Ұлттық және әлемдік классика һәм заманауи драматургиялық шығармалар мен балаларға арналған с...
Опера сахнасындағы ғажайып
ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясының солистері Петр Чайковскийдің «Иоланта» операсының концерттік орындауын зор жетістікпен таныстырды. Махаббаттың емдік күші жайлы хикая көрермендерді бейжай қалдырмады: олар ғажайып оқиғаның кейіпкерлерімен бірге қайғырып, қуанды. Қоюшы дирижер Руслан Баймурзиннің шебер екпінімен музыканы театрдың Симфониялық оркестрі мен хоры нақышына келтіріп орындады.
– ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясының алғашқы шығарылымы дарынды және мақсатқа ұмтылған жас әншілерді жинады, олар ұстаздары берген білім мен құнды тәжірибені қуанышпен және қызығушылықпен қабылдауда, олардың ұстаздары – өз мамандығының үздіктері, – деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» директоры Ғалым Ахмедьяров. – Жастар шебер орындап шыққан «Иоланта» операсының концерттік қойылымы – олардың мансабындағы маңызды емтихан, шығармашылық жетілудің жаңа кезеңі. Театрымыздың қымбатты көрермендері жас дауыстарға ерекше ілтипатпен қарап, академистерді қолдайды. Жақын арада олардың өз әлеуеттерін ашуға жаңа мүмкіндіктері пайда болады деген үміттеміз, академия түлектерінің елордалық опералық ән айтуды бағалайтын жандардың махаббатына ие болып, Қазақстанда ғана емес, шетелде де жанкүйерлерін табатынына сенеміз.
«Иоланта» операсы айрықша лирикалығымен, жасампаз, позитивті ойлауымен, терең әрі таза мәнісімен көзге түседі. Оқиға желісі бойынша жақындары қыздан оның көзі көрмейтінін жасырады, олар орман ішіндегі қоғамнан жырақтағы қамалда өмір сүреді. Алайда бірде қалың тоғайда адасып қалған жасөспірімдер айдаладағы үйге тап болады, және бойжеткен олардың біріне ғашық болып қалады. Өзінің сырқаты жайлы естіген Иолантаның шын сүйетіні және тәуір болуды қалайтыны сонша, ғажайып орын алып, оның көзі көреді. Қойылымның басты идеясын жүзеге асыру үшін режиссер Еренбақ Тойкенов операның мазмұнына екпін жасап, оған қарапайым декорациялар қосты, ол театр сахнасының заманауи технологиялық мүмкіндіктерін пайдаланды. Бұл көрермендердің назарын музыка мен солистердің керемет дауыстарына аудартуға мүмкіндік берді.
Бейтаныс адамдардың келуі бейқам өмірін түбегейлі өзгерткен зағип қыз Иолантаның басты партиясын Ұлпан Әубәкірова мен Әйгерім Аманжолова тамаша таныстырды. Басты ерлер партиялары Водемон мен Робертті орындаушыларды ерекше атап өту керек. Саян Исин мен Ораз Мұхамедьяр, Расул Жармағамбетов пен Азат Мәлік бұл бейнелерді керемет сомдады. Басты кейіпкердің әкесі – Рене патшаның рөлінде Валерий Селиванов пен Шыңғыс Расылхан өнер көрсетті. Бригиттаның рөлін сомдаған Назым Сағынтай мен Гүлдана Алдадосова, сондай-ақ Лаураны таныстырған Әсем Әубәкірова мен Дариға Мұсаева көпшілікті өздерінің дауыстарымен баурап алды. Мавританиялық дәрігер Эбн-Хакияны Дінмұхамед Көшкінбаев пен Ержан Саипов, Альмерикті Нұрқанат Тапиев пен Талғат Аллабиринов, қарауылшы Бертранды Жандарбек Еркінбаев шебер орындады. Басты кейіпкердің күтушісі Мартаны «Астана Операның» жетекші солисі Татьяна Вицинская таныстырды.
Жас орындаушыларға өнер көрсетуге дайындалуға халықаралық коучтер: Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Үлкен театрдың жастар опера бағдарламасының көркемдік жетекшісі Дмитрий Вдовин мен әлемге әйгілі әнші, Арменияның Халық әртісі Барсег Туманян зор көмек көрсетті.
– Аңызға айналған Иолантаның партиясын орындау мен үшін үлкен мәртебе, онымен үздік әлемдік сопранолар сахнаға шыққан болатын, – деп атап өтті академия солисі Ұлпан Әубәкірова. – Сондықтан мен өз рөліме барынша жауапкершілікпен келдім. Дайындық вокалдық-техникалық тұрғыдан ерекше қиындықтар туғызған жоқ. Кейіпкердің уайымын, эмоциясын, мінезін, оны толыққанды адам етіп көрсететін басқа да қасиеттерін беру оңай болған жоқ, өзі мүлде бейхабар болған сырқатына қарамастан, ол өмірді сүйді. Ұзақ ойланып-толғанып, сәйкес келетін бейнені іздедім. Менің Иолантам өз күтушісіне, құрбыларына, әкесіне және айналасындағы барлық жандарға мейірімді. Ол кішіпейіл, нәзік, жайдары, сезімтал.
– Петр Чайковскийдің тамаша музыкасы мен академистердің ғаламат дауыстарын естіп, «Иолантаға» қатты тәнті болдым! – деді көрермен Раушан Құрманбаева. – Опера академиясы солистерінің өнер көрсетулеріне бірінші рет келіп отырған жоқпын, әр келген сайын осынау жас әншілерден қуат аламын. Олардың өздерінің опералық ән айту және актерлік шеберліктерін өте жақсы жетілдіретіндері таңғалдырады. Біздер, көрермендер осы кәсіби өсуді байқаймыз. Басты рөлді орындаған Ұлпан Әубәкірованы ерекше атап өткім келеді, оның әуеде қалықтаған дауысын тапжылмастан тыңдадым. Ол Иолантаның сезімдерін дәл жеткізе білді! Бұл жоғары бағаға лайық! Академия солистерінің келешегі зор екеніне, оларды алда ізетті тыңдаушылар мен жарқын опералық мансап күтетініне сенімдімін.
Еске сала кетейік, ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясы Қазақстанның опера өнерін жетілдіру және әлемдік театр алаңдарында еліміздің дәрежесін арттыру мақсатында шығармашыл дарынды жастарды үздік шетелдік коучтармен кәсіби даярлау үшін елордалық театр жанынан 2019 жылы құрылды.