Қазағымыздың ежелден келе жатқан салтының бірі-құда түсу салты. Соңғы кездері осы құда түсуіміз де с...
Қазақ халқының қонақ күту дәстүрі
Фото: culture.ru
Қазақ халқының қонақ күту дәстүрінде қонақ пен үй иесінің арасындағы сыйластық өте маңызды рөл атқарады. Арнайы шақырылған қонақтар «қуыс үйге құр кірме» деп, лайықты сый-сияпат алып келеді. Бұл – қонақтың үй иесіне деген құрметін көрсетеді.
Қазақта қонақтың барған жеріне сыйлық ала баруы ежелден қалыптасқан салт. Қонаққа келген адам үй иесінің қадірлі дастарқанында болып, қонақтың атқаратын міндетіне сәйкес сый-сыбаға алады, ал үй иесі оған сый-сияпат жасап, құрмет көрсетеді. «Қуыс үйден құр шықпау» қазақтың меймандостық қасиетінің көрінісі саналады.
Қонақтың әлеуметтік мәні
Қазақ қоғамында қонақ – рухани бірлік пен сыйластықтың белгісі, ал қонақ күту – адамгершіліктің көрінісі. Қонақтың мәні тек ішіп-жеп қайтуда емес, жан дүниені байытып, рухани байланыс орнатуда жатыр.
Қонаққа бару – жақын адамдардың хал-жағдайын білу, оларды қолдау, қуаныш пен қайғыны бөлісу, елдің өмірінен хабардар болу деген сөз. Бұл дәстүрдің арқасында қазақ халқының бірлігі, ынтымағы сақталып, әр адам өзара түсіністік пен қолдау тауып отырған.
Қонақтың мәртебесі
Қонақ күтудің адамгершілік, кісілік маңызы зор. «Қонақпен еріп құт келеді» деген сеніммен үйіне келген қонақты құрметтеу – қазақ халқының ежелгі салты. Жастар үлкендердің қасында отырып, олардың даналық сөздерін тыңдап, үлкенді сыйлауға, ізет көрсетуге үйренеді. Қонақтардың тәжірибесінен, олардың өмірден жинаған ақыл-кеңестерінен үлгі алып, бойларына жақсы қасиеттерді сіңіреді. Әрбір келген қонақ – өзімен бірге береке, игі тілек әкелетін құнды тұлға саналады, сондықтан қонақтарды құрметпен қарсы алу, қонақжай болу – адамгершілікті тәрбиелейтін ерекше қасиет.
Қонақжайлылық ұлы мәдениеттің айнасы
Қонақжайлылық – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан, бүгінге дейін сақталып келе жатқан мәдени құндылығы. Қонақ келсе, шаңыраққа бақыт пен береке келеді деп есептеледі. Қазақы қонақжайлық пен дастарқан көрінісі – халқымыздың мәртебесі, рухани байлығының символы. Қонақты күту, құрмет көрсету, көлігіне жем-шөп баріп, қас-қабағына қарап күту ұлы қазақ мәдениетінің әлемге үлгі боларлықтай ерекше өнегелі дәстүрі деп тану қажет.
Қонақ күту салты тек дастарқан жайып, тамақ ұсынумен шектелмейді; бұл – рухани сыйластықтың, адамгершіліктің көрінісі. Қонаққа көрсетілген құрмет – халқымыздың ішкі жан дүниесін, рухани әлемін, адамгершілік қадір-қасиеттерін көрсететін үлкен мәдени мұра болып табылады.
Құдайы қонақ
Құдайы қонақ – қазақ халқының қонақжайлылығының ерекше көрінісі. Қарапайым дала өмірінде, кең пейіл қазақтың үйіне кім келсе де, құшағын ашып қарсы алып, құрметпен күтеді, сыйлайды, ас ұсынады. Қонаққа арнайы сыбаға дайындалып, кейде ақсарбас қойын да соятыны бар. Қазақ үйіне келген кез келген адам – танымаса да, арнайы шақырылмаса да, “құдайы қонақ” деп есептеледі.
Жолаушының құқығы
Сапардағы жолаушы, барар үйін танысын немесе танымасын, жолшыбай кезіккен үйге түсіп, ас ішуге немесе қонып, демалып кетуге құқығы бар. Қазақ үйіне келген қонаққа ешқашан қабақ шытпайды. Керісінше, қонаққа кең дастарқанын жайып, мейірімін төгеді. Қонақпен таныс болмаса, танысып, жаңа байланыс орнатып, аға-бауырдай сырласып кетеді. Ал таныс кісілер болса, өткен-кеткенді еске алып, кең отырып әңгіме-дүкен құрады.