М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театры сәуірдің 4-і күні көптен күткен премьерасын...
Тәуелсіздік күнінде «Алпамыс» операсы қойылады
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнінде «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында Кәукен Кенжетаевтың либреттосына Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс» ұлттық операсы ұсынылады. 16-17 желтоқсанда басты партияларда дебют жасайтын әртістер мереке қарсаңында спектакльге дайындық қалай жүріп жатқанын айтып берді.
Еске сала кетейік, «Алпамыс» операсының премьерасы «Астана Операда» екі жыл бұрын өткен болатын. Либреттоға қазақ халық ауыз әдебиетінде ерекше орын алатын «Алпамыс батыр» көне жыры арқау болған. Эпикалық қаһарман, батырдың төңірегінде құрылған операның сюжеті махаббатты, сондай-ақ бақыт, еркіндік пен туған жер үшін күресті жырлайды. Осынау батырлық операның қойылымын елордалық театрда режиссер, Ресейдің Халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Юрий Александров шебер жүзеге асырғанын айта кетуіміз қажет.
«Астана Опера» солисі Алтынбек Әбілда ҚР Тәуелсіздік күнінде Алпамыстың партиясын орындау екі есе қуаныш екенін айтты.
– Алпамыс – тек қазақтың ғана емес, бүкіл түркітілдес халықтардың қаhарманы. Бұл рөлді орындау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Еркеғали Рахмадиевтің операсында Алпамыс бейнесі өте әсерлі көрсетілген. Жер-Ана оған күш-қуат бергендіктен ол жаудың алдында тіс батпайтын және жеңілмейтін батырға айналды. Алпамыс – жақсылықтан үмітін үзбейтін ел перзенті. Бұл вокалдық тұрғыда өте күрделі партия, бейнені сомдау қарқынды дайындық пен зор жауапкершілікті қажет етеді. Алпамыстың қандай болғанын «Алпамыс батыр» поэмасы мен басқа да дерек көздерінен білуге болады. Әрине, әрбір опера әншісі үшін мұндай тарихи тұлғаның партиясын орындау – үлкен бақыт, оның маған бұйырғанын бақ деп санаймын. Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың арманы, оған қазақ халқы қол жеткізді, сондықтан барлық қазақстандықтарды осынау айтулы мерекемен құттықтаймын! Көк туымыз мәңгі желбіресін!
Айта кетейік, 16-17 желтоқсанда елордалық театрдың солистері Талғат Ғалеев пен Алтынбек Әбілда Алпамыстың бейнесін таныстырса, Гүлбаршынның рөлін Назым Сағынтай (дебют) және Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай сомдайды. Жер-Ана – Салтанат Мұратбекова, Татьяна Вицинская, Тайшық хан – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев, Шыңғыс Расылхан, Қаракөз – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова, Әсем Сембина, Жырау – Хайдар Мұстапин, Мыстан – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ, Гүлжанат Сапақова, Кейқуат – Әлихан Зейнолла, Қараман – Ерұлан Кәмел, Бейімбет Таңарықов, Ұлтан – Талғат Аллабиринов (дебют), Рамзат Балакишиев, Тазша – Аян Жаймағанбетов, Бейбіт Баянбаев.
Спектакльдің бірінші күні театрдың дарынды солисі Назым Сағынтай Алпамыстың қалыңдығының партиясын орындайды. Әнші осыған дейін қазақ ұлттық операларында Қыз Жібек, Мамыр, Ажардың партияларында өнер көрсеткенін, енді репертуарының Гүлбаршынның партиясымен толығуы өзі үшін үлкен қуаныш әрі зор тәжірибе екенін атап өтті.
– Спектакльдің премьерасында Гүлбаршынның бейнесін көрермендер залынан мұқият бақылаған едім. Қазіргі уақытта партиямен, орындаудағы детальдармен жұмыс істеп жатырмын, ұстаздармен және концермейстерлермен дайындалудамын. Бұл мен үшін қазақ операларының ішіндегі ең күрделі рөлдердің бірі. Композитор Еркеғали Рахмадиевтің туындысының стиль, ырғақ, екпін, оркестрлік партитура жағынан өзінің ерекшелігі бар. Музыкалық композициясы басқа опералардан ерекшеленетінін атап өткім келеді. Кейіпкеріме келсек, оның бойында Тайшық ханға ойын тікесінен айта алатындай қайсарлық, өжеттілік, Алпамысқа деген адал махаббат сезімі бар, – деді Назым Сағынтай. Сөз соңында әнші барлық қазақстандықтарды келе жатқан мерекемен құттықтап, өркендей беруді тіледі.
Сондай-ақ Ұлтанның бейнесін сомдауға дайындалып жатқан опера солисі Талғат Аллабиринов те әріптесінің тілегіне қосылды: – «Алпамыс» операсының Тәуелсіздік күнінде ұсынылатыны өте дұрыс. Өйткені осы спектакльді тамашалағаннан кейін жастар бұл хикаядан шабыт алып, халқымыз үшін мақтаныш сезімдері одан бетер артады, – деді солист ойымен бөлісе отырып.
– Еркеғали Рахмадиев – опералар мен көптеген вокалдық туындылар жазған біртуар композитор. Студент кезімде республикалық байқауда оның «Алматы кеші» және «Таң самалы» әндерін орындап, лауреат атанған едім. Сондай-ақ мен ең алғаш рет тыңдаған қазақ операсы осы тамаша композитордың «Қамар сұлуы» болатын. Сол кезде оның музыкасына тәнті болған едім. Ол туындыларын жүрекпен жазғандықтан, оларды орындау айтарлықтай жеңіл. Автордың еңбектері ауқымды және ол әрбір кейіпкерді ашып көрсетеді. Ұлтан кішігірім партия болғанымен, оның алатын маңызды зор, онсыз опера ойдағыдай шықпас еді деп ойлаймын, – деп пікірін қосты Т.Аллабиринов.
Екі күн қатарынан «Астана Опера» Симфониялық оркестрі, солистер, хор және балет әртістері дирижер, «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзиннің жетекшілігімен өнер көрсетеді.
Спектакльдердің басталуы 17.00-де.