Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппараты делегациясының мүшелері Ресей Федерациясы Федералд...
Елордадағы Қазақ драма театры жаңа ғимаратқа қашан көшеді?
Президенттің көмекшісі Мәулен Әшімбаев Нұр-Сұлтанда салынып жатқан Қазақ драма театры ғимаратының құрылысымен танысты, деп хабарлайды "Мәдениет порталы"
Елорда үшін маңызды мәдени нысан Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша бой көтеруде. Қазақ драма театрының эскиздік жобасын Елбасы мақұлдап, құрылыс барысын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бақылап отыр.
«Қазақ мемлекеттік академиялық-музыкалық драма театрының ғимараты Елбасының тапсырмасымен салынып жатыр. Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі нысанның жобасын қарап, мемлекеттік органдарға тапсырма берген болатын. Мінекей, бүгін көріп отыранымыздай, нысан құрылысының қарқынды жүргізіліп жатқанына көзіміз жетті. Осы құрылыс келесі жылы 6 шілдеге дейін аяқталады деген құрылысшылардың уәдесі бар», - деді Мәулен Әшімбаев бүгін құрылыс басында.
Оның айтуынша, Қазақстанда қазіргі таңда өнер инфрақұрылымы барынша дамып келе жатыр.
«Елордада Елбасының тікелей тапсырмасымен «Астана-Опера», «Астана-Балет» театрлары, «Шабыт» ғимараты салынғаны белгілі. Бұл театрлар бүкіл Қазақстанның мақтанышына айналды. Бұны – Елбасы мен Мемлекет басшысының өнерге деген қамқорлығының нышаны деп қабылдау керек. Жалпы, театр деген – жастарды тәрбиелеу, оларға дұрыс құндылықтарды сіңіру, қоғамды эстетикалық тұрғыда дамыту жағынан өте жоғары маңызға ие. Сондықтан, Қазақстанның театрларын ары қарай қолдау мәселесі мемлекеттің бақылауында болады. Келесі жылы 6 шілдеде театр ұжымы өзінің қоныс тойын тойлайды деп сенеміз», - деді Мәулен Әшімбаев.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауының арқасында қазіргі таңда нысанның алғашқы қабатының құрылысы аяқталуға жақын. Барлық жұмыстарды 2020 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Қазақ драма театрының ғимараты Жұмекен Нәжімеденов пен Ахмет Байтұрсынов, 23-15 көшелерінің қиылысында орналасқан. Нысан 3 қабатты болады. 640 және 202 адам сиятын екі залы бар. Нысанның жалпы аумағы 19754 шаршы метрді құрайды.