Осы қаңтарда әлемдік театр қауымдастығы біртуар хореограф Ролан Петидің 100 жылдығын атап өтуде. Кла...
Есмұхан Обаев: Театр үш алыптан тұрады. Режиссер, драматург, актер
–Өмірдің – өзі театр. «Жаратқан жалға берген өмір» қойылымының жалғасы қандай деңгейде болу керек деп ойлайсыз?
– Бәріміз Жаратушы иеміздің жұмырбасты пендесі болған соң адам баласы өмірге тағдырмен, оймен, арманмен келеді. Ертерек есейсем, жұмыс істесем, берекелі адам болсам екен, дейді. Ал мұның бәрі – өмір сахнасында тынымсыз төккен тер мен адал еңбектің нәтижесі. Өмір сахнасының өзі бірнеше салалы жолдан тұрады. Жолдың қисық, бұралаңы мен айнадай тегіс, тузуі де, ұзыны мен қысқасы да болады. Осы жолдың қайсысына түсесің ол өзіңе байланысты. Түскен жолыңның дауылы да, жауыны да, ыстық, суығы да болады. Өмір деген – тағдыр. Ал, тағдыр әр адамның маңдайына жазылады. Маңдайыңа жазылған жазуда сен қандай өмір сүресің, кім боласың, оны бір Жаратқаннан басқа ешкім білмейді. Мүмкін, өмір сонысымен де жұмбақ, бір жағынан қызық шығар. Тағдырың сені өмір сахнасына алып келген соң сахнада, елге, ортаңа айтатын ойың болмаса, халқыңның ойынан шықпасаң, арман-мұңыңды жеткізе алмасаң, болмаса сен олардың арман-мұңына себепші боп өмір сахнасында іске асыра алмасаң, онда өнер адамы болудың керегі не? Сондықтан тағдыр тәлкегіне, қомағайлығына түспей, санаулы ғұмырда саналы түрде жұмыс істей білу керек. Өмір сахнасы ол - тазалықты, ұлтжандылықты, ұяттылықты, тебіреністі, тазалығық пен шындықты жақтайды.
–Театр–режиссер,драматург,актер аттыүш аяғы бар алып қазан.Осы қазанның қай аяғы ақсап тұр?
– Театр үш алыптан тұрады. Режиссер, драматург, актер. Режиссер ақсаса, қойылым шықпайды, актер ақсаса, жанды бейне болмайды, ал драматург ақсаса, оның пьесасын ешкім көңіл көкжиегінде көрмейді. Сондықтан бұл үш алыпқа өте жоғарғы тұрғыда қарау керек. Үш алып қазанды шайқалтып алмай тең басуы керек. Егер үшеуінің біреуі ақсап тұрса онда сіздің шығармаңыз өмірге мүгедек болып келеді. Су жұқпас жорға да аяқтарын тең алмаса жорғалай алмайды. Сондықтан үшеуі мықты болмаса құнды қойылым болмайды. Енді өмір болған соң, әрине біреуі осалдау болуы мүмкін. Сол жағдайда драматургия жақсы болса, онда ол режиссураны тартады. Ал пьеса нашар болып, актер жақсы болса онда актер - пьесаны тартады. Ұлы Абайдың өзін әртістер неше қырынан танытып, ойнап жүргені сияқты, мен өз басым актер - пьесаның авторы деп айтам. Себебі автордың шығармасын жасайтын актер. Сондықтан үш таған бірдей болуы керек. Пьесса – драматургтың жұмысы. Режиссерға берген соң одан қойылым шығару керек, ал қойылым – ол ұжымдық жұмыс. Қауым араласқанда онда түрлі ойлар талқыға түсіп, тіпті автордың идеясына қарсы шығатын идеялар туып жатуы мүмкін. Мысалы, мен қойған «Бақыт кілті» қойылымының пьесасын оқып отырып, нәтижесінде ойыма жақсы идея келдіде, сол идеяны іске асыру барысында авторға пьесаны қайта жаздырдым. Сол қойылымның соңында мафияға қарсы айтылатын мынандай сөз бар «Сендер мені аттыңдар! Астыңдар, қорладыңдар! Бірақ мені өлтіре алмадыңдар. Неге? Себебі, мен шындықпын. Шындықты атуға, өлтіруге болмайды. Ақиқатқа оқ өтпейді» дейді. Негізі автордың жазғанында ол жоқ. Бірақ қойылымды қоя келе осы идеяға алып келді. Сондықтан автор – бір таған, режиссер – екінші таған, актер – үшінші таған болып, бірігіп осы қойылымды шығардық. Осы үш алып түсінісіп, ойы бір жерден шыққанда, ұзақ жасайтын қойылымдар өмірге келеді.
– Сіздің өміріңіз бен өнеріңіз, артқы буынға беріп келе жатқан өнегеңіз бәрі тауға ұқсас. Мұның сыры туып өскен жеріңізге байланысты болуы мүмкін бе?
– Иә, бұл менің туып өскен жерім мен шыққан ортама, әке-шешеме де тікелей байланысты. Менің әке-шешем қарапайым, ел қатарлы өмір сүріп, бала-шағасының қамымен қоса халықтың тыныштығын, бізді ойлап өмір бойы халыққа еңбекақысыз жұмыс істеген жандар. Бізде Кеген жақта Шырғанақ, Қарқара деген өзен бар. Менің әкем сол суға таңғы алтыдан кешкі онға дейін тыным таппай жұмыс жасап көпір салды. Халқым сусыз қалмасын деп бастаулардың көзін ашып еңбектенді. Бұл істерімен бізге көрсеткен үлгі- өнегесі, өмірде өз наныңды адал тауып жеп, тау бұлағындай таза болуға баулыды. Бастысы адам болып қалыптасуға тәрбиеледі. Менің балалық кезім мен қатарлас буындар заманның қиын кезеңінде өмір сүрдік. Соғыс уақытында туылып, соғыс біткенде жоқшылыққа тап болып, балалықтан өткенде билік басына Хрущев келіп, ақ емес қара нанға отырғызды. Артынан студент болып оқу іздеп Москваға кеттік. Осы сынақтардан өтіп, теарға орналасқанда, артыңа қарасаң жанталас өмірмен отыз жыл уақытым өтіп кетіпті. Енді міне жетпістен асқанда сол артта істелмей қалған жұмыстың орнын толтырсақ деп еңбек етудеміз. Менің бір жағынан гүрілдеп сөйлейтінім де аспантаулы аймақта өскенімнен шығар. «Тау баласы тауға қарап өседі» демекші, иә, мен – тау баласымын.
–Театрға не бердіңіз,театр сізге не берді?
–Мен театрдағы өтіп келе жақан өміріме көз жүгіртсем өнер бәйтеректері Асанәлі,Сәбит,Нүкетай,Торғын сияқты аға-апаларыммен бірге жұмыс жасап келе жатқаныма елу жылдан астам уақыт болыпты.Енді, міне, жетпістен асып сексенге қарай қадам басып барамын. Осының бәріне көз жүгіртіп ойлайтыным: халқыммен бірге жүріп, қазақтың әдебиеті мен мәдениетін жаныма жақын тұтып дос еттім, енді соған қызмет ету. Өмір атты өзенде өнерді өрге жүздіріп, атақты боламын деген адамдардың жолы бола бермейді. Адам өнерге ауқатты болу үшін келмейді, өнерге жан дүниесімен қызығып, одан рахат алып, сол арқылы дарынын ұштап, өнерге қызмет етіп өмір сүру үшін келеді. Ұйқың тыныш болуы үшін, арың мен жаның таза болуы керек. Құдайдың маған берген ең үлкен сыйы – өмірдің қай тармағында жүрсем де ылғи жақсы адамдарға тап боламын. Өнер деген адамның бойындағы бар жақсы қасиетін бір арнаға тоғыстырып алып келеді. Сол арнадан қырға шығып, аламанға қатысқан бәйге атындай не шаң қауып қалмай, болмаса шаң жұқтырмай қоңыр бүлкілмен ортада келе жатқан адамдармыз. Енді, міне, театр ақсақалы қатарына кіріп, жастарға ақыл кеңесімізді айтып, жас актерлерімізді өсіріп баптап, болашағына өз балаңның болашағынан да қатты алаңдап отыратын кезеңге жеттік. Енді бұдан артық қандай марапат керек. Құдайға шүкір бақыттымын. Театр маған барын берді, менің театрға әлі берерім бар сияқты.
– Театрда болып жатқан өзгерістерге тоқтала кетсеңіз.
– Биылғы ақпан айында театрымызда үлкен жаңалықтар болып жатыр. Театрдың күтіп отырған жаңа басшысы келді. Бәріміз бір кісідей қабылдап қолдап отырмыз. Себебі театрды басқаратын адам театрды білетін адам болуы керек. Кешегі Қаллеки, Елубай, Серке ағамдар бастап отырған шаңыраққа сол ұлыларымыздың көзін көрген, көзі тірі аға-апаларымыз жұмыс жасайтын шаңыраққа басшы сайланған бұл күн тарихи күн болып қалмақ. Басшылыққа келіп отырған Асхатты көптен жақсы танимын. Бір кездері сонау Орал театрында жасаған үлкен шаруаларын көруге арнайы барып, фестивалдеріне қатысып, қойған шығармаларын көрдім. Өзіндік үні, өзіндік дауысы, өзіндік ізденісі бар, режиссураға өзіндік тұрғыда бүгінгі күн тәртібі талабымен қарайтын, жаңа форматтағы режиссер. Театр басшылығына келуіне бұрынғы атқарған бірнеше қызметтік жұмыстары мен өткізген іс шаралары септігін тигізіп отыр. Сондықтан театр басшылығына драматургия, режиссура, актерлық сала болсын, соны бес саусақтай біліп, зерттеп, жаны ауыратын ұлттық намысы бар, ұлттық болмысының бәрі құнды дүниелерді сахналауға жұмсайтын адам келді деп ойлаймын. Сәт сапар тілейміз. Елбасымыздың қамқорлығының арқасында мәдениетке, тарихқа, болмысқа, адам жанының құндылығына көңіл бөлініп жатқан кезде театр тізгінін ұстау үлкен дүние.
Қазақ театры өнерінде, қазақ театрының брендіне айналған, көшбасшысы қарашаңырақ Әуезов театрының ендігі көркейіп, гулденуі жастарға байланысты. Жастар үмітті ақтайды деп ойлаймын. Алаштың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев: «Мен жастарға сенемін» деп айтқандай, мен де үлкен үміт, зор сеніммен қараймын.