«Арылу» – тағдырлар тоғысқан қойылым

Фотосуретті автор ұсынған

ТЕАТР
105

Көкшетаудағы Ш. Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры соңғы бір айда екі жаңа премьера ұсынды. Бірінші қойылым туралы ой, түйін өз алдына жазылған. Дәл қазіргі сөзіміз кешелі бері екі күн зал толы көрерменнің тамашалауымен өтіп жатқан «Арылу» атты музыкалық драма туралы болмақ. Авторы – танымал режиссер Барзу Абдураззақов; қоюшы режиссері – Олжас Комис, жас таланттың үлкен сахнаға шығарған алғашқы режиссерлік еңбегі. Сонысына сай, өзіндік тереңдігі бар, ой саларлық толыққанды қойылым.

Ал соңғы уақыттағы ұжымның көркемдік бағытта жылдам әрі батыл шешім қабылдаудағы, сәтті спектакльдерді таңдауындағы шеберлік пен тәжірибесін де айта кеткен жөн. Бұл – көрерменге жол тартатын әр қойылымның деңгейін және театр актерларының ынтасын арттыратын қозғаушы фактор. Өйткені театрсүйер қауымның ішінде бірге барғанымызбен, сырттан бақылаушы ретінде бәрін айқын көруге болады. Бұл «Арылу» ғана емес, «Қызыл алма» қойылымы турасындағы да ой. Ол жолы диалогы аз прозалық шығарма сахна тілінде сөйлеп, жұрт жақсы қабылдаған. Бұл ретте монолог арқылы сахна төрінде тағдырлар тіл қатты, көрермен солармен бірге күрсінді, бірге күлді.

Жалпы алғанда, қойылымды қоғам, отбасы немесе жеке тұлға деңгейінде қарастыруға болады. Онда адам өмірінің көлеңкелі тұстары, бақытқа жетелеген жолдар мен сол бақыттан алыстатқан себептер ашық әрі астарлы түрде бейнеленген. Сахнада жеті әйелдің тағдыры тоғысады. Әрқайсысының монологы – жеке бір әлем, жеке бір шындық. Бірі жүрекке өксік әкелсе, бірі күлкі сыйлайды. Бірақ барлығының ортақ мұраты – көрерменді ойландыру. Қойылымның әсерін күшейткен тағы бір маңызды элемент – музыкалық сүйемелдеу. Музыкалық топтың үні, ырғағы, сарыны сахнадағы эмоциямен үндесіп, көрермен көңілін толқытады. Вокалист орындаған әндер де әр кейіпкердің ішкі күйін дәл жеткізеді.

Мәселен, бесінші әйелдің монологынан кейін: «Мен бостандықты іздеп жүрмін, ол үшін маған әлі күресу қажет шығар», – дейді ән мәтіні. Оның монологы өзінің жезөкше болғанынан хабардар етеді. Оның бостандығы осы, одан ол арланбайды. Керісінше, еркек біткенді өзіне тәуелді еткенін, оның алдында ешкімге айтпас құпиялары мен барлық жай-күйлерін айтатынын жайып салады. Әлі де сұраныста екенін, керек екенін де жасырмайды, масаттанады. Осылайша ол «Құрбыларым», – деп, қыздарға да үндеу жасап үлгереді: өмірден ерте зерігіп, қартаюды ойлап, жастарыңа жетпей алжып, бойларыңдағы әйелдік нәзіктік пен қасиеттеріңді жоғалтпаңдар; оның соңы күйеулеріңді менің қойныма салуларыңа әкеледі. Керісінше, бойда күш, қуат, қайратың барда серпіл, тіріл, бар фантазияңды іске қос, жарқыра, өзіңе бұйырғаннан айырылма дегенді тәкаппар кейіпте батыл айтып аяқтайды. Бұл – қоғамдағы құндылықтардың өзгеруін ашық көрсететін ащы шындық.

Әрі қарай кейіпкерлерге жекелей тоқталып көрсек, бірінші әйел – туған күнге кеткен сұлу қызынан айырылған ана. Ол ел арасындағы әңгімелерге сенгісі келмей, үміт пен үмітсіздік арасында арпалысады. Бір сәт қарғыс айтып, ашуға берілсе, келесі сәт қайта үмітке оралады. Бұл – аналық жүректің шексіз сенімі мен қайғысының көрінісі. Екінші әйел – өмірді саудаға айналдырған жан. Оның түсінігінде бәрі – пайда. Ол өз балаларын да осы жолға бейімдеп, соған риза болады. Монологы айтады: «Бәріңді білемін. Бәрің де саудагерсіңдер. Алатындарың да, сататындарың да – түгел сауда». Ол өзі де пайданың жолын меңгерген әйел еді. Сол жолда ұлы мен қызын өзіндей пайда табудағы қабілеттеріне ризашылығын білдіреді. Ұлының қайыр тілеудегі өжеттігін айтса, қызының сұлулығы арқылы кіретін пайданың көзін де ойластырады. Оған да ар маңызды емес. Өзі жайлы айтылатын сөздерге «кереңдікпен» ғана жауап қайтарады. Себебі ол – кімнің қатыны, қайдан келген қатын екені белгісіз, бұлдыр көлеңке еді. Егер оның мекен-тұрағы мен өз иесі, тіреуі болғанда, бір баласын балалар үйіне өткізіп, қалған екеуін арсыздықтан арашалап алар ма еді? Ар-ұяттан алшақтаған бұл кейіпкер – қоғамдағы рухани құндылықтардың құлдырауының символы.

Үшінші әйелдің басындағы бақытты өмірі соңында күйеуінің көзіне шөп салумен аяқталса, төртінші әйел, керісінше, өзінің ашынасымен болған жағдайды күлкіге айналдыра жеткізеді. Көрерменнің де еріксіз күлген тұсы осы. Бірақ сол күлкінің астарында шаршау, тағдырға көндігу, ауыр өмірдің ізі жатыр. Алтыншы әйел – отбасыдағы рөлдердің ауысуынан туған трагедияның иесі. Әйел табыс табушы, ер адам үйде қалған жағдайда, отбасыдағы тепе-теңдік бұзылып, соңы опасыздыққа ұласады. Бұл кейіпкер өз тағдыры үшін өзін де, жағдайды да кінәлайды. Оның әрекеттері арқылы ішкі күйзеліс пен қатал шешімдердің салдары көрсетіледі. Жетінші әйел – ең ауыр образдардың бірі. Зорлық-зомбылық құрбаны болған қыздың тағдыры экология тақырыбымен астасып, терең астар береді. Оның бейнесі – тек жеке трагедия емес, тұтас қоғамның селқостығының көрінісі. Адамдардың немқұрайлығы, «бәрібірлік» дерті осы кейіпкер арқылы айқын сезіледі.

Сөз соңын қорыта айтсақ, «Арылу» – әртүрлі тағдырларды тоғыстыра отырып, бір ғана сұраққа әкелетін қойылым: адам шынымен арыла ала ма? Бұл спектакльде нақты жауап жоқ. Бірақ бір нәрсе анық: әр кейіпкер өз шындығын айтып, ішкі жүгін жеңілдетуге тырысады. Алайда олардың көпшілігі толық арылып үлгермейді. Өйткені арылу – бір сәттік емес, ұзақ әрі ауыр процесс. Қойылым көрерменді жай ғана бақылаушы емес, ойланушы етеді. Сахнадағы жеті әйелдің тағдыры арқылы әр адам өз өміріне үңіледі. Себебі спектакльдің ең ауыр, ең шынайы ойы – біз кейде бәрін көріп тұрып, бәрібір үнсіз қаламыз. Бүгін бөтеннің басынан өткен тағдыр ертең кез келгеніміздің өмірімізге айналуы мүмкін: «маған қатысы жоқ» деген ойдан арылу да артық етпейді!

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
Әдебиет және өнер музейінің
ғылыми қызметкері,
Көкшетау қаласы.

MADENI TV

Алматыда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында жалпықалалық сенбілік...

СПОРТ

Алтыншы турдағы ойындар 18 және 19 сәуір күндеріне белгіленген, деп хабарлайды MadeniPortal.kz....