Балет кешінің мазмұнды бағдарламасында әлемдік хореографиялық өнердің жауһарлары бір жерге жиналып...
«СҮЙІНБАЙ БАБАМНЫҢ ӘРУАҒЫНЫҢ АЛДЫНДА ҰЯТТЫМЫН»
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Иран-Ғайыптың «Сүйінбай» драмалық эпос жанрындағы қойылымның премьерасы өтті. Қоюшы-режиссері – ҚР еңбек сіңірген артисі, Ғ.Мүсірепов атындағы театрдың режиссері Мұрат Ахманов. Бұған дейін «Сүйінбай» қойылымын Атыраудың М.Өтемісұлы атындағы театр актерларының ойынында тамашалаған едік. Екі қойылымның режиссері бір. Сүйінбай рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс алып шықты. Екі театрдың қойған бір қойылымынан ә дегенде-ақ айырмашылық байқадық. Атыраулықтар Сүйінбай заманындағы қырғыз бен қазақтың алакөздігін көрерменге жеңілірек, арасында қалжың-күлкісін қосып тұрып ұсынған. М.Ахманов Әкемтеатрдағы премьерада қойылымның драмалық жағына көп көңіл бөліпті.
Драмалық эпостың басты кейіпкері қазақ айтыс өнерінің атасы, айтулы тарихи тұлға – Сүйінбай Аронұлы. Қойылым қазақ пен қырғыздың бір кездері іргесі суып, ымыраға қайта келген XIX-ғасырдың орта шенін баяндайды. Қырғыз манаптары Кенесары ханды өлтірген соң, билікке Тезек төре келеді. Хан Кененің қапыда көз жұмуы бәрінен бұрын Сүйінбай ақыннан жанына батқан еді. Тезек төре бірде Сүйінбайды қырғыз ханы Орманның шешесінің асына ертіп барады. Екі ел арасындағы жиында әйгілі Сүйінбай мен Қатаған айтысы басталып кетеді. Сонда ел қазақтың ұлы халық екенін, қырғызбен бір туғандығын таниды. Екеуі күш біріктірсе ғана империяға қарсы бас көтере алатынын түсінеді.
КӨРКЕМДІК КЕҢЕСТІҢ ПІКІРІ ЕКІГЕ ЖАРЫЛДЫ
Премьераның қабылдауына, өкінішке қарай журналистер кіре алмадық. Оның себебін режиссер Мұрат Ахманов былай түсіндірді:
– Асанәлі ағамыз жетекшілік еткен көркемдік кеңестің пікірі екіге жарылды. «Сүйінбай» жартысына ұнамаса, қалғанының көңілінен шықты. Қойылымға дайындық өте аз болды. Екі ай уақытты меже еткенмен арасында театр гастрольдік сапарға шықты, фестиваль өткіздік. Сонымен дайындық уақыты айналасы жиырма күнді қамтыды. Оны ескергісі келмегендер де табылды. Қойылымға Өнер академиясының студенттерін шақырып, бас-аяғы 60-70 актер қатысты. Қазір көріп отырған актерлардың барлығының басын соңғы аптаның төңірегінде қостық. Бас кейіпкерлермен бір айдай толық дайындалдық. Автордың ойынан шықты. Ал журналист қауымның қабылдауға кіре алмаған себебі «аз уақыттың ішінде режиссер не қоя қойды? Таныс емес ұжымына келіп отыр. Актерлардың бастарын біріктіре алды ма, жоқ па? Тым нашар болып қалса ше?» деп ойлаған болуы керек. Көңілінен шықпаған топ: «Пьеса жоқ. Бұл – құралған қойылым. Ештеңе ұқпадық», – деген пікір айтты. Ал қойылымды ұнатқандар Иран-Ғайып ағаның тілі ауыр екенін ескерді. Оның ақ өлеңін өте жақсы жеткізгенін мойындады. Сүйінбайдың сөзінде қабылдауда аздап мүдірістер болды. Оны сөздің бойға әлі толық тарамағанынан деп түсіну керек. Бірақ Бекжан Тұрыс жақсы алып шықты.
– Атыраулықтардың қойылымда қазақ пен қырғыздың жайын көрсететін «сиам егіздердің» ойындарына ішек-сілеміз қатып еді. Тезек төренің жас тоқалына да риза болдық. Бұл кейіпкер аздап «ұялшақтау тоқал» болған сияқты...
– Атыраулықтармен қойғанымызда жеткізе алмай қалған тұстарымызда күлдіртіп жіберетінбіз. Бұл жолы ол замандағы екі халықтың қан төгуге дейін барған халін күлкіге айналдырмайық дедік. Өйткені ағайын арасындағы трагедия бұл. Жан-жағынан Орыс, Қытай империялары, Қоқан хандығы қысқанда қазақтың жаны шыға жаздаған. Сонда қырғызға барып қосылайық деді, олар бас тартты. Одан келіп қазақтың өз басы қосылмады. Ханкененің басын анау-мынау бөтен жау емес еншілес бауыры қырғыз алды. Сондықтан жанрдың драмалық эпос екеніне көбірек көңіл бөлдік. Тезек төренің тоқалын жас қыз ойнап шықты. Дайындығы жетіңкіремеген болар.
– Музыкасы өте жақсы екен. Әрі тосылып қалмай, әр сахнаға лайық әуенді дәл беріп отырды. Музыканы жазған кім?
– Музыкасын жазу үшін сонау Атыраудан Бауыржан Ақтаев есімді бауырымызды шақырып алдық. Байқасаңыздар, костюмдер де өте әдемі шыққан. Рухани жаңғыру деп жүргенде киімі жыртық-жамау, әбден тозығы шыққан бишара халықты көрсеткіміз келген жоқ. «Қыз Жібек» фильмін қараңызшы. Костюмдері қандай? Халықтың бақуаттылығын, қазақ ою-өрнегінің саналуандығын айқындап тұр. Ол заманда ас пен той-томалаққа бар сән-салтанатымен барған. Ендеше оны неге көрсетпеске?!
– Қатағанды жеңген Сүйінбайға қырғыз жағы он алты жасар өрімдей қызды қосып жібереді. Сонда бойжеткеннің сүйгені барын бимен беріпсіздер.
– Қырғыз ағайынның елінен шығып бара жатып, Ыстықкөлге жеткенде қыздың «туған жерімнің көліне бір жуынып шығайын» дейтін жері бар. Көлге түскенде бойжеткенді сүйіктісімен билеттік. Қыздың туған елінде жақсы көретін адамы қалып бара жатқанын білген Сүйінбай маңдайынан сүйіп, еліне қайтарады. Олай етпесе, Сүйінбай Сүйінбай бола ма? Міне, азаматтық!
БҰЛ – ШАЛА ДҮНИЕ
Мұрат ағадан сұқбат ала сала, Бекжан ағаның грим бөлмесіне асықтық. Бекжан аға тепешектен түсіп келе жатып сұрағымызға жауап берді.
– Бекжан аға, Сүйінбайдың өлеңі мен сөзі жалпы 40 бет екен. Қойылымда мүдірмей айтып шықтыңыз.
– 47 бет. Мүдірмей деуге болмайды, арасында қалып қойған тұстары бар. Өйткені дайындық аз болды. Он-ақ күнде жаттадым. Актерларды бір ай бұрын таңдап алған болатын. Қойылыммен танысқан соң гастрольдік сапарға кетіп қалдық. Келген соң «массовкалық» жұмыстарға көбірек көңіл бөлініп кетті. Қабылдаудан ешқандай мақтау күткенім жоқ. Өйткені бұл – шала дүние. Шалажансар адам қандай болатын еді? Мен бұл жерде отқа салындым. Аз уақытта мынадай көлемді дүниені жасап шығару шалалыққа әкеледі. Алдымен Сүйінбай бабамның әруағының алдында ұяттымын. О баста рөлді алғанда «асығыстау емес пе?» деп ескерткен болатынмын. Бір ай ештеңеге алаңдамай дайындалсақ, мүмкін мұнан да жақсы дүние жасап шығарар ма едік?Ал рөлді бойға сіңіру үшін он күн аздық етеді. Актерлық өнер – менің кәсібім. Ешқашан рөлді тастап, болмаса қашып кету, киноға кетіп қалу, ауырып қалу деген табиғатыма жат нәрсе. Мен өнерге қиянат жасағым келмейді. Қолымнан келгенше тырыстым. Алайда Сүйінбай деңгейінде алып шықтым дей алмаймын. Шыны керек, дайындалған жоқпын.
ҚОЙЫЛЫМ ДЕГЕН ТІРІ АҒЗА СИЯҚТЫ
Тезек төрені ойнаған Болат Әбділманов Иран Ғайыптың пьесаларында кез келген актер ойнай алмайтынын айтып өтті:
– Сүйінбай ақынды былайғы жұрт танығанымен, тарихын толық біле бермейді. XX ғасырдың Гомері атанған Жамбыл Жабаев: «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай», – деп айтқан. Ірі тұлға Сүйінбай ақын талайлардың ұстазы. Ақын ғана емес, қазіргі тілмен айтқанда қоғам қайраткері болған. Қойылымның авторы Иран Ғайып ерекше сүйіп оқитын ақыным. Оның жазған өлеңін екінің бірі оқып, пьесасын екінің бірі ойнай алмайды. Ол үшін актерға үлкен дайындық, үлкен диапазон, терең тыныс керек. Әр сөздерінің астарын ашу үшін үлкен білім қажет. Оның пьесаларында ойнау үшін поэзияны барынша жақсы көретін, романтикалық үрдістегі актер керек. Тезек төренің рөлі түскеніне өте ризамын. Жүрегіммен қабылдап ойнап шықтым. Ал режиссер Мұрат Ахмановты Талдықорғанда қойған спектаклдерінен білемін. Бұл есім қазақ режиссурасына қолтаңбасын қалдырып келе жатыр. Құлынды жүйрік қылып алу үшін басқа үйірден салады. Өнерде де солай. Ағысқа ағыс қосып, арна кеңейіп жатса, құба-құп. Қойылым деген тірі ағза сияқты. Кеше қалай болғанына қарамастан бүгін басқаша. Актер деген шабыттың адамы. Қойылым жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. Екінші құрамда Сүйінбайды ойнайтын Еркебұлан Дайыров, Тезек төрені сомдайтын Асылбек Боранбаев, Бауыржан Қаптағаев, Бақтияр Қожа, Айзада Сатыбалды сияқты актерлар бар. Олар да өзінше ерекше ойнап шығатынына сенімдімін. Халықтың қошеметін көрдік. Тетарға тың нәрсе әкелуге тырысатын Асхат Маемиров бауырымызға табыс тілеймін. Театрды биікке көтеремін деп жаңа қуатпен кірісіп жатыр. Тетардың биікке шығуы осындай ірі спектакльдерге байланысты. Қойылымға еңбек еткен барлық әріптестерімізге алғысым зор!
Қойылымының екінші премьерасы бүгін өтіп жатыр. Онда Б.Әбділманов айтып өткен екінші құрам ойнайды. Орыс әдебиетінің сыншысы В.Белинский: «Нағыз спектакль көргің келсе, оныншы қойылымға кел», – деген екен. Ол рас. Сонда қойылымның халықпен бірге жүріп, актерлар рөлдерін бойына сіңіріп, толысқан кезіне тап боласыз.
Таңшолпан ТӨЛЕГЕН
Суреттер М.Әуезов тетарынан алынды