«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры Қазақстан Республик...
ӨРЕЛІ ӨНЕРПАЗ
Қазақ елінде алғаш дүниеге келген жастар театрының бірі де бірегейі- жетпіс жылдық тарихы бар Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық жастар мен балалар театры болып саналады. Театр өз шымылдығын ашқалы заман келбетін, ғасыр мәселесін кеңінен талғап, таразылап келеді. Ұлттық құндылықтарымыздың қайнар бұлағымен сусындатты. Ел ертеңі жастарды тіл мен ділін сақтауға үгіттейтін бірден бір қасиетті қара шаңыраққа айналғаны да ақиқат. Аталмыш театр сахнасында жасындай жарқыраған небір талантты актерлер өз жұлдыздарын жарқыратты. Солардың ішінде Нұрқанат Жақыпбай есімді актер де бар еді. Ол 1947 ж. Алматы облысы, Райымбек ауданында дүниеге келген. Жастар театрының көркемдік жетекшісі, актер, режиссер, педагог, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, республикалық білім беру ісінің үздігі. Елгезек өнер иесі Н.Жақыпбайдың өнерге деген қызығушылығы оқушы кезінен-ақ көріне бастаған. Өнер адамына тән мейірімділік, жұмсақ жүрек, ақкөңілділік оның болмысымен біте қайнасқан еді. Мектепте сабақ беретін мұғалімдері жас дарынның қабілет-қарымын байқаған сәттерінде: «Консерваторияға барып, актерлік бөлімге түс» - деп ақыл-кеңестерін айтатын. Бақытына орай, сабақ үстінде актерлік өнерге оқуға қабылдайтын балаларды іздестіріп жүрген Қазақтан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор Рабиға Қаныбаеваның көзіне түседі. Тәжірибелі ұстаз бойшаң да қағілез, жас жеткіншекті бірден консерваторияға шақырады. Консерваторияның актерлік бөлімінде оқып жүрген тұста «Қазақфильм» киностудиясы түсіріп жатқан «Найзатас» фильмінде көпшілік сахналарына қатысты. Студент шағында театрға жұмысқа шақырылды. Нұрқанат Жақыпбай еңбек жолын 1969 жылы Қазақ Мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында актер болып бастады. Лидия Каденова, Досхан Жолжақсынов, Ғазиза Әбдiнабиева сынды әріптестерімен бірге Қазақ Мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында 37 жыл тынбай еңбек еткен. Әмина Өмірзақова, Мұхтар Бақтыгереев, Қасым Жәкібаев секілді ірі талант иелерінің тәрбиесін көріп шыңдала түседі. Театрда еңбек ете жүріп, 80-ге тарта бейнелер кескіндеген. Ол актерлік мамандыққа түбегейлі келмес бұрын, сан түрлі өмір тәжірибелерін игерді. Алматы, Мәскеу қалаларында актерлік кәсіпті үйрену тәжірибелерінен өтті. Б.Қалтаев, Қ.Жәкібаев, М.Бақтыгереев, А.Кенжеков, М.Құланбаев, А.Ысмайылов, Ш.Зұлхашев сияқты аға актерлерден рухани тәлім-тәрбие ала жүріп, актерлік өнердің қыр-сырларын дамытады. «Актер адамның режиссер болып кетуі әбден мүмкін» деп режиссер Асқар Тоқпанов айтқандай, Нұрқанат Жақыпбайдың режиссураға келуіне себепкер болған Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сол кезгі директоры - Гүлжаһан Әбуқызы Жанысбаева болатын. Журналист Гүлзина Бектасованың «Түркістан» газетінде жарық көрген «Нұрқанат Жақыпбай: Біз де солай әртіс болдық» атты сұхбатында: «Емтихан тапсырып жатырмыз. Конверттi ашқан кезде, бiрiншiсi, «Абай жолы» екен де, екiншiсi, өз қалауың бойынша. Өз қалауым тағы да –Айтматов. «Шынарым менiң, шырайлым». Жазып отырмын. Әзекең келiп: «Сен не iстеп отырсың? Неге Айтматов?» деп сұрады. «Менiң ең жақсы көретiн жазушым осы кiсi. Ал, Мұхтар Әуезовтi түсiну үшiн, маған әлi уақыт керек. Бiрақ, кейiн жақсы түсiнген кезде Абайды да қоятын шығармын» дедiм. Артынан барлығының бағасын естiрттi де, маған үндемейдi. Тұрып-тұрып бетiме қарап күлдi де, «бес, идиот» дедi. Сөйтiп режиссерлiкке түсiп кеттiм,»- [1] –дейді Нұрқанат Жақыпбай. Осылайша Нұрқанат Жақыпбайдың жас кезінен бойға дарыған ізденімпаздығы мен еңбекқорлығы, өз мақсатына жету жолындағы бірбеткей мінезі оның оқуға түсуіне де оң ықпалын тигізеді. Шәкірт шағынан Н. Жақыпбайдың жаңашылдыққа жаны құмар болатын. Ол Мәскеуде оқып жүрген шағында-ақ қолы қалт етсе, театрларға баруды ұнатқан. Мәскеуде оқыған шағында көптеген театрлармен етене танысқан. Англиядағы Шекспир театры, Италия театрын да көреді. Халық Қаһарманы, әйгілі режиссер Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетовтің спектакльдеріне ғашық болған. Көрермен қашанда жаңашылдыққа құмар екеніне дау жоқ. Олар әнді де, биді де ерекше ілтипатпен қабылдап, режиссерлік қолтаңбаны құптайтыны да- белгілі. Режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың болмысы өнер адамына тән қасиеттерге ие. Мысалы, ол классикалық әуендерді тыңдағанды ұнатады, үнемі ізденіс үстінде, ой үстінде жүреді. «Өнер дегеніміз ол- процесс, үнемі іздену әрдайым алға жылжу», - деп Товстаногов [2] бекер айтпаса керек. Осы орайда, Нұрқанат Жақыпбайдың ізденісін «өнер» деп топшылауға мүмкіндік бар. Режиссер Н.Жақыпбай әуен мен пластикаға басымдық бере отырып, қазақ театр өнеріне өзгеше бағыт, жаңа леп сыйлады. Оның өзіндік режиссерлік қолтаңбасы қойылымдарынан көрініс тауып тұрады. Десек те, пьесаның негізгі діңгегі – драматургия. Театрдың мазмұны әдебиеттен құралады. «Н.Жақыпбайдың режиссер ретінде өзіне тән тағы бір ерекшелігі- оның қойылымдарының басым көпшілігінде сахналық кейіпкерлер залда отырған көрермендермен тығыз байланыста жүреді. Сахнадан ел-жұрт көріп отырған тақырып бойынша сан алуан сауалдар қойылып, қолма-қол соған тиесілі жауаптар іздестіріледі. Осы тәсіл арқылы режиссер көрермендердің көзқарасын білуге ұмтылады. Бұл әдіс-айланы әркім әр түрлі түсінер, әрине. Әйтсе де, дәл осы спектакль-диспут көрермендер тарапынан шынайы қолдауға ие болған секілді.әсіресе, жастар қауымына ұнағандай. Қай еңбегінде болмасын, режиссер Нұрқанат Жақыпбай өмірде оң шешімін таба алмай, адамзат көкейін мазалап жүрген ащы ойларды қозғауға әуес»,- дейді театр сыншысы Әшірбек Сығай. [3]. Нұрқанат Жақыпбайдың Ғабит Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында актерлік қызметте жүріп, ойнаған бірнеше рөлдерін алып қарастырар болсақ: «Чех драматургы Ян Соловичтің «Түлен түрткен тіленші» (реж: М.Байсеркенов) атты трагикомедиясын сахнаға шығаруда Цицакты ойнаған актерлер Д.Жолжақсынов пен Н.Жақыпбай кейіпкер болмысын ашуға өздеріне тән актерлік ерекшелікпен келген. Д.Жолжақсыновтың Цицагы арам ойын іске асырғанша тағат таппай тықыршып өзіне де, жанындағы серігіне де маза бермейтін жіті қимылдың адамын бейнелесе, ал Нұрқанат Жақыпбайдың Цицагы ақырын жүріп анық басатын, қулық-сұмдығына құрық болмайтын айлалы адам ретінде бейнеленді.» деп жазады өнертану ғылымдарының докторы, проффесор –Бақыт Нұрпейіс.[4].Шерхан Мұртазаның «Сталинге хатынан» кейін іле-шала сахна төрінен көрінген «Бесеудің хаты» атты тарихи қойылымда (реж: Р.Сейтметов) басты рөлдерді ойнаушы актерлердің ішінде Нұрқанат Жақыпбай да болатын. Ол спектакльдің екінші құрамында Голощекинді кейіптейді. Өз кейіпкерінің ішкі әлеміне тереңдей түсіп, жан-дүниесін нанымды бейнелей алды.Сондай-ақ, Ілияс Жансүгіровтің «Исатай-Махамбетінде (реж: Ж.Хаджиев) Нұрқанат Жақыпбай Жәңгір ханның рөлін ойнайды. Қойылым барысында Жәңгірдің орыс мәдениеті мен тілін жетік меңгергендігін айғақтап, нанымды бейнелегені театртанушылардың еңбектерінде айтылған.«Желсіз түнде жарық ай» спектаклінде Құнанбайды ойнаған. Қойылымның режиссері - Нұрқанат Жақыпбайдың өзі. Бұл спектакль аталмыш театрдың репертуарынан ойып тұрып орын алған қойылымдардың бірі де бірегейі болып есептеледі. Режиссер шығармаға жаңаша леп әкеле білген. Ол «Абай жолы» роман эпопеясындағы бас кейіпкерлердің бірі Құнанбайды өзгеше қырынан көрсетуге талпыныс жасағаны көрінеді. Роман желісінде айтылатын Құнанбайдың халыққа жасаған озбырлығын көрсетуді басты нысанаға айналдырмай-ақ, феодалдық заманның кертартпалығын ұғына отыра, Құнанбайдың оқу-ағарту ісіне оң көзқарас танытқан, жас шағынан озық ойлы, тапқыр дипломант екендігін көрсетеді. Қойылым барысында Құнанбай сахнаға көп шықпағанымен, оның жасаған әрбір әрекеті өзге кейіпкерлерге ықпал етеді. «Н.Жақыпбайдың режиссурасымен қойылған аталмыш спектакль бүгінгі көрермендердің эстетикалық талғамына лайықты шықты», - дейді Бақыт Нұрпейіс.[5] «Режиссер Н.Жақыпбай бүгінгі уақыттың биік тұғырынан шығармаға жаңаша қарағаны бірден сезіледі. Ол М.Әуезовтің роман-эпопеясының алғашқы кітаптары бойынша, Ш.Айманов жасаған сахналық жүйені «Желсіз түнде жарық ай » деп, Абайдың лирикалық әнімен атауынан-ақ көрініп тұр. Спектакль өзінің атына лайық жауап берген. Өйткені, қойылымның алғашқы көрінісінен бастап соңына дейін Абайдың жастық шағы мен есеюі, оның Тоғжанға деген махаббаты және айналасындағы адамдардың оған жасаған ықпалы көркемдік тұрғыда әселі суреттелген,» - дейді өнертану ғылымдарының докторы, профессор, театртанушы Бақыт Нұрпейіс. [6]. Н.Жақыпбайдың режиссурасымен қойылған «Қозы мен Баян» қазақ театр тарихындағы мюзикл жанрындағы алғашқы спектакль. «Нұрқанат Жақыпбай Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш- Баян Сұлу» тагедиясына өзгеше трактовка берген болатын. Мұрағат деректеріне қарап, Абай Құнанбайұлы мен Шоқан Уәлиханов жазбаларында сақталған эпостық жұрнақтарды біріктіріп,мюзикл талабына сай поэтикалық тілмен өрілген сазды спектакль тудырды»,- деп жазады өнертану ғылымдарының докторы, проффесор Бақыт Нұрпейіс.[7]
2001 жылы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының қабарғасында эксперименталды «Мен» атты театр ашты. Оның «Мен» деп аталуының астарында, «менің де қолымнан іс келеді», деген мазмұн бар еді.Суреткер Нұрқанат Жақыпбайдың шығармашылық жолын саралай келе оның өнер жолындағы жасаған кез келген еңбегінің түп тамыры тәрбие мен тазалыққа үндейді. Ол - лирик режиссер. Қойылымдарынан сағыныштың, махаббат әлеміне деген құштарлықтың лебі есіп тұрады Әуезді әнді де, би құдіретін терең түйсікпен сезіне отырып, сахнада небір туындыларға жан бітіре біледі. 2015 жылыдың қыркүйек айында Өскемен қаласында ұйымдастырылған XXIIІ Республиклық драма театрлар фестивалінде С.Жүнісовтің «Тырау-тырау, тырналар...» драмасы(қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай) «Жоғары деңгейлі шығармашылық үйлесім» аталымындағы арнайы жүлде иегері атанды.2016 жылдың наурыз айында Халықаралық театр күніне орай ұйымдастырылған байқауға театрдың көркемдік жетекшісі және бас режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясымен қатысып, «ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК РЕЖИССЕРІ» аталымында жеңімпаз деп танылып, «ЕҢЛІКГҮЛ – 2016» кәсіби сыйлығының иегері атанды. 2016 жылдың қыркүйек айында Тәуелсіз мемлекеттер достастығының 25 жылдығына орай Белорусь Республикасының Брест қаласында ұйымдастырылған «Белая Вежа» ХХІ халықаралық театрлар фестиваліне Ш.Айтматов пен Ә.Кекілбаевтің «Шыңғысхан» әфсанасымен (қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай) қатысып, «ЕҢ ӘСЕРЛІ ҚОЙЫЛЫМ» («За зрелищное воплощение поэтических притч») аталымындағы жүлде иегері атанды.Сондай-ақ, дәл осы жылдың қыркүйек айында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, Ақтөбе қаласында өткен Қазақстан драма театрларының ХХІV республикалық театрлар фестивалінде Ж.П.Пило мен О.Шультездің «Моцарт» мюзиклімен (қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай) бақ сынап, «ЕҢ ҮЗДІК СПЕКТАКЛЬ» жүлдесіне лайық деп танылды.2016 жылдың қазан айында Талдықорған қаласында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «Қазақстан –Еуразия жүрегі» атты Орта Азия елдерінің VI халықаралық фестиваліне У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясымен қатысып, жүлделі І ОРЫНДЫ иеленді. 2016 жылдың қараша айында, жыл қорытынды бойынша, Жастар театрының көркемдік жетекшісі және бас режиссері Нұрқанат ЖАҚЫПБАЙ театр (режиссура) саласына қосқан қомақты үлесі үшін «Мәдениет қайраткері» аталымында «Жыл таңдауы» – «АЛТЫН АДАМ» ұлттық сыйлығының иегері атанды.
Қазақ театр тарихындағы жаңа толқын режиссерлерінің ішінде Н.Жақыпбайды басқа суреткерлерден даралап тұратын қасиеттерінің бірі де - осы. Театр құдіретін саналы түрде сезіне біліп, руханият тұрғысында оны қалың көпшілікке жеткізе білетін қасиеті уақыт өте келе одан бетер толысып, режиссерлік шеберлігі шыңдала бермек. Тек бірізділік пен қайталаудың шырмауына түсіп кету жолында аса мұқияттылық танытса екен деген тілек бар.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Бектасова Г. Нұрқанат Жақыпбай: Біз де солай әртіс болдық // Түркістан.
2. Г.А. Товстаногов.Зеркало сцены. Л. «Искусство» 1984 г. 79 стр
3. Сығай Ә. Ой төрінде- театр. Алматы. 2008. 266б.
4. Нұрпейіс Б. Қазақтың жастар мен балалар театры.- Алматы: Алматы баспа үйі, 2006. – 34-35б.
5. Нұрпейіс Б. Қазақтың жастар мен балалар театры.- Алматы: Алматы баспа үйі.2006. – 130 б.
6. Нұрпейіс Б. Қазақтың жастар мен балалар театры.- Алматы: Алматы баспа үйі, 2006. - 127б.
7. Нұрпейіс Б. Қазақ режиссурасың қалыптасуы мен дамуы
Айдана ОМАР,
Қазақ ұлттық хореография академиясы
«Балеттану» мамандығының 2 курс магистранты