Қазақтың «Томирисі» халықаралық сахнада топ жарды

дереккөз

ТЕАТР
81

Асанәлі Әшімов атындағы театрдың «Томирис» спектаклі республикалық және халықаралық театр фестивальдерінде жоғары бағаланып, екі бірдей марапатқа ие болды. Тарихи қойылым көркемдік шешімімен және актерлердің кәсіби шеберлігімен ерекшеленді, деп хабарлайды MadenipPortal.kz.

Сақ патшайымы Томиристің өмірі мен қайсарлығын сахна тілімен бейнелейтін туындының авторы – белгілі жазушы Болат Жандарбеков, режиссері – Гауһар Адай.

Қойылымда қазақ тарихындағы айрықша тұлғалардың бірі Томиристің ел тағдыры жолындағы күресі, ерлігі мен қайсар мінезі көрініс табады. Сонымен қатар спектакльде аналық махаббат, билік пен жауапкершілік, адамгершілік құндылықтар мен туған жерге адалдық мәселелері қозғалады.

«Томирис» спектаклінің алғашқы жетістіктерінің бірі – «Ертіс-Баян» I республикалық театрлар фестиваліндегі марапат.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер әрі педагог Ерсайын Тәпеновтің 80 жылдығына арналған фестивальде Асанәлі Әшімов атындағы театр ұжымы «Ерсайын Тәпенов атындағы арнайы жүлдені» жеңіп алды.

Бұл марапат шығармашылық ұжымның режиссерлік ізденісі мен актерлердің сахналық шеберлігіне берілген жоғары баға болды.

Театр ұжымы халықаралық деңгейде де табысқа жетті.

Қазақстанның халық әртісі Меруерт Өтекешеваның 75 жылдығына арналған «ТЕАТР ALL» IV халықаралық театр фестивалінде «Томирис» спектаклі тағы бір мәрте үздіктер қатарынан көрінді.

Фестиваль қорытындысы бойынша қойылымда Бахтиярдың рөлін сомдаған актер Мұхтар Қосыбай «Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі» номинациясының жеңімпазы атанды.

Осылайша, «Томирис» спектаклі екі бірдей театр фестивалінен жүлдемен оралып, шығармашылық ұжымның кәсіби деңгейін танытты.

Қойылымның басты ерекшелігі – тарихи оқиғаларды сахналаумен ғана шектелмей, Томиристің адамдық болмысын, ана ретіндегі жан дүниесін және ел басқарудағы жауапкершілігін ашуға ұмтылуы.

Режиссер Гауһар Адайдың сахналық шешімі мен Болат Жандарбековтің драматургиялық туындысы арқылы еркіндік, елдік сана, отаншылдық және рух беріктігі секілді құндылықтар көрерменге ұсынылады.

Театр ұжымы үшін республикалық және халықаралық фестивальдерден алған марапаттар шығармашылық ізденістің нәтижесі әрі ұлттық тарихты сахна өнері арқылы дәріптеудегі маңызды жетістік болды.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресейдегі 14 қазақстандықтың елшілікке жеткізілетіні туралы та...

ЖАҢАЛЫҚТАР

31 қазан мен 1 қарашада «Астана Опера» театрында композитор Алексей Кестнердің музыкасын...