Марлен Ғилымхан Марлен Ғилымханның «Жусан» психологиялық драмасын тамашал...
«Классиканы өзектендіру»: To be or not to be
Фотосурет автордан
Режиссерлік адам бойына жүре даритын, өмір жолында көрген, білгенінен сабақ ала отырып қалыптасқан түйсікпен шыңдалатын өнер деп білеміз. Сахнагер затқа емес оның «көлеңкесіне» көңіл аударады. Себебі ол заттың не екенін екінің бірі айта алса, оның астарын яғни көлеңкесін режиссер ғана зерттеп біле алады.
Еліміздегі режиссерлердің алдыңғы шебінде келе жатқан, бүгінде елімізде өткізіліп жатқан Республикалық театр фестивальдерінде ғана емес, халықаралық театр фестивальдерінен Гран-при жүлдесін иеленіп жүрген Дина Жұмабай өзінің креативті позициясын барлық спектакльдерінен көрсетіп жүр. Осыған дейін Г. Лорканың әйел тағдыры жайлы трилогиясы желісімен қойылған спектакльдері арқылы танылған режиссер бүгінде У. Шекспир шығармашылығына бет бұрған болатын. Дүние жүзіндегі секілді, қазақ халқы үшін де «Гамлет» таңсық емес. Ел сахналарынан сан ұрпақ талай рет көріп өсті. Қазақ сахнасына Гамлетті ең алғаш рет 1927 жылы Жұмат Шанин қойған болатын. Ал Ғ.Мүсірепов атындағы театрда бұл шығарманы 1980 жылы Маман Байсеркенов сахналаған. Дәл осы шығарманы араға 45жыл салып, 2025 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында режиссер Дина Жұмабай қайта жарыққа шығарған болатын. Театрдың 79-маусымы «Гамлет. Соңғы күндер» спектаклімен жабылды.
“To be, or not to be, that is the question” драматург қаламынан ғасырлар бұрын туылып, әлі күнге дейін күллі әлемді ойландырып келе жатқан сауалдардың бірі. Бұл туындының астары қалың, айтары көп деп айта аламыз. Сахнагер өз спектаклінде Дат елінің ханзадасы Гамлеттің осы бір өзекті монологын өз тілінде қалдырып, қойылымда ерекше атмосфера қалыптастыра алды. Алайда бұл сұрақты бізге Гамлет емес, Горацио таразыға салды. Режиссер автордың мәтінін сахнаға толық қоюды мақсат етпеген. Шекспир жазып кеткен трагедияның кейіпкерлерінің басым бөлігін қысқартып, сахнада әрекет ететін басты 9 кейіпкер қалған. Осыған байланысты мәтінге де біраз қысқартулар, редакциялаулар жасалған, қысқартылған кейіпкерлердің репликаларын өзгелерге бөліп берулер жасалған. Спектакльде күрделі драмалық образдарды Дархан Сүлейменов, Сафуан Рысбайұлы, Еділ Рамазан, Елдар Отарбаев, Шағуан Үмбетқалиев, Рахат Жұмаханов, Нариман Егімбеков сынды талантты әртістер бейнелеген болатын.
«Гамлет» трагедиясы әлемдік театр сахнасында сан мәрте қойылғандықтан, оның кезекті жаңа интерпретациясынан көрермен түрлі режиссерлік шешімдер мен күтпеген көркемдік тәсілдерді күтуге үйренген. Алайда Дат ханзадасы мен Лаэрттің милиция фуражкаларын киіп, үстел теннисіне арналған үстелде Kiss тобының «I Was Made for Loving You» әуенімен дуэльге шығуы ерекше әрі тосын режиссерлік шешім ретінде қабылданды.
Сол сияқты уланған Гертруда да фуражкамен сахнада жансыз құлап түседі, ал бұған дейін қаза болған Офелия мен Полонийдің кілемге оранып, сахнаға баяу жылжып шығуы спектакльдің шарттылық пен символикаға құрылған көркемдік құрылымын айқындайды. Осындай гротеск элементтеріне толы сахналық шешімдерге қарамастан, қойылым өзінің ішкі логикасы мен эстетикалық тұтастығын сақтап, көрерменге абсурд ретінде емес, заманауи театр тілінің айқын көрінісі ретінде әсер қалдыра алды. Горацио мен Розенкранц бейнесі де бұл спектакльде өзгеріссіз қалмаған. Оларды қойылымның қозғаушы күші ретінде, Гамлеттің емес өз мүдделеріне жұмыс жасайтын тұлға ретінде бейнелеген. Горацио роліндегі Ш.Үмбетқалиевтің дауыс ырғағы, мимикасы, дене қозғалысы сол бір іштегі қулықты көрсететіндей.
Спектакльдің басты кейіпкері Гамлет - Дархан Сүлейменовтің орындауындағы бұл роль өзінің кім екенін, айналасында кімнің дос, кімнің жау екенін білмейтін жас жігітті бейнелейді. Шымылдық ашылған сәтте тазаланып барып, жайылған кілемге жата қалуы сол сәттегі оның миын торлаған сан түрлі жауабы жоқ сұрақтарға ойлануын бейнелегендей. Клавдийдің үстел басындағы өз тобына қарата айтатын әрбір күн тәртібіндегі мәселеге іштей қарсылығы арпалыстағы дене пластикасымен көреміз. Гамлет тек кек алушы ханзада бейнесінде емес, таптаурындарда өскен, өзіне сенімсіз адам кейіпін алған.
Классикалық шығарманы бұл қойылымда тек қызықты ғана емес, шын мәнінде әсерлі әрі мазмұндық жағынан қанық интерпретация ретінде көреміз. Режиссёр Дина Жұмабай премьераның көркемдік шешімінде негізгі түстік акцент ретінде қызыл түсті таңдаған: сахналық декорациялар, кейіпкерлердің костюмдері және жарық беру жүйесі біртұтас визуалдық концепция құрып, көрерменге айқын эмоционалдық әрі эстетикалық әсер қалдыра алды. Мұндай пластикалық және колористикалық шешім спектакльдің жалпы атмосферасын айқындап, қойылымның драмалық кернеуін күшейтетін маңызды құралға айналады.
Қойылымды шектен тыс провокациялық интерпретация деп атауға болмайды. Бұл - классикалық мәтіннің авторлық тұрғыдағы қайта пайымдалуы болғанымен, негізгі драматургиялық желі сақталып, режиссёрлік еркіндік жалпы композициялық тұтастыққа нұқсан келтірілмеген. Актерлік экспрессия, кейіпкерлердің кей сәттердегі эмоциялық айқайы немесе сахналық әрекеттердің шектен шығуы фарстық сипатқа ұласпай, драмалық логика аясында негізделген түрде ұсынылады. Осылайша спектакльдің динамикасы біртіндеп күшейіп, көрерменді финалға жетелейді.
Адамның шетсіз ішкі әлемі мен дүниеден мағына іздеуі Гамлет бейнесі арқылы қайта жаңғырып отырады. Сол себепті қазіргі театр сахнасына шығарылған кез келген «Гамлет» жаңа бір ой салмағын, өз дәуірінің үні мен сұрағын алып шығуы тиіс деп білеміз.
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының IIIкурс студенті Абикен Зейнеп