АСАНӘЛІ ӘШІМҰЛЫ: ҚАЗІРГІ АКТЕРЛАР ТОЙ БАСҚАРЫП КЕЛІП, «АБАЙДЫ» ОЙНАЙ БЕРЕДІ

ТЕАТР
2803

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты жанындағы Р.Бердібаев атындағы Халық университетінің кезекті дәрісін Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан және КСРО Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың иегері Асанәлі Әшімов жүргізді. «Заман және замандастар: Ш.Аймановтан – А.Әшімовке дейін» тақырыбында өткен дәрістің модераторы – Алматы қалалық мәслихатының депутаты, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымының докторы Кенжехан Матыжанов. Осы дәрісте айтылған әңгіменің ықшамдалған түрін оқырмандарымызға ұсынып отырмыз.   

Театр Өнері жаныма жақын

Өнердегі жолымды кинодан бастадым. 1-курста «Ботагөз» фильміне түсіп, кино әлеміне алғаш рет қадам бастым. Өмірімнің бір бөлшегіне айналған киноның тарихы осылайша студенттік кезімнен бастау алған. Киноға түсем деп оқудан шығып қалуыма байланысты біраз қиындық көрдім. Алайда, киноға түсуді жалғастыра бердім. Ол кезде консерватория еді ғой, оқу бітіргенше 3-4 киноға түстім. Студент кезімде 17-18 жасымнан киноға түсуім өнерде үлкен тәжірибе жинақтауыма игі ықпал етті.

Сәбит Оразбаев, Нүкетай Мышбаева, Бекен Имаханов төртеуіміз бір курста оқыдық. Олар оқуды 1959 жылы бітіріп кетті. Мен 1961 жылы аяқтадым. Кино саласында біраз уақыт жүріп, театрға 1964 жылы бардым. Курстастарым театрға 1959 жылы, менен 5 жыл бұрын барып жұмыс істеді. Киноға түскен жақсы. Бірақ кейде біраз бос жүріп қалатын кездерің де бола­ды. Шынымды айтсам, әлі шеберлігін шыңдамаған актерға театрда жұмыс істеу қиындау екен. «Театр – шеберлікті шыңдайтын лаборатория» деген ұғым бар. Ақшасы айтарлықтай болғанына қарамас­тан, кино саласынан театр әлеміне келдім. 1956 жылы басталған кино өнеріндегі жолым осы уақытқа дейін жалғасып келе жатқанына көрермен куә. Маған кино өнері де, театр өнері де ұнайды. Бірақ көрер­мендермен бетпе-бет жүздестіретін театр өнері жаныма жақын. Спектакль көрер­меннің көз алдында бір-ақ рет сахнала­нады. Ал киноның ауқымы кең, басқа жақтарда да көрсетіле беруі мүмкін.

Ғабит Мүсіреповтің бір ауыз сөзімен актерлік құрамға қосылдым

Қазір «Қыз Жібектің» түсірілгеніне 50 жыл болып қалды ғой. Бұл – тарих. Ол кезде орталықтан, Мәскеу қаржыланды­ратын еді. Кезінде бұл фильмді Айтма­товтың араласуымен қырғыздар түсірмекші болған көрінеді. Қырғыз елі киноны енді қолға ала бастағанда, Дінмұхамед Қонаевтың күшімен бұл фильмді түсіру құқығына біз ие болдық.

Фильмді түсіруден бұрын актерлік іріктеу болады. Шығармашылық топтың алдында «кинодағы кейіпкерлердің келбетін кескіндеуге кім лайықты?» деген маңызды мәселе тұрады. Іріктеу дегеннің өзі бір тарих. Негізі, сол сәтті келешек ұрпақ үшін бейнетаспаға түсіріп алу керек еді. Қыз Жібектің бейнесін сомдауға 500 қыз үміткер болған көрінеді. Жібекті сомдауға ниет білдірген қыздардың суреттері альбомға толып тұратын. Бекежанның бейнесін сомдауға үміткер актерлердің арасында Ыды­рыс Ноғайбаев, Нұрмұхан Жантөрин, Кәукен Кенжетаев, Әнуар Молдабековпен қатар мен де болдым. Негізі, бәсекелес­терімнің бәрі мықты болды. Мен театрға келіп, костюмерлік цехтан өзіме жарасатын костюм таңдап алып, өзіме берілген бір бөлшек көріністі көңілдегідей орындап шықтым. Киноның іріктеуіне академик Әлкей Марғұлан келген еді. Бір қызығы, киноның іріктеу кезеңі біткеннен кейін ол кісі: «Әй, мынау «Қыз Жібекте» бір көш болу­шы еді, ол көш қайда?» деген екен. Сонда ол толық түсірілген кино көрдім деп отырған көрінеді. «Қыз Жібек» лиро-эпостық пьесасының авторы Ғабит Мүсіре­пов іріктеу кезінде менің орындаған көрі­нісімді тамашалағанда «Бекежан мынау ғой» депті. Осылайша Ғабит Мүсіреповтің сол бір ауыз сөзімен фильмнің актерлік құрамына ілігіп кеттім.

Өткен ғасырларда қазақта жағымсыз адамдар болмаған. Ол батыр болса, еліне ық-пана болып, қорғап жүрсе, қызды сүйетін жүрегі болса, ол сонда қандай жаман адам болғаны? Сондықтан Беке­жан­ның жақсы жағын көбірек көрсетейік деген ниетпен оның жақсы жағын ғана алдық. Театрларда бұрын оны қарақшы қылып көрсетті ғой. Ал біз көрерменге оның жақсы жағын ғана көрсеткіміз келді. Одан біз ешқандай зиян шеккен жоқпыз.

Ауылға барғанда, кездесулер өткенде талай қызықтар болды. Бірде Алматыда тау жақта тұратын бір досым үйіне қонаққа шақырды. Үйінде 90 жастағы анасы бар екен. Үйіне кіріп барсам, анасы маған қарап: «Мына жексұрынды қайдан алып келдің?» деп досыма ұрысып бергені әлі есімде. Біраз отырып, әңгімелескеннен кейін досымның анасы маған қарап: «Әй, өзің әдемі екенсің» деді. Міне, осындай қызық та болған.

Айтпақшы, осы орайда тағы бір қызық­ты оқиғаны айта кетейін. «Қыз Жібек» фильмі ауылда кинотеатрдан көрсетілгенде ағайындар «Кинода балаң ойнайды, жүр» деп анамды кинотеатрға апарған. Ауыл адамдары жиналып, кино көрген. Бекежанның Төлегенді өлтіретін кезінде ауылдың кемпірлері шулап, Бекежанды қарғапты. Сонда анам: «Қар­ғыстарың өздеріңе болсын» депті. Кино көрсетіліп жатқанда бір кезде залда айқай-шу болып, кемпірлер ұрысып кеткен көрінеді. Залдағы у-шудан киноны тоқта­тып қойыпты. «Қыз Жібек» фильмі біздің ауылда бір ай бойы көрсетілді. Киноның пленкасы тозғанша қойылды. Ең соңында жарты пленкасы қалған екен, ел сонда да туындыны тапжылмастан тамашалапты. Айтпақшы, киноның түсірілімі кезінде де талай қызықтар болды. Төлеген мен Бекежанның жанындағы жігіттер бірігіп, екі жақ футбол ойнайтын едік.

«Қыз Жібек» фильмінде 30 дубльге дейін түсірген кездер болды

«Қыз Жібек» фильмі 2 жыл түсірілді. Жарты жылдай дайындық жұмыстары жүргізілді. Ипподромда жаттығу жұмыс­тары болды. Кішкентай кезімізден аттың құлағында ойнап өстік қой. Меруерт Өтеке­шова бірнеше ай атқа мінуді үйреніп, дайындалды. Атқа мінуді үйреніп алғаннан кейін ол трюк жасайтын болды. Құманның әкесі жылқышы болған. Әнуар да ауылда өскен. Түсірілім кезінде аттан талай құладық. Сырттай қарағанда бәрі оп-оңай болып көрінгенмен, кинодағы бір эпизодты түсіру 1-2 күндік жұмыс.

Жұрт кейде кинодағы кейбір көріністер қырқылып қалыпты ғой деп айтып жатады. Негізі, монтаж жасағанда әрбір киноның 50 пайызы қырқылып қалады. «Қыз Жібек» фильмінде 30 дубльге дейін түсірген кездер болды. 30 дубль. Қазір көріністерді 1-2 дубль ғана түсіреді ғой. Ол кезде 30 дубль түсірген. Өйткені, пленка нашар болды. Фабрикалық жарамсыз пленка болуы да мүмкін еді. Соншама дайындалған дүние жарамсыз болып жатқаны жаман ғой. Жарамсыз болған кездер де болды. Қиын көріністерде кейде актердің, кейде аттың ыңғайы келмей жатады. Түсірілім кезінде әр түрлі жағдайға байланысты көріністерді қайтадан түсіруге тура келеді. Осылайша бір көріністі 30 мәр­те түсірілген кездер де болды. Пленка деген кәдімгідей шығын болды. Кинодан қырқылып қалған деп жатқаны сол ғой. Кинодан қырқылып қалған көріністердің біразын Меруерт Өтекешова сақтап қа­лыпты. Төлегенді жақсы жағынан көрсету үшін біздердің жақсы көріністерімізді алып тастапты. Ондай да жағдай болды. Өкінішті, әрине.

«Қыз Жібекте» актерлардың құрамы жақсы үйлесім тапқан. Меруерт Өтекешова ол кезде мектепті енді ғана бітірген бойжеткен еді. Құман Тастанбеков Өнер академиясын бітірген. Фильмнің соңғы нұсқасына Ғабит Мүсірепов риза болды. Мәскеуде кез-келген фильмнің негативі сақталатын үлкен фабрика бар. Сол жерде фильмдердің негативтеріне жақсы күтім жасалады. Ақша төлеп сол жерден негативін шығарып аламыз. Біреулер фильм­деріміздің негативін өзіміздің алғанымыз абзал деп жатады. Негізі негативті жақсы қалпында сапалы сақтау үшін арнайы ауа мен температура қажет. Мәскеуде оларды жылына сүртіп, күтім жасап тұрады. Сондықтан сол жерден шығарып алған абзал. «Қыз Жібек» пен «Атаманның ақыры» фильмдерінің негативін шығарып алып, тамашаладық. Фильмді біраз жылдан кейін көргенде мен шынайы рухани ләззат алдым.

Шадияровтың бейнесі жалғаса береді

«Атаманның ақыры» фильміндегі Қасым­хан Шадияров өмірде болған адам деген деректер бар. Негізі, Қасымхан Чадышев деген адам туралы фильм түсіру Дінмұхамед Қонаевтың тапсырмасы болған еді. Кезінде «Известия» газетіне мақала шыққан болатын. Дінмұхамед Қонаев Шәкен Аймановқа жолыққанда, киноға сұранып тұрған дүние ғой деген екен. Шәкен Айманов Димекең айтқаннан кейін бір топ жігіттермен ақылдаса отырып, сценарийді ұйымдастырып, фильм түсірген. Осылайша бұл фильм Дінмұхамед Қонаев­тың арнайы тапсырысымен түсірілген. Чадышев деген адам болды, қателеспесем, ұлты татар болған көрінеді. Кино түсіріліп жатқан кезде Чадышевтің алыстағы бір ағайыны келді. Түсіру кезінде ұйғырлар да оның ұлты ұйғыр деп таласты. Чадышевті ұйғыр дейтін себебі, оның оң қол, сол қолдары ұйғырлар болған. Оның көмек­шілері Дутовтың басын алып, қапқа салып әкелген. Негізгі операцияны басқарған Чадышев. Қасымхан Шадияров байдың баласы болған. Совет үкіметі байдың бала­сын қудалаған. Содан ол бұл операцияны мойнына алған. Бірақ біраз уақыт өткеннен кейін оны қайтадан қудалаған. Содан ол қырғыз елі арқылы қашып кеткен. Сол оқиға киноның өзегіне арқау болды. Бұйырса, алдағы жылдары кезінде өзім сомдаған Шадияровтың тағдырын көгілдір экранға тағы да әкелсем деген арманым бар. Ол осы уақытқа дейін тірі, мен өлмейін­ше ол да өлмейді. Осы ойымды жүзеге асырсам деген ниетім бар. Кезінде Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұл­тан Назарбаев фильмді жалғастыру туралы ұсы­ныс жасап, осы ойымызға қолдау білдірген болатын.

Ол кезде «мен қазақтың баласы» деп айтудың Өзі қиын

«Транссібір экспресі» фильміндегі кейіпкердің «Танисың ба, сен мені, мен қазақтың баласы» дейтін жері бар ғой. Ол кезде «мен қазақтың баласы» деп айтудың өзі қиын. Фильмдегі оқиға желісі бойын­ша, Шадияров вагонда келе жатқанда бір қызды көріп қалып, әңгімелесіп отырып қалады. Сонда қыз: «Сіз кімсіз, аға?» деп сұрайды. Ол кезде чекистердің аты-жөнін айтуға құқығы жоқ болатын. Элдар Ораз­баев деген Шәкен Аймановтың шәкірті фильмдегі сол эпизодта жігіт қызға жыр шумақтарымен жауап берсе деген ұсыныс білдірді. Сол сәтте Райымбек Сейітметов айтып жүретін осы бір өлең шумағы есіме түсе кетті. Кейіпкерім қызға өзінің аты-жөнін айтпай, «қазақтың баласымын» дейді. Осы бір ауыз сөз фильмге ұлттық реңк берді.

«Дала Сократтары»

Қаллеки Қуанышбаев, Серағаңдар – дала Сократтары ғой. Олар ешқашан артық сөз айтпайтын, ал сөздерінің барлығы салмақты да салиқалы болатын. Шәкен Айманов Қаллеки Қуанышбаевты ұлағатты ұстазым деп есептейді. Олардың өнер жолындағы стильдері бір болды. Екеуінің әзіл-қалжыңдары да әдемі жарасып жататын. Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов та нағыз кәсіби мамандар болған еді. Шәкен Айманов – даланың академигі, бойына қасиет қонған нағыз табиғи талант болған. Ол кино емес, басқа салаға барған­да да өз ортасынан озған академик бола­тыны анық еді. Талант барлық жерде талант. Табиғат берген, табиғат туғызған адам. Сұлтан Қожықов білімді әрі өмірде көргені мен көңілге түйгені көп еді. Түсірілім кезінде Әнуар Молдабеков, Құман Тастанбеков үшеуімізді бір киіз үйдің ішіне қамап қойды. Ол кезде жас­тықтың жалынымен кешке жақын жұмыс­тан соң құрбы-құрдастармен ойнап-күліп, биге барғымыз келетін еді. Сонда Сұлтан Қожықов «ұйықтаңдар, ертең күрделі түсірілім жұмыстары болады» деп, бізді жібермей қоятын. Бір күні түнде оянып кетсем, Сұлтан Қожықов отыр екен. Күл­салғыш толған темекенің қалдығы. Қолына темекісін ұстап, бір нүктеге қадалып қарап отыр екен. Қашанғы қарап отырады екен деп мен де оған қарап жаттым. Бір сағат отырды ғой деймін. Ертеңгі түсірілім жұмыстарын ойлап отырғаны көрініп тұрды. Негізі, «Қыз Жібек» фильмінде сце­нарийден бөлек актердің, жердің ыңғайына қарай түсірілген көріністер көп.

«Өнердің жаны  –  құштарлық, жауы –  іштарлық»

Театрдағы менің ең алғашқы рөлім «Абай» спектакліндегі Айдар болды. 10–15 жыл сахнада сомдаған бұл кейіпкерім менің ең сүйікті рөліме айналды. Кейіп­керім «Еңлік—Кебектегі» Нысан Абыздың әр жолы философияға толы монологын оқитындығы үшін бұл рөлді ерекше жақсы көремін. Театрға жаңадан келген мен тақпақ сияқты оқып берген кезімде Қаллеки Қуанышбаев бұл монологтың әрбір жолының астарлы мағынасына терең үңілдіріп, маған түсіндірген болатын. «Алданар жоқ, арман көп, елім қайтіп күн көрер? Бәріңнің де нәрің жоқ, елім қайтіп күн көрер?» деген монологтың әрбір жолы тұнып тұрған философия.

Өнердегі біздің ұрпақтың бақытына орай театрға Әзірбайжан Мәмбетов келді. Режиссер мен актер тіл тапқанда нағыз өнер туындысы дүниеге келеді. Біз Әзірбайжанның, ал Әзірбайжан біздің ұрпақтың өнердегі жұлдызын жарқырата түсті. Біз өнерде бір-бірімізді көтердік. Негізі солай болу керек. Актерлік ойынмен сахналанған спектакль – нағыз спектакль. Режиссер, актер, драматург үшеуі қабысса сахналық өнердің бағы жанады. Біреуі олқы­лық танытса, туынды ақсап қалады. Әзірбайжан Мәмбетов келіп, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік акаде­миялық драма театрын кеңестік кеңістік­тегі үздік төрт театрдың қатарына қосты. Әзірбайжан Мәмбетов тума талант иесі еді, соны көре алмаушылар болды, қудалады. Талантты адамдардың жаны нәзік болады. Күнделігімде «Өнердің жаны –  құштар­лық, жауы –  іштарлық», «Шындыққа, жақсылыққа жол тар, бірақ баратын жол бар» деген қанатты сөздерім бар. Өмір бойы жұмыс істеген дарынды ұлы актерлар ұзақ жасайды әрі жақсы өмір сүреді. Өйткені, сахналық өмірде кейіпкердің келбетін жасау адамның жасын ұлғайтады. Сахнада кейіпкер келбетін кескіндеп, өнер көрсет­кен актердің жан-жүрегі киелі сахнадан рухани ләззат алады, көңіл-күйі көкке өрлейді. Сахна төрінде өнер көрсеткеннен кейін оның жан-дүниесі нұрланып, көңілі қуаныштан гүлге толады. Ұсақ-түйек ауру атаулы оларға онша жолай бермейді. Міне, осыдан адамның ағзасы жасарады. МХАТ-тың ұлы актерларының бәрі 90 жастан соң өмірден өтуінің сыры осында жатыр. Сәбира, Хадиша, Қаллеки, Серағаңдар – барлығы жүз жасайтын адамдар. Өйткені, олар сахнада рухани ләззат алатын еді. Олар сахна сыртындағы дайындық кезінде жанын салып жұмыс істейтін, ал сахнаға келгенде рахаттанып демалатын. Серағаң «Сахнаға шыққанда өзім қожайынмын ғой» дейтін еді.

Шәкен Аймановпен түскен бір суретім жоқ

Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ғабит Мүсірепов бастаған  ұлы тұлғалар өнерде де, ғылымда да, әдебиетте де болды. Олардың барлығы дос болды. Бұл — қазақ тарихындағы алтын ғасыр болды. Кезінде Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ғабит Мүсірепов біздің үйлену тойымыздың құрметті қонақтары болды. Бүгінгі жыл­дардың биігінен ойлап қарасам, сол кезде бұл тарихи сәттің қадір-қасиетіне мән бермеген екенбіз. Ол кезде қазіргідей фотоаппараттар жоқ, суретке түсу үшін студияға арнайы бару керек болатын. Ол кезде менімен суретке түсіңізші деп Мұхаң­ды студияға қалай апарамын? Мұхтар Әуезовпен ғана емес, фильмдеріне түсіп жүріп өмірде Шәкен Аймановпен естелікке бірге түскен бір суретім жоқ. Сурет деген – тағылымды тарих. Сурет өнерінің ғұмыры ұзақ ғасырларға ұласа береді.

Өмірден Өнер жасау керек. Өмірдің бәрі Өнер емес

Қазір телехикая түсіріп жүрген сцена­ристер бар. Бір аптада екі серия түсіргеннен мағынасы құнарлы қандай фильм шыға­ды? Ал «Қыз Жібекті» екі жыл түсірген. Актерлардың дайындық жұмысына режиссердің көңілі толғаннан кейін ғана эпизод түсіріледі. Қазір мәтінді жаттап айта салып, телехикаяға түседі. Мәтінді айтады, болды. Ал ол не айтып тұр? Сөзінің мағынасынан қандай астарлы ақиқат ақтарылады? Сөзінде қандай мағына бар? Оған көп көңіл бөле бермейді. «Қыз Жібек» фильмінде әрбір актер кейіпкерлердің сөзінің астарына ерекше мән беріп, кейіп­кердің мінезін, жан-дүниесін аша білуді көздеген еді. Актер алда қандай көріністер түсірілетінін біліп, алдын ала соған іштей дайындалып жүргені абзал. Мысалы, кейде фильмнің соңғы жағы түсіріледі. Актер оған да дайын болу керек. Актер маман­дығының қиындығы міне осында. Фильм­дегі оқиға желісі эпизодтық көріністерге бөлініп түсіріледі.

Қазіргі қазақ киносына көңілім толмайтын тұстары көп. Бұл – заңдылық. Режиссура деген жоқтың қасы. Фильмдер­дің мүлде мағынасы жоқ. Қазіргі кино­ларда компьютерлік арнайы техникалар көп қолданылады. Қазақ киносы келешек­те қарқынды дамиды деген үмітіміз бар. Жақсылыққа деген үмітіміз жүрегімізді жылытып жүреді. Телехикая дегенді мен мүлде қабылдамаймын. Телехикая  – өнер емес. Қазіргі режиссерлар өнердің не екенін білмейтін тәрізді. Өмірден өнер жасау керек. Ал өмірдің бәрі өнер емес.

Актер өткір сөзді, қиялы шексіз, диапа­зоны кең болу керек. Актердің беті мың бет емес, бір-ақ бет. Актер өзінің кел­бетін сахнадан және экраннан ғана көрсе­ту керек деген ұғым бар. Ал қазіргі актерлар көрермендердің арасында да жүре береді. Бұрын көрермендердің арасына шығуға, жылтыңдап көрінуге рұқсат етілмейтін. Тойда тамада болуға да қатаң тыйым салы­натын. Актер сахнадан ғана көрінуі керек. «Актерді көрсек екен» деп көрермен ынтық болып жүру керек. Ал қазіргі актерлар той басқарып келіп, «Абайды» ойнайды. Содан кейін оған кім сенеді? Актер той басқарып жүргеннен атақты болғысы келеді.

Шәкірттерім Өздерінің қабілетімен қуантады

Жақында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім берген өзімнің шәкірттерімнен құралған «Жаңа ғасыр» театры ашылды. Танымын тереңде­тіп, рухани қоржындарын байыту мақса­тында шәкірттерімнің барлығын бірінші курстан бастап кітап оқуға баулыдым. Жыл сайын демалыстан келген кезде оқы­ған кітаптары бойынша емтихан өткіздік. Шәкірттерімнің тәлім-тәрбиесі мен тәртібі жақсы. Тәртіп болған жерде өнер туады. Олар қазір өз бетінше жұмыс істей алатын қабілетімен қуантып жүр. Шәкірттерімнің арасында сценарий мен пьеса жазатын­дары да бар, режиссерлары да бар. Өздері жазған пьесаны сахналау үшін жұды­рықтай жұмылып жұмыс істейді. Мен жауапкершілікті сезінетін шәкірттеріме үлкен үміт пен сенім артамын. Өнерді жанындай сүйетін шәкірттерім өткен жылы жазда қиындықтарға қарамастан, еліміздің өзге өңірлеріне гастрольдік сапармен барып, өз өнерлерімен көрерменнің қошеметіне бөленіп қайтты. Театрдың жұмысы оңай дүние емес.

Өмірдегі ең басты бақыт – Өзіңнің жарыңды табу

Бақыт деген ұғымның аясы кең. Бақыт деген – отбасың, жақын досың, жан-жүре­гіңе рухани күш құятын, бойыңа қуат дары­татын кәсібің. Көңілдің қалауымен таң­даған мамандығың өмірде өзіңнің орның­ды табуға ықпал етіп, дүниедегі бақыт­тың балдай дәмін сездіретіні сөзсіз. Өмірдегі ең басты бақыт – өзіңнің жарыңды табу. Өзіңнің жан жарыңды тапсаң, шаңы­рағыңа шаттық орнап, көңілің көкке өрлеп, жанұяңда да, жұмысыңда да береке мен мереке болады. Жарың жақсы адам бол­маса, өмірде берекең болмайды, балалардың да тәлім-тәрбиесі түзу болмайды. Егер де жарыңның саған деген сүйіспеншілік сезімі сенікінен де артық болса, онда отбасы берік болады. Егер жарыңның саған сүйіспен­шілігі солғындау болса, онда отбасы болуы қиын мәселе. Өмірде жаныңа рухани серік болатын жақсы жар таңдау өте қиын. Жақсы жар –  адамның өмірдегі ең басты бақыты.

Дайындаған – Балнұр АХМЕТ

author

Асанәлі Әшімов

АКТЕР

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...