«Адал жүріп адал тұр». Абай атамыздың осы бір сөзі бүгінгі сұхбат жүргізетін артистің бо...
«Сәкеннің соңғы сапары» Алматыда
«Халықтар достығы» орденді, Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық Қазақ драма театры Алматыда гастрольдік сапарын бастап кетті. Тоқсан жылға таяу толайым тарихы бар өнер ошағы: осы жолы Алматы көрермендеріне үш қойылым ұсынбақшы екен. Алғашқы қойылым Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ж. Әлмашұлының «Сәкеннің соңғы сапары» атты спектаклі болды. Қазақтың ақсұңқар ақыны, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туып өскен жері Арқа еліне шеккен соңғы сапары жайында тарихи-деректі драма. Спектакльде Сәкеннің тіл, қазақ жерінің тұтастығы, ұлттық кадрларды дайындау мәселелеріне байланысты ойлары кейіпкерлердің арасындағы диалогтар арқылы көрініс тауып отырады. Ең өкініштісі, өз қолымен құрған Совет Өкіметінің қандықол саясатының кесірінен кіндік қаны тамған Жаңарқа топырағына да ат басын тіреп, ағайын-туысымен бақұлдаса алмай, сапары шорт кесіледі. Сондай-ақ спектакльдің бір ерекшелігі – қойылым Сәкен әндерімен көмкеріліп тұрады.
Алаштың біртуар ұлы Сәкеннің рөлін сомдаған «Қазақ хандығы» Алтын тақ» тарихи фильмінде Керей ханның образында ойнаған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі театр және кино актері Қайрат Кемалов.
Ал көрермен ретінде спектакльдің өзіне келсек, қойылым сәтті шықты деуге негіз жеткілікті. Қарапайым көрерменге не қажет? Оған сенің драматургиялық айла-амалдарының қажеті жоқ. Ол көз алдындағы көріністен рухани сусын іздейді. Шынайылық пен сезімді түртетін әсерді қалайды. Осы орайда театр ұжымының жұмыла жасаған шаруасы оң нәтижеге қол жеткізе алды. Себебі, көрермен спектакльдің соңғы сәтіне дейін сахнадан ажыраған жоқ. Ара-арасында сүйсінткен тұстарындағы шыққан қол шапалағы да соның куәсі болып, актерлерге дем беріп отырды.
Сонымен ҚР мәдениет қайраткері, ҚР Жастар одағы сыйлығының лауреаты Д. Еспаевтың еңбегін Алматы көрермендері жылы қабылдады.
Келесі әңгімеміз 26 қыркүйектегі болатын көрсетілім: Рахымжан Отарбаевтың «Фариза мен Мұқағали» драмасы туралы өрбімекші.
Заман Төлеуов