Жеңілдікпен алынған тауарды қайтаруға бола ма: Мамандар не дейді?

Фото: ЖИ/MadeniPortal.kz

ЖАҢАЛЫҚТАР
15

Жеңілдік науқандары кезінде сатып алушылар тауарды әдеттегіден арзан бағаға алуға тырысады. Алайда көпшілік арасында жеңілдікпен сатып алынған затты кері қайтаруға немесе айырбастауға болмайды деген түсінік қалыптасқан. Мамандар бұл пікірдің қате екенін айтады. Өйткені тауардың бағасы төмендегенімен, тұтынушының заңмен қорғалған құқықтары өзгермейді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.

Мамандардың түсіндіруінше, егер сатып алынған тауар өлшемі, түсі немесе пішіні жағынан көңілінен шықпаса, тұтынушы оны 14 күн ішінде айырбастауға құқылы. Ол үшін тауар пайдаланылмаған, бастапқы қалпы, жапсырмалары мен тұтынушылық қасиеттері сақталған болуы керек. Ал дүкенде айырбастауға болатын басқа тауар болмаса, сатып алушы ақшасын қайтаруды талап ете алады.

Астана қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Еркебұлан Тағашов 14 күндік мерзім тауар сатып алынған күннен емес, оны тұтынушы қолына алған сәттен бастап есептелетінін түсіндірді.

"Мысалы, сіз Алматыдан тауарға тапсырыс беріп, оны Астанада алсаңыз, жеткізуге кеткен уақыт бұл мерзімге кірмейді. Егер тауар көңіліңізден шықпаса, пайдаланылмаған және тұтынушылық қасиеттері сақталған жағдайда, оны кері қайтаруға құқығыңыз бар", – деді ол.

Ал сатушы "жеңілдікпен алынған тауар қайтарылмайды" деген уәжбен ақшаны қайтарудан бас тартса, тұтынушы өз құқығын заң аясында қорғай алады. Мұндай жағдайда алдымен дүкенге жазбаша шағым түсіру қажет. Сатушы өтінішке 10 күнтізбелік күн ішінде жауап беруге міндетті. Егер мәселе осы уақыт ішінде шешілмесе, тұтынушы сотқа жүгінуге құқылы. 

Заңгер Ғалым Байғазыұлының айтуынша, бұл талаптар "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңда нақты көрсетілген.

"Қазақстан Республикасының “Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы” заңының 14-бабына сәйкес, тұтынушы сапалы азық-түлікке жатпайтын тауарды 14 күн ішінде айырбастауға құқылы. Егер айырбастайтын балама тауар болмаса, ақшасын қайтаруды талап ете алады. Ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 190-бабының 5-бөлігіне сәйкес, сатушы тұтынушының заңды талабын орындамаса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады", – деп түсіндірді заңгер.

Сонымен қатар сатып алынған тауар сапасыз болып шықса, оны қайтару немесе айырбастау үшін 14 күндік мерзімді күтудің қажеті жоқ. Алайда бір маңызды жайт бар: егер дүкен тауарды белгілі бір ақауына байланысты арзандатып, сатып алушыға бұл туралы алдын ала ескерткен болса, тұтынушы дәл сол ақауды негізге алып тауарды қайтара алмайды.

Сондықтан мамандар сатып алу кезінде берілген түбіртекті және төлем жасалғанын растайтын өзге де құжаттарды сақтауға кеңес береді. Бұл сатушымен дау туындаған жағдайда тұтынушының өз талабын дәлелдеуіне көмектеседі.