Мемлекеттік қуыршақ театрында еңбек ететін мамандардың қайсы бірін алып қарасаңыз да, олардың жандар...
Театр жүректерді біріктіреді
Қазақстанда 15 сәуірде дәстүрлі түрде «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» күні немесе Ғашықтар күні атап өтіледі. Бір қызығы, «Астана Опера» қабырғасында көптеген әртістер өз бақыттарын тауып, отбасын құруға шешім қабылдаған. Олардың хикаялары таңғалдырып, жігер береді.
Өзінің өмірлік серігін қашан және қай жерде кезіктіретінін ешкім білмейді. Алғашқы таныстық ұшақта бола ма, әлде мейрамханада ма, ол жағы беймәлім. Балет труппасының жетекші солисі Олжас Тарланов пен балет әртісі Сэйка Тоносаки театрдағы тағдыршешті кездесуді тағдырдың үлкен сыйына балайды. Олар «Астана Операдағы» ең жас жұптардың бірі, олардың шаңырақ көтергендеріне 1,5 жыл.
– Уақытымыздың басым бөлігін театрда, дайындық залдарында өткізгеннен кейін, жеке өмірге уақыт жетпей жатады, сондықтан әртістер өздерінің өмірлік серіктерін көбінесе осында жолықтырады. Мен де махаббатымды «Астана Операда» таптым. Мұнда жұмысқа келгенімде, Сэйка труппада бірнеше жылдан бері билеп жүрген еді. Ол бізге Жапониядан келген. Алғашында балет ұжымында шетелдіктердің барын естігенде, бұл маған қызық көрінді. Кейін спектакльдерге дайындық кезінде Сэйкамен жолымыз қиылыса бастады. Маған тұрмысқа шығуға және менімен осында тұруға келіскенде Сэйка даналық танытты деп ойлаймын, сол үшін оған ризамын, – деді Олжас Тарланов.
Шынымен, сонау Күншығыс елінде туып-өскен Сэйкаға туғандары мен жақындарынан жырақта өмір сүруге балетке деген зор махаббаты күш береді. Айта кету керек, Сэйка Новосібір мемлекеттік хореографиялық училищесінің түлегі. Қазақстанға келмей тұрып жапондық балерина Мәскеу қалалық балетінің труппасында жұмыс істеп, гастрольмен бүкіл әлемді аралаған. 2013 жылы «Астана Опера» ашылғанда, ол театрдың балет труппасының құрамына қосылған дарынды әртістердің қатарында болды. Оның жары Олжас Тарланов А.В.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесін, Мюнхенде (Германия) HBS балет академиясын тамамдаған, бірнеше жыл Бавария мемлекеттік операсы балет труппасының құрамында өнер көрсеткен, ал 2016 жылдан бері елордалық театрда еңбек етеді. Әртістерді асқақ өнер бір арнаға тоғыстырды.
Олардың айтуларынша, екеуінің қарым-қатынасы Еуропаға турнеден кейін беки түскен. Бір қызығы, ғашықтардың қатынасы романтикалық фильмдердегідей болмаған, екеуі бірге көп уақыт өткізбеген, керісінше, олар әрдайым труппаның құрамында болған.
– Отбасын құруда жолым болды деп ойлаймын, өйткені менің жолдасым да – өзім секілді балет әртісі, біз бір-бірімізді өте жақсы түсінеміз. Жалпы біздің мамандығымыз өте күрделі. Физикалық тұрғыда ғана емес, моральдік тұрғыда да шаршайтын кездеріміз болады. Екеуміз де осыны бастан өткергеннен кейін, бір-бірімізге барынша қамқор, мейірімді болуға тырысамыз. Егер жолдасым басқа саладан болғанда, бәлкім, ол көп жайттарды түсінбес еді. Себебі балет әртісінің өмір ырғағы мүлде басқаша. Демалыссыз жұмыс істеу бізге қалыпты жағдай саналады. Өнер көрсетер алдында жақсылап тынығып алуымыз қажет. Осыларды жан жарың түсінбесе, отбасында келіспеушілік орын алуы мүмкін, – дейді Сэйка Тоносаки. Жас жұп махаббат бұл – бір-біріне деген қамқорлық, отбасындағы үндестік деп түсінеді.
Балет труппасында, оркестр мен хорда, сондай-ақ опера труппасында өмірде де, өнерде де қол ұстасып жүрген отбасылық жұптар аз емес. Операның жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейір Байнеш пен балерина Алина Халимолланың да махаббат хикаясы театрда басталды. Әңгіме барысында опера жұлдызы өзінің жұбайымен қалай танысқанын жылы еске алды.
– Үйленбей тұрғанда әкем маған: «Жарың өзің секілді өнер саласынан болсын, сонда бір-біріңді жақсы түсінесіңдер» деп айтып отыратын. Әкемнің өсиеті санамда жатталып қалды, болашақ жарым жақын жерде жүргенін іштей сезетінмін. Расымен де солай болды, – деді Мейір Байнеш. – Алина Санкт-Петербор қаласындағы А.Я.Ваганова атындағы орыс балет академиясын 2015 жылы бітірді, ол кезде мен осы театрда үш жылдай жұмыс істеп қалған едім. Сөйтіп, ол осында жұмысқа келді. Екеуміз әртүрлі труппаларда, мен операның, ол балеттің құрамында болсақ та, бір-бірімізді жиі көретінбіз, бір спектакльге қатысқан кездеріміз де болды.
Әңгіме барысында Мейір Алинамен кездесіп жүрген кезінде, ол қатысқан барлық балеттік нөмірлерді бірін қалдырмай тамашалап шыққанын айтты. Бүгінде бұл жұп сүйкімді қыздарын тәрбиелеуде.
– Алина – өте дарынды биші, бұдан бөлек, ол сүйікті жар әрі мейірімді ана. Осыны ескере отыра, балет әртістері – олимпиада деңгейіндегі нағыз спортшылар екенін айтқым келеді. Әйелімнің осындай күрделі кәсіби жүктемені абыроймен атқарып, өзін тамаша әртіс ретінде дамытып жүргенін отбасымыз мақтан етеді, – деді Мейір. Осы ретте Алина Халимолла Қазақстанның ең сұранысқа ие тенорларының бірі Мейір Байнештің жары болғанын мақтаныш санайтыны сөзсіз.
Отбасылық жұптар өз бақытын іздеп жүргендерге ешқашан бірінші болып қадам жасаудан қорықпауға, бүгінгі күнмен өмір сүріп, еш нәрсеге өкінбеуге, махаббат үшін күресуге кеңес беріп, барлық ғашықтарға денсаулық, ашық аспан мен жақсы көңіл күй тіледі.