Тұңғышбай әл-ТАРАЗИ,Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы, ҚР Халық артисі,ҚР Мемлекеттік...
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры
Қазақ өнерінің қара шаңырағы,қазақтың тұңғыш кәсіби театры М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының шымылдығы 1926 жылы 13 қаңтарда Қызылордақаласында ашылды. Алғашқы қойылымдары Қ.Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасы мен М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасынан үзінді болды.Театр шаңырағын көтеруге С.Қожамқұлов, Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов,Қ.Бадыров,Қ.Жандарбеков, тағы да басқа «самородок сары алтын» актерлер ат салыстыТөкпе ақын И.Байзақов, атақты әнші Ә.Қашаубаев, палуан Қ. Мұңайтпасовтар да осы қатардан табылды. Сондай-ақ театр өміріне З.Атабаева, М.Шамова, А.Абдуллина, Ш.Байзақова, О.Қашаубаева,Ж.Шанина, Д.Оңғарбаевалар белсене араласты. Театрдың ең алғашқы режиссерлері С.Қожамқұлов, Ж.Шанин, Қ.Қуанышбаев еді.
Қоғамдық құрылым өзгеріп, жаңа өмірге біртіндеп бейімделе бастаған бұқараны тәрбиелеуде өнердің ролі үлкен болды. Өткен ғасырдың 20-30-жылдарында үлкен нәубетке ұшыраған қазақ халқы үшін білім мен мәдениет, өнердің аса зор маңызын қазақ зиялылары да қатты түсінді, сондықтан да қазақ театрының ашылып, еңсе тіктеуіне Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Ж.Шанин, Қ.Сәтбаев, О.Беков, т.б. көптеген қайраткер ат салысты. Олардың қатарында сол кездегі Қазақстан Халық ағарту комиссариатының бастығы С. Садуақасов, ал, театрдағы шығармашылық-шаруашылық ұйымдастыру жұмыстарында ерекше көзге түскен алғашқы директоры Д. Әділов, тағы басқалар болды.
1926 жылдың 5 қазанынан театр директоры әрі көркемдік жетекшісі болған Ж.Шанин театрдың шығармашылық қалыптасуында ролі өте үлкен. Алғашқы кәсіби режиссер, драматург, сыншы, шебер ұйымдастырушы Ж. Шанин 1927 жылы Мәскеуде өткен Этнографиялық концертке арасында театр актерлері де бар бір топ өнер шеберлерін бастап барып, өте табысты оралды. 1932 жылы Қырғыз драма театрының бас режиссерлігіне ауысқанға дейін онжылдықтарға парапар еңбек жасады.
1928 жылы театр республиканың жаңа астанасы Алматыға қоныс аударып, 1930-жылдар белесінде ұжымға жаңа шығармашылық күш қосылды. Бұл қатарда Қ.Байсейітов, К. Байсейітова, Қ.Бейісов, Ш.Жиенқұлова, М.Ержанов, Ж.Елебеков, Қ.Қармысов, С.Телғараев, Ә. Хасенов, Қ.Әділшінов, Ж.Өгізбаев, А.Жолымбетов, Р.Есімжанова, Р.Қойшыбаева, Ш.Айманов, С.Майқанова, Г.Сыздықова, т.б. атауға болады.
1932-1938жж. театрда әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеген М.Әуезовтің қара шаңырақтың іргесі бекіп, керегесі кеңеюіндегі еңбегі теңдессіз. Көркем пьесалары өз алдына мақалаларында да ұлттық театрдың бағыт-бағдарын айқындауға үлкен үлес қосқан суреткер әлемдік драматургия жауһарларынан аударып, репертуарды байытуда да көп жұмыс жасады.
М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегін» 1933ж. мамыр айында режиссер М.Насонов қайтадан қойды, бұл спектакль қазақтың тұңғыш кәсіби сценографы Қ.Қожықовтың алғашқы жұмысы болды. 1932-1934жж. театрда жемісті еңбек еткен суретші Ленинградтағы Үлкен, қазіргі Мариин театры жанындағы Көркемсурет студиясына жіберіліп, белгілі суретшілер В.М.Ходасевич, А.Г.Тышлер, М.З.Левиннен екі жыл оқыды. Оралған соң «Абай», «Отелло», «Евгения Гранде», «Марабай», «Шаншарлар», т.б. біраз спектакльді көркемдеген, кейін кино саласына ауысқан.
Ұлттық драматургия қалыптасып, дами бастады. М.Әуезов, Қ.Кемеңгеров, Ж.Шаниндермен қатар І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Ш.Хұсайынов, Ә.Тәжібаев, Ә.Әбішев, т.б. пьесалары ең алдымен осы театрда сахналанды. Әлем драматургиясынан Шекспир, Мольер, К.Гольдони, А.Островский, Гоголь, М.Горький пьесалары қойылды.
1933-34 жылдары театрдан музыкалық студия бөлініп, ұжымдағы әншілік таланты басым актерлер сонда ауысты. Бүгінгі таңда республикамыздағы іргелі өнер ордалары болып отырған Абай атындағы опера-балет театры мен Республикалық Жамбыл атындағы филармония, «Қазақконцерт» сол кезде М.Әуезов театры құрамынан бөлініп шыққан музыкалық театр негізінде құрылған өнер ұжымдары.
1936 жылы театр қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде аса табысты өткен онкүндігіне қатысты. «Қыз Жібек» операсында Қ.Қуанышбаев, «Жалбыр» операсында Е.Өмірзақов, Қ.Бадыров, Ш.Аймановтар роль орындаса, біраз актер көпшілік сахналарына қатысты.
1937 жылы театрға академиялық деген атақ берілді.
1930-1950жж. театрға арнайы шақыртумен келген орыстың кәсіби режиссерлері М.Н.Соколов, М.Б.Насонов, И.Б.Боров, М.А.Соколовский, М.И.Гольдблат ұжымның кәсіби өсуіне көп еңбек сіңірді.
Қара шаңырақ сахнада қазақ театр режиссурасының екінші буыны деп атауға болатын ГИТИС түлектері А.Тоқпанов пен Н.Бейсеков, сондай-ақ Ә.Ысмайылов, қызмет етті. М.Әуезовтің 1940 жылы режиссер А.Тоқпанов сахналаған «Абай» спектаклі театрдың үлкен көркемдік табысы болды. Қойылымдардың, мысалы, «Хан Кене», «Түнгі сарын», «Біздің жігіттер», т.б. музыкалық көркемдеулеріне негізінен А.В. Затаевичтің «Қазақтың 500 әні» жинағындағы әндер пайдаланылып келсе, «Абай» спектакліне композитор А.Жұбанов арнайы музыка жазды.
Ұлы Отан соғысы басталғанда театрдан бірнеше актер майданға аттанды, театр актерлері өнер бригадаларымен майдан шептеріне барып өнер көрсететін бригадалар құрамында болды. Театрда қалың жұртшылыққа рух беретін қойылымдар сахналанды. Бұл кезде Алматыға уақытша қоныс аударылған «Моссовет» театрының, ЦОКС-тың (киностудия) театр шығармашылығына игі әсері болғаны анық.
40-жылдары көптеген романтикалық бейнелерді Ж.Жалмұхамедова, Х.Бөкеева, Ш.Жандарбекова, Б.Римова сынды актрисалар сомдаса, осы сахнада Ш.Аймановтың актерлік, режиссерлік жан-жақты таланты жарқырай көрінді.
50-жылдар белесінде театр Ташкенттегі Театр институтын бітірген Н.Жантөрин, Мәскеудегі Театр өнері институтында (ГИТИС) білім алған Ы.Ноғайбаев, Т.Жайлыбаев, М.Байзақова, Алматыда Киноактерлердің Жоғарғы мектебін бітірген З.Шәріпова, т.б. талантты буынмен толықты.1954 жылы Мәскеуден оқу бітіріп келгендердің арасында Қарас Кәрімов сынды азамат труппа меңгерушісі болып, өмір бойы театрдың «отымен кіріп, күлімен шықты».
1946 жылы құрылғанына 20 жыл толуына орай театр «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды.
1952 жылы «Абай» спектакліне (режиссер Ш.Айманов, суретші В.В.Голубович және рольдерді орындаушылар Қ.Қуанышбаев, Қ.Бадыров, Х.Бөкеева, С.Қожамқұлов, Р.Қойшыбаева, Е.Өмірзақов) КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді.
50-жылдарытеатр сахнасында тарихи спектакльдермен қатар жасампаз еңбек, бейбіт қоғам, замандастар өмірі, олардың әділетті қоғам құру жолындағы іс-әрекеттерін көркем бейнелейтін қойылымдар алдыңғы қатарға шықты. 1956 жылы С.Мұқановтың “Шоқан Уәлиханов” пьесасы, 1957 жылы М.Әуезовтің “Еңлік-Кебек”, С.Мұқановтың “Майрасы” қойылды.Жалпы ұлттық драматургияның қалыптасып, дамуындағы кезең-кезең жетістіктер аз емес.Қазақ сахнасында комедия жанрының бағы жанғаны да осы кезең. Қ.Шаңғытбаев, Қ.Байсейтов “Беу, қыздар-ай!”, “Ой, жігіттер-ай!” көрінді.Қ.Мұхамеджанов «Бөлтірік бөрік астында», «Құдағи келіпті»комедияларымен кеңінен танылды. Бұл кезеңде Т.Ахтанов, Ә.Тарази, Қ.Ысқақ, С.Жүнісов, О.Бодықов, Е.Домбаев, О.Бөкей, Д.Исабеков, т.б. пьесалары сахналанды.
1958 жылы театр қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен онкүндігінде қатысып, «Еңлік-Кебек» (М.Әуезов), «Шоқан Уәлиханов» (С.Мұқанов), «Ақын трагедиясы» («Ақан сері-Ақтоқты», Ғ.Мүсірепов), «Жалғыз ағаш орман емес» (Ә.Тәжібаев) және «Асауға - тұсау» (Шекспир) спектакльдерін көрсетті.
1961 жылы 10 тамызда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен Қазақтың Мемлекеттік академиялық драма театрына ұлы суреткер М.Әуезовтің есімі берілді.
Бұл кезеңде «Асауға-тұсаумен» қатар Шекспирден «Отелло», «Ричард-ІІІ», Гогольдің «Үйлену», Лопе де Веганың «Сенек қорыған ит», Пушкиннің «Шағын трагедиялары», М.Каорудың «Шығыстағы бір бейбақ», М.Фриштің «Дон Жуанның думаны», Г.Лорканың «Бернарда Альбаның үйі», Пиранделлоның «Өгей қыз», М.Булгаковтың «Жендеттер», Чеховтың «Ваня ағай», т.б. қойылымдар репертуар сәнін кіргізді, көркемдік көкжиекті кеңейтті. М.Булгаковтың режиссер А.Мажурин қойған «Жендеттер» (ауд. А.Сүлейменов) спектаклінде актер Н.Жантөриннің Мольер, Чеховтың режиссер Ә.Мәмбетов қойған «Сүйікті менің ағатайым» («Ваня ағай», ауд.Ә.Кекілбаев) спектаклінде Ә.Молдабеков кейіптеген Ваня ағай рольдері қазақ сахнасының табысы болды.
1960-жылдары бас режиссер А.Мадиевский табысты жұмыс істеді. Жалпы 60-жылдардан бастап ұлттық режиссураның өркендеу кезеңі басталды. Бұл ретте де М.Әуезов театрының орны ерекше. Өйткені қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері А.Тоқпанов бастаған режиссерлер шоқжұлдызы Б.Омаров, Ә.Мәмбетов және Құрманғазы консерваториясы театр факультеті режиссура бөлімінің алғашқы түлектері Ж.Омаров, Р.Сейтметов, Қ.Жетпісбаев, А.Пашков, В.Пұсырманов, сондай-ақ Е.Обаев, М.Байсеркенов, Ш.Зұлқаш, С.Асылхановтардың қара шаңырақ театрға түгелдей дерлік қатысы бар.
Осы орайда көрнекті театр режиссері, өнер қайраткері, Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовтің есімін ерекше атау керек. Шығармашылық жолы сонау атақты 60-жылдар белесінде басталған, М.Әуезов театрына 40 жылға жуық көркемдік жетекшілік жасаған Мәмбетовтің сол кезеңде қойған атақты «Ана-Жер-ана» (Ш.Айтматов, сахналық нұсқа Б.Львов-Анохин), «Қан мен тер» (Ә.Нұрпейісов), «Қарагөз», «Қара қыпшақ Қобыланды», «Абай» (М.Әуезов), «Қозы Көрпеш-Баня сұлу» (Ғ.Мүсірепов), «Менің сүйікті ағатайым» («Ваня ағай», А.Чехов, ауд.Ә.Кекілбаев), «Көктөбедегі кездесу» (Ш.Айтматов, Қ.Мұхамеджанов), «Біз періште емеспіз» (Қ.Мұхамеджанов), «Кориолан» (Шекспир, ауд.Х.Ерғалиев), «Эдип патша» (Софокл, ауд.Х.Ерғалиев), тағы да басқа спектакльдері ұлттық режиссураға жаңа мазмұн мен форма беріп, ұлттық сахна өнерін жаңа сапалық белеске көтерді.
1966 жылы «Ана-Жер-ана» спектакліне (режиссер Ә.Мәмбетов, суретші А.И.Ненашев, рольдерді орындаушылар С.Майқанова, Ф.Шәріпова, Б.Римова);
1970 жылы «Ленин 18 жылы» спектакліне (режисссер Ә.Мәмбетов, рольдерді орындаушылар М.Сүртібаев пен С.Қожамқұлов)Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді.
1973 жылы Иранның Шираз қаласында «Ана-Жер-ана» спектаклін көрсетті.
1974 жылы «Қан мен тер» спектакліне (автор Ә.Нұрпейісов, режиссер Ә.Мәмбетов, суретші А.С.Кривошеин және рольдерді орындаушылар А.Әшімов, Ф.Шәріпова, Ы.Ноғайбаев)КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Мәдени кеңістігімізде «Мәмбетов театры», «Мәмбетов дәуірі» деген ұғым қалыптасты. Сол кезеңде Әуезов театры Франция, Иран елдерінде фестивальдік сапарларға шығып, Мәскеуде бірнеше рет гастрольде болды. Бішкек, Ташкент, Нүкіс, Уфа, Қазан сияқты ірі қалалар халқы театр өнеріне аса үлкен ырзашылықпен қол соқты. Ал, республикамызда М.Әуезов театрының гастрольде болмаған облысы мен ауданы жоқтың қасы. Тап осы кезеңде К.Қармысов, М.Сүртібаев, С.Майқанова, Б.Римова, Ш.Жандарбекова, Ә.Мұсабекова, С.Телғараев, Н.Жантөрин, Ы.Ноғайбаев, Ф.Шәріпова, Ә.Молдабеков, Е.Жайсаңбаев, Р.Әуезбаева, Ғ.Сүлейменов, Ж.Медетбаев, Ә.Боранбаев, Ә.Кенжеев, Қ.Сұлтанбаев, У.Сұлтанғазиндер; сондай-ақ А.Әшімов, С.Оразбаев, Н.Мышбаева, Т.Тасыбекова, Қ.Тастанбеков, Р.Машурова, Т.Жаманқұлов, Б.Жанғалиева, Ш.Ахметова, М.Өтекешова, бүгінде Астана театрында еңбек етіп жүрген Г.Әспетова, Т.Мейрамов, Ж.Мейрамова, Н.Тәшімова, Қ.Тілеуова, Л.Әбзелбаева, тағы да басқа өнер иелері сан қырынан жарқырай көрінді.
Бұл кезеңде ұлттық сахнаға кәсіби сценографтардың М.Ержанов, Д.Сүлеев, С.Үмекенов, М.Жолтаев, сынды екінші буыны, 70-80-жылдар белесінде үшінші буын Ф.Мұқанов, Е.Тұяқовтар шықты.
Спектакльге арнайы музыканы ұлттық композиторлар жаза бастады. Бұл орайда Ә.Мәмбетов көптеген спектакліне музыка жазған көрнекті композитор Ғ.Жұбанованы және Н.Тілендиев есімдерін атау орынды.
1976 жылы театр «Халықтар достығы» орденімен марапатталды.
1976 жылы «Құлыным менің» спектакліне (автор О.Бөкей мен басты роль орындаушы Қ.Тастанбеков)Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілді, қоюшы-режиссер Қ.Жетпісбаев.
1981 жылы театр жаңа ғимаратқа көшті (Абай даңғылы, 103).
1984 жылы Францияның Нанси қаласында «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклін көрсетті.
* * *
1986 жылғы Желтоқсаннан кейін ел тарихындағы ақтаңдақ кезеңдер, жабық тақырыптар сахнадан көрініс берді. Мұның алғашқы қарлығаштары режиссер Ә.Мәмбетов қойған «Біз періште емеспіз» (Қ.Мұхамеджанов), «Ғасырдан ұзақ күн» (Ш.Айтматов),«Кемеңгерлер мен көлеңкелер» (С.Жүнісов) драмалары болды.
1988 жылы театр Қазақстан мен Орта Азия театрларының Алматыда өткен халықаралық І «Наурыз» фестивалінде «Біз періште емеспіз» спектаклімен жүлдегер атанды.
1991 жылы Қазақстан мен Орта Азия театрларының Ташкентте өткен ІY халықаралық «Наурыз» фестивалінде жүлде алды («Ғасырдан ұзақ күн», Едіге ролін орындаушы Т.Аралбай).
Режиссер және актер А.Әшімов сол жылдары ақталған Ж.Аймауытовтың «Ақбілек», романы бойынша спектакль қойды. Режиссер Қ.Жетпісбаев «Дос-Бедел дос» (М.Әуезов) драмасын да тарихымызға шынайы көзқарас тұрғысынан сахналады. Көркемдік деңгейлері әрқилы шыққан бұл қойылымдар қоғамда резонанс тудырды. Жалпы режиссер Қ.Жетпісбаевтың осы сахнада көптеген салиқалы туындылар қойғанын, көптеген ізденістері жемісті болғанын айту керек. Замандасы, әріптесі Р.Сейметов сияқты әлемдік классикадан да күрделі пьесаларды қойып, театрға жаңа көкжиектер ашып отырған Жетпісбаевтың осы сахнадағы осындай соңғы жұмысы - Шекспирдің Кеңес Одағындағы сол кезеңдегі биліктің абсурдтық сипатымен сарындас «Юлий Цезарь» трагедиясы.
1988-1992 жылдары қара шаңырақ сахнасында алғаш рет «Кориолан» (ауд.Х.Ерғалиев, реж.Ә.Мәмбетов), Софоклдың «Эдип патша» (ауд.Х.Ерғалиев,реж.Ә.Мәмбетов), Еврипидтің «Медея» (ауд.Қ.Жұмағалиев, реж.А.Пашков), трагедиялары, Шиллердің «Генуядағы қастандығы» (реж.Ф.Зольтер), Мольердің «Ақымақ болған басым-ай»(ауд.А.Сүлейменов, реж.Ә.Рахимов)комедиясы қойылды.
Уақыт және қоғам тынысын жақсы сезінетін режиссер Ә.Рахимов жас драматург Е. Аманшаның «Үзілген бесік жыры» драмасын сәтті сахналады. Әлеуметтік теңсіздік, қоғамдағы тымырсық рухани ахуалды жастар өмірі арқылы көрсете отырып, әр жүректегі Желтоқсан мұң-қайғысын жеткізгендей қойылымды көрермен өте жақсы қабылдады.
1991 жылы «Үзілген бесік жыры» спектакліне(автор Е.Аманша, роль орындаушылар М.Омар, А.Омар) Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілді.
Осы 1991 жылы еліміз егемендігін алған кезеңнен академиялық театр төл тарихымызды, қоғамдық құбылыстарды жаңаша көркем зерделеуге белсенді атсалысты. Белгілі өнер қайраткері Тұңғышбай Жаманқұлов басшылық жасаған уақытта театрда сахна тіліне заманға сай жаңалықтар орнығып, әртүрлі көркемдік-эстетикалық бағытта ізденістер жүрді. Драматургия зертханасында маңызды тақырыптарға арнайы тапсырыспен пьесалар жазылды. Театрда еркін рухани атмосфера қалыптасып, шығармашылық ізденістер мен идеяларға кеңінен жол ашылды. Қоюшы-режиссерлер –
дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімін әдемі таба білетінӘ.Рахимовтің: «Төрт тақта – жайнамаз», «Жетінші палата», «Қыздай жесір – штат қысқарту» драма-диалогтары (А.Сүлейменов, «Ситуациялар» триптихі), «Қилы заман» (М.Әуезов, сахналық нұсқа Н.Оразалин), «Тойдан қайтқан қазақтар», «Ғашықсыз ғасыр» (С.Балғабаев), «Кек» (А.Сүлейменов);
сол жылдары театрда жемісті еңбек еткен, қазақ сахнасына жаңалықтар әкелген Б.Атабаевтың «Қос мұңлық» (Б.Римова), «Шыңғыс хан» (Иран-Ғайып), «Соқырлар» (М.Метерлинк, ауд.Ә.Тәжібаев), «Кебенек киген арулар» (А.Тасымбеков, Қ.Ысқақ), «Мәңгілік бала-бейне» (Р.Мұқанова), «Шағала» (А.Чехов, ауд.А.Тоқпанов);
спектакльдері көп өлшемді, яғни мәдени-пәлсапалық жазықтықты болып келетін, өмірден ерте кеткен үлкен талант иесі Қ.Сүгірбековтің «Соңғы сезім» (А.Бекбосынов), «Шолпанның күнәсі» (М.Жұмабаев, сахналық нұсқа Ә.Тарази), «Құбылыс» (Ф.Кафка, сахналық нұсқа Е.Аманша), «Сәләмәтсің бе, Қоңыр мұң!» (Д.Амантай), «Қуыршақ үй» (Г.Ибсен), «Махаббат дастаны» (Ғ.Мүсірепов);
және Т.әл-Таразидің «Турандот ханшайым» (К.Гоцци, ауд. М.Ахмет-төре), «Тұзды шөл» (М.Ғапаров), т.б. әртүрлі стильдегі қойылымдары көрерменнің мәдени құнарын арттыра түсті.
Тағы бір атап айтарлығы – театрға көрермен тартудың жаңаша жолдары қарастырылды, ұжым гастрольдік сапарларға шыға, халықаралық фестивальдарға қатыса бастады. Театрдың дәстүрлі «Театр көктемі» фестивалі де осы кезден бастау алды.
1994 жылы сахнада жасаған көркем бейнелері үшін актер С.Оразбаев
ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
1996 жылы «Ситуациялар» триптихі («Төрт тақта-жайнамаз», Жетінші палата», «Қыздай жесір-штат қысқарту»)үшін жазушы-драматург А.СүлейменовкеҚР Мемлекеттік сыйлығы берілді,режиссер Ә. Рахимов
Жаңа кезең, Тәуелсіздіктің бастауы болған 86-жылдардан беріде театр жазушы-драматургтар А.Сүлейменов, Б.Мұқайдың көтерген қоғамдық-әлеуметтік мәселелері ауқымды драмаларына ден қойды. Сондай-ақ Т. Нұрмағамбетов, Д.Исабеков, Т.Әбдік, Н.Оразалин, С.Балғабаев, И.Оразбай, И.Сапарбай, И.Вовнянко, Шахимарден, С.Асылбековтер пьесалары театр сахнасында бірнеше рет қойылды. Кейінгі буыннан Е.Аманша, Р.Мұқанова, Р.Отарбаев, Е.Жуасбек, Д.Амантай, тағы басқалардың шығармашылық табыстары осы үлкен театрмен де тығыз байланысты. Ал, қара шаңырақ театрдың драматургтар тобында бүгіндері қызмет ететін М.Омарова мен Ә.Бағдаттардың алғашқы драмалары республика театрларында сәтті қойыла бастады.
ХХІ ғасырда театр репертуары, шығармашылық байланыстар аясы кеңейе түсті.Ұжымға тәжірибелі сахнагер Есмұхан Обаев жетекшілік жасаған кезеңде театр көрермені молайды, ұжым жүйелі түрде гастрольдік сапарларға шықты. Көркемдік жетекші классикадан М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» комедиясы мен «Абай» трагедиясын, Н.Гогольдің «Парасын» («Ревизор»), сондай-ақ қазіргі драматургиядан «Жаужүрек» («Балуан Шолақ», Д.Исабеков), Т.Аралбаймен бірігіп қойған «Сыған серенадасы» (И.Сапарбай), «Үміт үзгім келмейді» (Н.Келімбетов), жас режиссер Е.Нұрсұлтанмен бірге сахналаған «Ұры мен ұлы» (Т.Әбдіков) сынды қызғылықты қойылымдарды шығарды. Бұл кезеңде әлемдік классикадан - «Ымырттағы махаббат» (Н.Гауптман, ауд.Қ.Ысқақ, реж.Р.С.Андриасян), «Гамлет» (Шекспир, ауд. Х.Ерғалиев, реж.Ю.Ханинго-Бекназар), «Ромео мен Джульетта» (Шекспир, ауд.Ә.Кекілбаев, реж.О.Салимов), «Фархад-Шырын» (Н.Хикмет, реж.А.Әшімов), «Үйлену» (Гоголь,ауд.О.Қыйқымов, реж.В.Захаров), «Аршын-Мал алан» (У.Гаджибеков, ауд.Қ.Мұхамеджанов, реж.Т.Әл-Тарази) тарихи тақырыпта - «Мөлдір махаббат» (С.Мұқанов, реж.Ә.Рахимов), «Қамар сұлу» (С.Торайғыров, сахналық нұсқа Шахимарден), «Томирис» (Шахимарден), «Қазақтар» (Қ.Ысқақ, Шахимарден, реж. Т.әл-Тарази); бүгінгі күн драматургиясынан - «Сұлу мен суретші» (Т.Ахметжан, реж.Н.Жақыпбай), «Қожанәсір тірі екен...» (Т.Нұрмағамбетов), «Тендерге түскен келіншек (М.Сәрсеке, реж.О.Кенебай), «Күлеміз бе, жылаймыз ба?» (Е.Жуасбек, реж.М.Ахманов), «Көшкін» (Ж.Жуженоғлы, ауд.О.Қыйқымов, реж.А.Кәкішева), «Империядағы кеш» (С.Асылбеков, реж.А.Кәкішева), «Сағыныш пен Елес» (С.Балғабаев, реж.Ә.Рахимов), «Шәкәрім» (автор және реж.Ә.Рахимов),тағы да басқа көптеген спектакль көрерменнің әрқилы тобының көңілінен шықты. Театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі ретінде қызмет жасаған кезеңде репертуарды жаңғыртып-жаңарту, сапа арттыру, тағы да басқа шығармашылық-ұйымдастыру жұмыстары нақты жемісін берген өнер тарланы Е.Обаев бүгінгі таңда жас буынға тәжірибе бөлісіп, тағлым беріп келеді.
Жалпы М.Әуезов театрында тәуелсіздік жылдары республикадан және алыс-жақын шетелдерден режиссерлер шақырып отыру дәстүрі қалыптасты. Театрда спектакль қойған Ж.Хаджиев, Х.Әмір-Темір, Н.Жақыпбай, Ю.Коненкин, Қ.Қасымов, Н.Жұманиязов, Ә.Оразбеков, М.Ахмановтар, сондай-ақ көрнекті түркмен режиссері К.Ашир, өзбек режиссері О.Салимов, орыс режиссері В.Захаров, драматург-режиссері Н.Птушкина және литвалық Й.Вайткустардың әртүрлі қолтаңбалары актерлер үшін жақсы тәжірибе болғаны анық.
Уақыт қашанда өз талаптарын алға тартады. Жұмыс жандана түсу үшін заманауи менеджмент қажеттілігі туды. Театр басшылығына 2013 жылдың көктемінде келген белгілі өнертанушы, драматург Еркін Жуасбек жұмысты осы бағытта жүргізді. Республика Мәдениет министрлігінің пәрменімен театрлардағы директор мен көркемдік жетекші қызметтерінің бөлінуіне байланысты М.Әуезов театрының көркемдік жетекшілігіне Асанәлі Әшімов тағайындалды. Көрнекті актер, режиссер, тәжірибелі сахнагер Әшімовтің театрдың шығармашылық бағытын айқындаудағы ролі аз емес.
Театр халықаралық жобалар жасауды қолға алды. Бұл бағыттағы алғашқы тәжірибелер – ресейлік белгілі драматург, режиссер Н.Птушкина қойған «Отелло» (Шекспир, ауд.М.Әуезов, сахналық нұсқа Ә.Бөпежанова) мен литвалық көрнекті режиссер Й.Вайткус Қорқыт бейнесі арқылы адамзатқа ортақ пәлсапалық ойларды жаңаша зерделеткен «Қорқыттың көрі» (Иран-Ғайып) қойылымдары болды. Таза дәстүрлі сипатта,итальяндық реннесанс үлгісінде сахналанған «Отелло» театрсүйер қауымнан жоғары баға алса, заманауи технологиялық жетістіктер еркін қолданылған «Қорқыттың көрі» 2015 жылы Қазанда өткен халықаралық фестивальда көрсетіліп, халықаралық Қазылар алқасы тарапынан жоғары баға алды. Театр алдағы уақытта да мұндай тәжірибелерін жалғастыра береді.
Соңғы үш-төрт жылда театр репертуары басқа да сүбелі қойылымдармен толықты. Атап айтқанда, ұлттық драматургиядан -- «Таңсұлу» (Ғ.Есім, реж.А.Кәкішева), «Қас-қағым» (Ж.Ерғалиев, реж.Е.Нұрсұлтан), «Жүз жылдық махаббат» ( «Өйтпесе Мағжан бола ма?!.», Д.Исабеков, реж.А.Кәкішева), «Ай мен Айша» (Ш.Мұртаза, сахналық нұсқа Е.Жуасбек, реж.Т.Әл-Тарази), әлемдік классикадан - «Апалы-сіңлілі үшеу» (А.Чехов,ауд.Ә.Бөпежанова, реж.Р.Андриасян), «Шыны хайуанат» (Т.Уильямс, ауд.А.Сүлейменов, реж.А.Қабдешова), «Дон Сезар де Базан» (Ф.Дюмануар мен А.Д.Эннери, ауд. және реж. Ә.Рахимов)дүниелерді сахналады.
2015 жылдың сәуірінде қара шаңырақ театр директорлығына жуырда өнер жолын осы сахнадан бастап, кәсібиліктің биігіне көтерілген сахна шебері Е.Біләл келді. Осы сахнада ұлы Абайдан бастап небір күрделі ұлттық және шетелдік классикалық та, заманауи де рольдер сомдаған, бірнеше көркем фильм, телесериалдарға түскен, телеарналарда қызғылықты бағдарламалар жүргізіп, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясында шәкірттер тәрбиелеу ісімен де айналысатын белгілі өнер қайраткері 2011 жылдан осы театрда директордың орынбасары, ал, соңғы жылы Ғ.Мүсірепов театрында көркемдік жетекші қызметтерінде болып тәжірибе жинақтады. Замана талабын, театр ұжымының арман-мұратын, тіпті актерлердің мұң-мұқтажын да іштен білетін Е.Біләл театрдың стратегиялық бағыттағы жұмыстарын жемісті жүзеге асыра бастады. Бұл реттегі үлкен жоба -Қазақ хандығының 550 жылдығына Тараздағы мереке күндері ашық аспан астында 500 адамның қатысуымен көрсетілген «Қилы жол» (Ж.Ерғалиев) қойылымы.Тарихи-патриоттық тақырыптағыбұл алаңдық қойылым еліміздің сахна өнері тарихындағы ғана емес, рухани тәжірибесі орайынан да аса сәтті мегажоба деуге әбден болады.Ал, театрдың ұзақмерзімді жоспарында «Мәңгілік ел» ұлттық идеясына өз тарапынан үлес қосу қарастырылады.
2015 жылдың күзінде театрдың «Қас-қағым» (реж. Е.Нұрсұлтан) спектаклі Қырғыз еліндегі «Арт-Ордо» халықаралық фестивалінің және «Бейбарыс сұлтан» (реж.Ю.Ханинга-Бекназар) спектаклі Р.Отарбаев атындағы халықаралық фестивальдің Бас жүлделерін жеңіп алды.
Соңғы маусым қойылымдары - театрдың көркемдік жетекшісі А.Әшімовтің«Қаза мен жаза» (И.Вовнянко), режиссер А.Маемиров қойған «Қоштасқым келмейді!..» (А.Володин) спектакльдерін көрермен жылы қабылдады. Ал, режиссер А.Кәкішеваның көрнекті суреткер І.Есенберлиннің «Алмас қылыш» романы желісімен шығарған (сахналық нұсқа Ә.Бағдат) спектаклі Қазақ хандығының 550 жылдығына және көрнекті жазушы І.Есенберлиннің 100 жылдығына лайықты тарту болды. Театр репертуар басқа да мағыналы, жасампаз шығармалармен толыға түседі.
Қазіргі кезеңде театрдың шығармашылық әлеуеті жоғары. Кәсіби режиссерлер тобында шығармашылығымен кеңінен танымал Ә.Рахимов, А.Кәкішева және талантты жас буыннан Е.Нұрсұлтан мен Е. Нұртазин бар. Аға буыннан А.Әшімов, Е.Обаев, Т.Жаманқұловтар да қойылымдар шығаруда. Жоғарғы білікті, шығармашыл мамандардан тұратын Қойылымдық-көркемдік бөлімде кезінде талантты суретші Ф.Мұқанов, Қ.Ақбаевтар еңбек етсе, бүгінде спектакльдерден Е.Тұяқов, Е.Әдісбек, М.Сапаровтардың мазмұнды шығармашылығы танылады. Ал, өмір бойы осы театрдың гримері болып өткен шебер Б.Щербаковтың, сондай-ақ дыбыс бөлімінің жұмысын биік деңгейде ұстаған Е.Қуантқановтың шәкірттері бүгінде дәстүрді жалғастырып келеді. Дыбыс, жарық режиссерлері, костюм бөлімі, бейнебөлім, сондай-ақ басқа да көптеген цех қызметкерлері көркем спектакль үшін аянбай еңбек етеді. Ал, көркем спектакльді көрерменге алып шығатын негізгі тұлға, әрине, актер.
Қара шаңырақ театрда қалың көпшілік өзара жарасым-үйлесім тапқан актерлік бірнеше буын өнерін тамашалап келеді. Бүгінгі таңда, яғни 90 маусымда театрда белгілі өнер шеберлері А.Әшімов, С.Оразбаев, Н.Мышбаева, Т.Тасыбекова, С.Қожақова, Б.Имашева сынды үлкен буын өкілдерімен бірге Ғ.Байқошқарова, Қ.Тастанбеков, Р.Машурова, Т.Жаманқұлов, О.Кенебай, Ш.Ахметова, М.Өтекешова, Ш.Меңдиярова, Ғ.Әбдінәбиева, Б.Жанғалиева, Р.Хаджиева, Т.Аралбаев, С.Мерекеұлы, М.Нұрәсіл, Б.Қожа, Г.Жақып, А.Бектемір, А.Сейтметов, Д.Темірсұлтанова, Б.Қаптағай, Б.Әбділманов, Б.Тұрыс, Ғ.Құлжанов, Ж.Маханов, О.Қыйқымов, Ж.Әміров, М.Омарбекова, Ү.Сейтімбет секілді талантты топ табысты еңбек етуде. Ал, бүгінде кәсібилігі жоғары орта буын - Е.Біләл, Д.Ақмолда, А.Боранбай, Ж.Толғанбай, Д.Жүсіп, Ш.Асқарова, Ш.Жанысбекова, Г.Тұтова, К.Шаяхметова, Н. Бексұлтанова, А.Сұрапбай, Н.Қарабалина, Б.Айтжанов, З.Көпжасарова, Б.Қажнәбиева, А.Сатыбалдиева, А.Бөкенбай; бұлардан кейінгі буын Н.Жекенова, Е.Дайыров, Л.Қалдыбекова, Г.Шыңғысова, Т.Сағынтаев, А.Шаяхметов, Ж.Байсалбеков, Б.Жақыпбекова, А.Өмірова, Н.Әбілов, С.Құлымбетова, Е.Тұрыс, Е.Бектасов, С.Бақаева, З.Карменова, А.Бақытжанова, Ғ.Оспанов, М.Мұхтарұлы, тағы да басқалар театр репертуарының негізгі жүгін ойдағыдай көтеріп келеді. Ал, соңғы маусымдарда театрдың актерлік құрамы талантты жастармен тағы да толығып, олар қазірдің өзінде жасына лайық басты рольдерді сәтті орындай бастады. Қара шаңырақ театр актерлері ірі киножобалардың, көптеген телесериалдардың, концерттік жобалардың сәнін кіргізіп, мәнін тереңдетіп жүргені де талассыз.
Бүгінгі таңда театрда:
1 - КСРО халық артисі,
10 - Қазақстанның халық артисі,
11 - Қазақстанның еңбек сіңірген артисі,
1 - ҚазКСР еңбек сіңірген өнер қайраткері,
21 - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері;
1 - КСРО Мемлекеттік сыйлық иегері,
3 - ҚР Мемлекеттік сыйлық иегері,
3 - «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,
3 - Қазақстан Жастар Одағы сыйлығы лауреаты,
11 - «Серпер» Жастар Одағы сыйлығының лауреаты,
1 - Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,
2 - Жалпыұлттық тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты;
3 - «Отан» ордені иегері,
1 - «Барыс» ордені иегері,
6 - «Парасат» ордені иегері,
16 - «Құрмет» ордені иегері,
1 - «Достық» орденінің иегерлері
сондай-ақ,
6 - профессор,
9 - доцент,
1 -PhDдокторы
- ғылым кандидаты қызмет етеді.
Бүгінгі таңда театр репертуарында ұлттық, шетелдік классикадан және бүгінгі драматургиядан 51 қойылым бар. Жалпы репертуардың 70 пайызы қазіргі заман тақырыбындағы пьесалар.
Ай сайын стационарда (үлкен және кіші зал) 30 шақты спектакль ойналады. Мұның сыртында ұжым облыс, аудандарға тақырыптық шағын гастрольдерге шығады.
Ең алғашқы республикадан тыс гастроліне 1928 жылы шыққан театр Ташкент қаласында жиырма күндей өнер көрсеткен. Ал, 1937 жылы академиялық атағын алғалы бері шыққан гастрольдік сапарларында есеп жоқ. Театр актерлері Ұлы Отан соғысына өнер адамдарының арнайы бригадалар құрамында да өнер көрсетті. Кеңестік кезеңде республика облыстары мен аудандарының барлығын дерлік аралап өнер көрсеткен, сондай-ақ сол кездегі КСРО республикаларының көбінде, сондай-ақ шетелдерде сапарда болған. Бірнеше рет Мәскеуде табысты гастроль өткізген. Қойылымдарын республика көрермендері ғана емес, алыс-жақын шетелдер көрермендері де жоғары бағалайтын Республикалық фестивальдарда сан рет жеңімпаз болған М.Әуезов театры өзінің биік өнерін небір халықаралық фестивальдарда да паш етіп келеді.
1996ж.– Египетте өткен Халықаралық экспериментальды театрлар фестивалінен «Абылайханның ақырғы күндері» спектаклімен жүлделі оралды.
1999ж. – Түркі елдері театрларының Уфада (Башқұртстан, Ресей) «Туғанлық» ІІ Халықаралық фестиваліне;
2000ж. – Германияда өткен «Жібек жолы» халықаралық фестиваліне;
2007ж. – Тәжікстанда өткен халықаралық фестивальға;
2008ж. – Қазақстан және Орталық Азия театрларының халықаралық фестиваліне «Сұлу мен суретші» спектаклімен қатысып, Бас жүлдені жеңіп алды;
2009ж. – Кореяда өткен «Ұлы Жібек жолы» халықаралық фестиваліне;
2010ж. - Түркияның Конья қаласында өткен халықаралық фестивальге;
2011ж. – Түркиядағы халықаралық фестивальге қатысып, өнері жоғары баға алды.
2012ж - Д.Исабеков драматургиясы бойынша өткен 1 халықаралық фестивальға «Жаужүрек» («Балуан Шолақ») спектаклімен қатысып, арнайы жүлдеге ие болды.
2014ж. – Беларусь елінде, Брест қаласында өткен «Белая Вежа» халықаралық фестиваліне «Бейбарыс сұлтан» спектаклін ағылшын тілінде ойнап, жүлделі оралды.
2015ж. (19.04-02.05) – Түркияның Конья қаласыда өткен ҮІІІ «Мың тыныс және бір дауыс» атты Түркі халықтары театр фестивалінде «Сұлтан Бейбарыс» спектаклімен табысты өнер көрсетті.
2015ж.(31.05.-4.06) – Ресей, Татарстан астанасы Қазан қаласында өткен халықаралық «Наурыз» түркі халықтары фестивалінде «Қорқыттың көрі» спектаклін көрсетіп, жоғары баға алды.
2015ж. (19-23.10) - Қырғызстанның «Арт-Ордо» халықаралық фестивалінде«Қас-қағым» қойылымыменБас жүлдені иеленді.
2015ж. (26-31.10) - Атырау қаласында өткен Р.Отарбаев атындағы Халықаралық театр фестивалінде «Сұлтан Бейбарыс» спектаклі үшін Бас жүлдені жеңіп алды.
М.Әуезов театрының тәуелсіздік кезеңіндегі, әсіресе, осы ғасыр басынан бергі гастрольдік карта географиясы тым ауқымды. Ұжым Республика Мәдениет министрлігі қолдауымен, сондай-ақ арнайы шақырулармен де Ресейдің Омбы қаласы мен облысында, Ташкентте және республика облыстары мен елордамыз Астанада, сондай-ақ Елбасымыздың шағын қалаларды мәдени қызметпен қамту бағдарламасы аясында соңғы үш-төрт жыл ішінде еліміздің 7-8 шағын қаласында өнер көрсетті. Сондай сапарларының бірі - театр 2013 жылдың желтоқсанында Жаңаөзен қаласына барып, арнайы спектакль қойғанын, қалың көпшіліктің ерекше ықыласпен қарсы алғанын атап өту орынды.
Театр 1995 жылдан бастап жыл сайын жаңа қойылымдарының фестивалін Наурыз мерекесі және Халықаралық театр күніне орай өткізіп келеді. Республикамызда осы форматтағы бірден-бір бұл өнер мерекесі жаңа идеяларды рухани айналымға түсіріп, жаңа есімдерді ашуымен бағалы. 2010 жылғы фестиваль көрнекті актриса С.Майқановаға арналса, 2011 жылы көрнекті актер Ы.Ноғайбаевтың туғанына 80 жыл толуына, ал, 2012 жылы көрнекті актриса Ш.Жандарбекованың 90 жылдығына, 2013 жылы К.Қармысовтың 100 жылдығына, 2014 жылы С.Майқанованың 100 жылдық мерейтойына арналды. Ал, 2015 жылғы «Театр көктемі» фестивалі жылдың үздік спектаклі, үздік шығармашылық иелерін анықтаға өнер мерекесі болды. 2016 жылдың наурызында 21 рет өткізілген фестиваль қазақ өнерінің көзі тірі аңызы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Хабиба Елебекованың 100 жасқа толуына арналды.
Театр әр маусымында бірнеше мерейтой, шығармашылық кештер өткізеді. Бұл қатарда көрнекті режиссер, актер Ш.Аймановтың 100 жылдығы, көрнекті режиссер Ә.Мәмбетовтің 80 жылдығы және бүгінде бақилық көптеген көрнекті сахнагерлерді еске алу кештерін атауға болады. Сонымен қатар бүгінде сахнада өнер көрсетіп жүрген ақсақалдарымыз бен апаларымыздың, орта буын актерлеріміздің шығармашылық кештері, бенефистерінің еліміздің мәдени-рухани тынысында, жас ұрпақты ізгілікке тәрбиелеуде атқаратын ролі елеулі.
* * *
Театрдағы сан-салалық шығармашылық жұмыстар бүгінгі күн тынысы болса, күні ертең ол тарихқа айналады. М.Әуезов театрында 1968 жылдан бері музейі жұмыс жасап келеді. Музейде еліміз өнерінің тарихы үшін аса бағалы, өте құнды тарихи экспонаттар сақталған. Кәсіби маман Н.Асанжанова жетекшілік жасайтын музей қызметкерлері театр тарихын жүйелеу, құжаттарды сұрыптау, әртүрлі фестивальдар, кештер, мерейтойлар, өзге да шараларда арнайы көрмелер ұйымдастыру, қажет кездерінде республикадағы өзге театр музейлеріне әдістемелік-шығармашылық көмек көрсетумен айналысады. Музей Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясы студенттері мен БАҚ, ЭБАҚ өкілдері үшін ғылыми-ақпараттық, тәжірибелік-танымдық база болып отыр. Музей 2014 жылы күзде, театрдың 89 маусымының ашылуында өз жұмыс аясын кеңейтіп, көрермендер үшін арнайы ашық залда қызмет көрсете бастады.
Театрдың арнайы веб-сайты жұмыс жасайтынына бірнеше жылдың жүзі болды. Жуырда сайт заманға сай жетлдіріліп, контенті ұлғайтылды. Мұның өзі көрерменнің театрмен тығыз байланыста болуын қамтамасыз етеді. Театр жанынан «Сырласу» клубы және фан-клубтың ашылуы да театрдың қалың көпшілікпен тығыз байланыс жасауының және мемлекеттік идеологияны қалың бұқара арасына кеңінен насихаттаудың жақсы жолы.
Театр ұжымы, сахна қайраткерлері сахнада және қоғамдық өмірде де тәуелсіз еліміздің мұраттарын ардақ тұтады. Бұл тұста сахна қайраткерлерінің кітап жазу, кітап шығару саласындағы еңбектері бір төбе. Театр алыптарының дәстүрін жалғастырып көрнекті режиссер Е.Обаевтан бастап көрнекті актерлер, А.Әшімов, С.Оразбаев, Т.Жаманқұлов, театр шежірешісі Х.Елебекова, белгілі актриса Т.Тасыбекова, режиссерлер Ә.Рахимов, О.Кенебай, сыншы Ә.Бөпежановалардың кітаптарын өнерсүйер қауым, қалың жұртшылық қызыға оқиды. Театрда дүние кешкен көрнекті актерлердің шығармашылығын жинастырып, кітап шығару дәстүрі қалыптасқан - «Әйгілі адамдар» сериясымен «Ф.Шәріпова», «Ә.Молдабеков», «Е.Жайсаңбаев» кітаптары, сондай-ақ Р.Әуезбаева, Ж.Медетбаев, Ә.Боранбаев туралы естелік жинақтар және Ш.Айманов, Ә.Мәмбетов, Ы.Ноғайбаев, Ә.Молдабеков, Е.Жайсаңбаев, А.Әшімов, Н.Мышбаеваның көркем альбомдары жарық көріп, көпшілік игілігіне айналды. Қоғам үшін өзекті мәселелер және өнер тыныс-тіршілігі туралы театр режиссерлері, актерлері үнемі республикалық және шетелдік БАҚ пен ЭБАҚ-та ой-пікірлерін білдіріп отырады.
Қара шаңырақ - Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры,жоғарыда атап өткеніміздей, өзінің осы 90 жылдық тарихында үлкен белестерден өтіп, ұлттық өнердің символына айналды.Ұлттық рухани игіліктеріміздің іргетасы шайқалмауына, имандылық-адамгершілік ұстындарының сақталуына ерен үлес қосты. Театр ашылған кезде ұлт ардагерлері, «жалпы театр емес, қазақ халқының ұлттық ерекшелігінен туындайтын өзіндік келбеті бар» театр болса деп армандаса, сол биік арман бүгінде әбден жүзеге асты. Бұл -- бүгінде бақилық алыптардың, одан кейінгі бірнеше буын өкілдерінің, олардың дәстүрін жалғастырып келе жатқан қазіргі өнер қайраткерлерінің қалтқысыз да қажырлы еңбектерінің және мемлекетіміз жүргізіп отырған сындарлы саясаттың нәтижесі.
2016 жылдың 27-наурызында театрдың 90 жылдық мерейтойы үлкен деңгейде аталып өтті. Мерейтойға Елбасы Н.Назарбаевтың арнайы құттықтау жолдап, «Ұлы Мұхтар Әуезовтің есімін иеленетін бұл театрдың тарихы терең әрі тамаша дәстүрлерге бай және ұлт руханиятын дамытуда алатын орны өзгеше биік» деп атап көрсетті. Театрға берілген бұл үлкен баға үлкен жауапкершілік жүктейді.
М.Әуезов атындағы қара шаңырақ ұжым - биік көркем өнер, жаңа тұрпатты мәдениет жасау, заманауи талаптарға сай, жаңа заман адамын қалыптастыру; әлемдік мәдени-рухани кеңістікке еркін еніп, ұлттық өнерімізді таныту жолында қызмет ете береді.
Әлия БӨПЕЖАНОВА,
әдебиет бөлімінің меңгерушісі,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты