Астана ОпераКлассикалық өнер саласындағы Халықаралық кәсіби музыкалық «BraVo» сыйлығының...
«Birlik» ансамблінің «Өмір – қазына» атты хореографиялық спектакль-концерті өтті
Фото: «Birlik» ансамблі
Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында «Өмір – қазына» атты «BIRLIK» ансамблінің хореографиялық спектакль-концерті өтті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Концерттік бағдарламада «Жарысқазан»,
«Дүниеге келу», «Шілдехана», «Сәукеле. Қалыңдық. Қыз жасауы», «Қыз ұзату», «Той. Беташар», «Май құю», «Сәлем салу», «Аққу», «Аманат», «Жер-Ана» және т.б. билер орындалды.
Іс-шараға «Astana sazy» Қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «Жошы» этно-фольклорлық ансамблі және «ASTANA MUSICAL» мемлекеттік театры қатысты.
Аталған қойылым сахналық би мен символикалық қимылдар арқылы қазақ мәдениетіндегі әйел бейнесін және оның өмірдің әр кезеңіндегі мән-мағынасын терең философиялық тұрғыда зерделейді. Әртістер би арқылы басты кейіпкердің өмір жолы басталуынан мәңгілікке дейінгі кезеңді көрсетті. Сондай-ақ, көрермен болмыстың маңызды сәттеріне куә болды.
«BIRLIK» ансамблі – Қазақстандағы әртүрлі этностар мен мәдениет өкілдерінің ерекшеліктерін көрсететін алғашқы көпұлтты өнер ұжымы. Ансамбльдің басты мақсаты – түрлі ұлттардың өнері мен мәдениетімен таныстыру. Өнер ұжымы құрылғанға дейін репертуарды қалыптастыру, әртүрлі ұлт өкілдері арасынан ең үздік бишілерді іріктеу бағытында кең ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді.
Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – Әнел Марабаева. Оның репертуарында мәдени мұраның байлығын көрсететін 30-ға жуық халық биі бар. Оның шығармашылығындағы ерекше орын – Наурыз мерекесінің БҰҰ ресми күнтізбесіне енгізілуіне орай Вашингтон мен Нью-Йорк қалаларында, БҰҰ Бас Ассамблеясында өнер көрсетуі. Әртістің алғашқы жеке концерті 2010 жылғы 17 наурызда Абай атындағы ұлттық опера және балет театрында өтті, кейінірек Астана және Ақтау қалаларында жалғасын тапты. Сонымен қатар Әнел Марабаева қазақ биі арқылы «Би терапиясы» атты авторлық бағытты дамытып келеді. Бұл бағыт халық би өнері арқылы рухани және физикалық сауығуға негізделген.
«Өмір – қазына» – би мен музыка арқылы әйел рөлі, ұрпақ сабақтастығы және адам өмірінің құндылығын сезіндіретін тұтас сахналық композиция.