Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры үстіміздегі жылды...
Ұмытылмаған тағдырлар: Астанада «Ана жолы» премьерасы өтті
Фото: әлеуметтік желіден
Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында «Ана жолы» атты пластикалық-музыкалық спектакль-перформанстың премьерасы өтті. Қойылым ана мен қыз арасындағы байланысты, әйел тағдырын және ұрпақтар сабақтастығын сахна тілімен бейнелейді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Қойылымның авторы әрі режиссері – Іңкәр Каримова. «Ана жолы» деректі театр элементтері мен заманауи сахна тілін ұштастырып, көрерменге отбасылық естеліктер арқылы әйел өмірінің сан қырын танытады.
Спектакльде жеті жас актриса өз кейіпкерлерінің аналарының өмір жолын, бастан өткерген қиындықтары мен жеке сырларын баяндайды. Шынайы оқиғаларға негізделген қойылымда ана мен қыздың қарым-қатынасы, әйелдің өмірлік таңдауы және қоғамның әйелге қоятын талаптары сөз болады.
Кейіпкерлер аналарының басынан өткен оқиғаларды жеткізіп қана қоймай, олардың шешімдері мен өмірлік ұстанымдарына қатысты өз көзқарастарын да білдіреді. Осы арқылы көрерменді «Біз аналарымыздың орнында болсақ, қандай өмір сүрер едік?» деген маңызды сауал төңірегінде ойлануға жетелейді.
«Ана жолы» көрерменге дайын жауап ұсынбайды. Керісінше, әр адамды өз анасы, отбасы тарихы және XXI ғасырдағы әйел тағдыры туралы тереңірек ойлануға шақырады. Қойылым барысында сахна мен көрермен залы арасындағы шекара шартты түрде жойылып, көрерменмен тікелей байланыс орнатылады.
Пластика, музыка, деректі мәтіндер мен манифест тоғысқан спектакль – қыз балаға, әйелге және анаға деген құрмет пен алғыстың сахналық көрінісі. Қойылым отбасылық тарихтың маңызын ашып, әр ананың артында өзіндік тағдыр, күрес пен естеліктер жатқанын көрсетеді.