2023 жылдың 21-ші сәуір күні сағат 11:00-де ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құж...
Әлемдік ойдың алыбы - 2. Қайырымды қала – ізгі жандармен қымбат
Әлемдік деңгейдегі ғалым-энциклопедист, ойшыл, философ Әбунасыр әл-Фараби туралы келелі әңгіме қозғағанда ең алдымен оның жазба еңбектеріне баса назар аудару қажет. Өйткені, оның есімін әлемге жайған, жер жүзіне танымал еткен – артында қалған мол рухани мұрасы. Оның асыл мұраларын саралап қарағанда нені байқауға болады?
Ең алдымен – Әбунасыр сан-салалы ғылымды молынан меңгерген жан-жақты адам. Оны философ, математик, психолог, астроном, социолог, т.б. саланың білгірі десек, артық айтқандық емес. Демек, Әбунасыр – ғалым. Оның ғалымдық қарымы мен таланты қанша айтып-жазсақ та таусылмас тақырып.
Екіншіден – ол әдебиеттанушы, тіл білімінің хас жүйрігі. Бұл бағытта да көптеген ғылыми еңбектер жазып, тұжырымды ой айта білген.
Үшіншіден – Әбунасырдың өзі де ақын, әнші әрі күйші болған екен. Мұны да жеке-дара сала етіп қарастыруға мүмкіндік мол.
Ең ерекше бөліп айтарлығы – Отырарлық ғұлама ғалым қайырымды қала мен оның тұрғындары һәм қала билеушілері қандай болуы керектігі және қандай жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажеттігі турасында бірнеше еңбек жазып қалдырыпты.
Біз бұл жолы оның осы бағыттағы философиялық екі-үш трактаты төңірегінде аз-кем ой қозғамақпыз.
* * *
Әбунасыр әл-Фараби өз кезінде қала туралы, қала басшысы мен оның тұрғындарының тұрмыстық һәм адами қалпына баға бере отырып, қазіргі кезде де мәнін жоймай келе жатқан – ойлы да оралымды трактаттар жазып қалдырғанын тарих растап отыр.
Оның біріншісі – «Қайырымды қала тұрғындары туралы трактат» болса, екіншісі – «Мемлекеттік қызметшілердің нақыл сөздері», содан соңғы және бір еңбегі – «Азаматтық саясат» деп аталған.
Неге бұларды қатар атап, қосақтай тіркеп, тілге тиек етіп сөйлеп отырмыз?
Өйткені, мұндағы айтылар ой мен пайымдаулар өте ұқсас, тіпті жақын деуге болады?
Ойшыл баба бұл еңбектерді жазбас бұрын философияға мұқият көңіл аударып, сол бағытта көптеген трактаттар түзген екен. Оның ойынша, философия барлық білімдердің ішіндегі ең ұлысы, ең тереңі әрі ең қажеттісі. Міне, осы тұрғыдан қарап, ең алғашқы жазбаларының өзінде-ақ көне кезеңдегі философ-ойшылдарға көбірек тоқталған. Әсіресе, Платон мен Аристотельге баса назар салып, қайта-қайта айналып соғып отырған. «Қос философ – қасиетті Платон мен Аристотель көзқарастарындағы ортақтық туралы трактаты» осы сөзіміздің дәлелі бола алады.
Әлбетте, Әбунасыр «Қайырымды қала тұрғындары туралы трактатын» жазар кезде де өзіне дейінгі философтар еңбегіне иек артып, таяныш-тірек іздегені өзінен-өзі белгілі. Бір қызығы – бұл тақырып әу баста Платон мен Аристотельдің еңбектерінде де біршама көрініс тауыпты.
Айталық, Платон өзінің «Мемлекет» деген туындысында мінсіз де таза қаланың құрылымы жайынан сөз өрбіткен. Оның «мінсіз қаласы» сол кездегі бар мемлекеттерді сынау арқылы, сол негіз жолымен жазылған утопиялық тұжырым. Платон түзген ой бойынша – мінсіз мемлекеттің негізгі һәм басты қағидасы әділдік болып қала бермек.
Бірақ, Әбунасыр бұл еңбекті оқып, негізгі ойларын басшылыққа алып отырса да, өзінше қайырым жасай білгенін де атап көрсетуге тиіспіз. Мысалы, Отырарлық ғалым ұсынған қала «адамдардың шынайы болуымен байланысты, оның өмір сүруі және оның өмірін сақтауы, тамаша заттарға қол жеткізуде адамдар бір-біріне көмектесуі» қажеттігін айта отырып, осыны «қайырымды қала» деген. Мұндай қалада тұратын тұрғындар мүмкіндігінше таза ниетті, адал, түзу, ұқыпты болуы талап етіледі. Тіпті мұндағы адамдардың өмірлік ұстанымы мен қажеттіліктері де табысып-ұйқасып жатса құба-құп. Сонда ғана олар бір-біріне көмек қолын созуға әзір болмақ.
Қайырымды қала басшысының сипатын бере алатын белгілер деп мынаны атаған:
«...Біріншіден, дана болу.
Екіншіден, бірінші басшы тағайындаған заңдарды, ережелер мен салттарды біліп, жадында сақтап және өзі де осы ережелерді ұстану.
Үшіншіден, өзінен бұрын басшылық еткендер қандай да бір ереже туралы айтпаса, ереже жасауда тапқырлық таныту, бірақ бірінші имамдардың үлгісімен жүру.
Төртіншіден; сол уақыттағы жағдайды да, бірінші имамдар болжай алмаған болашақ оқиғаларды да кез келген уақытта танып-білуге мүмкіндік беретін қырағылық пен аңғарымпаздық қасиетіне ие болу; қаланың әл-ауқатын жақсартуды өзінің мақсаты етіп қою.
Бесіншіден, бірінші имамдар жасап кеткен және олардың үлгісімен өзі жасаған заңдарды халық мүлтіксіз орындауы үшін өз сөзіне халықты ұйыта білу.
Алтыншыдан, әскери істерді жүргізуге қажетті дене күшіне ие болу, сонымен қатар, әскери өнерді – қызмет өнері және басқару өнері ретінде білу.
Бір өзінің бойында осы қасиеттердің бәрін біріктірген адам табылмаса, бірақ біреуі дана, ал екіншісі басқа шарттарға сай болса, онда екі адам да қала басшылары бола алар еді. Осы қасиеттер адамдардың тұтас тобының өкілдерінің арасында: біреу – даналыққа ие, басқасы – тағы бір қасиетке, үшіншісі – тағы біреуіне, төртінші, бесінші, алтыншысы – тағы біреуіне ие болса, онда олар бір-бірімен келіскен жағдайда, бәрі бірдей ізгілікті басшы бола алады. Күндердің күнінде басшылықтан даналық тайса, онда ол басқа шарттарға сай болса да, ізгілік қаласы билеушісіз қалсын. Себебі, мұндай жағдайда ізгі қаланы даналықтан айрылған басшы билей алмайды, ал қаланың өзіне күйреу қаупі төнеді. Мұндай басшының қасына ақылшы болатын дана адам табылмаса, қала біраз уақыттан соң міндетті түрде күйрейді.»
Қысқасы, ғұлама ғалым «Қайырымды қала...» трактаты арқылы кең ауқымды, жан-жақты философиялық ой өрбіткен.
Оның жазып отырған «қайырымды қаласы» біздіңше, кең мағына да алып қарасақ – мемлекет деуге әбден қисынды.
Расында да, барлық жақсылықтар мен жетістіктер, ілгерілеу мен ізденістер тек бірлігі жарасқан, тату-тәтті елде ғана етек алмас па!
Ал, енді осындай қайырымды да мейірімді қалаға қарама-қарсы қалалар да болады. Ондағы тұрғындардың ниет-ықыласына орай «қажеттілік қаласы» немесе «ауыс-түйіс қаласы», «билікқұмар қала», «адасқан қала», т.б. болып түзіледі. Әбунасыр мұндай ықпалдардың да бар екенін, ондағы билік құрушылар да, тұрғындар да өте қателесіп, жаңылыс қадам жасап жүргенін еске салады. Қалалардың қателіктері, айналып келгенде, ондағы тұрғындарға да кері ықпалын тигізбек.
Жалпы, шын мәніндегі қала деген атаққа ие болу үшін көп нәрсені есте ұстап, үнемі жетілдіріп, мейлінше жақсылық жолына ұмтылу маңызды.
Бұл ретте, философтың талдап-таратып айтқан ойлар әлі күнге маңызды, әлі күнге өз ұрпағына ой саларлық мәнге ие.
* * *
Тап осындай терең де тұңғиық ойлар оның «Әлеуметтік саясат» атты трактатында да қозғалады. Бұл жазбаларында Отырарлық ойшыл адамның ақыл-ойына, сана-сезіміне көп нәрсе тәуелді екенін баса айтқан.
Айталық, бұл еңбекте адамның ақыл-күшін екі топқа бөліп қарастырады: теориялық және практикалық деп көрсеткен.
Теориялық күш – кісінің кәсіби және ойшылдық қарым-қабілетке иек артады. Бірақ, адам тек қана теориялық күшімен артық жағдайларға қол жеткізе алмақ емес, бұл арада практикалық күш арқылы көп нәрсеге жетуге мүмкіндік алады. Демек, адам өмірінде теориялық және практикалық күш қатар дамып отырғаны дұрыс. Осының бірлікте болғанына баса назар аударған ғалым әрі қарай тереңдете жазады.
Ойшыл ғалым осы ойын жетілдіре келе, мұнан соң адамзат қоғамы туралы тұжырымға ауысады. Қоғамды құраушы – адамдар. Сосын да қоғам – адамзат қоғамы болып аталады. Ал, ондай қоғам іштей ұлы, орта және кіші болып бөлінетінін атап көрсетеді.
Ұлы – бұл көптеген халықтардың басын біріктірмекші.
Орта – бұл бір ғана халықты топтастырады.
Кіші – бұл бір ғана қаланы қамтиды.
Бұдан әрі қарай Әбунасыр осы қалаларды жіктеп-талдап жазып, қала мен адамдар арасындағы қарым-қатынас, өмір сүру ережелері мен жалпыға ортақ тәртіпті жіпке тізгендей етіп түзіп шығады.
Тіпті трактатта қала тұрғындарының бет-бейнесін барынша жарқын етіп көрсете түсіп, екі түрлі құбылысты – қайырым мен өшпенділік туралы да сөз қозғап, оларға анықтама береді.
Одан әрі қалалардың (мемлекеттердің) түрлеріне тоқталып, оны жіктеп жазып, әрқайсысына анықтама беруге талпыныс жасаған.
Тап осы тұста тағы да қайырымы мол қала туралы ізгі ойын жинақтап, өзгеше өрнек ұсынады. Оған анықтама бере отырып, түсінік келтіреді. Кейбір қалалардағы өшпенділік, жеккөрушілік пен қайырым белгілерінің аздығын атап көрсетіп, ондай жиіркенішті мінездерден аулақ болуға үндеген.
Қысқасы, бабаның «Әлеуметтік саясат» атты трактатының түпкі ой-түйіні жоғарыда талдап көрсеткен «Қайырымды қала...» трактатымен іштей үндесіп жатыр. Одан да анықтаңқырап айтсақ, бір-бірін толықтыра түседі десек те, қателесе қоймаспыз.
Осы орайда ой келеді: біздің жаңа елордамыз – Астанада тек Әбунасыр бабамыз жазып кеткендей, ізгілік пен мейірім молая түссе, адамдар арасында түсіністік пен сыйластық салтанат құрса, онда болашақта бұл шаһар шын мәніндегі «қайырымды қала» деген атқа лайық болып, өркен жая түсер еді.
* * *
Ғұлама ғалымның үшінші бір ойлы еңбегі – жоғарыда атап өткендей, «Мемлекеттік қызметшісінің нақыл сөздері» деген трактаты болып табылады. Бұл шығармасында да Әбунасыр адамгершілік пен мейірім, ізгілік пен қайырымдылықты алдыңғы орынға қоя сөз сабақтаған. Оның осындағы азаматтық саяси, адам, қоғам жөніндегі ойлары өте тұшымды, санаңа түрліше нұр құя түсетіндей.
Бұл туынды да ғалымның алдыңғы еңбегі «Қайырымды қала тұрғындары туралы трактатымен» және «Әлеуметтік саясат» еңбегімен сабақтас, қанаттас болып табылатыны сөзсіз ақиқат. Өйткені, бұлардың айтпақ ойы – біртұтас, білдірмегі – өзінше өрнектеле жалғасып жатыр.
Қайырымды да мейірімді, ізгі де ізгілікті қала болып қалыптасуы үшін ондағы мемлекеттік қызметшілер де өзгеге үлгі болатындай мінез байқатуы тиіс. Яғни, мемлекетті тек қана ізгі жүректі, сөзі мен ісі бірлікте болатын, халқына жақын адам ғана басқарса игі. Бұл аса маңызды мәнге ие.
Қайырымды адамды ғұлама екі түрге бөліп қарастырады: этикалық және интеллектуалдық.
Интеллектуалды кісі – ол ақылды, ойлы, талғампаз, тапқыр, т.б. қасиеттер иесі.
Этикалық кісі – ол батырлыққа, әділеттілікке, жомарттыққа ұмтылушы адам.
Әбунасыр бұл екі топқа жататын кісілерге де тоқталып, жан-жақты бағалап, өз жазбасында әрқайсысына жеке-жеке тоқтала, бағасын беруге тырысады.
Міне, осындай кісілер арасынан мемлекеттік қызметшілер шығуы тиіс екенін сездіреді. Болашақта тек қана сондай даярлығы бар адамдар басшылықта болуы ләзім.
Тағы бір тұсы – мемлекеттік қызметшісінің сөздері әр жүрекке жетімді, жұғымды әрі әсерлі болып жатса құба-құп. Олай болмаған жағдайда билік пен халық арасында алшақтық кезігеді, ортаға сына түседі. Ал, оның аяғы жалпы мемлекеттік құрылымның шайқалуына, сәтсіздіктер орын алып, құлдилауына жол ашпақшы.
Бабамыз біз жоғарыда сөз еткен үш трактаты арқылы келер ұрпақты қайырымдылық пен ізгілікке үгіттеп кеткендей. Ол болашақтан үміт күткен, кейінгі ұрпаққа аса зор сеніммен қараған. Сосын да өзінің бүкіл саналы ғұмырын ғылымға, білу мен үйренуге, сол білгенін түйіндеп жазып қалдыруға арнаса керек. Оның дәлелі – артында қалған мол мұрасы.
Біздің заман – Әбунасыр арман еткен нағыз нұрлы заман. Бұл күнде бәрі де өз қолымызда, өз еркімізде. Тек жақсылық жолына қадам басуға деген ынта керек. Қайырымды да ізгі болуға деген ұмтылыс қана қажет...
Ал, бұл қасиет – қай кезде де керек зат. Өте керек нәрсе...
Жаңа заманның жаңа қаласында тұрып жатырмыз, мұнда да ізгілік пен мейірімділік молынан орын ала береріне сеніміміз мол біздің де...
Жолтай Әлмашұлы