«Ортеке» спектаклінің жас көрерменге берері

дереккөз

ТЕАТР
69

Алматы қаласындағы қуыршақ театрында балаларға арналған «Ортеке» қойылымы үлкен жетістікпен жүріп келеді. Төменде аталмыш спектакльге студенттер пікірін ұсынамыз.

Сағынғалиева Динара

Темірбек Жүргенов атындағы 

Қазақ ұлттық өнер академиясының 3 курс студенті

Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрында сахналанған «Ортеке» спектаклі ұлттық өнерімізге қайта үңілудің ерекше үлгісі. Қойылымның өзегінде - халқымыздың көне мұраларының бірі қасиетті домбыраның үнімен билейтін ортеке бейнесі жатыр. Ортеке қазақтың мәдени саз аспаптары арқылы ойнатылатын, көне қуыршақ өнерінің жарқын үлгісі. Қарапайым ағаш материялынан жасалған жануардың сал-серілердің он саусағынан тамған күмбірлеген әуенге билеуі өте ерекше құбылыс. Жалпы, ортекенің шығу тарихы жайында нақты ғылыми деректер болмағанымен, барша түркі халықтарына мәлім екендігі белгілі. Яғни түркі халықтары мәдениетінде ортекенің өзіндік генезисі қалыптасқан. Негізінен, ертеректе балаларға домбыра үйретуде олардың қызығушылығын арттыру мақсатында осы қуыршақтар қолданылған деседі. Алғашында ортекені домбыраға ойнатқан, кейіннен басқа да аспап түрлері қосылған.

     Белгілі режиссер Григорий Лайко жасаған аталмыш қойылымда, зал ішінен шығып келе жатқан сал-серілердің әуелеген әні көрермен назарын еріксіз тартады. Бұл жай ғана музыкалық кіріспе ғана емес, көрерменді спектакльдің атмосферасына енгізетін көркем сахналық шешім деуге болады. Шымылдық ашылған сәттен-ақ сахна мен зал арасындағы шекара жойылып, көрермен өзін оқиғаның ішкі кеңістігінде жүргендей сезінеді. Режиссер қазақ мәдениетінде ұлттық сипат алған ортеке дәстүрінің негізін сақтай отырып, оған заманауи тыныс беруге ұмтылған. Ұлттық дәстүрмен ұтымды безендіріліп, әуезді әнмен, көңілді билермер әрленген бұл қойылым - кішкентай көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлап қана қоймай, баланың рухани, адамгершілік қасиеттерін бойыңа сіңіруге үндейді. Қойылымның суретшісі - Мерей Ынтымақов пен музыканы көркемдеуші – Давид Литвинов, балетмейстер - Ринат Билибаев. Осы орайда, шығармашылық жұмыстың сәтті шығуы спектакльдің визуалды әсерін арттырып, көрерменге көркем эстетикалық ләззат сыйлағандығын айта кете аламыз.

     Ең қызығы - бұл заманауи интерпретация сторителлинг жанрында сахналанған. Спектакльдегі «Ақсақ құлан» мен «Ортеке туралы аңыз» төрт сал-сері мен сұлу қыздың орындауында өрнектеліп, әрбір көрініс пластикалық шешімде және қуыршақтармен әрекет ету тәсілінде әсем баяндалады. Қуыршақтар актерлердің қолында тек реквизит емес, дербес сахналық кейіпкер ретінде сахнадан орын тапты.  Актер мен қуыршақ арасындағы синтез көрерменге эмоциялық тұрғыдан терең әсер беріп отырды. Қазақтың сал-серілік өнерінің көрініс табуы - ұлттық өнеріміздің маржан тастай жарқыраған жауһары, алтын діңгегі, биік белесі екендігінің бір дәлелі. Олар қазақтың бойындағы рухани еркіндік пен нағыз өнердің иірімдерін өзегіне дарытқан тұлғалар. Аталған сахналық туынды да сал-серілер басты кейіпкер деңгейінде қалмай, қойылымның жүрек соғысына айналып, оқиға желісін алға сүйрейтін күш ретінде көрініс табады. Ал, сахнадағы ағаш теке - тек ойыншық емес, ол көшпенділердің рух метафорасына айналған мифологиялық бейне. Бұл қойылымның ұтымды тұстарының бірі - импровизацияның қолданылуы және актер мен көрермен арасындағы тікелей байланыстың орнауы болды. Осылайша, режиссердің өзіндік идеясы мен эстетикасы қойылымның көркемдік деңгейін жасап шыққан. Қойылымға театрға тән барлық мүмкіндіктер, нақтырақ жарықтың ұтымды түсуі, аспаптардың дыбысымен әрекеттердің сүйемелденуі, пластикалық шешімдермен кейіпкерлердің штоктық қуыршақтардан адамға ауысатын мизансценаларымен айрықша форма жасай білген. Режиссер Г.Лайко дәстүр мен эксперименттің арасынан нәзік көпір таба білген.Актерлік ансамбльге тоқталсақ, қойылымда жеке орындаушылықтан гөрі, топтық үйлесім сипат алады. Актерлер бір-бірін толықтырып, ортақ қазақт ырғақ пен атмосфера құра білген. Бұл – режиссерлік шешім мен актерлік үйлесімнің нәтижесі.

     Қорытындылай келе, бұл қойылым - қазақтың көне орындаушылық өнерінің заманауи интерпретациясы. Әрі балалар да, ересектер де қызыға тамашалайтын көркем туынды. «Ортеке» - тек қуыршақ театрының мүмкіндігін көрсететін жұмыс емес, ол ұлттық кодты сахна тілінде жарыққа шыққан көркем тәжірибе. Сонымен қатар, қойылымдағы «Ортеке» бейнесі қазақтың көне музыкалық-би дәстүрінің символы ретінде ерекше мәнге ие болып отыр. Домбыра үнімен үндесе қимылдайтын ортеке тек этнографиялық элемент ретінде емес, халқымыздың ұлттық келбетін танытатын көркемдік құрал. Аталмыш қойылым дәстүр мен миф, өнер мен сана арасындағы көпір іспетті көрініс тауып, көрерменді ұлттық кодтар әлеміне жетелейді.

 

Адина Абзал

Темірбек Жүргенов атындағы 

Қазақ ұлттық өнер академиясының 3 курс студенті

Қазақ мифологиясы өткеннің аңызы ғана емес, қазіргі театр мен өнерде қайта жаңғырып, жаңа мағына иеленетін рухани-мәдени кеңістік. Соның бірі ортеке бейнесі арқылы берілетін мифологиялық желілер. Қойылымдардағы ортеке бейнесі қазақ дүниетанымындағы мифтік символдардың сахналық көрінісі. Осы тұрғыдан алғанда, мифологиялық образдардың сахна тіліне айналуы әсіресе балалар театры үшін ерекше маңызға ие. Қазіргі кезеңде балалар театрына артылар жауапкершілік пен эстетикалық талғам жоғары. Балар театры жоғасы талап қойылатынкүрделі өнер кеңістігіне айналып келеді. Кішкентай көрермен жасандылықты бірден сезетіндіктен, сахнадағы әрбір әрекет пен образ шынайылыққа, ішкі сенімге құрылуы шарт.

Алматы қаласындағы Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры сахнасында қойылған «Ортеке» спектаклі қазіргі балалар театрының тәрбиелік мәні бар туындыларының бірі ретінде қарастыра аламыз. Қойылымның басты артықшылығы ұлттық негізінде десек болады. Григорий Лайко ұсынған сторителлинг жанрындағы қойылым қазақтың дәстүрлі «Ортеке» күйімен шебер ұштастырылып, туындыға мифологиялық астар дарыта білген. Тау ешкі бейнесінің, яғни ортекенің мифтік символ ретінде алынуы қойылымның сәтті шешімінің бірі. Себебі қазақ дүниетанымында жануар бейнелері көбіне тек тұрмыстық деңгейде емес, терең мағыналық, тылсым сипатта қабылданады. Осы тұрғыдан алғанда, ортеке тек қуыршақ емес, «жан біте алатын», музыка арқылы тірілетін ерекше бейне ретінде көрсетіле білген. Қойылымның соңғы бөлігінде күйдің ырғағы мен қимылдың үйлесуі арқылы ортекенің «тірілуі» әсерлі шешім таба білген. Бұл балалар үшін де, ересек көрермен үшін де қызықты символдық тәсіл деп білеміз. 

Қойылым айтыс сахнасымен басталып, оқиға желісі ортеке туралы аңызбен әрі қарай өрбиді. Режиссер Григорий Лайко ұтымды шешім таба білген. Себебі айтыс қазақтың төл өнері ғана емес, дүниетанымын, сөз мәдениетін айқындайтын өнер. Айтысты сахналық әрекетке енгізу ұлттық болмысты тереңірек танытуға мүмкіндік береді. Сценография да қойылымның мифологиялық табиғатын күшейтеді. Суретші Мерей Ынтымақов сахналық кеңістікті киіз үй құрылымын тікелей қайталамай, қазақы тұрмыс элементтері арқылы көркем шешім таба білген. Сахнада кілемнің ілінуі, сандықтың орналасуы, оған қамшының ілінуі, домбыра мен өзге де ұлттық аспаптардың орналасуы нағыз қазақ болмысын аша білген. 

Музыкалық әрлеу де қойылымның идеялық мазмұнын тереңдете түседі. Ұлттық аспаптардың тірі үні мифологиялық атмосфераны күшейтеді. Музыка арқылы ортекеге «жан бітуі» өнердің, әсіресе күйдің, тылсым күшке ие екендігін көрсеткен. Мифтік тұрғыдан қарағанда, музыка ойнаған сәтте ортекенің қимылға келуі жансыз нәрсеге жан бітіруі көне түсініктің сахнадағы көрінісі деп қарастыра аламыз. Қазақ танымында күй мен әуен жай ғана дыбыс ретінде емес, адамның көңіл күйін, қоршаған әлемін де қозғай алатын ерекше күш ретінде қабылданады. 

Қорытындылай келгенде, «Ортеке» қойылымы көрерменге ұлттық мәдениетті танып-білуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар қазақтың дәстүрлі өнерін айтыс пен күйді сахналық кеңістікте жаңаша қырынан көріп, олардың тек тарихи мұра емес, бүгінгі күні де тірі, әсер етуші рухани құндылық екенін сезінеді деп білеміз. 

 

Әбілдахан Рамазан, 

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық

өнер академиясы, 3 курс студенті

 Көрермен арасына ұлттық киімдерін кіршіксіз киіп алған бір топ өнерпаз шыға келеді. Олардың пішіні де, жүрісі де, кескін-келбеті де бәрі-бәрі ата-бабадан жеткен дәстүрдің нағыз бейнесіндей. Алғашқы сәттен-ақ залда отырған көрермендер бір басқа дүниеге, сан ғасырлық қазақ даласына еніп кеткендей сезінеді. Актерлер сахнаға енген бетте ойын мен күлкіні қатар алып шығады. Бірі домбырасын шертіп, екіншісі жырлайды, үшіншісі қалжыңымен залды дуылдатады. Бұл жылы, жарқын кіріспе. Халықтың көңілі жайланып, жүздері жадырап, сахнаға деген ынтасы лезде оянып үлгереді.

         Осы жарқын ашылудан кейін актерлер бірден тарихи аңызға - «Ақсақ Құлан» дастанына ойысады. Алайда мұны да олар тікелей, салқын баяндамай, өзіндік әзіл-сықақ аралас, жеңіл тілмен жеткізеді. Ауыр қайғыны жеңіл мазаққа ораған бұл тәсіл - халықтық өнердің шынайы табиғатынан туған. Аң аулауға шыққан Жошы ханның құланды атып өлтірмекші болып, өзі қаза табады. Бұл суық хабарды Шыңғысханға жеткізудің ауыртпалығы сахнада ойын кейпінде өрбиді. Данышпан Кетбұға ханға ұлының өлімін домбырасын қолға алып, күй тілінде жеткізеді. Осы тұста зал тып-тыныш болып қалады. Домбыраның зарлы үні, бала жоқтаған әкенің жүрегі сияқты шерлі естіледі. Аңыз бойынша, бұл күй үшін домбыра жазаланып, ортасына қорғасын құйылып, ойық қалдырылған екен. Бұл ерте заманнан халық жадында сақталып келе жатқан қасиетті аңыздардың бірі.

        Дастаннан соң актерлер залдағы балалармен тікелей байланысқа түседі. Бұл қойылымның ең жанды, ең тірі тұсы. Сахнаға шаңқобыз, асатаяқ, дауылпаз, сыбызғы сынды ұлттық аспаптар алынып шығылады. Бүгінгі жас ұрпақтың басым бөлігі бұлардың атын естімеген не тек суреттенғана көрген. Актерлер бұл аспаптарды тек «мынау бар еді» деп көрсетіп қоймай тарихын айтады, қалай ойналатынын үйретеді. Залдан екі баланы сахнаға шақырып, олардың қолына аспаптарды ұстатып, бірге ойнатып шығады. Бұл сәт бүкіл қойылымның жүрегі. Баланың бетіндегі таң-тамаша сезімі мен актердің жылы жымиысы сөзбен жеткізгісіз әсер қалдырады.

        Аспаптармен таныстырудан кейін қойылымның арқауы болған ертегінің өзіне кезек келеді. Сахнада батыр мен сұлудың махаббаты, олардың балалы-шағалы бақытты тіршілігі суреттеледі. Бірақ бақытқа жауды тосып тұрған -зұлым дәу кемпір. Ол тойда кемпір кейпіне кіріп, балаларды дуалап тастайды. Жасы ұлықтан жол сұраған батыр бақсыға барады, ортекені іздеп жолға шығады. Жолшыбай қыран құспен, тұлпармен дос болады - оларға жақсылық жасаған батырға олар да керек кезде қол ұшын береді. Ақыры ортекенің күші арқылы сиқыр сейіліп, батыр балаларына қайта қауышады. Ертегі аяқталысымен ЮНЕСКО тізіміне енген ортеке қуыршақтары сахнаға шығарылып, домбыра үніне қосыла бидің тілінде сөйлейді. Балалар мәз болады. Ересектер де.

          Осы тұста айта кету орынды - бұл спектакльдің ең үлкен жетістігі: ол балаға арналса да, ересекке де жат емес. Ұлттық музыка, ертегі, тікелей байланыс, би, аспаптар - барлығы бір-бірімен сомдалып, тұтас бір дүние жасалған. Актерлер тек рөл ойнамайды - олар ұстаз, дос, ойын серігіне айналады. Балаларын ертіп келген ата-аналар да өздерін сахнадан алшақ сезінбейді, керісінше, бала кезіне оралғандай ойынға ерік беріп, бірге қатысады.

          Дегенмен сыни көзбен қарасақ, бірқатар олқылықтарды да атап өту парыз. Актерлер қысқа мерзімде бірнеше ұлттық аспапты игеруге мәжбүр болды. Премьера барысында бұл байқалып қалды - кей тұстарда ойын техникасы тегіс болмай, дыбыс сапасы да орнықсыздау шықты. Кәсіби музыкант деңгейінде күту орынсыз болса да, балаларға үлгі болатын аспап ойнауда белгілі бір сапа сақталуы тиіс еді. Сонымен қатар ортеке ертегісінің желісі кейде асығыс дамыды - батырдың жол үстіндегі сынақтары мен достарымен кездесу тұстары тереңірек ашылса, баланың эмоциялық байланысы мықтырақ болар еді.

         Алайда осының бәрі болашақта, жөнделеді деп ойлаймыз. Өйткені «Ортеке» - жаңа туған, жетілуге бет алған, бірақ негізі мықты спектакль. Ол тек сахна өнері ғана емес - ұлттық жадыны жаңғыртудың тірі тәжірибесі. Ортеке қуыршағы домбыра үніне билеп кеткенде, залдағы баланың көзі жайнап кетеді - ал сол бір сәт театрдың барлық мақсатын өзінде жинайды.

        «Ортеке» спектаклі - жай ғана қуыршақ ойыны емес, бүлдіршіндерге ата-бабаның рухын, тілін, музыкасын, ертегісін бірге сыйлайтын сахналық мереке. Мұндай қойылымдар болашақта да жалғасын тауып, қазақ мәдениетінің тірі тамыры болып өсе берсін деп тілейміз.

Без категории

Алматы Мемлекеттік Академиялық қуыршақ театрында көптен бері тоқтап қалған «Ромео мен Джульетт...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Ақтөбе облысында ұшқышсыз ұшу аппаратына тиесілі болуы мүмкін сынықтар табылды, деп хабарлады Madeni...