«Самғау» фестивалінен бір ғана спектакль есімде ерекше қалыпты. Ол «У Моста»...
Көрерменің қандай, Қазақ театры?
Театр – мәдениет ошағы, һәм ұйытқысы. Ел өмірінің айнасына айналған театрларымыз күннен-күнге шама-шарқынша дамып келеді. Алыс-жақын шетелге танылып, әлінше өз өнерін көрсетіп, еліміздің танылуына үлес қосып жүрген жайы бар. Адам жанының құрулы тезі, ел мінінің түзеуші ұстасы болған театрымыздағы көрермендердің мәдениеті қай деңгейде? Жалпы, терезесін әлемді мойындатқан елдермен теңестіруді мақсат тұтатын мемлекеттің көрермендері қандай болу керек?
Құдайға шүкір, қай театрды алып қарамаңыз, көрерменнен кенде емес. Осы уақытқа дейін залды толтыруды ғана мақсат етсек, енді залды немен толтырғанымызға да қарайтын уақыт жеткен сияқты. «Қара халықтың мәдениетті болуынан, мәдениетті адамның қазақ болуы қиын» дейді Ж.Аймауытов. Уақыт өткен сайын бұл пікірге көзіміз жетіп жүр. Бүгінгі күні халықтың мәдениетті, мәдениеттінің қазақ болуы да қиындап бара жатыр. Алпысты алқымдаған көрермендер ертеректе өнер ошағындағы мәдениеттің жоғары болғанын, тек бүгінгі күні ғана қатты өзгеріп кеткенін айтып дабыл қағады. Расында да солай ма, әлде бұл кеңестің «кеңестерінен» аса алмай, өткенімен қоштаса алмай қиналып жүрген кісілердің ғана пікірі ме?! Қалай десек те, ғаламдасу дәуіріндегі көзкөзқарастар бойынша театрдағы халықтың мәдениеттін көргенде ішіңе найзағай түскендей күйге түсетініміз жасырын емес. Қойылым кезінде ұялы телефонының қоңырауына ие бола алмай, онымен қоймай, телефонмен беймарал отырып сөйлесу, орынсыз қол шапалақтау, кішкентай балалардың жылаған даусы, жастардың жырқ-жырқ күлкісі көзі ашық, көкірегі ояу басқа көрермендерді мезі етеді. Желсіз күні қауіп шақырмасақ та, бұлар біраз ойлантатын жайттар.
Театрға киіп келетін киім үлгісі де өз алдына бөлек талғамды талап ететін мәселелердің бірі. Мәдениетсіздігі мен талғамсыздығын қоғамда орын алған демократияға теліп, қолына ілінгенін киетін көрермендеріміздің көбейіп кеткені қынжылтады. Тіпті, театрдан спорттық үлгіде киінген көрермендерді көрсек, таңқалмайтын дәрежеге жеттік. Осы орайда жаңа қарқынмен келе жатқан тәуелсіз елдің театры: «Мен түзелдім, көрермен сен де түзел!..» дейтіндей боп көрінеді де тұрады.
Бақыт НҰРПЕЙІС, өнертану кандидаты, доцент:
– Театр көрермендерінің мәдениеті әртүрлі болып келеді. Себебі, спектакль көруге жиналған адамдардың жас мөлшерлері, білім деңгейлері мен ұғым-түсініктері, эстетикалық көзқарастары бір-біріне ұқсамайды. Сондықтан да қойылымды қабылдаулары да өздерінің жеке бастарының мәдениетімен тығыз байланысып жатады. Театр өнері көрермендердің көз алдында ойналатын жанды өнер болғандықтан да, спектакль көріп отырған көпшілік қауым өзінің театрға келгенін естен шығармауы керек. Сахнада комедия жүріп жатса, орынсыз жер тепкілеп, керек емес жерде қол шапалақтап, шуылдап кететін көрермендер де бар. Сол сияқты, трагедия жүріп жатса, кейіпкерлермен қоса жағаласып, сөйлесіп, даурығатын көрермендер де жоқ емес. Тіпті кейбіреулер сағыз шайнап, тамақ та жеп отырады. Мұның бәрі ол адамдардың театр туралы түсініктерінің тым таяз екендігін көрсетеді. Сондықтан, театр көрерменін балабақшадан бастап даярлау керек.
Мұхитдин
ШЫНТАЕВ, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік жастар мен балалар театрының актері:
– Көрермендердің басқа қылықтары аз болғандай, бізде мынадай да оқиға болған. Т.Теменовтың соғыс туралы «Бұлбұлдар түні» қойылымы жүріп жатқан. Кенет көрермендер арасынан сахнаға қолында пакеті, үстінде заманауи спорттық киімі бар бір жігіт шығып, полковник рөліндегі Сәкен ағаға бірдеңелерді айтып тұр. Халық аң-таң. Сәкен аға әскери адамдарша жігіттің айтқандарын үзбей тыңдады да подполковникке: «Мына кісінің жұмысын кейін қараймыз, ары алып кетіңіз» деп бұйрық беріп, тығырықтан аман алып шықты. Сырттан қараған адамға расында да қызық оқиға болды. Міне, сол сияқты өнерді ойыншық көретін көрермендеріміз ішінара табылып жатады. Бірақ көпке топырақ шашудан аулақпын. Мәдениетті көрермендерімізді де ренжіткім келмейді.
Гүлшат ТҰТОВА, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының артисі:
– Қазіргі көрермендерден «керемет спектакль көріп әсер алдық, жүрегіммен қабылдадым» деген сөздерді өте аз естимін. Телеарналардың шарықтаған дәуірі болғаннан кейін шығар, театрға деген көзқарастар өзгерді. Оған актерлер де кінәлі. Кейде сахнада трагедиялық спектакль жүріп жатқанда көрермендердің «қой-ей, болды» деп, жыртың-жыртың күліп отырғанын естиміз. «Енді не істер екенсің, ал, көрейік…» дегендей мазақтайды. Ондай жағдайда актерлерді кінәлаймын. Спектакльдің соңында артистер көрермен алдына иіліп, алғыс білдіруге шыққанда, барлығы ысқырып, шыңғырып, театрды басына көтереді. Бір жаманы – олар спектакль жақсы шықса да, жаман шықса да солай істейді екен. Мен бұл құбылысты бұрын байқамайтын едім. Қайбір жылдары өзбекстандық Әлімжан Салимов деген режиссер біздің театрмен тығыз шығармашылық байланыста жұмыс істеп, ағымдағы спектакльдерді күн сайын тамашалады. Кетерінде: «Мен сендердің көрермендеріңе сене бермеймін, кез келген болсын-болмасын спектакльдеріңді қошаметтей береді екен» деді. Сонда мен: «Жоқ, біз жақсы ойнағандықтан қолпаштайды» деп мойындамадым. Бірақ артынан зерделеп-зерттеп қарасам, ол кісінің пікірімен келісуге болады екен. Бұл құбылыстардың барлығы – көрермен деңгейінің театрдан «биік жетіліп» кеткендігінен шығар…
Еңлік БАҚЫТҚЫЗЫ, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенті:
– Бұрынғы актерларды білмеймін, қазіргі актерларда жасандылық басым. Әсіресе, тарихи қойылымдарда барлығы бір сарынға түсіп алып, айқайлай береді. Үлкен аталардың рөлін ойнайтын актерлардың сөзін түсіну тіптен мүмкін емес. Көріп отырып шаршап кетесің. Ал театрда іші пысқан адам не істемейді?! Күлмейтін жерде күлкісі келіп, қойылымның тезірек аяқталуын тілеп, шапалақтай береді. Сондықтан театр саласындағы қызметкерлер жастарды кінәлай бергенше, бір уақыт өздерінің жұмысының сапасына да қарасын. Жаланы біреуге жаба салу қай кезде де оңай. Өнер алдында бас имейтін адам жоқ. Мықты болса, бағындыра білсін!.. Ал театрдағы киім мәдениетіне келер болсақ, расында, әркім қолына ілінгенін киіп жүр. Сондықтан театрға келерде, қайда бара жатқанына бір сәт ой жүгіртіп, қалай болса солай, олпы-солпы киінбей, біршама мәдениетті киінсе жөн болар еді.
Міне, театрдың табиғатын танитындардың пікірі осындай. Өнер ошағын халықсыз елестете алмайтынымызды ескерсек, көрермен мәдениеті түзелмей театр саласындағы түйткілдер мен түйіндердің де екілене түсері хақ. Осы орайда барлығы тәуелсіз ел ұрпағының талғам-талабына сай болу керек деген қорытынды шығарғымыз келеді. Біздің тілек, театрға кім не киіп келсе де, өзін қалай ұстаса да, тек өнерге деген өлшем, махаббат азаймаса болғаны…
Сіз қалай ойлайсыз, театрсүйер көрермен?