өзіне гримді тиісінше салып, барынша дайындалатынмын. Труппа меңгерушісі, марқұм Қарас аға Ахметұлы гримімізді тексеріп шығатын. 
Рольдерімді ешуақытта эпизод деп, көпшілік сахнасы деп бөлмейтін- мін, әлі де солаймын. Мен үшін бәрі роль, сахнаға шыққаннан кейін бәрі де салмақты болуы керек. Режиссерлер қандай роль ұсынады – ынты-шынтыммен кірісемін, образды шығарғанша жаным тыным таппайды. Классикалық туындыларда, айталық, М.Әуезовтің режиссер Ә.Мәмбетов сахналаған «Абайындағы» Қаныкейі мен Болат Атабаевтың «Қарагөзіндегі» Тектіні сомдадым. Басты роль болмаса да құнары, философиясы қандай рольдер! 
           - Болат Атабаев қойылымында Текті мүлдем басқаша трактовкада болды ғой. Режиссердің өзге қойылымдарына да қатыстыңыз.           - Текті Наршаның анасы. Керемет байсалды адам. Аристократ әулет қой. Әлеуметтік жағынан да Қарагөздің шыққан жерінен биік тұр. «Қарагөзге істемеген еміміз жоқ, емші біткеннің бәріне көрсеттік» дейді. Қарагөздің есіл-дерті - Сырым, Наршаныкі – Қарагөз. Ұлына жаны ашитын Текті бұл қойылымда - баласы үшін намыстанып, ашу-ызаға булығатын, ауыспалы мағынасында жынданатын әйел. Болат өз табиғатында сыншыл режиссер, кейіпкерлерін күтпеген жерден ашады. Әрине, өмірде көп жайсыз жағдайлар болып жатады және адам бойында қарама-қайшылықтар жеткілікті. 
Болат адамгершілігі мол, адамға жаны ашығыш азамат еді. Конформист емес. Ұнамайтын нәрсесі болса, пікірін ашық білдіретін. Режиссер ретінде де кейіпкерлерінің, демек, қоғамның бүткіл кемшіліктерін ашуға ұмтылады. Болаттың спектакльдерінде «Қос мұңлықта» (Б.Римова) Самал, «Шыңғысханда» (Иран-Ғайып) Есуй, «Кебенек киген аруларда» (А.Тасымбеков, Қ.Ысқақ) Тұтқын әйел, «Жан қимақта» (Қ.Ысқақ) Қапиза, «Шағалада» (А.Чехов) эпизодтық Полина Андреевна рольдерін орындадым. Жалпы өте ізденгіш, шығармашылық әлеуеті мол режиссер Б.Атабаевпен жұмыс істеу қашанда қызғылықты болды. 
           
Табиғатыма кері рольдерді көп орындадым
 - Актерлік өмірбаяныңызға қарағанда режиссер Әубәкір Рахимовтің қойылымдарында көп ойнапсыз. 
  - О-о, Әубәкірдің жөні бөлек қой.          Алдымен актерлікті бітірген, сосын режиссерлікке Мәскеуде оқыған. Қара шаңырақ театрға жас кезінен келген. үлкен мектеп көрген. Оның адамгершілік мектебін айтсаңызшы! Әубәкір Рахимов - менің режиссерім десем болады, маған көп роль берді, өте ырзамын. Көптеген спектакльдерінде рахаттанып ойнадым. Материалдар қарсыластығы деген бар ғой, Әубәкір актерлермен солай да жұмыс жасайтыны бар. Мысалы, маған кері характерлі рольдер беретін. Сондай рольдерімнің бірі– «Ақымақ болған басым-ай!» комедиясындағы Сотанвиль ханым. Мольер комедиясын А.Сүлейменов түпнұсқадан асыра аударса, Әубәкір фейерверк етіп сахналаған. Костюмдері көркем, биі бар. Сахнада көп жыл жүрді. Сотанвиль өте аяр, өктем әйел. Күйеуі қауқылдап жүрген бір адам, әйеліне еш қарсы келмейді. Оны Саят Мерекеұлы орындады, жақсы тандем болдық. Саят сондай үлкен актер, табиғи, өте жақсы партнер. Мені өмірде де қатты сыйлайды. 
Мадам Сотанвиль – нағыз аяр әйел дедім ғой, табиғатыма қайшы кейіпкер. Мен армандаған, арманым болып, бесікте бөлеулі жатқан рольдерім бар ғой, ал, Әубәкір табиғатыма қайшы осы рольді бергенде, осы менде мінез жоқ-ау, деп ойладым, қиналдым. Бірақ, өз-өзіммен арпалысып, рольді қалайда шығаруға ұмтылдым. Кейіпкердің характерін сезінгенде, бойдағы қорқыныш кетті. Бұл қойылымның да жазылып алынбағаны өкінішті. 
Режиссер Рахимов актерге міндетін нақтылап, өз танымын айтады да, еркіндік береді, сонда роль кеңістігі ашылады. Ал, ойын өрнегіңді қоштаса, тіпті шабыттанып кетесің. Қойылымыда мен өліп-талып қызымды қорғаймын. Күйеуі Сотанвиль мырза аристократ, әйтпесе, өзі плебей әйел ғой. Күйеу балам Данденді менсінбеймін, Қызым Анжелика да бет бақтырмайды, кез келген жағдайда судан таза, сүттен-ақ болып шығады. Анжелика - Данагүл Темірсұлтанова, оң жамбасына келген, өте жақсы шығарған ролі. Спектакльді рахаттана ойнайтынбыз. Би де билейміз, ән де айтамыз.
 Әубәкірдің Б.Майлин бойынша «Сабатаж-ж!» қойылымында Меруерттің ролін ойнадым. Сиырымды аламыз дей ме, мен зарлап бермеймін деп қарсыласамын, кейимін, жалпы ол жайсыз өмірге ренішті кейіпкер ғой. Мен Меруертті қазақ әйелінің отбасында, қоғамда көретін қиянат, зорлық-зомбылығына қарсылықтың көрінісіндей етіп орындауға ұмтылдым. Е.Домбаевтың «Желіккен жеңгейлерінде» Әнияны да, Майшаны да ойнадым. 
Е.Аманшаевтың «Үзілген бесік жырында» баласы мен келіні бөлек шығып, төрт бөлмелі үйде жалғыз қалған кемпірді ойнадым. Пәтерге адам жібереді, олар да ерте кетеді, кеш келеді. Сонда жалғыздық зарын тартқан сорлы кемпір тарақандармен сөйлесіп отырады. Кейін Болат Атабаев біздің театрға қызметке келгенде айтты: «Аллажар» фильміндегі Ана роліңіз, содан кейін «Үзілген бесік жырындағы» Ана - тарақандармен сөйлесіп отырған өлмелі кемпір есімде қатты қалыпты» деді.
А.Сүлейменовтің «Штат қысқартуындағы» Рита да қызғылықты кейіпкер. Сөзі аз, трагедиясы ішінде. Оның айтарын, ойын көзбен және пластикалық қимыл-қозғалыстармен жеткізуге ұмтылдым. 
Н.Әбутәлиевтің «Өттің, дүниесін...» де Әубәкір қойды. Фарида апай ауырып қалды. Әубәкірге айтып Фатиманың сөзін жазып алдым. «Елу жылдығыма ойнайын» дедім. Көп дайындалып барып шықтым сахнаға. Көзі ашық, парасатты, жан-жақты әйел. Жәңгір ханды өте сыйлайды. Талай тұста көмекшісі, ақылшысы болады. Қара қазақ балаларына мектеп сал, дейді ғой. Сол үшін айтысады. Жаныма жақын роль болды. Спектакльде мен Айбаршаның ролін де орындадым. Жәңгір ханға қарсы шығатын Айбарша халықтың өкілі, ол халықтың сөзін, ой-мұңын жеткізеді. 
Сүйіп орындайтын рольдерімің бірі – «Отыз ұлың болғанша...» мұңлы комедиясындағы Сәлима. Спектакльдегі партнерлерім қандай! Сәбит аға, Нүкетай апа, Салиха, Шамшагүл, Саят, Рашида, Гүлнар... Бұл рольді кезінде Зәмзәгүл апай (Шәріпова) орындаған. Мен кейіпкерімнің тағдырын өзімше ойнаймын. Күйеуі ұста, мықты ағаш шебері. Ауылында небір әдемі ағаш үйлер салған, сонда шығармашыл адам болып тұр ғой. Алайда ішкілікке үйір, қандай еңбек етсе де өтеуі бірер стақан арақ. Ол бір сондай кезең болған ғой. Өз-өзімен жүргені сондай, өмір бойы бірге тұрған әйелінің бетінде мең бар екенін дүние кешерінің алдында, ауырып жатқанда ғана көреді... Кейіпкерім Сәлима бақытты-бақытсыз болса да шаңырағын бұзбаған, өте шыдамды әйел. Күйеуіне шаң жуытпайды. Кейін «сонда бетімдегі меңімді байқап, қолымен аялап сипап еді, қайырымды еді байғұс» деп елжірей еске алатыны бар ғой. Сонда өзі мейірімге зәру болса да күйеуін түсінген, аяған мықты адам болып тұр ғой. 
Әубәкір иманы берік, өте мәдениетті, терең білімді режиссер. Онымен жұмыс істеу өте жайлы, пікірлесе, ақылдаса аласың, ойыңды тыңдап, өз пікірін айтады. Актерлік ұсыныстарды сыйымды болса қабылдайды, бірақ өз позициясын мықтап ұстайды.

- Сіздің шығармашылығыңызда қазақ режиссурасы жаңа толқынының көшбастары болған Қайрат Сүгірбековтің орны ерекше. Сіз Қайрат спектакльдерінің барлығына дерлік қатыстыңыз.
- Қайрат, айналайын сол, жаның жәннатта болсын, күрделі деген спектакльдерінің бәрінде маған роль берді. Мен де үлкен ықыласпен ойнадым. Қайрат рольді міндетті түрде талқылайтын, мен де өз ойларымды айтамын. Мысалы, Ф.Кафканың «Құбылысын» қойғанда Грегор Замзаның шешесінің ролін ойнадым. Ермек Аманша аударып, сахналық нұсқасын жасаған бұл қойылымда өте қуатты психологизм бар. Адамның жан дүниесі қандай құбылыстарға түседі, әр сөз, әр эпизодты егжей-тегжейлі талдадық. Ол әр бейнеге тоқталып, өз танымын айтады, түсіндіреді. Айтқанын мүлтіксіз орындаймыз, ешкім қарсы келмейді. Өзіміз де оқып, үйден дайындалып келеміз. Бәріміздің тілегіміз - спектакль жақсы шықса екен дейміз. 
Адам психологиясын, оның қалай бір клеткалы жаратылысқа - амебаға, айналатынын Кафка сияқты бере алған ешкім жоқ шығар. Мұны терең сезіну, актер ретінде бастан өткеру керек. Грегор Замза – Дулыға Ақмолда, жас кезі ғой, ролін сондай жақсы орындап шықты. Жалпы осы қойылымда барлық актерлер бір үйдің баласындай, күш-қажырымызды аямай жұмыс жасадық. Өйткені бұрын мұндай дүние ойнап көрмегенбіз. Іштей көтерер бір жүгің болмаса, өзіңнің жағдайыңды түсінбесең – қиын ғой. Әркім өзі туралы айтатын. Спектакль атмосферасында бәріміз тіпті бір адамдай тыныс алдық. Дулыға жәндік сияқты жер бауырлай жылжығанда тынысымыз тоқтап қалғандай болатын. Қайрат, меніңше, адам психологиясының тұңғиығына үңілгісі келген режиссер. Ойын сезіммен де, пластикамен де жеткізгісі келетін. Сонда адам денесі, қимыл-қозғалысы ішкі жан дүниесінің айнасы болып тұр ғой. «Құбылыс» спектаклі де - жан мен тәнде өзара гармония, үйлесім жоқтығының айнасы.
 - Үйлесім-жарасым жоқ жерде береке де, бақытты өмір де болуы қиын. Және адамның түпсанасына әсер ететін бұл ахуал жеке адамның ғана емес, қоғамның да трагедиясы ғой. Бұл - Қайраттың спектакльдеріндегі бір өзек идея да сияқты. М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», Ж.Аймауытовтың «Ғашықтық дерті», Г.Ибсеннің «Қуыршақ үй» қойылымдарын еске алайық. Сіз соңғы екі қойылымда роль ойнадыңыз.
- Ия. «Қуыршақ үйде» Фру Линнені, «Ғашықтық дертінде» Шекерді ойнадым. Қайрат қай спектакліне де күні-түні дайындалып келетін. Актерлер дайындалып келгенде қатты қуанатын. Қайрат өте нәзік, сезімтал, эмоционалды жан еді. «Қуыршақ үй» өте мықты спектакль болды. Басты Нора ролінде талантты актриса Қымбат Тілеуова. Драманы бөлік-бөліктермен тәптіштей талдадық. Кейіпкердің бүткіл қарым-қатынастарын талдаймыз, ол басқа кейіпкерлермен қанша уақыт көріспеді, ол екі арада не болды – бәр-барын. Фру Линненің баласы болмағаны, жоқшылықта тұрғаны, тағы басқа, қысқасы, бүкіл өмірбаянын түзіп шығамыз. Қайрат тіпті сахнаның температурасына дейін еске салатын. Спектакльде эмоционалды тұстар көп болды ғой. Норада бәрі бар, ал, менің кейіпкерімде үй де, күй де жоқ, жағдайымды айтып ағыл-тегіл жылап тұрамын ғой, Қайрат ырза болушы еді. 
Жалпы ол әр спектакліне жанын салатын, ондағы әр бейнеге жеке-жеке келіп, талдайтын. Меніңше, ол психологиялық дүниелерді жақсы көрді, сондықтан да жоғарыда айқанымдай, актерлермен бірге кейіпкерлердің жан дүние қозғалыстарын жақсы зерттейтін. Мен де үйден қатты дайындалып келемін, ақылдасамыз. Содан болуы керек бір жолы маған: «Ғайникамал апай, вы знаете почему я всегда вас занимаю в своих спектаклях?» деді. Мен абдырап қалдым, артынша өзі: «потому что вы интеллектуальная актриса» деді. Мақтан демессің, Қайрат тура осылай деді. Мен ыңғайсызданып қалдым, бірақ, іштей қатты қуандым. 
«Ғашықтық дертіндегі» Күнікейдің анасы Шекер де табиғатыма мүлдем қарсы кейіпкер. Бір қарағанға зерек, пысық  ол   Құлтуманың әйелі аталғанымен керегін алу үшін бәріне баратын адам. Тіпті туған қызын да аямайды. Бір есептен, сол кездегі қазақ қоғамының да жемісі Шекер бейнесін режиссермен бірге барынша талдадық. Қарама-қайшылығы мол, қызғылықты бейне болып шықты. 
           
- «Табиғатыма мүлдем қарсы кейіпкер, өмірлік ұстанымыма келмейді» деп ойнап жүрген рольдерінен бас тартатындар да болады. Сізге мұндай ой келген жоқ па?
- Бұл өзі өте нәзік нәрсе, сондықтан да әр актер-актриса қалай шешеді, өзінің еркі. Ал, өз ұстанымым басқаша, сондықтан да әрқилы, әр планды кейіпкерлер ойнағанды дұрыс көремін. Мәселе кейіпкеріңнің көрерменге берер тағлымында болса керек. Айталық, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» Есектасты рахаттана ойнаймын. Шағын ғана роль, жеңгетай ғой, бір бойында бәрі бар. Немесе Ә.Тарзидің «Ақын. Періште. Махаббатында» Беймаза әйел ролі. Бұл екі спектакльді де Әубәкір сахналаған. Табиғатыма қарсы кейіпкер деп Алма Кәкішева сахналаған «Көшкін» (Т.Жуженоғлы) спектакліндегі Кіндік шешені де айта аламын. 
           
- Бұлардың бәрі де сәтті шыққан рольдеріңіз ғой. Сіз Алманың «Көшкіннен» де басқа спектакльдеріне қатыстыңыз. 
- Алма режиссураға кейінірек келді ғой. Алмамен жұмыс істеу қашанда қызық. «Көшкін» оның біздің театрдағы алғашқы режиссерлік жұмысы. «Көшкінде», одан кейін «Алмас қылышта», «Көмбе нанның дәмінде» рольдер ойнадым. Ол мамандығына берілген шын режиссер
           
- «Көшкіннің» премьерасын көрген көрнекті театртанушы Бағыбек Құндақбаев: «Қойылымның режиссері А.Кәкішева драматургияның тынысын жақсы таниды. Әрбір қимыл-қозғалысқа, сөзге мән беріп астарын ашады. Және шарттылықты дұрыс қолданған» деп пікір айтқан еді. Сіздіңше, режиссер Кәкішева актермен жұмыста неге баса мән береді?
- Бағыбек ағай режиссер жұмысына жоғары және әділ баға беріпті. Алма шынында да драматургиялық материалдың дәнін ала біледі, материалмен жақсы жұмыс жасайды, қойылымдарына мұқият дайындалады. Режиссер ретінде сахнаны, кейіпкерлерді жақсы сезінеді, тіпті оларды көре біледі, сөз саптау ерекшеліктеріне дейін ести біледі. Осындай бір ерекше қабілеті бар. «Көшкінде» Кіндік шешенің мазмұнын, содан да туындайтын мінез-құлқын, қалай жүретінін, қалай сөйлейтінін, нені көздейтінін – бәр-бәрін режиссермен бірге іздесіп, бейнені жүлгелеп шықтық. Осының бәріне жан бітіру, әрине, актердің жұмысы. 
Жалпы «Көшкін» маған ауыр да түсті. Өйткені ол кезде анам ауырып жатты, ініммен бірге тұратын еді. Анаммен премьера өткеннен кейін ғана үнемі бірге болдым. Көп ұзамай дүние салды. 
           
Анамның асыл қасиеттерін рольдеріммен жеткіздім                    
- Ана кім-кімге де қымбат, жөні бөлек қой. Дегенмен де сіздің өмір-өнер жолыңызда анаңыздың ықпалы, қамқорлығы, еңбегі ерекше болыпты.
 - Анам Гүлфарида тірегім, үлкен досым, ақылшым еді. Омарымды әлпештеп тәрбиеледі, өнердегі жеңістерімде де еңбегі өлшеусіз. Қайратты, жаны да, өзі де сұлу аяулы анамнан айырылғанда арқа сүйер асқар тауым құлағандай қатты қайғырдым, қиналдым.
Жалпы менің өмір жолым оңай болды дей алмаймын, бірақ, қиындықтың бәрін сахнамен, рольдеріммен жеңдім. Рольдеріме дайындалып, сахнаға шыға жүріп тұрмыстық күйкіліктен алшақтаймын. Өмірімде ақтарылып ешкіммен сөйлескен жан емеспін. Армандарымды рольдеріммен айттым, қуаныш-бақытым, қайғы-мұңыммен рольдерім арқылы бөлістім. Анам дүние салғалы оның асыл қасиеттерін рольдеріммен жеткізуге ұмтылатынымды байқаймын. 

– Сіз киноэкранда, телеэкранда Аналар бейнесінен галерея жасадыңыз. Қазақ көрермені шетелдік сериалдардан жалығып, өз киносын, өзінің, бүгінгі қоғамның бейнесін көруге ынталы болып отырған кезде түсірілген, қалың көрерменнің көңілінен шыққан жүз сериялы «Қара шаңырақ» телехикаясындағы Гауһар ана роліңіздің жөні бөлек. Қазақтың әйелі, отанасы осындай деуге болатын жинақтық бейне деңгейіне көтердіңіз. 
- «Қара шаңырақ» қарапайым қазақ отбасының бүгінгі өмірін көрсете отырып ұлттық құндылықтарды дәріптейтін туынды. Гауһар ана өзіме қымбат, оны қалың көрермен де сүйіп, қабылдады. 2014 жылы телесериалдар рейтингінде осы ролім үшін «Жыл актрисасы» атандым. 
«Қара шаңырақтың» бірнеше режиссері болды. Солардың ішінде Айдын Сахаман деген талантты жас режиссермен жұмыс жасадым. Жас та болса парасатты, актерлермен жұмыс жасау мәдениеті жоғары азамат. Түсіру алаңында да түсіністік орнады. Әр эпизод талқыланды. Гауһар әулеттің жағдайын, абыройын ойлайтын ана, сыпайы, орнықты етіп ойнайын деп ойладым. Анамның асыл қасиеттерін, әкеммен, балалары біздермен қарым-қатынасын ойдан өткізе бастадым. Жалпы қазақ әйелінің, анасының типтік жасампаз бейнесін жасағым келді. Актерлік тәжірибем, өмірлік тәжірибем бар, алайда қиын эпизодтар да болды. Сценарий бойынша отағасым қайтыс болады, сонда жылауым керек. Үйде әбден дайындалдым. Кітаптардан жоқтау жырлар қарадым. 
Түсірілім басталды, отағасымды үйден шығарып алып барады. Отағасым ролінде Саят Мерекеұлы, театрда өте жақсы партнерім. Көңіл қимаған адам ғой. Ондайда көп нәрсе еске түседі, әкем-анам... Камера алдында жыладым, жоқтау айттым. Кейін қыздар: «сіз шынымен де күйеуіңізден айырылғандай жыладыңыз» деді. Көңіл-күй ахуалы дөп түсетін кездер болады, менде де солай болды ғой деймін. Сериалдың шығармашылық тобы жақсы болды, түсірілім мәдениеті де, шетінен талантты жастар.
Өнер жолымда жиырмадан аса көркем фильмге, көптеген телесериалға түсіппін. Алғашқысы - «Бұлақ». Шәріп аға Бейсенбаев қандай режиссер еді! Онда көп балалы келіншектің ролін орындадым. Серік Жармұхамедовтің «Сәрсенбінің сәтінде» фильмінде ауыл әйелімін. Күйеуімнің ролінде Мейірман Нұрекеев. Мейірман мықты, жаны таза, артық сөзі жоқ жігіт еді. Жақсы серіктес болдық. Керемет актер, сондай жарқын. Оны қарапайымдылығы, адамгершілігі үшін жақсы көретінмін. Әзілі қандай. Ол да мен өте сыйлайтын.           Қанымбек Қасымбековтің «Қызыл отау» фильмінде де Ана ролінде эпизодқа түстім. Қиын кезең. Ақ пен қызылдар соғысы. Шығармашылық құрам жақсы болды.        
Аналар роліне көшуім - Қалдыбай Әбеновтің Желтоқсан туралы мықты фильмі «Аллажардан» басталды ғой деймін. Онда мен Қайрат Рысқұлбековтің анасы Дәметкеннің ролін орындадым. Бұл рольге актриса таңдағанда режиссер: «Ғайникамалдың көзінен мұң көрдім, сол мұңы үшін осы рольге алдым» депті. Одан беріде де көптеген фильмге түстім. Б.Шәріптің «Шолпанның күнәсінде» Көріпкел кемпірді ойнадым. Тағы бір атап айтатыным - жас режиссер Асқар-Мұхит Нарымбетовтің «Қара шаңырақ» көркем фильмінде Ана ролін орындадым. 
           
- Үлкен экранда жас режиссер Асқар-Мұхит Нарымбетов түсірген «Қара шаңырақ» көркем фильмінде сомдаған кейпкеріңіз де рухы мықты, қара шаңырақты құлатпай ұстап отырған Ана. Әдебиеттегі Ұлпан, Айшалардың бүгінгі жалғасы сияқты... Өте тағлымды трактовка.
- Ол ролімде де жинақтық бейне жасағым келді. Көп жақсы пікір естідім. Демек, еңбегімнің босқа кетпегені ғой.
         
- Сіз осыдан бес-алты жыл бұрын Бопай ханым роліне іштей дайындалып жүрдіңіз. Әбілхайыр ханның Бопайы, тарихшылар «билікке араласқан қайраткер қазақ әйелдерінің көшбастаушысы болды» дейтін тарихи кейіпкер роліне...
- Саханада өнер көрсеткеніме елу жыл толуына орай көрермен алдында шығармашылық есеп берсем деген ойым болды. Әбілхайыр ханның сүйікті әйелі, ақылшысы, лайықты серігі, тарихи деректерге қарағанда, 90-ға таяған шағында дүние салған Бопай ханымның ролімен шықсам деп іштей қатты дайындалып жүрдім. Бопай ханым туралы пьесаны, көрнекті жазушы-драматург, өзіңнің дос-жаран болған әріптесің Рахымжан Отарбаев әне-міне бітіріп бермекші еді, күтпеген жерден дүние кешті. Адамның ойындағы – Құдайдың қолында деген, жаны жәннатта болсын...
Актердің қанша жасқа келсе де арманы таусылған ба. Қазақтың қыздары, әйелдері, Аналарының образын қанша ойнасаң да түгесілмейді ғой. Бірталай жасқа келдім. Ендігі жерде денсаулығым сыр бермей, бала-шағам аман болып, немерелерім жақсы азамат болып өсуін тілеймін. Бұйырса театрда, кинода әлі де жаңа рольдер орындасам деймін. 
         
- Армандарыңыз орындала берсін. Ойға, имандылыққа дертіп тұрған, зерек көңіл қызғылықты сұхбатыңыз үшін көп рахмет. 

 «Өнерде даңғыл жол жоқ». Көрнекті режиссер Әзірбайжан Мәмбетовпен бір сұхбатымызда осыны қадап айтып еді Өнерге, өнері арқылы халыққа таза жүрекпен, үлкен махаббатпен қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан тұлға Ғайникамал Байқошқаровамен болған пікірлесулердің негізгі жүлгесін ұсындық. Ойға бай, танымы терең шебердің айтар мазмұнды  әңгімесі мұнымен түгесілмейді.  Оның қайнар көзі – сұлу да рухи өнер жолы. Адамзат баласын жарыққа, сұлулыққа бастайтын жол. 
Алматы

Спорт

Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатының жартылай финалына ш...

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...