Мемлекеттік қуыршақ театры Гран-При жүлдесіне ие болды!

фотосуретті автор ұсынған

ТЕАТР
402

АЛМАТЫЛЫҚ ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫ КАНАДА ТӨРІНДЕ КӨРЕРМЕНДЕРДІ ТАМСАНДЫРДЫ 

Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры Канада мемлекеті Оттава қаласында өткен І-ші Халықаралық «Оттава» қуыршақ театрлар фестиваліне тұңғыш рет қатысып, «Ромео мен Джульетта» қойылымы үшін Гран-При жүлдесіне ие болды, деп хабарлайды madeniportal.kz

Солтүстік Америка материгінінде орналасқан, жер аумағы бойынша дүниежүзі елдері арасында екінші орында орналасқан, табиғаты мен мәдениеті күллі әлем бойынша көптеген адамдарды қызықтыратын Канада мемлекетінің астанасы Оттава қаласында тұңғыш рет І-ші Халықаралық «Оттава» қуыршақ театрлар фестивалі жаздың шуақты да көрікті шілде айында өткізілді. Канадалық көрермендерге дүниежүзінің қуыршақ өнерлерін таныстырып, халықаралық шығармашылық пен ынтымақтастықты көздеген мәдени іс-шараға еліміздің көк туын ұстап қатысқан алғашқы қазақстандық өнер өрдасы Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры болды. Аталмыш театрдың шығармашылық ұжымы фестиваль аясында канадалық көрермендердің назарына өз репертуарындағы ерекше қойылымдардың бірі, ағылшын драматургы Уильям Шекспирдің әйгілі трагедиясы желісімен сахналанған, нәзік те таза махаббаттың құдіретін сездіретін «Ромео мен Джульетта» спектаклін ұсынды.

Қуыршақ театрының репертуарындағы «Ромео мен Джульетта» спектаклі 2019 жылы белгілі режиссер Дина Жұмабаеваның жетекшілігімен жарыққа шықты.  Ересектерге арналған бұл қойылым өзінің ерекше қуыршақтарымен және сахналық шешімдерімен премьерасы өткізілген кезден бастап көпшілік көрермендер мен театр сыншыларының жоғарғы бағасын иеленген еді. Бірталай халықаралық және республикалық деңгейдегі театр фестивальдерінде де бақ сынап, бұл қойылым қуыршақ театрының абыройын асқақтатқан. Мысалы, 2022 жылы аталмыш спектакль Болгария Республикасы Варна қаласында өткен халықаралық «Алтын дельфин» қуыршақ театрлар фестивалінде үздік деп танылып «Гран-при» жүлдесіне, «Ең үздік ер адам» жүлдесіне, «Ең үздік дебют» жүлдесіне лайықты болған. Ал оған дейін 2021 жылы Қарағанды қаласында өткізілген және көбіне отандық драмалық театр ұжымдары қатысқан Әшірбек Сығай атындағы «Сын – шын болсын» республикалық театрлар фестивалінде І-ші орынды жеңіп алған. Сонымен қатар «Ромео мен Джульеттаның» өзге де фестивальдік жетістіктері мен жеңістері жетіп жатыр.

Көркемдік деңгейінің жоғары болуына байланысты канадалық көрермен назарына ұсынған бұл қойылым мемлекет астанасының орталығында орналасқан Оттава Университетінің «Academic Hall» сахнасында 3-і және 4-ші шілде күндері сахналанды. Канадалық азаматтар да, аталмыш елде тұрып жатқан отандастарымыз бен қандастарымыз да спектакльді тамашалап, зор қошемет пен жылы лебіздерін білдірді.

Қазақстан Республикасының Канададағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәулетбек Құсайынов фестиваль аясында қуыршақ театрына қолдау білдіріп, «Ромео мен Джульетта» спектаклін тамашалап: «Біздің жастар өте жоғары деңгейде жұмыс көрсетті және өте қызық махаббат хикаясын сезіндірді. Өз дарындарын, жалпы қазақ жастарына тән талантты Канада халқына таныстырды», – деп бағалап өтті.

Ал Канаданың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алан Хамсон болса: «Артистердің тамаша өнеріне куә болдым. «Ромео мен Джульеттаның» осы бір интерпритациясы бізді қатты таңғалдырды!», – деп пікір білдірді. 

Фестиваль соңында Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының «Ромео мен Джульетта» спектаклі ең үздік әрі ең табысты деп танылып, «Гран-При» жүлдесіне ие болды. І-ші Халықаралық «Оттава» қуыршақ театрлар фестивалі аясында қуыршақ театрының артистері қазақ қуыршақ өнерінің, қазақ театры өнерінің, жалпы қазақ халқының өнерлілігін сахна төрінде асқақтатып, зор шабытқа кенелді.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...