Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының «Сезім сапары» спектакль-туры &...
Қазақ театр өнерінің өкілдері марапатталды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың желтоқсанның 28-і күнгі жарлығына сәйкес МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК СТИПЕНДИЯСЫ берілді. Аталмыш сыйақыға Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының талантты әртісі Гүлжамал Қазақбаева мен режиссері Фархад Молдағали ие болды.
ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Гүлжамал Қазақбаева театр сахнасы мен телеэкранда жүргеніне 50 жылдан астам уақыт өтті. Жарты ғасырдан астам актриса түрлі қайталанбас образдарымен халқының жүрегінен ерекше орын алып келеді. Қазіргі күнге дейін ұлттық өнерге өлшеусіз үлес қосып келе жатқан талант иесі театр сахнасының сәні болып жүр. Театр репертуарындағы І.Жансүгіровтің «Құлагерінде» - Сағынайдың кемпірі, Ә.Оразбеков «Бір түп алма ағашында» - Дәметкен, С.Мұратбековтың «Жусан иісінде» - Әже, «Ұмытыңдар оныда» - Эрита сынды образдарымен көрермендерін қуантып жүр. Айта кететін жайт, Г.Қазақбаева өнер көрсететін «Құлагер» спектаклі әлемдік деңгейдегі А.ЧЕХОВ АТЫНДАҒЫ XVI ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕАТР ФЕСТИВАЛІНЕ шақырту алды.
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Фархад Молдағали де қазіргі таңда тынымсыз еңбегінің арқасында көптеген нәтижелі жұмыстар жасап жүрген шығармашылық иесі. Қызылжар қаласындағы Солтүстік Қазақстан облыстық С.Мұқанов атындағы сазды драма театрында еңбек жолын бастаған режиссер республикалық театр фестивальдерінде бой көрсетіп, ел назарына іліккен. Кәсіби мамандар көзіне жас режиссердің «Бұрқасын.86» қойылымы түсіп, шығармашылықтағы өз бағытын айқындауына мол үлес болды.
Бүгінде Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі әрі режиссері Ф.Молдағали қазіргі таңда көптеген белестерді бағындырып, театр сүйер көрермен көңілінен шығып жүрген спектакльдер сахналап жүр. Солардың бірқатары «Қарагөз», «Король Лир», «Баянсыз бақ» және үнемі аншлагпен өтетін «Махаббат, қызық мол жылдар» спектакльдері. Театр ұжымы Ақтау қаласында өткен «ABISH ALEMI» ІІ Халықаралық театр фестивалінде «Король Лир» спектаклімен бас жүлде иеленсе, «Қарагөз» қойылымымен Түркиядағы «Бурса» балалар мен жасөспірімдер театрларының фестивалінде де лайықты бағасын алды.
Өткен жылды жемісті қорытындылаған театр ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен ұсынылған бірнеше марапаттарға ие болған. Солардың бірі әрі бірегейі - өнер саласындағы тұңғыш Ұлттық сыйлық «UMAI» жеңімпаздарының қатарында театр режиссері Фархад Молдағали болса, номинаттар қатарында театрдың абыз артистері Сағызбай Қарабалин мен Гүлжамал Қазақбаева болды. Өнер ордасында шығармашылық иелерінің марапат алып, еңбектің еленуі шабыт сыйласа, маңызы одан кем түспейтін тағы бір қуанышы – премьера. Ғ.Мүсірепов театрында қаңтардың 12,13 жұлдызында Ш.Айтматовтың «Ақ кеме» спектаклінің ПРЕМЬЕРАСЫ өтеді. Қойылымда басты кейіпкерлердің бірін – Гүлжамал Қазақбаева сомдайды. Бала көзімен әлемнің қайғы-мұңына үн қосқан, аңызға бергісіз сахналық шығарманың режиссері – Дина Жұмабаева. Спектакльде театр өнеріндегі хас таланттардың бірі - Қадырғазы Қуандықов, сонымен қатар, терең ізденістерімен көзге түсіп жүрген талант иелері Әсет Иманғалиев, Жанар Мақашева, Анар Адилова, Гүлбахрам Байбосынова т.б болмақ. Жаңа жылдағы жаңа қойылым алматылық көрермендердің көптен көңілінде түйілген сезімдерін шығаруға сеп болары анық.